Әлемдік алма
Әлемдік алма

Тұрсынжан ШАПАЙ

Менің кішкентай бағымда бірнеше түп алма ағашы бар. Алмасын жылда құрт жейді...

Өткенде сол құрт жеген, шет-шетін құс шоқып, опырайған, кейбірі су ма, тыңайтқыш па - бірдеңе жетпей, бүрісіп, солып-семіп қалған алмаларыма, жылдағыдай, қайғыра қарап тұрғанымда... уа, сенейін бе, сенбейін бе, құрт жемеген, сап-сау, қабығына лак жаққандай жып-жылтыр жалғыз тал қызыл алманы көріп, есім ауып қала жаздады... Енді болмаса, үзіліп түскелі тұр екен - қашып кететіндей, бас салып, ұстай алып... әдетімше, дереу арт жағыма жалт қарағам... Үйдегілер бағып тұрған шығар дедім бе... Жоқ. Көршілерге көрсеткім келді ме? Жоқ, көршілердің көргені маған керек емес. Олардың ар жағында белгісіз Біреу бар сияқты... Мына алманы сол көрсе екен деген тілек пе, әлде? Бірақ ол...кім?..

Смартфонымды алып, алманы осы тұрған қалпында суретке түсірдім. Үзіп алып, қолыма ұстап, бетіме тақап тұрып, бір селфилеттім. Сосын тас кірпіштен қалаған биік дуалдың үстіне қойып, көк аспанның фонында әр бүйіріне бір айналдырып, тағы бірнеше рет тарттым. Сол арада тұра қалып, Facebook парақшама: "Осындай алма, достар! Өз бағымда өсірдім!" деп, тіркеме жазып, әлгі суреттерді салдым да жібердім!.. Жарты минут өтпей, әлеуметтік желідегі "достарымнан" қаптап, пікір жауа бастады. Ішегін тартып, таңдайын қаққандар мен лайк басқандарда есеп жоқ! Біразы сол сәтінде-ақ өз парақшаларында қайталап жариялап, менің алмамның дабырасын одан сайын қыздырып жіберді. Менің алмам, бейне, жабайы аралар ұясының қалың ортасына барып түскен бомба дерсіз!.. Және қатты жарылды - виртуалды әлем ұйқы-тұйқы, қым-қиғаш болды... Таңданыстар легі "Қандай сүйкімді алма!", "Ім-м...тәтті-ақ шығар!"... деген бейкүнә сүйсіністерден басталып, "Осындай алмаларымыз қазағымыз-xалқымыздың атын шығара берсін!" деген келелі тілектерге сарқып, одан "Мұндай алма әлемде бар ма екен?!", "Әй, жоқ-ау...", "Мұндай алма ата-бабаларымыздың қаны мен тері сіңген біздің жерде ғана өседі!" деген асқақ шалқуларға ұласты... Ақыры, менің мыңдаған "досым", олардың әрқайсысының мыңдаған "достары" - әлеуметтік желідегі барша қазақ "Бұл алма біздің ұлттық мақтанышымыз!.. Жоқ мұндай алма әлемде!!!" деген үзілді-кесілді байламға келіп, әрең тоқтады... Өтірік болсын, шын болсын, өзіне айтылған жылы сөз, тәтті лебізге адам семіреді. Мен де, бір қарасам, бойым биіктеп, аулаға киетін етек-жеңі мол ескі киімдеріме тырсылдап, сыймай тұр екенмін...

Апорт ұстап тұрған алматылық бағбандар.Апорт ұстап тұрған алматылық бағбандар.

