Атау-кере (Повестен үзінді). Оралхан Бөкей
Атау-кере (Повестен үзінді). Оралхан Бөкей

Тамыздың тамылжыған шағында апта бойы ашық тұрған күн Қатын суы жағасында отырған жалғыз үйге ырыс болып кірді. Биыл бұрынды-соңды болып көрмеген пішен үйіп алды. Айнаның бір өзі-ақ шөмелелеп тастаған шөпты көкбестіге сүйретіп мал қораға тасыды. Алтай қазақтарының пішен дайындаудағы айла-тәсілі жалпақ елдің ешқайсысына ұқсамайды. Айталық, қол тартпамен, яғни, шалғымен шабылған шалғын дестесін ат тарта алатындай мөлшерде шөмелелейтін. Сол шөмеледегі шөпті ұшында ұзынша етіп жонып қатырған қайың құрықша байлаған арқанды қамытқа жалғайтын. Құрықшаны шөмеленің арт жақ түбінен сүңгіте сұғып, арқанды екінші жағынан түптей орап әкеліп қамытқа байлап тарта жөнелсе, шашау шығып шашылмаған күйі сүйрей жөнелесің. Бұл жұмыс Таған ұшын таңсық емес. Ертелетіп салқын сірамен басын жазып алған соң, еңбек етпей ішіп-жемейтінін білген соң, жанын сала кірісетін. Алғашқы күні мұндай қабағат жұмысқа көндікпеген көңілі бұзылып, қиқаңдап көріп еді, Ерік сырадан татырмайтынын білді ме, амал жоқ, айтқанына көніп, айдағанына жүретін болды. Ішімдікке салынып, сандалып кеткені болмаса, Тағанның денсаулығы сыр бере қоймаған, қара жұмысқа мықты, көмпіс жігіт екен. Асқазан ашқылтым су қыздырып жатпаса, табанынан сауып, қия баспайтын қиямпұрыстығын көр ғана түзетер. Ара-тұра үйге бас сұға қалғанында, Нүрке кемпір ақыл айтып басын ауыртқан соң, табанынан сауып олай қарай аттап баспайтын болды. Осы «ішпей-ақ қойсаң қайтеді» деген Таған үшын әлемдегі ең ауыр да азапты сөзді тек Айна ғана айтқан жоқ. Ауылдан келгеннен бергі аптадан астам уақыттың ішінде: «неге тамақ ішпейсіз?» деген жалғыз-жарым тілдесуден басқа әңгіме болған емес. Туасы көп сөзділікті суқаны сүймейтін келіншек, жігіт ағасы жасқа келген шағында ақылынан адасып, алжасып жүрген келімсекті жақтырмағаны рас-ты. Жақтырмаған себебі: тепсе темір үзетін азаматтың әбден настанып кеткен намыссыздығы, ішімдік ұшын сонау... түу-у-у өзі үшін арманға айналған етектен итше еріп келгені, басында үй, бауырында бала жоқ, қаңғырып кешер бекер ғұмыры, қу өңешті қышқылдату үшін, құл болып жүрген өксік өмірі еді. Сан рет бетіне басып, жер-жебіріне жетіп ұрысқысы келді-ақ, айтып-айтпай не керек, сөз төркінін ұғар кісіліктен айрылғанын сезген-ды. Сезген соң, сен тимесең, мен тименге көшкен. Қазір де көкбестінің үстінде мыжырайып отырған мүсініне қараған сайын қарны ашады. Айна арқандап берген шөмелені астындағы атын шу-шулей тепеңдеп қораға жеткізеді. Ерік шөпты сыпырып алып қалған соң, кері Айнаға қарай тырағайлайды. Ертеден қас қарайғанша созылған осына әбігерлі жұмыс әбден титықтатты білем, үшеуі бірдей тамақ ішуге шамалары жетпей тырапай асты. Әсіресе, ақ саусақ болып, арамтамақтыққа үйреніп алған Таған бүгіндікке соңғы саптыаяқ сыраны сіміріп алған соң, тұяқ серпуге, «лекция