Иранда Бендер-Аббас деген қала бар. Портты қала. Халық саны 500 мыңнан асады, Парсы шығанағында орналасқан. Әлемдегі ең үлкен порттың бірі осы қалада орналасқан Бендер-Аббас порты. Ол 18 порттан тұрады және жылына 150 млн тонна жүк қабылдап алып, хаб рөлін атқарып келеді.
Міне, осы порттан Қазақстанға жер берілетін болды. 15 гектар жерге терминал салу бойынша келісімдер жасалып жатыр. Бұл туралы бүгін айтылды.
Бұл терминалға не апарамыз? Табиғи ресурстан бөлек ауыл шаруашылық өнімдері деп ойлаймын. Астық, бидай, сұлы, ет-сүт өнімдері және т.б. Порт хаб болғандықтан өнімді ары өзге елге жөнелтетіні белгілі.
Картаны ашып қарасақ, осы порт арқылы біраз елге өнім жеткізуге болатынын көреміз. Сауд Арабиясы мен БАӘ сынды бай елдерге және
Пәкістан мен Үндістан сынды халқы жүздеген миллион мен млрд болатын аймақтық державаларға өнім жеткізуге болады. Өзге де елдер бар. Әрине, келісімдер арқылы, келіссөздер арқылы.
Бұл порттағы терминалға өнімді екі жолмен жеткізуге болады. Бірінші жолы Каспий арқылы Иранға жеткізіп, артынша теміржолмен Бендер-Аббасқа апару. Екінші жолы Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолын қолдану. Соңғы нұсқа көбірек қолданылады деп ойлаймын.
Биыл порттар бойынша біраз келісім жасалды. Қытай Оңтүстік-Шығыс Азияға шығуға мүмкіндік беретін Ляньюньган порты, Қара теңіз арқылы Еуропаға шығуға болатын Грузиядағы Супса порты (Әзербайжан арқылы барамыз), енді міне Араб елдері мен Үндістанға баруға мүмкіндік ашатын Бендер-Аббас порты. Бұл дұрыс қадам. Логистика, транзит, тауар тасу жолдары көп және әр бағытта болуы тиіс. Енді басты мәселе сол порттар мен хабтарға шикізатты, өңделмеген өнімдерді тасудан бөлек, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін таситындай деңгейге жету.

