Бүгін бауырлас ел саналатын Әзербайжанның президенті Әлиев елімізге келді. Екі ел арасында өте маңызды келіссөздер өтіп жатыр.
Әзербайжан біздің ақпараттық кеңістікте 2020 жылға дейін айтарлықтай көп айтылмайтын. Үш жыл бұрынғы 44 күндік екінші Қарабақ соғысынан кейін біздің БАҚ Әзербайжан жайлы көбірек жазатын болды. Бізбен байланысы, экономикасы, мәдениеті дегендей. Саяси байланыс та арта түсті. Себебі екінші Қарабақ соғысы Кавказдағы статус-квоны айтарлықтай өзгертті. Транскаспий транзитін іске асыру мүмкіндіктері көріне бастады. Түркілерді бөліп тұрған Зангезур дәлізін салу бойынша Арменияны көндіру шарты жасалды. Орталық Азиядағы төрт түркі елі мен Каспийдің арғы бетіндегі қос түркі елін транспорт-логистикалық тұрғыдан байланыстыру жобасын көрдік.
2022 жыл. Ресей-Украина соғысы. Енді әлемдегі статус-кво өзгере бастады. КСРО ыдырағаннан кейін қалыптасқан сауда-экономикалық жолдар, транспорт-логистика бағыттары өзгеруде. Еуразияның көлемді аумағын алып жатқан Ресей арқылы Еуропадан Азияға, Азиядан Еуропаға күн сайын керуен-керуен жүк көліктермен, тонна-тонна шикізат құбырлармен жөңкіліп жататын. Әлі де жөңкіліп жатыр, алайда бұрынғыдай көп емес. Бірқатар компаниялар Ресей аумағы арқылы тауар тасу қауіпсіз емес десе, енді бірі оның агрессиясын сынап, келісімдерден бас тартып жатыр.
Ресей өз аумағы арқылы өтетін құбыр жолдарын саяси рычагқа айналдырды. Жөнелтілген шикізатты жібермей, сан сылтау айтып, мемлекеттерге қысым жасауды шығарды. Қазақстан мұнайының 70 пайыздан астамы тасымалданатын КТК құбырының жұмысын 2022-де 4 мәрте тежеп, тоқтатып қиындық туындатты. Бірақ бұл бір жағынан жақсы болды. Біз басқа тасымал жолдарын іздей бастадық, «транзит жолын диверсификациялау керек» дедік. Соның бірі осы Әзербайжан арқылы өтеді.
Әрине Ресей арқылы тасымалданатын мұнайды бірден алмастыру мүмкін емес. Оған жылдар керек. Қадамдар басталды. Қазақстан өткен жылы Каспийдегі порттарды кеңейту бойынша БАӘ-мен келісті. Арғы бетте Баку порты да кеңейтіліп жатыр. Ірі кемелерді қабылдау үшін порт айлағын тереңдету жұмыстары жүруде. Бірінші бағыт сол Баку порты арқылы мұнай өнімін Еуропаға жеткізу. Баку-Супса (Грузия), Баку-Батуми (Грузия) бағыты бойынша мұнай жөнелтуді еселейтін боламыз.
Осыдан екі апта бұрын Ақтау портынан біздің мұнай әзербайжандық танкерлер арқылы Бакуге жол тартты деген ақпарат шықты. Ары қарай Баку-Тбилиси-Джейхан бағытымен мұнай тасымалдау іске аспақ. Бүгінгі кездесуде осы құбыр арқылы мұнай тасымалдауды арттыру жағы да сөз болды деп ойлаймын. Сонымен қатар бейресми ақпараттарға сенсек, Әзербайжан бізге мұнай тасымалдауға танкерлер бермек, ал Қазақстан Әзербайжанға локомотивтер береді. Бауырластық бартер.
Тағы бір ақпарат Каспийдің астымен байланыс желісін (оптоволокно) салу іске асады. Бұл да ресейлік нарықтан алшақтау, себебі интернетке Ресей аумағы арқылы емес, алдағы таңда Әзербайжан аумағы негізінде Еуропа арқылы шығу мүмкіндігі болады.
Бауырластық деген осындайда көрінеді деп санаймын. Дәл осындай келісімдерді жасауда, жылдам іске асыруда кейде тілдік, шығу тек тұрғысынан жақындықтың септігі тиіп қалады.
ПыСы: Бұл бүгінгі келіссөздердің бір парасы. Сан бағытта сан мәселе талқылан(у)ды(а).