оқуға» дәрмені таусылып, мұрттай ұшқан. Нүрке кемпірге балаларының арпалысып, күш күрескен мазасыз тірлігі тіпті де ұнаған жоқ... ұнамағанын ашық айтуға жасқанды. Өзі де шаршап жүргенде жүйкесін жұқартпайын дегені шығар. әйтпесе теріс қарап жатып: «осыншалық бал мен мал жинап, қай бала-шағасын асырай алмай жанталасады екен»,— деп күбірлеген. Әсіресе, келінін аяйды. Оның үстіне, анау Көкеннің сүмірейген  ұлы қосылды. екі жастың біріне келмей қор болған Таған тағдырын да уайымдап, жүрегі сыздайды. «Обал ғой. Текті тұқымның азып- тозып, шілдің боғындай пышырап біткені ғой. Қай-ра-ан Көкен, әйелі Аналық қандай еді... Мақажан шал ше? Алтайды аузына қаратқан ақын, жан баласына басын имеген кісінің сұлтаны еді. үһ, тағы не болып барамыз осы», — деп, күрсіне күбірлеп жіберді. Жым-жырт түннің ортасына дейін кірпігі айқаспай, ары аунап, бері аунап ұйықтай алмайтын әдет тапты. Нүрке кемпірдің ұйқысын бұзған Таған екенін өзінен басқа ешкім білмейді. Жанарын жапса болды, Аналықпен бірге өткізген баяғы — тұрлаусыз өткен тұтам-тұтам өмірі көз алдында көлеңдеп тұрып алады-ай. «Құдай-ау, сол Аналық жазғанның жақсылығын өтеді ме? Жоқ, өтей алмапты. Мойныма қарыз, ұрпағыма парыз күйінде қара жер қойнына кірем бе, жасаған ием. Не істеу керек? Қадыр-қасиетінен жұрдай тоналған ұлын қалай ғана құтқарам бұл қорлықтан, қайтып қана арашалаймын арағы түскірден... ал-қуатым жетер ме? Тым болмағанда Еріктің мазағынан...» Бұл тұны Айна да көз ілген жоқ. Күні бойғы салпылдақ жұрыс, толассыз жұмыс бойын алып, әлдекім алып ұрып сабап-сабап талғақ қылып тастағандай дел-сал күй кешсе де, әз жанына әмір таба алмады. Екі табаны мен алақаны күйіп, салқын жер, саумал ауа іздегендей аунақшыған. Қаншама қашса да, Қатын суының жазға салымғы мұзындай іркес-тіркес ой қамалап, көз алдыңда иін тіресіп бірін-бірі мүйіздеп тұрып алады. Қыз күніндегі әдетімен жүзге, тіпті мыңға дейін санап та көрді. Өзін-өзі шаршатқаны болмаса, бәрібір, жанары талып, ұйқы шақырмаған. Кең төсектің екінші шетінде көсіле түсіп, кәперсіз қорылдап жатқан күйеуінің өзінен де, өзгелерден де көш ілгері қасиеті бар еді: тәуліктің қалаған уақытында басы жастыққа тисе болғаны, кеңірдегінен пышақ тақасаң да, пыс етіп ұйықтап кететін және діттеген кез келген сәтінде оянып, солдаттардай қарғып тұрып, шапшаң киініп кете берер еді. Бүкіл адамзатқа бітер денсаулықты бір басына жиып бергендей, осы қырықтан асқан жасына жеткенше, басы ауырып, балтыры сыздағанды білмей келген тоқжарау әрі кәперсіз, жаны қасаң жігіт. Қазір де жау түсіріп келгендей алшая түсіп, табиғат тек өзіне ғана мол етіп сыйға тартқан ұйқының рақатына бөленуде. Терезенің жартылай жабылмай қалған саңылауынан сығалаған ай сәулесі бірте-бірте өрлеп, Айнаның бетіне жақындады. Жер бетіндегі миллиардтаған адамның ешқайсысын бөле-жара жатырқамай нұрымен аймалайтын айналайын айды Айна кішкентай кезінен