Қоғамдық көліктердегі қауіпсіз орындар қайсы?
Қоғамдық көліктердегі қауіпсіз орындар қайсы?

Жыл сайын тіркелетін жол апаттарының ең көп бөлігі қоғамдық көліктерге тиесілі екен. «Сақтансаң сақтайды» демекші, қоғамдық көліктерде орынды дұрыс таңдай білудің маңызы зор. «Мені терезенің тұсына отырғызыңызшы», «Мен автобустың алдыңғы орнына отырғым келеді» сынды сөздерді жиі естіген шығарсыз. Бұл сөздерді өзіңіз де айтып қалуыңыз мүмкін. Олай болса, қоғамдық көліктерде қандай орындардың тиімді екенін бірге қарастырайық.

Маршрутта

Маршрут – кең таралған көлік түрі. Біріншіден, оның арнайы күн тәртібі болмайды. Әртүрлі уақытта жүріп, жылдамдықты өзі таңдайды. Екіншіден автобус, трамвай, троллейбус секілді қымбат емес. Маршруттардың ішінде «Газель» сынды көліктер адам өмірі үшін өте қауіпті.

Маршруттағы теріс қарап тұрған орындыққа отыруға тырысыңыз. Көлік кенеттен тоқтаған кезде, жолаушылар алға қарай құлайды. Ал теріс қарап тұрған орындықтарда отырғандардың жағдайы керісінше. Әдетте теріс қарап тұратын орындықтар жүргізушінің арқа тұсында орналасады. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, көшеде оқыс жағдай болған кезде, жүргізушінің барынша өзін құтқарып қалуға тырысатыны анықталған. Яғни рөлді қажет бағытта бұрады.

Ортаңғы қатардағы, терезеден алыс орналасқан орындықтар да қауіпсіз орындар қатарына жатады. Ал ең артқы және жүргізушінің тура қасындағы орындықтар тиімсіздеу. Көлікті артқы немесе алдыңғы бөліктен келіп соғатын болса, аталған орында отырған адамдар қатты жарақаттанып, қайтыс болуы мүмкін. 

Автобуста

Қала ішінде жүретін автобустар да ең қауіпті көліктер түріне жатады. Әсіресе қыс мезгілінде. Алайда оның ішінен де ыңғайлы орын табуға болады. Біріншіден, алдыңғы және артқы үш қатарға отырудың қажеті жоқ. Көліктер өзара соғылысқан жағдайда терезеден ұшып кетуіңіз мүмкін. Терезенің алдында отырғанды көбіміз ұнатамыз. Алайда апат кезінде, сынған әйнек бетке немесе дененің басқа бөліктеріне кіріп, күре тамырларды зақымдайды. Сол себепті орынды ортаңғы қатардың оң жақ бөлігінен таңдаған жөн.

massaget.kz

CаттарCаттар
9 жыл бұрын 3775
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137