Досхан Жылқыбай: "10 теңге" (әңгіме)
Досхан Жылқыбай: "10 теңге" (әңгіме)
Талтүс. Терезелеріне газет жапсырылып немесе қалың перделермен жабылған бөлме ішінде атаңның қорылы ғана естіледі. Көзің жыпылықтап, сен ояу жатсың. Өйткені қалтаңда 10 теңгең бар. Таңертең атаң насыбай алып кел деп берген 50 теңгеден артылғаны осы.
Сол 10 теңге сенің бүкіл жақсы өміріңнің бастауындай көрінеді.
«Таааак» дейсің іштей. Бүгін 10 теңге. Ертең атам тағы насыбайға жұмсаса, тағы 10 теңге. Әй, бірақ ертең жұмсай қоймас. Бүгінгісі тауысылсын. Апам жұмсап қалуы мүмкін. Үйде ақ жіп таусылды деп отыр еді кеше. Әй бірақ апам қарызға жаздыра сал дейді ғой. «Апам жаза салсын деген...» деп мүләйімсіп тұрғаның сосын Ұлдана апайдың алдында. Алатын нәрсеңді алып болып, соңынан қарызға жазыңызшы деген қандай ауыр сөз еді. Ол кісі де апамның пенсиясы түспей қалатындай, аса жақтырмаған түрмен әбден тозығы жеткен дәптерін үстелінің үстіне шығарады. Ашады. Шығарғанда да, ашқанда да сен дүкенші апайды дүниедегі ең құдіретті адамдай көріп тұрасың. Өйткені ол шынымен сондай түрмен ашар еді. Парақталып, апаңның аты жазылған бетке жеткенше айналаңнан шұқылар жер таппай кетесің. Әлден уақта: «Жаздым» деген жалғыз ауыз сөз естіледі. Алды-артыңа қарамай қаша жөнелесің. Кейде: «Бере алмаймын. Апаңның қарызы көбейіп кетіпті» деп те қайтарып жіберетін кездері болады. Дүкеншіден ондайды әбден күтуге болады. Ол өйткені құдіретті адам ғой.
Сондай шақта күйінгеннен бай болып-ақ кеткің келеді. Сол өзімнің бай болу операциямды қазір, ауыл тұтас ұйқыға кеткенде, қараңғыланған бөлмеде көзім жыпылықтап ойланып жатырмын. Сонымен, менің қолымда бары 10 теңге. Қазір түстен кейін әжемнің үйіне барамын да, әжемнен басқа немерелеріне білдірмей тиын сұраймын. Ол кісі кемі 20 теңге беруі керек. Сосын... Кеше ауылдағы Сәкен ағалар мас жүрді. Олар көбіне жол бойындағы ескі аялдамада ішетін еді. Бөтелкелері сонда жатса керек. Ол кемі 2 шөлмек. Оны Сағындық ағаға өткізсем, тағы 10 теңге. Тек Сәкеннің ішіп алса төбелес шығаратыны бар еді. Бөтелкелерін төбелес кезінде сындырып тасмаса жарар... Сонымен, бары 40 теңге болды. Үй маңында өткізе қоятын темір-терсек те қалмады, ә? Шіркін, темір жауар ма еді аспаннан. Жоқ. Ақыры армандаған екенмін, неге осы бірден ақша жауса деп ойлай салмасқа?.. Иә, иә. Ақша жауса. Тек біздің аулаға жауса. Біздің, сосын Айдостың. Досым ғой.
Осылай аспаннан ақша жаудырып, аспандап жүрген ойларың тым қатты күшпен алақаныңдағы 10 теңгеге келіп құлайды бір сәт. Ойыңдағы ақшалармен салыстырғанда бұл не тәйірі. Оның үстіне ертең атаң насыбайға жұмсамайды. Апаң жұмсаса қарызға жазыдырады. Әжеңнің тиыны бар ма, жоқ па оны да құдай біледі. Сәкен де кеше төбелескен болуы керек. Аялдамадағы бөтелкелердің сауы қалмады-ау. Байып кету туралы әрекеттерді де кейінге шегере тұру керек шығар...
Осы ойды ойлауым мұң екен, басымды жастықтан жұлып алдым. Атама тықырымды білдірмей сыртқы есікке қарай жақындап келем. Осындай сәттерде үйдің едені де сенің ойыңды сезіп қойғандай, үлкендерге болыса кететіні несі екен ей? Сықыр-сықыр...
«Уф» деп үйден шығып, оттай ыстық топырақты күс-күс табаныңмен шаңдатып, ауылдағы жалғыз дүкенге қарай тартып отырасың. Қолыңдағы тиынға қайта-қайта қарайлай жүріп, барғанша кемі үш-төрт рет жоғалтып, қайта табасың. Талтүсте, ауылдың бәрі салқын, қараңғыланған бөлмесінде ұйықтап жатқан шақта, сен жалаңаяқ шаңдатып дүкеннің алдында тұрасың. Ол мұндай уақта ешқашан ашық болмайды. Амал жоқ, Ұлдана апайдың есігін тақылдатып тұрғаның. Не құдайдың азабы десеңші, күн астында өзің күйіп, еріндерің кезеріп, біреудің ұйқысын тағы бұзып... Дүкенші апай да біршама уақыттан соң ұйқысырап шығып келе жатады. Кілттер коллекциясының ішінен дүкендікін іздеп ұзақ тұрады да, есігін ашып қалыпты орнына барып тұра қалады. Сен әйнектен жасалған витриналарға жақындап, өзіңе қажетті дүниені іздегендей қарай бастайсың.
¬- Апай, анау пистолет қанша?
- 75 теңге.
- Ммм... Мынау ше?
- 50 теңге.
- Мына тұрған шиколат қанша?
- 35 теңге.
- Балмұздақ бар ма?
- Бар. Бірақ мұздатқышты ашпай, сыртынан таңда.
- Стканчик қаншадан?
- 25 теңге.
- Мынаусы ше?
- Әй, сен не аласың? Әрқайсысын сұрай бермей, бірін айтсаңшы, ¬- дегенде сен қолыңды дүкенші апайға созып, біреу тартып алардай алақаның терлеп кеткенше қыса ұстаған 10 теңгені ұсынасың да:
- Сағыз беріңізші, - дейсің. Алған екі сағыздың бірін дүкен ауласынан шықпай-ақ аузыңа салып, үйге қайтып келе жатасың. Әлден уақта ол сағыздың дәмі кете бастайды. Сонда ойлайсың.
«Неге ғана таңертең атама насыбай алуға келгенде осы сағызды ала салмадым екен?»
Өйткені сен таңертең баюды ойлаған болатынсың, бала!
«Бірақ сол кезде-ақ бұл тиынмен байып кетпесімді білдім ғой. Біле тұрып неге алмадым?»
Өйткені...
Ол «өйткенінің» жауабын дәл қазір 24 сағаттық дүкеннің алдында кезекте тұрған мен де білмеймін, бала! Үлкен адамға сұрақ қоя бергенді доғар енді. Үйде бар деп сенген сіріңкемнің жоқ болып шыққанына жыным қозып тұр...
CаттарCаттар
4 года назад 2791
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137