Бала күнімде, алма аңқыған Алматыға алғаш келгенімде, көше жиегіндегі суы мөлдір сылдыраған арықтарда қаланың тау жақ бетіндегі миуалы бақтардан үзіліп түскен кеседей-кеседей апорттардың ағып бара жатқанын көріп, есім шыққан. Міне, алма деп соны айт!.. Қып-қызыл еді-ау, қып-қызыл! Кеседей еді-ау, кеседей!.. Үлкендігі сондай - біреуін жеп тауысудың өзі күш еді... Тәттілігі сондай - өзегіне шейін мұжып, жеп қояр едің!.. "Алма дидар арулар - Қыз Жібек пен Баяндай!" деп ән айтатын онда жұрт. Қазіргідей жан-жағымызға жалтаңдап, шаршамайтынбыз... Менің әлеуметтік желідегі "достарым", негізінен, Алматыны алманың азған кезінде көргендер. Мүлде көрмегендері қаншама... Тістеп қалсаң, "бырш" етіп, шырыны шашыраған асқабақтай алып апорттарды көрсе, олар мына алманы алма демес еді!.. Менің де даңқым, аяқ астынан, бүйтіп жер жармас еді... Құдай абырой берейін десе, оп-оңай!.. Осыдан жарты сағат қана бұрын мен кім едім... Енді қараңыз - кім болдым!.. Атасына раxмет бұл алманың!.. Бұл алманы жемей, шоқымай, ауыздарынан жырып, маған сақтаған осы ауылдың атымтай-жомарт құрттары мен құстарына мадақ!..

Парақшамдағы "Қандай жігіт!.. Қандай алма!", "Бұл сипатты алма қазағымыздың өзіңіздей біртуар ұл, нар тұлғаларының ғана бағында өседі!" деген сияқты бір...періште лебіздерді көргенде, бақыттан басым айналып, тебіреніп-ақ кеттім... Бірақ, шынымды айтсам, осының бәрі бос сөз екенін, менің тапқан бүгінгі "абыройым" да, әншейін, өзімді өзім алдау екенін қу ішім сезеді... Әйтсе де, осы алданыш өзіме ұнайды. Осы алданыш менің "достарыма" да керек. Бәрімізге керек!.. Бізде де ел қатарлы бірдеңелер бар (мысалы, мына алма), бізде, тіпті, одан да артық бірдеңелер бар (мысал үшін, тағы да осы алма), бізді бәрі елеп-ескереді, мұқым дүние, барша әлем бізді назарында ұстайды деген, біріміздің ішіміз білетін, енді біріміз шынымен сенетін осы алданыш, өтірік мақтан - өміріміздің мән-мағынасына айналған сияқты... Біз - өзіміз үшін емес, сырттағы біреудің ықыласы мен назары үшін күн кешіп жүргендейміз... Сізді білмеймін, мен өзімнен осыны анық сездім бүгін. Мәселен, менің мына табысымнан (алма тапқанымды айтам) сегіз қиыр шартарап құлақтанып, дүниенің төрт тарабы тегіс маған көз тікпесе, ішкен асым бойыма тарамайтындай... Рас, осы уақытқа дейін, өзім әлдеқандай көретін күнделікті, үйреншікті қораш тірлігіме селт еткен ешкімді көрген емеспін... Бірақ, қайтесіз - әдет... Әдет деймін-ау - кеуек басымыз алды-артына, жан-жағына тынымсыз жалтақтап, мойнымыз тоқтамай, айнала беретін ауру бұл!..

Алма фестивалін тамашалап тұрған алматылықтар.Алма фестивалін тамашалап тұрған алматылықтар.

Дуалдың түбінде тұрып, кеш батқанша, Faсebook-тен шықпадым. Көз байлана, аяғым талып, смартфонның да заряды таусылуға айналғанда, үйге кірдім. Кіріп келе жатып, жаңағы сырқатымның атын да қойып үлгердім - "әлемдік ауру" деп... Бұл аурудан емделуім керек екенін де түсінем... Басына алма түсіп кетіп, жаңалық ашқан Ньютон құсап...мен де ашар "жаңалығымды" аштым-ау, бірақ бақтағы алмаларымның түбіне жеткен жегі құрттай өзегімді тескен бұл дерттен енді айығу керек... Бірақ қалай?..

Дәлізде аяғымды шешіп жатқанда, смартфонын көтеріп, ас үйден әйелім шықты.

- Алма қайда?

Жүрегім зырқ ете түсті.

- Алма?.. Қайдағы алма?!.

Ол телефонын шұқылап жіберіп, менің парақшама кірді де, өзім түсірген аталмыш алманың суретін көзімнің алдына тосты.

- Мынау...