өзіне серік жасап, жақсы көретін. Өліара шақ туғанда немесе бұлттың арасында жасырынып қалғанда, алабөтен сағынышпен зарыға тосар еді؛ дүниедегі ең асылын жоғалтқандай мазасы кетіп, не жайраңдап күле алмай, не жарқылдап жүре алмай, іштей жүдер еді. әсіресе, осы Алтайдың құзар басына көшіп келгелі бері, жаһандағы ең жақыны — ет жақынындай болып кеткен ай жарықтықты ауылдағыдай емес, тым сирек көретіні көңіліне қаяу түсіретін. Алты ай бойына көбесі сөгілмей, көн терісі жібімей жатып алатын қар, көктем шыға сілбіреп, берекеңді қашырар жаңбыр, аспанды айлап бүркеп тастайтын қорғасындай ауыр бұлт — осының бәрі-бәрі Айнаның ай жарықтыққа деген махаббатын мазақ еткісі келгендей, бұл жалғандағы жалғыз қуаныш, жалқы жұбанышын жұлмалап, қызықты күндерін қызғана қытымырланатын. Алтайдың биылғы мінезі жайдары. Жаныңды жақұтқа бөлер күні мен айы, шүкір, қанша сімірсең де сараңдық жасамай, жайсаң нұрын мұқым жайлауға шашып тастады. Әне, перденің екі арасынан, ерлі- зайыптылардың түнгі лаззатын бұзбайын дегендей, жұқалаң сәулесін ұяла төгеді. Ерлі- зайыптылардың түнгі лаззаты адыра қалғаны қаш-а-ан... Айна ғұмыры жеткенше жылқы баққан жылқышының  қызы еді. Бүкіл балалығы, қырмызыдай боп бой жеткен шағы жаз-жайлауда өтті. Сондықтан ба, қылтың-сылтыңы жоқ, біртоға, тіпті үй күшіктеу болып өсті. Қыста әкесі мұртына мұз қатып, тым алысқа, тау-таудың бауырына жылқы тебіндетіп кетер еді де, ауылдағы үйінде шешесі екеуі ғана қалатын. Баладан жалғыз, ермек етер, ербең етер ешкім жоқ болған соң, ертеңді-кеш айналсоқтап анасының жанынан шықпайтын. Ауылдың клубінда анда-санда өтер ойын-сауыққа да шешесіне еріп баратын. Оныншы класты тауысқанша, бірде-бір бозбаланың бетіне қарамай, ұяң мінезінің аппақ парағына сызат түсірмей, кәмелетке толды. Жоғарғы оқу орнында оқып жүрген шалқымалы шағында да ниет білдірген талай жігіттің меселін қайтарған. Әрине, құрбы қыздарының жерлесі немесе жігіттің жолдасы болып келетін азаматтардың қолқалауымен театр, киноларға барғаны рас, бірақ, айлы түннің астында абақ бақтарды қыдырып, қызуы мол қызық жорықтарға шыққан емес-ті. Студенттік өмірінің ішінде, әсіресе, есінде қалғаны — үнемі бір ой үстінде жүретін, қара бұйра шашты, кірпіктері қолмен қондырғандай үлкен қара көзін қоршап тұратын аспирант еді. Онымен жалғыз-ақ рет жолықты, өмір бойы есінде қалды — есінде елес қана болып қалды, әйтпесеі түр-түсін, аты-жөнін баяғыда ұмытқан. Кей кезде, ғажап, түсіне кіреді: аппақ тұманның арасында адасып жүргендей, бұл жақындаған сайын алыстап, қаздай қалқып, үйректей жүзіп, мәңгі шексіздікке жылыстап баратын-ды... сол қиялында ғана қалған аспирантты шақырып жатып, өз даусынан өзы шошынып оянған мезеттері де болған. Ерік сан рет: «осы сен түсіңде әлдекімді шақырасың»,— деп, ұрлығының үстінен шыққандай ұялтып еді-ау. Жарық дүниедегі ең сұмдық — көңіліңнің түпсіз тереңіне сақтаған