Осы желтоқсан айының басы күздің қара суығына ұласқан. Бір үскірік жүргеннен кейін төңірек қасаң тартып шыға келді. Сөйтсе де желтоқсанның жуан ортасында пенде біткенді естеліктер иіріміне атып ұрып, күн оқыс жылып, жадыраған жаздың мінезін танытқандай болды. Қара суықтың көкайылынан сазарып алған төңіректің дені жайылып, ал-сал кейіпке енуі – қырбық қардың жылт еткен күн көзінен қалмай еріп, кәдімгідей қалжалап, бусанып сала беретін қазан айын айна-қатесіз қайталауын қалай жорырыңды білмейді екенсің. Қар жаумаса да үйдің шатырына сүңгі боп қатқан мұз күн сәулесіне биязы шағылысып, жылт-жылт еріп, күндіз – аула көлкілдеп, көклайсаңға, ал түнемесіне қарай көктайғаққа айналды. Түстіктен аңқылдаған ескек жел тұрып, жауын жаумай су болған, ылғалдан қарайып кеткен төңірек жайма шуақтан күмілжи тамылжыған әдемі бір реңге ойысып, жылдағы әдетінен жаңылып, төтенше мырзалық танытуы тегін емес. Ауа райының осынау құбылмалы мінезінен аяқ астынан, тұтқиылдан қар ұйытқып, артынан жаяу борасын көтеріліп, сабындай бұзылатынына көзің анық жетіп тұратын. Бірақ, олай болмады, қар да ұйытқымады, жаяу борасын да болмады, бәз-баяғы мәз қалпынан танбады – ұялшақ! Тіпті, үйге от жағу да жайына қалды. Күн жылынғасын мұржа тартпайды. Оның үстіне, тамызыққа деп бөлек жинап қойған тезекті дым шалып, от жақсаң, тұтанбай ит зықыңды шығарса, екінші жағынан, үйдің ішін алып кеткен көкала түтіннен көз ашиды. Тамылжыған тамыздың басында осы маяны тұрғызғанда көптеп көмектескен жігіттердің тер айғыздаған жүздерін жазда жаңбыр жуған. Мына ақ жауын шөпті шірітіп жіберді-ау деп отағасы бір уайымдаса, қолқанатқа жарап, малдың кезегіне кеткен ұлының үсті малмаңдай су болды-ау деп қайран шешесі екі уайымдаған. Жаздың аты – жазира, сол кездегі уайымың асылық екен. Желтоқсанда күн райы сәл қабақ шытса, қу жаныңа маза жоқ. Табиғат ананың осынау мезгілсіз мырзалығы – бейне бір көктем енді туғандай алаң етіп, қобалжыта берді де бәрін доғара тұруға тура келді. Жазу-сызуыңа қолайлы – төңіректі сіреу қар басып, терезені қырау тұтқан тіршіліктің тірсегінен қаңтарылып, қасаттанған сәтін күтесің... Терезенің жуылып-шайылған кіршіксіз әйнегінен «мұқым әлем мөлдіреп көрінеді». Бау-бақшадағы қара өрік ағашының бұталары бүршіктеніп, бүр жарып үлгерді. Алданып қалды-ау деп уайым жейсің – күн оқыс суыта қалсаң, үсікке ұрынып, күзде өнім бермейді. Шықылықтаған сауысқандар үйдің маңайына қаптап кетті. Сұқтана жемтік аңдып, үркітсең де кетпей, үй маңын торуылдай мойындарын қылт-қылт созып, сенен аулағырақ жерге секектеп барып қонады. Қора-қопсы маңындағы шалшық суға малшынған сағдар шөп күн көзінен жылт-жылт етеді. Өлірада күн бұзылатын шығар дедік. Өлірада да бұзылмады. Тұл қатынның (Шолпан нысаны) кіндігінен төмен қиялап барып, қияқтай болып ай туған іңірден кейін тас қараңғылық басты. Ертесіне... айнала бұлыңғыр тартып, жанға жайлы, саялы жаңбыр себеледі. Жасаңғыраған төңірек көкжелекке оранып, әні-міне құлпырып кететін тәрізді. Жуынды құйып жүргеннен бе, тысқа шыққан сайын мені үйірсектеп, аяғыма оратылатын көршімнің қандені түлеп, түгі жылтырап шыға келді. Оның түлеп түскен жүндерін жинаймын деп шаршайтынмын. Тіпті, күйлеп, көрші-қолаңың ұйлыққан бір қора итін аулаға қаптатып жіберді. Қусаң да кетпейді. Ыққан болып, қора айналғанымен, бәрібір қайтып келеді. Күнде таңертеңгісін иттердің қиын ауладан күреп тастап жүргенім. Жауын ылғалынан сүлеленіп, бір-ақ күнде сылынып түскен төңіректен жуылған кірдің исі аңқиды. Иініңнен басып, «ымырттап» бүркіген жауын қай-қайдағыңды қозғайды, балалығың ұстап, бар күшіңді сала өрік ағашын ырғысаң – үстіңе талға қонақтаған жаңбыр тамшылары сау етіп құйылады, жауырыныңның ортасынан жүлге қуалап, денеңді тітіркендіреді. Бәрібір күн райын қобалжи бақылауыңды, мезгілсіз болғаннан кейін бе, сонда да күннің қас-қабағын бағуыңды қоймайсың. Жауын үшінші тәулікке ойысқанда төңірек мүлдем шөжіп кетті. Қоқырайтып жинаған бір мая шөбің басылып, кісі бойынан сәл-ақ асады. Құяңы ұстап, төсек тартып, жатып қалған досыңның халін сұрауды сылтауратып, серуендеп қайтуды ойлайсың. Сырқаттанып қалды деген досың қақшаң қағып, түнемесіне мал қоралайтын, үстін сабан аралас топырақпен бастырған жабық қорасын сыпырып жүр екен. Қолында сыпыртқа емес, жалпақ күрек. Дым шалған көң үстінде езілген сиырдың жаппасын аса бір ептілікпен іліп алып, ерінбей-жалықпай бақшаға апарып тастайды. Осының бәрін аспай-саспай баппен істейді. Сонан соң, әбден ұстала-ұстала қолдың майы сіңген, безі шыққан қайың сапты күрегін қораның іргесіне сүйеп қойғаннан кейін ғана барып, назарын саған жығады. – Барып, Жалауша тәтеміздің қазасына көңіл айтып шығайық,- дейді. Елдің бәрі таң атпай құлақтанып үлгеріпті. Менің естігенім әлгінде ғана...
Қашан, қалай, неден қайтыс болыпты деген сауалдардың мән-жайына қаза қайырлы болсын айта барғанда қанықтық. Түнгі сағат екілер шамасында ұйықтап жатқан күйі жүріп кетіпті. Күн райы күрт бұзылғалы бері жүрегінің талмасы жиі ұстап, науқастанып жүргенін үйдегі үлкендер айтып отыратын. Айналдырған ауру ақыры алып тыныпты. Марқұмның сүйегін екі түнеткеннен кейін жерледі. Ақымдап қазылған көрдің іші құп-құрғақ екен. Жалауша тәтеміздің жүзі қалай жасырылды, солай жапалақтап қар жауа бастады. Көз байланбай дүние ақ кебінге оранды.
Алмат Жалбағаев