Асхат Қасенғали: "Мамин Үкіметі кезеңінде қандай оқиғалар болып жатыр?"
Асхат Қасенғали: "Мамин Үкіметі кезеңінде қандай оқиғалар болып жатыр?"
2019 жылдан бастап Асқар Мамин мырза басшылық ететін Үкімет отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маминнен төрт айдан кейін билікке келді. Үкімет атқарушы билік, сондықтан елдегі өсуді де, өшуді де Үкімет жұмысымен өлшеп жатады. Тәәк Мамин Үкіметі кезеңінде қандай оқиғалар болып жатыр?
1. 2019 жылы Арыста жарылыс болды. Артынша араға екі жыл салып 2021 жылы Тараз маңында тағы да жарылыс тарс етті. Ондаған отбасы қара жамылып қалды, экономикалық шығын да ондаған млрд теңге.
2. Пандемия Мамин үкіметінің біліксіздігін көрсетіп берді деп ойлаймын. Біріншіден, медициналық қауіпсіздік артта екені айқын көрінді. Қарапайым масканы дәріханалардан таппай қалдық. Халық билікке сенбей туған туысын, дос жаранын вирустан аман сақтаймын деп шапқылап кетті. Президенттің «Мемлекетік органдар тарапынан нақты жұмыс болмағандықтан халық бұл мәселені өз бетінше шешуге кірісіп кетті. Бұл нонсенс! Халық жаппай оттегі толтырылған баллондар сатып алуда. Өндірістік өттегі баллондарын үй жағдайында қолдану фактілері тіркелуде. Үкімет пен әкімдікке бес күннің ішінде ауруханаларда және үй жағдайында қолдануға болатын өттегі толтырылған баллондармен қамтамасыз етуді тапсырамын» дегені әлі есте. 2020-ның жазында біраз адам ҮКІМЕТТІҢ біліксіздігінен вирустан көз жұмды.
3. Мамин Үкіметі 114 млн долларға ресейлік вакцина сатып алды. Нарықта вакцина болмаса түсінер едім, бірақ млрдтарға ВОЗ мойындамаған, әлемде сертификатын еш жер құптамаған вакцинаны сатып алды. Оның үстіне Спутниктен кем түспейтін отандық КазВак бар, бірақ ресейлікті толтырып тастады. Енді "Спутник Лайт" алдырып жатыр. Не үшін?
4. Мамин Үкіметі тұсында Қазақстан цифрлық қауіпсіздігінің бір бөлігін өзге елге ұстатпақ. Бұл әрине нонсенс. Келісім құны 500 млн доллар. Оның үстіне Ресейдің Сберіне Батыс санкцияны күшейтуі мүмкін. Соған қарамастан келісім іске толық асатын сыңайлы.
5. Мамин Үкіметі тұсынды қымбатшылық қарқыны артты. Баға күн санап өсуде. Мысалы бүгінгі Жаңаөзен. 2020 жылы бағаны ұстап тұруға үкімет 30 млрд теңге бөлсе, 2021 жылы ол көрсеткіш 50 млрд теңге болды. Сонда не, 2022-де 70 млрд бөле ма мына түрлерімен?! Өткен жылы қарапайым күнделікті қолданатын азық-түлік тапшылығы болды. Қап түбінде картоп қалмай, сөреде сәбіз, полкада пияз таппай қалдық. Өзгеге сатып, артынша өзгеден үш есе қымбатқа сатып алып, досқа күлкі, дұшпанға таба болдық.
6. 2019 жылы бағасы 14 млн тұратын үйлер, қазір кемі 27-30 млн тұрады. Оны жақсы білемін, өйткені баспана алу үшін нарықты қарап жүрмін, пайызын енді толтырам дегенде өсіп жатыр, өсіп жатыр. Екі жылда баспана екі есе қымбаттады.
7. 2021 жылы Маңғыстау, Арал маңында жұт болды. Шаруалар зардабын әлі шегіп жатыр. Мамин мырзаның өзі жұт болып жатқан аймаққа төрт айдан кейін бірақ барды. Ортағасырда уәзірдің өзі екі аптада атпен жетіп баратын еді, қазіргі заманда екі сағатта ұшақпен баратын жер ғой. Үкімет жем-шөп мәселесін шешуі тиіс жерге бірінші болып қарапайым халық шапқылап жүргені қалай болды?
8. Ресейдің ақпараттық шабуылы артты. Бірінші территориялық тұтастыққа сөз айтты, артынша тілдік мәселе деді. Өтірік ақпаратты депутаттарынан бастап бәрі айтты. Бірақ нақты идеологиялық, ақпараттық жауап аз болды.
Басқа да айтуға болатын фактілер, оқиғалар жетерлік. "99% халықты интернетпен қамтамасыз еттік" деген еді, бірақ пандемияда онлайн оқу емес, көп жерде уатсап оқу болды. Қорғаныс саласы, білім, ғылым, әлеуметтік жағдай, инфляция, өңірлер бойынша түрлі ақпарат келтіруге болады. Осы ақпараттардың өзі Үкіметтің расымен де "кризис менеджер" еместігін көрсетеді деп ойлаймын. Өткен жылғы Парламент сайлауынан кейін жаңа Үкімет жасақталады деп ойлағам, алайда екі министрді ауыстырып, сол бұрынғы "жаңа-ескі Үкімет" қайта жайғаса салды ғой) 2019 жылы медаль "За вклад в развитие Евразийского экономического союза" алған, 2021 жылы Ресейден "Достық орденін" тағынған Асқар Мамин бастаған Үкіметті таратып, жаңасын жасақтайтын уақыт жетті-ау. Барыс болуды мақсат тұтқан Қазақстан барыс жылын жаңа Үкіметпен бастауын қалар едім. Мәселе тек қана премьер министрда емес, толық үкімет құрамында. Көшедегі халықты тоқтатып "қай министрді білесіз" деп сұраңызшы, Асхат Аймағамбетовтен басқасын білетіндер аз. Таза субъективті ой, келіспеуге құқылысыз.
 
CаттарCаттар
22 күн бұрын 510
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137