сыр-сандығының қақпағын байқаусызда ашып алу десек, ондай жан адамға — әке-шеше, жан-жарыңа да жария етпес құлыптаулы құпияның болары табиғи. Әлемде бірде-бір адамның толық сыры ашылмай, арғы дүниеге аттанады. Ол күна емес. Адамдықтың асыл қасиеттерінің бірі екені және рас. Мынау іргесінде кәперсіз ұйықтап жатқан Еріктің ішіне кім кіріп шығыпты. Айнаның түсінбейтіні ол емес, оның бағамдай алмағаны: «неге біз осы жар төсегіне жеткенше жанымыз шығып кетердей жақсы көреміз де, жылдар жылжыған сайын, от болып жанған сезіміміз біртін-біртін, қызуы қайтқан қарағайдың шоғындай суына береміз. Неге мені ерік баяғыдай құлап сүймейді, асап қоярдай аймаламайды. Неге?!» Оның себебін осы жолдарды жазып отырған мен де білмеймін. Менің білетінім: еркек пен әйел затының арасындағы мәңгілік қатынастың қалтарыс-жықпылын зерттеп түсіндірем деп әуре болу — бекершілік. Көзге көрінбес әрі жіңішке, әрі мықты жіптің неден есілгені беймәлім. Ал Ерік пен Айнаның арасын жалғар жіп бар ма еді өзі... ұнатып қосылғандары шәксіз. Алғашқы жылдары, тіпті жетпей жетімсіреп жүрген кездерінде-ақ, айнымастай болып табыспап па еді؛ екеуі қол ұстасып, қолтықтасып келе жатқанда, осына жұптары жарасқан жұбайларға таңдана сүйсінбейтін адам болмайтын. Еріктің көмірдей қара шашы мен көк көзі, айнаның тілерсегін соғатын қос бұрымына қызыға да қызғана қараушылар көп еді-ау. Тәңірім-ау, сол бір бақыттың айдынында жүзген қос аққу сынды шақтардың, сол бір көз тойып, көңіл қанбас жастықтың қан базары тарқап, келмеске кеткені ме. Тәңірім-ау, таң нұрымен таласқан таңғажәйып өмірдің бәр-бәрә адыра қалғанын, қош-қошын айтқанын қалай ғана байқамаған. Тәңірім-ау, мың жасайтындай-ақ, әр күн, әр айдың қадіріне неге жетпейміз? «Ерік, ау, Ерік, білесің бе, біз қартайып барамыз!» деп, айғай салып, алшая түсіп, албасты басқандай ұйықтап жатқан күйеуін тауықтай жұлмалап оятқысы келеді-ақ, ұяңдығы жеңіп, батылы бармады. Айна өз-өзінен ыстықтағандай көрпені серпе ашып тастады. Ай нұрымен шағылысқан аппақ мармар санына, тоқ балтырына жаңа көргендей, сүйсіне де сұқтана қарады. Келіншектің денесін, шынында да, табиғат-иеміз келісімді мүсіндегендей؛ амал не, міне, ешкімге керексіздей болып жалғызсырап жатқаны. Бұл жалғанда жаныңда арыстай азаматың жатып жалғызсырағаннан жаман не бар екен? Ауылдан оралған соң Еріктің салқын тартып, «шаршап тұрғаным-ай» деп айнадан қашаңдар әдеті баяғыдан, бірақ, дәл осы жолғыдай — өкпелескендей тоң-торыс жат күй кешуі алғаш рет. Тым болмағанда құлағының түбінен иіскеп, «осы сенің ешкімде жоқ жұпар иісің бар» деп, еркелетпеді-ау, шашынан сипап аймаламады-ау. Осы бір еркек пен әйел арасындағы бойыңды балқытар бақытты сәтті, неге екені белгісіз, Айна өлердей сағынды. «Аллам-ай, маған не көрінді?»— деп, аузынан жалын ата аһ ұрып, басын көтеріп, екі аяғын төсектен салбыратып отырды. Күйіп-жанған табанын кілемшені ысырып тастап еденге басып еді, сап-салқын екен, жаны кіре сүйсінді. Жым-жырт. Аламойнақтың да жағы семген. Әнеугүнгі балалы аю қайта айналып соқпай кетті. Қызық, ит үріп, Еріктің оянып кеткенін іштей тіледі