Өз алмамның суретіне меңірейе қарап, тұрып қалыппын. Иә... Қара басты деген осы!.. Менде, шынында да...алма бар сияқты еді ғой...

Аяғымды шала-шарпы қайта киген бойы, есіктен ата шығып, дуал түбіне қарай тұра жүгірдім. Жоқ!.. Қойған жерімде алма жоқ... Артылып, дуалдың үстіне шықтым. Қайта түстім. Жел ұшырып түсірді ме деп, дуалдың арғы түбін, бергі бетін түгел сүздім. Жоқ!.. Әлде мен үйге кіріп кеткенде... Жоқ, мүмкін емес көршілердің алуы... О-оx, енді түсіндім!.. Осы маңда менің алмаларымды жаз бойы қорек қылатын құстың неше атасы бар. Әсіресе, әлгі...үнді қараторғайы деген пәле жаман... Қараторғай болмай қалсын - түрі де, тұрқы да қарғадан аумайтын бір сұмырай... Сол-ақ алып кетті!.. Болды, қайран жоқ енді...

Не істейсің бұған?.. Полиция шақырасың ба... Құс тұрмақ, адамның ұрысын ұстай алмайды олар...

Салбырап қайта кірсем, әйелім екі бүйірін таянып, жаңағы орнында мені әлі күтіп тұр екен. Оған балаларым қосылыпты... Бәрі менің қолыма қарайды...

- Алма қайда?!.
- Алма... Қайдағы алма?.. - деймін...

Енді не деуші ем... Әйелім - өте шайпау адам. Менің үнді қараторғайы туралы лекциямды ол тыңдамайды да...

- Жеуге жарайтын жалғыз алманы бала-шағаның аузынан жырып...! - деген байбалам-айғаймен басталған келелі әңгіменің шеті көрінгенде-ақ, екі құлағымды басып, тұра қаштым... Ол бұрыштан бұрышқа қуып жүріп, шаңымды қақты... Мен, жалпы, жуас адаммын, бірақ, тіпті, шыдатпай бара жатқан соң, тірі жанмын ғой енді, мыңқылдап сөйлеп, қарсыласа бастап едім, анау мүлде өршіп кетті. Ышқынып аспанға шапшыды, шыңғырып жер тырнады... Бетім ашылып алған соң, мен де аянбадым!.. Таң атқанша, күн батқанша ұрыстық... Мойнымыз тоқтамай, қайта-қайта айналып кетіп - артымызға, жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қарап қойып, ұрыстық... Әттең, видео-көрініс түсіріп алатын ешкім болмады!.. Әйтпесе, айтары жоқ, шын мәнінде, әлемдік деңгейдегі ұрыс болып еді...


Тұрсынжан ШАПАЙ

Тұрсынжан Шапай 1957 жылы туған. 1979 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген. 1979–1984 ж.ж. Алматы облысы, Нарынқол ауданы О.Жандосов атындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, 1984–1985 ж.ж. Қазақ теледидары әдеби-драмалық хабарлар редакциясында, 1985–1986 ж.ж. «Жазушы» баспасында редактор, 1986–1988 ж.ж. «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1988–1990 ж.ж. сын бөлімінің меңгерушісі, 1990–1998 ж.ж. ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми, аға ғылыми қызметкер, 1999 жылы Абайтану бөлімінің меңгерушісі болды. 2001–2006 ж.ж. «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясында бас редактор қызметін атқарған.

1994 жылы «Қазақ поэзиясындағы лирикалық тұлға проблемасы (1980 жылдар)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазіргі қазақ лирикасы, лирикалық тұлға және Абайтану мәселелеріне арналған. Жүзден астам ғылыми, әдеби және публицистикалық мақалалар авторы. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері (1990 ж.). «Шын жүрек – бір жүрек» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды (2001 ж.). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Шығармалары: "Ой түбінде жатқан сөз. Әдеби сын мақалалар" (1998 ж.); "Шын жүрек – бір жүрек. Әдеби сын, зерттеу, эсселер". (1999 ж.); "Қазақтың жаны. Публицистикалық толғаулар мен әңгімелер" (2001 ж.).

CаттарCаттар
9 жыл бұрын 4788
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137