Ажалға аттанған үш маман (фото)
Ажалға аттанған үш маман (фото)

.. Жарылыс болғаннан соң тек бес күннен кейін ғана КСРО билігі Чернобыль апатының жаңа қатерін шын сезінді. Жарылған реактордың аумағындағы жер жедел балқып жатты. Атом отынын сақтайтын қоймада 185 тонна ядролық шикізат бар еді, ал ол қойманың астында 5 миллион галлон су бар. Ол судың қызметі - электр стансасы жұмыс істеген кезінде шектен тыс салмақты жеңілдетіп, жылуөткізгіш ретінде қолданылатын. Атом шикізаты сақталған қойма мен су резервуарын тек қалың бетон еден ғана бөліп тұрды.

Балқыған радиоактивті металл судың жерасты қоймасын жауып тұрған бетонын біртіндеп кеміріп бара жатты. Егер балқыған ядролық отын суға тисе алапат бу жарылысы болып, оның зардабы ғалами катастрофаға айналар еді...

Стивен Макгинти (Stephen McGinty) есімді халықаралық журналист осы жөнінде «Бұл жағдайда болатын екінші алапат жарылыс қалған 3 реактордағы ядролық отынды ауаға жайып, маңайдағы 200 шаршы километр жерді тып-типыл етіп, Киев қаласын жоқ қып жіберер еді және 30 миллион адам пайдаланып отырған судың жерасты бассейні уланып, Солтүстік Украинада жүздеген жылдар бойы тіршілік тоқтайтын-ды» деп жазды (The Scotsman басылымы).

2009 жылы жапон-ресей біріккен ғалымдар тобы тіпті кісі шошырлық болжам жасады. Олардың айтуынша, егер екінші алапат жарылыс болғанда Еуропаның жартысын жермен жексен етіп.., Еуропа, Украина және Ресейдің жарты аумағы 500 мың жылға дейін тіршілік белгісі мүлдем болмайтын зардапты аймаққа айналған болады екен.

Апат орнына жедел жиналған халықаралық ғалымдар тобы балқыған ядролық отынның бетон еденді минут санап жеп бара жатқанынан жақсы хабардар еді. Уақыт өткізбей, басын ажалға тіккен 3 маманды сол жерге аттандырып, 5 миллион галлон суды тез арада ағызып жіберу керек болды.

Инженерлер жедел жоспар құрып, үш адам жерасты бассейнінде су астында орналасқан құбырды тауып, оның суауыстыру клапанын ашу керек. Сонда су далаға ағып кетеді де, үлкен апаттың алды алынады.

Қозғалудың өзіне көп күш жұмсайтын кәдуілгі судың астында жұмыс істеудің машақаты белгілі, ал, төбесінен пәленбай тонна ядролық отын төніп тұрған әрі радиациямен уланған «ажал көліне» түсуге, өз басын анық ажалға байлауға кім тәуекел ете қойсын?!.

Жоқ, өзгенің тірлігін өз өмірінен биік қоятын адамдар бар екен! Атом электр стансасының бас инженері, орта санаттағы инженер және ауысым басшысы, міне, осы үш азамат қатерлі міндетке бел буыпты. Екі инженер жұмысты атқарғанда, ауысым басшысы жарық жағып, суасты фонарын ұстап тұруы керек.

Үш маман арнайы киім киіп, у толған бассейнге түседі. Қырсық шалғанда фонар қайта-қайта сөніп, құбырды табу тұрмақ, олардың алға жылжуының өзі қиындай түседі. Пәленбай шаршы метрлік бассейннің ішін баяу кезіп жүргенде жарық мүлдем сөнеді де, Құдай қарасқанда, үш маман түкпірден құбырдың сұлбасын байқап қалған.

Құбырға жетіп, оны сипалай жүріп су ағызатын клапанды табатынын түсінген үшеу алға қарай баяу жылжиды. Айтуға оңай, бірақ бұл кезде олардың су астына арналған киімдері біртіндеп езіле бастаған еді. Өздері радиация әсерін тұла бойымен сезініп, бассейннен шыға алам ба деп емес, клапанға жете аламын ба деген ойда болыпты.

Жетті. Клапанды ашты. Су ақты. Бассейн жедел түрде босай бастады.

Келер тәулікте 5 миллион галлон су түз-түгел ағып кетті. Артынша бетон еден де опырылып, пәлен тонна ядролық балқыған отын бассейнге лап қойды. Құдай сақтағанда, бос бассейнге құйылған қауіпті сұйықтық қалған ядролық отын жиналған 3 реакторға жетпей, бір жерге жиналып, өзінің жайылуын тоқтатты. Екінші алапат жарылыс болмады.

Үш маман жедел түрде арнайы ауруханаға жатқызылып, олардың бойынан қатерлі сәулеге ұшырау белгілері анық байқалды. Бірер аптадан кейін.., үшеуі де аурухана төсегінде көз жұмды...

Радиациялық бассейнге түсіп, өмірден озған үш маманды қорғасыннан жасалған арнайы табытта жерлеген. Сүйегіне дейін өтіп кеткен радиацияның зардабы бірнеше жүз жылға дерлік қоршаған ортаға аса қауіпті екен...

~~~ ¤ ~~~

Өмірде көзбен көріп, көңілмен сезбейтін қаншама ерлік істер жасалып жатады. Кей ерліктен аман қалуға, кейбірінен мүгедек боп оралуға да жылт еткен мүмкіндіктің тууы да ғажап емес.
Алайда, өзінің өмірін өзгенің болашағына, күллі адамзаттың бейбіт тіршілігіне арнау деген - екінің бірі бара бермейтін тәуекел. Әсіресе, қатерлі тәуекелден кейін тірі қалмайтынын жан-жүйесімен сезе тұрып.., ажал аранына саналы түрде бару деген - ерлік біткеннің ерлігі...

Миллиондар үшін жанын қиған үш маманның есім-сойлары - Алексей Ананенко, Валерий Беспалов және Борис Баранов болатын...

 Қанат Ескендірдің Фейсбуктегі "Киелі кітап" тобындағы жазбасынан

CаттарCаттар
8 ай бұрын 1496
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137