Жалған ақпаратты қалай анықтауға болады?
Жалған ақпаратты қалай анықтауға болады?

Ақпарат жылдамдығының дамыған заманында кез келген хабар мен мәлімет бұқараға оңай әрі жылдам тарап кете алады. Бұл жайында Massaget.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Оның дұрыс-бұрыстығы анықталмай жатып, көпшілікке жария болып жататын орта – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер.  Интернет заманына дейін халық ақпаратты дәстүрлі БАҚ-тан алатын болса, қазір олар жаңалықты бір-біріне өзара тарата алады. Соның салдарынан оған субъективті пікірлер қосылып, ақпарат өзгеріп тарайды. Демек, халық ресми мақұлданбаған әрі модерациядан өтпеген, даулы жаңалықтарды күнара кездестіруге мәжбүр. 

Жалған ақпараттың тез таралып, талқыға кең көлемде түсуі қоғамдағы резонансқа, соңғы шыққан жаңалыққа тікелей байланысты.

Егер ақпарат мазмұны үндеу, үгіттеу, сақтық, агрессиялық сипатта болса, адам миы оны қабылдауға, шын санауға дайын тұрады. Жалған ақпараттан әсер алған қолданушы оны тарата отырып, өзінің іс-әркетінің қаншалықты маңызды екенін көбіне дұрыс бағамдай бермейді. 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат беру, тарату және пайдалану қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Сондықтан ақпараттық жүйедегі әр іс-әрекет асқан жауапкершілікті талап етеді. 

Хабарлама ретінде келген бір жаңалық яки ақпараттағы субъект, оқиға, төтенше жағдай қоғамға қауіп төндіретін болса, ақпаратты өзгелерге таратып бөлісетін болса, қолданушы жаңалықтың шындық екенін анықтауы тиіс. Яғни, қолданушы ақпараттың ақиқаттығына көзі жетпейінше оны жалған деп санауы тиіс.

Саналы түрде сыни ойлап, ақпараттың анық-қанығын қалай ажыратуға болады? 

Мәтін құрылымы 

Егер ақпарат оның растығын тексеруге келмейтін дәрежеде болса, онда ол ақпаратта фактілер (сандар, оқиға, жалқы есімдер, күн) – жұтаң. Тіпті, онда факті жоқ, ойдан шығарылған деуге болады. 

Жалған ақпаратта экспрессивті сипаттағы сөйлемдер көп болады. Нақты фактілердің орнына адамға әсер қалдыратын, аяушылық, қамқорлық, сақтық, таң қалу сезімдерін тудыратын сөйлемдер басым болады. 

Мәтіндегі оқиғаға қатысты пікір білдірген эксперт-мамандар да кездеседі. Эксперттің қоғамдық дәрежесін, әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеріп, ақпаратқа қатысы бар екенін анықтай отырып та, жаңалықтың рас-өтірігіне көз жеткізуге болады. Егер желіде оның парақшасы, тіпті аты-жөні табылмаса, онда ол – тек мысал үшін алынған жалған тұлға. 

Медиафайлдар (фотосурет) 

Ақпарат айдынында фотосуреттің маңызы зор. Медиафайл арқылы жаңалықтың сипаты мен маңызы анықталады. Алайда, кей жағдайда шындыққа жанаса бермейтін фотосуреттер тез тарап жатады. Жалған суреттерде көбіне бұрын болып кеткен оқиғалар немесе өзге елдегі жағдайлар кескінделеді (Мьянмадағы Рохинджа мұсылмандарының оқиғасын еске түсірейік).

Жалған фотосуретті қалай анықтаймыз?

Суретті интернет арқылы іздеп, оның жариялану тарихын қарау керек. Егер сурет бұған дейін жарияланған әрі желі хронолиясында болып, өзге оқиғаға қатысты болса, сурет – жалған. 

Медиафайлдар: видео 

Жалған видеоны анықтаудың екі тәсілі бар. 

1) Видео мазмұнындағы хабарлама, мәлімдемелерді сөзбе-сөз көшіріп, интернеттен іздеу арқылы дереккөздерді табу; 

2) Видеоны Youtube желісі арқылы іздеп, жарияланған күнін оқиғаның мезгіліне сай келу-келмеуін анықтау. 

Әр ақпараттың бұқараға тарап, қоғамдық деңгейде талқыға түсуі, оның нәтижесі әр саналы азамат үлесінде. Ал сол қарапайым интернет қолданушысының ақпараттық қауіпсіздікке тигізер көмегі – бар болғаны ақпараттың ақ-қарасын ажыратып, тиісті шара қолдану.

CаттарCаттар
7 жыл бұрын 4253
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137