Daniyar Zhigitbek: Ләззат жайында...
Daniyar Zhigitbek: Ләззат жайында...
Қайбір жылы достарымызбен Ыстықкөлге бардық. Сенбі-жексенбі — 2 күн демалысты ерекше өткізейін дедік. Негізі бір қарағанда 2 күн аз сияқты. Бірақ мен апталап көлдің жағасында жататындарды түсіне алмай-ақ қойдым. Бітпейтін не ләззат ол?!
Сөйтіп бірінші күніміз эмоция мен әсерге толы өтті. Өмірдің секундтар емес, сәттерден тұратынын осындайда түсінесің. Уақыт баяу жылжығандай бір күннің өзінде көп нәрсені көріп, сезініп тастадық.
Екінші күні эмоциялар басылып, түске қарай шомылудың қызығы кете бастады. Сөйтіп үйге қарай шығып кеттік. Солай істегеніміз дұрыс та болған сияқты. Егер тағы бір күн қалсақ, демалыстан шаршап, жағымсыз эмоцияларды кешер ме едік, кім білсін?!
Әр жағымды эмоцияның бір шегі болады. Сол шекке жеткенше өзіңді бақытты сезінесің. Ал шектен асқан кезде керісінше бақытсыз сезіне бастайсың.
Ісіңнен үнемі ләззат алып, өзіңді бақытты сезініп жүру үшін сол шекті білуің керек және дер кезінде тоқтауың керек. Мысалы, саған кітап оқу ерекше ләззат сыйлайды. Осы бір жағымды эмоцияны 30 минут бойы кешесің. Одан әрі оқи берсең, оқу жалықтыра бастайды. Дәл осы сәтте кітап оқуды тоқтату маңызды. Әйтпесе, кітап оқу энергия бермей, керісінше оны жей бастайды.
Калифорнияда French Laundry деген ресторан бар. Ерекшелігі: ол жерде тағамды кішкентай порциялармен береді екен. Себебі ресторанның бас аспазы Томас Келлердің айтуынша, адам алдындағы астың тек алғашқы 3-4 порциясынан ғана ләззат алады екен. Қалғаны әшейін қарынды толтыру ғана.
Бұл заңдылық басқа дүниелік заттарға да қатысты жүреді деп ойлаймын. Мысалы, Дубайда Ломбарджини айдап көресің де, ләззат аласың. Соны сатып алсам деп аңсарың ауады. Бағасы: 120 млн тг. Сөйтіп сатып аласың. Басында өзіңді бақытты сезініп жүретін шығарсың. Бірақ оның да ләззаты ұзаққа созылмайды. Бір кезде "осы-ақ па не?" деген сезім пайда болады.
Бұдан шығатын қорытынды: бір нығметтен ләззат алу үшін оған иелік етудің қажеті жоқ. Мысалы, ана Ломбарджиниді Дубайға барған сайын жалға алып, айдап тұрсаң болады. Содан ләззат аласың. Артық шығындалмайсың.
Негізі қаржы сауаты деген түптеп келгенде қажет пен қалаудың аражігін ажырату ғой. Артық қалаулар түбі сені тақырға отырғызуы мүмкін. Бір жаңа дүниеге қызығып, сатып алғың келді дейік. Сатып алу деген — иелік ету деген сөз. Сол кезде өзіңе сұрақ қой "Мен бұл затсыз өмір сүре алам ба?" деп. Жауап "иә" болса, демек, бұл — қалауың.
Кейде бір әдемі дүниені көргенде, оны сатып алмай, оған жай қарап-ақ ләззат алуға болады. Соның өзі жеткілікті. Мысалы, Луи Витонның сөмкесіне қарап, оны жасауға кеткен шеберлердің еңбегін ойлап, дизайнына тамсанып тұруға болады. Сатып алу шарт емес. "Мен бұл затсыз өмір сүре алмаймын" десең, мархабат, сатып ала бер. Бірақ бір айдан кейін ләззаты кетіп, "осы-ақ па не?" деп айтпа.
Адамның жаны мәңгілік рахатты қалайды. Адам бір нәрсені қаласа, демек, ол нәрсе бар деген сөз. Ол — жәннат. Сол сияқты адам не үшін мәңгі өмір сүргісі келеді, өлгісі келмейді? Себебі оны бұл өмірден өткеннен кейін мәңгілік өмір күтіп тұр. Бірақ ол сол мәңгілік өмірді осы дүниеден күтеді.
Адамның жаны мәңгілік жәннатқа ие болғысы келеді. Тәні дүниелік рахаттарға иелік етуді қалайды. Біз осы екеуін шатастырып аламыз да, қымбатқа сатып алған затымыз ләззат бермей жатса, көңіліміз түседі.
Кез келген ләззаттың бір шегі болады. Сол шекке дейін сол затты қолдан, сол істі істе. Ләззаты азая бастағанда, тоқтап үлгер де, басқа бір іске көш. Сонда өзіңді үнемі бақытты сезініп жүресің. Бір нығметтен ләззат алу үшін оған иелік етудің қажеті жоқ. Яғни, сатып алудан гөрі жалға ала тұру психологиясы бұл тұрғыда ұтымдырақ. Әрине, қажет пен қалаудың аражігін ажырата алсаң.
CаттарCаттар
3 жыл бұрын 1693
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137