Жұмыстан қайтқан жұмысшылар

Өрістен оралатын малды қоралау керек, ас қамдауы тағы бар – алақандай ауылдың аумағын он орап алатын алқаптың басында бірыңғай еркектер ғана қалып, әйелдер қауымы күндегісінен өте кеш – түстікте кесе көлденең түсіп, арыстай сұлап жатқан Әулие таудың етегінен сам жамырап, әбден көз байланғанда бір-ақ қайтты. Ал ер-азаматтар олар кетісімен айдың тууын күтіп, алқа-қотан шылым шегіп отыр. Шаршағандарын шылыммен басқысы келгендей, әәркім темекі түтінін құныға сорады; қараңғыда шылымның шоқтана қызарған болымсыз жарығынан бір-бірінің күні бойғы жұмыстан қажыған жүздерін байқап қалады. Айтылар әңгіме айтылып біткен, бір-біріне шымшып білдірер наз-қалжыңдары таусылған – қаптың түбі тесілген; алқаптың басында бір ай жарым бірге жүріп, біте қайнасқан олардың көкейінде өздерін осы араға жіпсіз байлаған соңғы тіліктің өнімін аршып бітіріп (қазуын қазып, мана жинап қойған, тек аршуы ғана қалған) үйлеріне тезірек қайтып тынығу; көр де тұр, осы отырғандардың әбден сілелеп шаршағандары соншалық, кешкі асын ішуге мұршалары келмей  үйлеріне кіре мұрттай ұшады... Соңғы тіліктің өнімін ай жарығын пайдаланып аршып бітірген соң арқа-бастары кеңіп, тыным алады деп ойласаңыз, онда қателесесіз. Әрине, негізгі жұмыс бітті... Сөйтсе де олар осы  алқаптың басында жоқ дегенде әлі жарты айдай уақыт үсік шаалмас үшін бетін топырақпен жұқалап жауып  тастаған тонна-тонна өнімді жабыла Камазға тиеп салпаңдайды... Соңғы тіліктің жұмысын асықпай ертең тындыратын жөндері бар еді, таңертең аудан орталығына өнімді тиейтін көлік жалдауға кеткен бастық түс ауа үйіне де соқпай, алқаптың басына шаңдатып оралды. Келген бетте жұмысшыларын шұғыл жинап ап, бас-аяғы бес минутқа созылған мәжілісте ертең күн оқыс суытып, қар жауатыны туралы ауданға радиограмма келгенін хабарлады. Ол деген сөз өнімді қар астында, жерде қалдырмай, өл-тіріл бүгін бітіру деген сөз. Бригадир түскі асын со күйі ішкен жоқ. Түстен кейін жұмысшылар түстіктен артылып қалған нанмен жүректерін жалғайтын, бригадир құйрық бастырмай, бол, болдың астына алып, асықтырып бітті. Әйелдердің наразы күңкіл сөздеріне да қараған жоқ. Алқаптан ауылға тура апаратын жалғызаяқ соқпақты қуалап, бірінің артынан бірі қаздай тізіліп, титықтаған жұмысшылар аяқтарын сүйрете басады. Кей жұмысшылар сыйғанынша сығылысып, бригадирдің шоқасына отырып кетті. Тіл қатуға ешкімнің зауқы жоқ. Үйдегі малға деп жасырып, дорбаларын толтырып, өнім алып қайтатын. Бүгін сол дорбаларын салақтатып, иықтарын асыра бос тастаған. Қастарынан кетпей қойған бригадирден қаймықты дерсің. Мүмкін ол да бар. Әйтсе де дорба толтырып, өнімді  арқалап қайтуға ешкімнің шамасы да, құлқы да болмады.

Түн тып-тымық. Ертең қар жауады дегенге сенгің келмейді. Сөйтсе де ауылға тақағанда іші үскіріп тұратын терең, сазды жырадан өткенде денең жаурап, осы уақытқа мамыражай мінез танытқанымен күздің әлдеқашан түскені ойыңа оралады. Кенет, қасымыздан қарсы ұшырасқан жұмысшыларға жол беріп, аттың омырауын соққан қалың шөпті қақ жарып, алқапты бетке алып, түнгі күзетіне бет алған қарауыл шалдың қарасы қараңдайды. Әшейінде жаппай қол беріп, жамырай амандасатын жұмысшылар осы жолы аузын буған өгіздей боп, ешкім тіс жармайды. Қарауыл шал да қазымыр, қасымыздан тезірек өтіп кеткісі келгендей атын сауырлай қамшылап, дегбірі қаша тебіне түседі.Ғұмырында ұшқалақтығынан «таяқ жеп, жасып қалған» Ернияз ғана күбірлеп, амандасу ишаратын жасайды. Оның салқын сәлемін қарауыл шал, бәлкім, естісе де естімегенсиді. Былай қарасаң, аттылының жаяуды, әсіресе, сілкіп салар сырмағынан өзге мал бітпеген Ернияздың бар айыбы – ыңыршағы айналған кедейлігін бетіне басқандай, оның ізет білдіргенін әшейінгі қара табан жарлының ұшқалақтығына жорып, менсінбегені тәрізді. Осы жолы оған мән беріп жатқан ешкім жоқ, тіпті, Ернияздың өзі де...

Хан, қараны қатар қоймаса да бөліп талғамайтын қазақ болмысына сына қағып, сызат түсіретін әлеуметтік теңсіздіктің ауыр гүрзісі екі қолға бір күрек ұстағаның үшін басыңа төнгендей қолайсыз әсер мен жағымсыз сезімнен, ең бастысы, өзіңді қор сезінуден айналып өте алмай, қапасқа қамаласың. Қапасқа қамаласың да қарадай жетімсіреп, бұ кезде қарасы батқан қарауыл шалдың бойынан батар күнді, атар таңды ат үстінде шығарып салып, қарсы алатын, қиян жазықты бетке алып, бір қалыпты аяңнан танбай бүлкек-бүлкек жортқан ата-бабаңның елесін іздейсің...

Алмат Жалбағаев

ауыл, жұмыс, шабық
CаттарCаттар
2 года назад 578
6 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137