Алаш арыстары қазақ шекарасын қалай бекітті?
Алаш арыстары қазақ шекарасын қалай бекітті?

26 тамыз – исі қазақ баласы үшін айтулы даталардың бірі болуы тиіс еді. Алайда, ол күннің маңызын дәл қазір бірі білсе, бірі білмейді деп жазады Айқын мерзімді басылымы.

Тәуел­сіз­дікке қол жеткізген еліміз та­рихи мұрагерлік құқығы бойынша Кеңес Одағының құра­мындағы Қазақ КСР-інің аумағы мен шекарасына иелік еткені белгілі. Ал ол шекараны бекіту үшін үлкен айқас болғанын та­рихтан белгілі. Ең бастысы, алаш арыстары иісі қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін жан беріп, жан алысты.

1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыста­рының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді.

Негізгі тартыс «Қазақ автономиясына қай жерлер кіреді?» деген мәсе­леге келгенде, қатты ушыққаны белгілі. Бірақ, Алаш арыстары алға қойған мақсатына жетті. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады.

Ол баяндамада Астрахан, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияла­рын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құра­мына беруді сұрады. Көрсетілген жердің 81 пайызын саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатын. Бұл сол аймақ­тардағы тұрғындардың 54 пайызы еді. Сол мәжілісте отырғандар Ер­мековтің айтқандарына то­лықтай болмаса да қосылатынын білдірді. Бірақ мұны жеңіс деуге ертерек болатын. Өйткені, ендігі кезек автономияның аумағы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығу керек еді.

12 тамыз күні Лениннің төраға­лық етуімен өткен мә­жілісте Әлімхан Ермеков барын салды. Өйткені, ол иісі қазақтың тағдыр-талайы шешілетін кез дәл осы тұс екенін жан дүниесімен сезінді және жағдайды аса жетік білетіндігі һәм шешендігі арқа­сында өз айтқандарымен Ленинді иландыра алды. Тіпті, көзбе-көз сөйлесуден кейін, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді.

Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ, ақыры көнген еді. Осылайша, Алаш арыстары тұңғыш рет Алаш жұртының шекарасын ресми түрде бекітіп алды.

CаттарCаттар
11 ай бұрын 1062
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137