Торғын Жолдасбекқызы: ҚОШТАСУ (шағын әңгіме)
Торғын Жолдасбекқызы: ҚОШТАСУ (шағын әңгіме)
– Жұмысқа кеттім, – деп сыртқа бет алған әкені қуана шығарып салған Айнұр Жамалдың бірден дастарқан астынан сылдырлата шөлмек пен стақанын шығарғанын көріп:
– Қашанғы осылай жүре береміз? – деп өкпелей сөйледі.
Салғырт көзін көтерген шеше мұның оң жақ беті қайта көгеріп қалғанын көрсе де, мән бермегендей бола салғанды жөн көрді. Оның орнына үндемей стақанына құйғанды бір деммен тартып жіберді.
– Екеуіміз бірге қашып кетсек қайтеді? – деді Айнұр абаймен қасына отырып жатып.
Сонда ғана оған мұқият қараған Жамал:
– Қашқанда қайда барамыз? Бізді кім керек етеді? – деп мысқылдады.
Соның өзіне кәдімгідей еңсесі көтеріліп, үміттеніп қалған қыз:
– Ешкімнің керегі жоқ. Екеуіміз бірге жүрсек болғаны. Қорықпа, сені асырауға шамам жетеді, – деп жатыр еді:
– Көп сөзді қой! – деген шеше әңгімені сол жерден доғара салды.
Шешедей құлықсыз, үмітсіз, тірі өлікке айналып кетпеу үшін бұл үйден кету ең дұрыс шешім боларына тағы бір көзі жетті Айнұрдың. Жәймен орнынан көтерілді. 11 шамасы екен. Алматыға жеткізер автобус түскі 12-де жүретін. Содан кешіксе, мына үйде тағы бір күнге қалып кетеді. Асыққаны содан. Достарымен таң атқанша қыдырып келген Арман өз бөлмесінде ес-түссіз ұйықтап жатқан. Алдында арақ тұрғанда шеше өзгені көрмесін білген соң, сенімді түкпір бөлмеге бет алды.
Кірген бойда әкенің қызғыштай қоритын кішкене сейфін ашты. Соңғы жылдары Сәкен теңге емес, доллар жинауға құмартқан. Сейфте көбіне сол жасыл қағаз ғана бар боп шықты. Ақша жоғалғаны білінсе шешесі жапа шегетінін білген соң, еш нәрсенің орнын қозғамай, ұсақ банкнотамен 45 доллар суырып алды. Артынша күдік тудырмау үшін өз бөлмесіне кіріп, тек жеке куәлігі мен сиясы кеппеген аттестатын қойнына жасырды. Осыдан кейін тоңазытқыш үстінде жатқан ұсақ ақшаны да алып:
– Үйде нан жоқ. Нан алып келейін! – деп сенімді тіл қатып, туып-өскен үйін біржолата тастап, кете барды...
Не күтеді оны алдан? Бақ па, әлде сор ма?
 
Торғынның «ПАНА» кітабынан 
CаттарCаттар
3 жыл бұрын 2231
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137