Неге біз осы...
Неге біз осы...

Неге осы біз...

Неге осы біз, елдің бәрін жемқор деп айыптаймыз да, өз шаруаларымызды тез әрі оңай шешу үшін адам іздеп, ақша беруге дайын тұрамыз? Ақшасыз да істелетін шаруаларда да. Ешкім кедергі жасап, ақша талап етпесе де. Ел қатарлы емес, бәрінен тез, бәрінен оңай шешкіміз кеп тұрады. Сол сұранысқа сай делдал пысықайлар барлыш жерде табыла кетеді...

Неге осы біз, молданың бәрін "құран бағыштағаны үшін ұялмай ақша алады" деп ұрсамыз да, сол Фатиха мен Ықылас сүрелерін жаттап алуға ерінеміз? Құран бағыштау үшін мешітке барып, молдаға ақша бер деп біреу зорлап тұра ма? Өзіміз оқып, өзіміз бағыштасақ әлдеқайда ықыласты, шынайы болмас па? Марқұмның жайын шын ойласақ, сөйткеніміз абзл емес пе?

Неге осы біз, әкім атаулыны жеті атасына дейін жамандап, сыбап жүреміз де, өз балаларымыз сондай бір лауазымға жетсе екен деп қалап, тілеп жүреміз? Немесе, сондай бір әкім-қаралармен құда бола қалсақ, оларға шаң жуытпай, немесе бұрыңғыдай жамандауды қоя қоямыз?

Неге осы біз, қазіргі эстрада мен мен эстрада жұлдыздарын сынап, ұлттық құндылықтардың жауы ретінде атуға дайын тұрамыз да, той-томалақтарымызға соларды шақырып, солардың әндеріне жер тепкілеп билеп жатамыз?

Неге осы біз, қоғамдағы жағдайларға көңіліміз толмай, данышпансып ақыл айтып жүреміз де, өз балаларымызды маңызды қоғамдық қарекеттерге қатысудан тиып, тыныш қана, тамағын асырап жүре бергенін қалаймыз? "Елің үшін қызмет ет, керек болса сол жолда барыңды бер, жаныңды аяма" деп неге айта алмаймыз өз балаларымызға? Басқалар жағдайды түзеп, басқалар қиналып, басқалар өзгеріс жасап, өмірімізді жақсартып бергенін қалаймыз.

Неге осы біз...

Көп екен тегі, жазатын нәрсе. Әй, қойшы соны...

Edige Qojahmet-тің Фейсбуктегі жазбасынан 

CаттарCаттар
6 жыл бұрын 5861
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137