Қуаныш Еділханов: Баку - Тбилиси - Түркие - Италия газ құбыры
Қуаныш Еділханов: Баку - Тбилиси - Түркие - Италия газ құбыры
Бүгін жалпы ұзындығы 3500 шақырым болатын Баку - Тбилиси - Түркие - Италия газ құбыры іске қосылды! Сөйтіп Әзірбайжан Оңтүстік Кавказ газ құбыры арқылы газдың аса ірі импортері болып табылатын Еуропаға тікелей газ тасымалдауға мүмкіндік алды.
 
Грузия өз жерінен құбыр өткізгені үшін барлық тасымалданған газ көлемінің 5%-ын нарықтық бағасынан екі есе арзанға алатын болып келісілді. Қайдағы бір қияли ұлы Әрмения үшін деп, Ресейге сеніп Әзірбайжан жерін басып алмағанда осы құбырдың транзиттік 5%-ын алып бүгіндері Әрмения аспанға түкіріп отыратын еді, амал жоқ, бастары жасамағанның кесірі осындай болады.
 
Грузия сондай-ақ сыртқы жаулардан өз қауіпсіздігіне қосымша кепілдік те алды, өйткені Еуропаға бара жатқан газды сол елдер де қорғайтыны белгілі - газ Түркие, Болгария, Греция, Албания және Италияға жеткізіледі. Ильхам Әлиев айтқандай, кейін бұл елдерге тағы да төрт Балқан елдері қосылады - Босния, Хорватия, Герцеговина және Черногория. Ал құбырға жақын болашақта газ жеткізуші елдер ретінде Түрікменстан, Иран және Ирак қосылуы мүмкін.
 
Бұл трасса үш бөліктен тұрады: Баку-Тбилиси-Эрзурум (Оңтүстік Кавказ газ құбыры); ТрансАнадолы газ құбыры (Түркие бойынша); ТрансАдриатика газ құбыры (Түркие-Грекия-Албания). Негізгі жабдықтаушы - Шах-деңіз кенорны (Әзірбайжан), қорының запасы 1,2 трлн куб метр. Жоба 25 жылға есептелген, Әзірбайжан Еуропаға жылына 10 млрд куб. м газ жөнелтпекші. Оның 8 млрд-ын Италия, 1 млрд - Грекия, 1 млрд - Болгария алады.
 
Болашақта, егер басқа елдерге де газ қажеттігі туындаса, жоба құнын 20 млрд-қа дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жобаны АҚШ, Британия және ЕО қолдап отыр, бұл ұзақ мерзімге арналған энергетикалық жоба. НАТО да бұл жобаны қолдап, Еуропа елдерінің Ресей газына тәуелділігін азайтады деген пікірде.
 
Әзірге бұл жаңадан ашылған газ дәлізі жөнінде Ресей тарапынан еш үн жоқ, тек "Росэнержи" орталығының сарапшысы Михаил Крутихин ғана: "Бұл әзірге Ресейге тікелей қауіпті емес, бірақ тағы басқа да елдер қосылатын болса бәсекелестік арта түседі" - деп пікір білдіріпті.
 
Шамасы ол Түрікменстан, Иран, Иракты меңзегені болар деп ойлаймын. Соған қарамастан мен әлі де болса осы жобаға Қазақстан да қатысса деймін. Каспий түбінен құбыр тартуға Қазақстанның әлеуеті жетеді деген ойдамын. Ақшасымен сол газдан түскен қаржымен есептессе, құбыр тартып беретін мердігерлер әлемде жеткілікті.
 
 
 
CаттарCаттар
23 күн бұрын 466
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137