Зерттеушілер нақты уақыт режимінде жекелеген жасушалардағы ақуыздар мен антиденелердің секрециясын егжей-тегжейлі бақылауға мүмкіндік беретін бейнелеу технологиясын ойлап тапты. Бұл жайында nature.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Лозаннадағы École Polytechnique Federale университетінің ғалымдары наноплазмониканы нақты уақыт режимінде жасушалардағы түрлі әрі күрделі химиялық қосылыстардың өндірісін бақылау үшін пайдаланды. Аталмыш технология жасуша қызметін зерттеуге, түрлі ауруларды емдеудің жаңа әдістерін табуға және екпелерді жасауға көмектеседі. Ғалымдар жасуша қызметін бақылау үшін алтын жалатылған наноқұрылымды чиптегі микроскопиялық ойыққа жекелеген жасушаны орналастырады. Осыдан кейін чиптің бетінде плазмонды резонанс тудырады. Бұл – беткі жақтағы плазмоны сыртқы электромагниттік толқынмен қоздырғанда пайда болатын электрондардың резонанстық тербелістері. Бұл тербеліс жасушалардың пішіні мен қозғалысын бақылай отырып, бөлінетін заттардың түзілуін картаға түсіруге мүмкіндік береді. Ғалымдардың тәсілі миллиондаған ұсақ саңылаудан және жекелеген жасушаларға арналған жүздеген камерадан тұратын 1 см² наноплазмоникалық чипке негізделген. Чип жұқа полимерлі тормен жабылған наноқұрылымды алтын субстраттан жасалған. Визуалды көру үшін жасушалардың тірі және сау күйінде қалуын қамтамасыз ету мақсатында әрбір камера жасушалық медиамен толтырылады. Плазмондық резонанс алтын атомдарындағы электрондардың тербелісін тудыратын жарық сәулесінің әсерінен пайда болады. Наноқұрылым оған белгілі бір толқын ұзындығы ғана енетіндей етіп жасалған. Чиптің бетінде ақуыз секрециясы сияқты бірдеңе пайда болғанда, ол жіберілетін жарықты өзгертеді және спектр өзгереді. Кескін сенсоры мен жарық диоды осындай өзгерістерді анықтайды. Бұл әдіс жасушаларды қоректік ортаға батыруды ұйғаратындықтан (яғни, жасуша аман қалуы үшін қоректік ортаға орналастырылады) және басқа бейнелеу технологияларында қолданылатын улы белгілерді қажет етпейтіндіктен, зерттелетін жасушаларды қалпына келтіру оңай. Бұл әдісті фармацевтикалық дәрі-дәрмекті, екпелерді және басқа емдеу әдістерін әзірлеуде қолдану үшін үлкен мүмкіндік береді.
Зерттеу жүргізілген чип құрылымы. Кескін: Saeid Ansaryan et al., Nature Biomedical Engineering
Жекелеген жасушалардағы ақуыз секрециясының визуалды көрінісі. Видео: EPFL