ҚАЗАҚҚА ҚАНДАЙ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫС ҚАЖЕТ?
ҚАЗАҚҚА ҚАНДАЙ  ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫС ҚАЖЕТ?

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Феодалдық, капиталистік, социалистік (коммунистік) формациялар артта қалды. Білгіштердің айтуынша, қазір жабайы капиталистік кезеңде өмір сүріп жатқан көрінеміз. Бірақ, бұл бізге керек пе?

Шынайы капиталистік дәуірге өтейік десек, ол шынайы құқықтық теңдікке, сот әділдігіне тәуелді. Бізде жекеменшік бар, тәуелсіз сот жоқ. Өндіріс орындарында персонал бар, коллектив жоқ. Өндіріс бар, адам жоқ. Халық өкілдерінен жасақталмағандықтан Парламент қабылданған заңдар да көп жағдайда дүбара. Атқарушы билік болса, арқанынан асып кете алмайды. 
Тықпаланған коммунистік идея тәуір көрінгенімен оны жүзеге асырушылардың ұлыдержавалық астамшылығы мен шовинистік пиғылы оны да тарих сахнасынан тайдырды. Қоғам дамуына таптық тұрғыдан келу орасан қиғаштықтар туғызды. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас!» дегеннің кері.

Ал қазіргі жабайы капитализм халықты сансыратып барады. Адалдық, әділеттілік, отаншылдық сияқты халыққа қажет аса маңызды категориялар айдалада қалды. Ізгі бейнелі капитализм (капитализм с человеческим лицом) орнатуға билік қауқарсыз. Өзі тоқыған коррупциялық торға өзі маталып жатыр. Режим де өзгерер. Сонда алдағы уақытта қазаққа қандай қоғамдық құрылыс жақын болар еді. Кейінгі жылдары осы тақырып жиі ойлантады.

Социалист утопистер Сен Симон мен Шарл Фурьенің, ағылшын экономистері Адам Смит пен Давид Рикардоның, ғылыми коммунизмнің негізін қалаған Карл Маркстің («Капитал») еңбектеріне тағы да үңілемін. Бірте-бірте маған әлеуметке, әлеуметтік игілік пен әлеуметтік теңдікке бағытталған социалистік даму жолы (коммунистік идеологиясыз) артық сияқты көрінеді. Социалистік жоспарлы экономика нарықтық капиталистік қатынастарға қарағанда әлдеқайда тиімді екендігін бүгінгі экономистер де байқаған. Ол табыс табуға емес, адамдардың қажеттілігін өтеуге бағытталады.

Әсіресе жалпыға ортақ әл-ауқаттылық мемлекеті саналатын скандинавиялық модель (мысалы, Норвегия) бізге көбірек жақын тәрізді. Ол әр кімнің жеке басын құрметтей отырып, әлеуметтік оралымдылықты арттыруға және адамның басты құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталады. Әлеуметтік қоғамдық құрылыста жұмыссыздық болмайды. Социология мен экономиканы байланыстырып зерттеп жүрген ғалым Гэри Беккер адамдардың әлеуметтік тұрғыдан әлдеқайда жақсы қорғалатындығын социалистік қоғамның артықшылығы санайды.

Норвегияда мұнай басқа да табиғи байлықтар тәрізді халық байлығы саналады, Мұнайдан түскен ақша әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалады. Мұнай табылған 40 жылдың ішінде Норвегия әлемдегі ең бай елге айналды. Елде ЖІӨ жан басына шаққанда 40 мың доллардан келеді. Ал Сіз тәуелсіз Қазақстанның болашақта осындай социалистік елге айналуына қалай қарайсыз?

Марат Тоқашбаевтың Фейсбуктегі парақшасынан

CаттарCаттар
11 ай бұрын 933
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137