Жым-жырт. Үй емес — көр секілді. тек ай сәулесі ғана қыбырлайтындай. Келесі бөлмеде жатқан енесінің кей күндері «ей, Алла, берме, бергеніңді алма» деп, дауыстап қалар үні де өшкен. Мұндай мұң тұнған, мұнар емген, ертек сынды әрі әдемі, әрі азап пен нала арқалатқан албасты тұнды алғаш көруі. Тұншығып, таза ауа, салқын самал сағынған жүрегі далаға жетелеген. Осы ойын жүзеге асырмаққа қанша рет оқталса да, бұрынғыдай емес, сыртта да еркек бары есіне түсіп, бұл қылығын кім неге жорырын жобалап, жүрегі дауаламады. Түн ішінде қобыраған мол шашын барынша жайып жіберіп, сұлық отырған келіншектің қазіргі пошымы қолқаңа қол салатындай аса қорқынышты еді. Әл-әзірдегі аппақ мәрмарден қашалғандай көздің құртын құртар сұмдық сұлу денені ботыраған ұзын шаш жауып тастаған. Айна әлдене есіне түскендей сал жымиды. Бір кезде Ерік осы шашты өзінің де басына жамылып алып: «Айнаш, мынау сенің әлемде жоқ шашың екеуіміздің әлемде жоқ қосымыз» деуші еді-ау. Бәрі де баяғының садағасы... баяғының... «Суға ағып өлсем» деген ой тағы да сумаңдады. «Шашым су бетінде жыланша ирелеңдеп ағып бара жатсам... Ерік жылар ма еді?» Үй болып, бірігіп от жаққан осынау жылдардың ішінде күйеуінің көзінен ағып түскен жалғыз тамшы жас көрмеген ол, бәрібір жамандыққа қиғысы келмеді. Ыстығы басылғандай. Ай нұры тұрақсыз ғой, төсектің аяқ жағына жылжып кеткен. Бұрынғыдан гөрі жатын бөлме де салқындағандай ма. Ерік басы жастыққа тиген қалпы, тұяқ серпіп аунамастан түшіркене ұйықтайды. Енесінен адасып қалды ма, құлын кісінеді. «Мынау ақбөрте құлынның даусы ғой,— деді күбірлеп.— қой, жатайын, маған не көрінді, он екіде бір гүлім ашылмағандай». Жым-жырт.

Таң алагеуім тартқанда ғана көзі ілінген Айнаның түсіне мұнар түнеп, бұлт көшкен таудың басында құйрығын шаншып, құлдыраңдаған ақбөрте құлын кірді... «НЕГЕ БІЗ ОСЫ...» 

CаттарCаттар
8 лет назад 33770
4 комментария
  • "Ай батқанша жүріп кеп, тек таң алдында ғана көз шырымын алған жолаушының ұйқысындай тым тәтті, тым қысқа болды" (Әбіш Кекілбаев "Шыңырау" повесінен)
    8 лет назад
  • Кей кезде, ғажап, түсіне кіреді: аппақ тұманның арасында адасып жүргендей, бұл жақындаған сайын алыстап, қаздай қалқып, үйректей жүзіп, мәңгі шексіздікке жылыстап баратын-ды... сол қиялында ғана қалған аспирантты шақырып жатып, өз даусынан өзы шошынып оянған мезеттері де болған.

    әр адамның өмірінде бір "кездеспей кеткен бір бейне" болады
    8 лет назад
  • А.Чеховтың "Душенка" атты әңгімесін оқып көріңіздерші. Ностальгия
    8 лет назад
  • чеховтың бұл әңгімесі әріберіден соң лев толстойдың ең жақсы көретін әңгімесі болғанын біреу білсе, біреу білмес
    8 лет назад
О блоге
0
24971 187 228 91 137