Досым Сәтбаев, саясаттанушы: Ел болашағы мемлекет басшыларының денсаулығына тәуелдi болатындай саяси факторға айналмағаны абзал
Досым Сәтбаев, саясаттанушы: Ел болашағы мемлекет басшыларының денсаулығына тәуелдi болатындай саяси факторға айналмағаны абзал
– Өзбек елiнде болып жатқан қазiргi жағдайдан Қазақстан сабақ алуы тиiс. Ел болашағы мемлекет басшыларының денсаулығына тәуелдi болатындай саяси факторға айналмағаны абзал. Әйтпесе, тарихтан бiлетiнiмiздей, империялар мемлекет басқарушылар қазасынан кейiн қағаз үй сияқты құлайды. Бұл бiздiң антикалық немесе ортағасырлық заманнан алысқа ұзай қоймағанымызды аңғартады. 
 Орталық Азиядағы аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету тұрғысынан қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстан негiзi ойыншылар екенiн айта кету орынды. Сондықтан көпшiлiгiмiз жақсы түсiнемiз: егер осы екi елдiң бiреуiнде дүрбелең, дүмпу туатын болса, ол әрi тiкелей, әрi жанама түрде екiншi мемлекетке ықпал етедi. Саяси тәуекел тұрғысынан алып пайымдасақ, соңғы жылдары бұл елдерде билiктiң транзиттiк мәселесi бiрiншi орында тұрды.
Дейтұрғанмен, билiктiң ауысу үлгiсiнiң Орталық Азияға тән түрлерi бар: мысалы, Қырғызстандағыдай радикалды жүйеден төңкерiске дейiн немесе Түркiменстанды алып қарайтын болсақ, мұндағы “жылы-жұмсақ” ауысу сарай iшiндегi интрига арқылы жүзеге асты.
Әйтсе де, Өзбекстанда Ислам Каримовтың мұраға тастайтын ұзақ жылдар бойы кейiнге ысырылған немесе мүлде шешiмiн таппаған iрi түйткiлдер көп. Халықтың әл-ауқаты нашар, жұмыссыздық деңгейi өте жоғары, әсiресе, жастар арасында жұмыссыздық басым. Бұл жер-жердегi гастарбайтерлердiң санын өсiрдi, ел iшiнде жемқорлықтың өрiс алуына әсер еттi. Билiкке деген халықтың сенiмi бұзылды, аймақтық экстремизм, көршiлермен арада шекара және су мәселесi туындады. Бұған Ауғанстан сияқты жалпы жағдайы тұрақсыз мемлекетпен көршi отыру мәселесiн қосыңыздар. Мұның бәрiн Ислам Каримов күнi кешеге дейiн қолының астында қатал ұстады, ендi сол қоспалардың жарылып кету қаупi жоқ емес. Егер Каримовтен кейiн билiкке келген элита мұның бәрiн бақылауда ұстай алмаса, онда бұл мәселе елдi дүрлiктiредi. Оның ұшқыны бiзге сөзсiз жетедi: көшi-қон мәселесi жаңа лаңкестiк тәуекелдiң өсуiне әсер етедi.
Сондықтан, Өзбекстанда билiктiң тыныш әрi қалыпты ауысуына көпшiлiк мүдделi. Мұны сыртқы геосаяси ойыншылар да, Орталық Азиядағы көршi елдер де, шетелдiк инвесторлар да қалайды. Бiрақ, мұндай тұрақтылыққа тоқырау, дағдарыс арқылы емес, даму негiзiнде жеткен жөн. Әйтпесе, ерте ме, кеш пе, ел iшiн тұрақсыздық жайлап, дүмпу туады.
Ислам Каримовтың мұрагерi кiм болса да, оны өте күрделi проблема күтiп тұр. Әр клан, әр топ өздерiнiң адамын ұсынып, билiкке талас оп-оңай басталып кеттi десек, артық айтқандық емес. Қауiпсiздiк пен ұзақ мерзiмдi тұрақтылықты Конституция аясында саяси ойынның белгiлi бiр заңдарын сақтайтын мықты саяси институттар ғана қамтамасыз ете алады. Сондай саяси институттың бiрi – бәсекеге қабiлеттi және электоралды саяси партиялардан құралған бiлiктi парламент. Бiрақ, мұндай мүмкiндiктi Өзбекстан әлдеқашан уысынан шығарып алған. Өйткенi, ол елде жоспарлы, сауатты, саяси реформа жүрген жоқ.
Мұндай мемлекеттердi басқару үшiн “преториандық гвардияға”, яғни, әрi қатал, әрi сұмпайы темiр қолға сүйену керек деген пiкiр де ұшырасады. Әйтсе де араб елдерiнiң тәжiрибесi көрсеткендей, мұндай жүйе түбi құлайды. Демек, өзбек халқы қазiр сыналар сын сағатты басынан кешуде. Билiкке кiм келсе де, оған оңай соқпайтыны белгiлi.
CаттарCаттар
8 лет назад 2929
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137