Дилетантизм... Бозбала 46 минут бойы кешірім сұрады... (видео)
Дилетантизм... Бозбала 46 минут бойы кешірім сұрады... (видео)

Таяуда шешендердің "Грозный" деп аталатын мемлекеттік телеарнасы эфирінен Мұхаммед Ахметов есімді 16 жастағы жасөспірімнің аталмыш республика басшысы Рамазан Қадыровтан кешірім сұраған бағдарлама көрсетілді. Әлеуметтік желіде Рамазан Қадыровты сынағаны үшін. Таспаға тартылып қалған бұл видео YouTube-де жарияланған. Шамамен 46 минут бойы Шешенстан мүфтиі Салаһ Межиев жастықтық буымен, әлеуметтік желінің желігімен "ағат кеткен" бозбалаға "билікке қарсы шығуға болмайтынын" құлағына "құйып", "үлкен іс тындырды". "Қарсы шығу" мен "сын айтудың" аражігін ажырата алмайтын пақырлар бозбалаға "аяусыз тойтарыс берді". Соңында жасөспірім Шешенстан басшысы мен халқынан кешірім сұрап, республика билігіне қарсы интернеттегі түрлі жағымсыз пікірлердің жетегінде кеткенін айтып ақталып бақты. Дәлірегі, билікті жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық бойынша айыптап, Рамазан Қадыровты "діннен безген" етіп шығарған.Төрт бала тәрбиелеп отырған Мұхаммед Ахметовтың анасы баласына жөнді тәрбие бере алмағанын айтып ақталды. Ал жасөспірімнің нағашы ағасы жиенін жерден алып, жерге салып, өз әулетін ұятқа қалдырғанын, шешен заңы бойынша жазалануы керектігін алға тартып, онсыз да мойнына су кеткен туысын "тулақтай иледі". Бұдан бөлек, "Грозный" мемлекеттік телеарнасының директоры Ахмет Дудаев жасөспірімнің артында тұтас бір ұйым тұрғанын айтып, есекке теріс мінгізіп жіберді. Ол қандай ұйым екенін ашып айтпады, алайда. Негізсіз сөйлеп, әйтеуір қаралап қалу керек. Несін айтасың, аяқ астынан табыла кеткен "жауды" осылайша "тас-талқан" еткен "батырлар" осы бағдарламаны қалай ұялмай көрсеткені емес, бізді таңқалдырғаны, дилетантизмнің қаншалықты қауіпті күш екені болды. Бұл бағдарламаға назар салмаса да болар еді, тоғышарлықтың бір көрінісіндей болған дилетантизмнің автократиялы елдерде тамыр жаятыны алаңдатады. Өз тәуелсіздігі үшін күрескен ержүрек шешен халқын уыстан шығармау үшін Путинге де осындай "қолбала" керек. Минитсрлерді рингке шығарып сабайтын Рамазан Қадыровтың ожар әрекетінен запы болған жұртқа да жан керек. Мына суреттен байқағанымыздай, жасөспірімнің ессіздігіне налыған, өкпелеген, ренжіген, түңілген түр көрсеткен Рамазан Қадыровтың басына баға беруден аулақпыз. Десе де мемлекет басшысына жараспайтын осыншалықты "ұсақ" әрекеті оған абырой әпермесі анық. 

CаттарCаттар
5 жыл бұрын 2921
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137