Естай Қалмұрат: Орамал және Ауғанстан...
Естай Қалмұрат: Орамал және Ауғанстан...
Біздің "жан-жақты қарағыш", орамал мәселесіне келгенде зайырлы ел екенімізді есіне алып қалғыш, қоғамның барлық саласындағы тиімсіздік пен коррупцияға үндемей, орамалға келгенде жыртылып, дамиық десек, артқа тартасыңдар дегіш суперпрогрессив ағайынға арналады. (Бәрібір ештеңе тыңдауға тырыспай, жағамнан ала жүгіретінін біле тұрсақ та)
Біз орамалға мектепте рұқсат берілуі керектігін айтсақ, бізді Ауғанстан жасайын деп жатырсыңдар деп байбалам салады. Осы орайда, аталмыш аналогияның қаншалықты орынды екеніне назар салып көрейік.
Жалпы, ауған елі қашаннан кері кете бастады? Ол процесске діннің қандай да бір қатысы бар ма?
Бұл сұраққа жауап беру үшін өткен ғасырдың орта тұсына қайтайық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлем екі лагерьге бөлініп, қырғи-қабақ соғыс жүріп жатқан кез. Бұл идеологиялық тартыс кейбір елдерді тіпті екіге бөліп тынумен аяқталғанын жақсы білеміз. Осы тартыстың бір алаңы Ауғанстан болатын. КСРО-ның оңтүстік шекарасында тұрған, аймақтық логистикада потенциалы зор мемлекет. Біздің әсірепрогрессив ағайын дамып келе жатқан Кабул көшелерінің суретін сала беретін кезең.
Бұл кезде Ауғанстан шынымен де дамыды. Батыстан оқып келіп, демократиялық құндылықтарды бойына сіңірген жастар, әлбетте, елдің батыстық жолмен дамуын қалады. Олар бұқаралық ақпарат, коммуникация салаларында жетістіктерге жетіп, биліктің жоғары тетіктеріне де әсер етті. Алайда КСРО Ауғанстанды өз ықпал аймағы деп білетін. Ауған элитасы батыспен де, кеңеспен де жақсы болып, екі столға отыра аламыз деп ойлады. Бірақ қатты қателесті.
Себебі, Ауғанстандағы барлық күштік құрылымдар кеңестен көшірілген, әрі басшылары коммунист адамдар еді. Шынайы билік пен саяси салмақ соларда болды. 70-жылдары қарқынды вестернизацияға ұшыраған Ауғанстан курсы оларға ұнамады. Батыстық киім үлгілері, батыстық музыка мен трендтер, әлбетте, олардың көзінде "азғын батыстың" мәдени экспансиясы ретінде көрінді.
КСРО да бұл жағдайдан бей-жай отырған жоқ. Барлық күштік құрылымдар мен саяси тетіктерді басқарып отырса да, халық күннен күнге батыстық үлгіге ығысып бара жатты. Жастар Мәскеуден емес, Еуропа мен АҚШ-тан білім алуды қалады. Әрине, бұл зұлымдық империясына еш ұнамады. Олар ауған элитасына қысым жасап, вестернизацияны тоқтатуды талап етті. Айтқандай, ауған элитасы ол текетіресті өз пайдасына шешіп кеткісі келген еді.
Арты не болды? Қарсылық күшейіп, қоғам бөлінді. Халық бір жақ, күштік құрылым бір жақ боп, билік екі оттың арасында қалды. Ақыры, КСРО одан әрі шыдауға төзімі таусылып, 1979-жылы ауғанға басып кірді. Әлбетте, олар мұндай кішігірім елді қысқа мерзімде сабасына түсіреміз деп ойлады. Әлқисса, бұл кезде ауған халқы ислам дінін қабылдағанына жүздеген жылдар өтіп кеткен. Онда суннилер де, шиит хазарлар да өмір сүрген.
Сөйтіп не керек, соғыс бұрқ ете қалды. Ауған халқы тәуелсіздік үшін барын салып күресті. Айта кететін бір жәйт, 10 жыл бойы кеңестік оккупацияға қарсы Талибан соғысқан жоқ! 10 жыл бойы ауған халқының тәуелсіздігін Масуд шах жасақтары қорғады (қазір тәліп билігіне қарсы ұйым). Ол кезде әлем әлі тәліп деген сөзді әлі естімеген.
Ол жердегі ірі державалар арасындағы ойын өз алдына үлкен мәселе. Сол соғыс отын көзімен көрген авторларды қарап көруге әбден болады. Мысалы, АҚШ-қа Ауғанстаннан кеткен Халед Хоссейнидің The kite runner (Бегущий за ветром) романын қарап көріңіз. Болмаса, Үндістанда қашып жүріп, ауған соғысына қатысқан аустралиялық автор Грегори Робертстің Шантарам атты бестселлерін ашып қараңыз. Соғыстың аяқталуынан әлдеқайда көп уақыт бұрын Пәкістан медреселерінде Ауғанстанды басып алуға дайындалып жатқан тәліптер - шәкірттер туралы фрагмент бар.
Сөйтіп не керек, соғыс аяқталады. Кеңестік оккупанттар американдық қарумен елден қуылады. Бірақ... ауған халқы үшін соғыс мұнымен бітпейді. Ұзақ жылдар Пәкістан аумағында діни және әскери дайындықтан өткен тәліптер елге лап қояды. Олар билікті басып алып, елде ислам мемлекетін жариялайды. Шариғат заңдарымен жүреміз деп, теледидардан бастап барлық заманауи технологиядан бас тартады. Әйелдерді тұмшалап, оларды білім беру және медицина салаларынан толық қуып шығады. Әйелдер үйлерінде босануға мәжбүр болады. Оқу жайында қалады.
Мінеки, мән беріп қарайтын болсақ, осы кезден бастап қана қазіргі дамымаған, кері кеткен, қараңғы Ауғанстан сұлбасы қалыптаса бастайды. Бұл процестің исламизациямен де, басқамен де еш қатысы жоқ екенін анық көреміз. Бұл - тікелей тәліптерге қатысты дүние. Ал тәліптерді кім дайындады, мақсаты не болды - ол басқа тақырып. Оны білем деп те айта алмаймын. Бірақ, анығы мынау - Ауғанстанды осы күнге жеткізген тәліптер.
Одан кейін тәліптер Бен Ладенге пана беріп, death to America деген ұран көтерді. Бір алпауыт держава бізге басып кіреміз деп құлады, енді екінші державаны талқандаймыз деген лозунгтер көтерілді. Бұл - тәліп билігі тұсы. Бірақ олар кеңес оккупациясына қарсы соғыспады деп те айтса болады. Негізгі күш Масуд жасағынан шықты.
Кейін елге АҚШ басып кірді, тағы да соғыс болды. Елден шыққаны былтыр ғана. Билік қайта тәліптердің қолына өтті. Қысқасы, осылай. Ал ендігі жолы елдің дамып-дамымауының негізгі алғышарттары жайлы бір сөз қыламыз. Ақыры дамымауды дінмен байланыстыра бердік қой.
CаттарCаттар
2 года назад 1479
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137