Ғалымбек Елубай: Шала бауыздалған ақ ешкі
Ғалымбек Елубай: Шала бауыздалған ақ ешкі
90-шы жылдың жазы еді. Менің алты жасқа қараған шағым. Серілік таудың бауырындағы бөрінің боғындай шашыраған аз ғана ауыл. Жұрт жұтаң, жағдай енді оңалып келе жатқан кез. Ауыл балаларының тізесінде екі, құйрығында бір жамаулы шағы. Ешкім де ол кезде қазіргідей ұлар-шу болып талқылап жататын метеп формасы болмайтын-ды. Аналарымыз үнеммен пісірген аз ғана бидай ұнының тезек асты қармасымен түлкі құрсақ жортатын едік. Әр үйдің қорасында он шақты ешкісі, бірді-екілі бұзаулы сиыры ғана болушы еді. Сорабын шөп баспаған тар заманның елесінен үрей буған үлкендер жағы барынша тартып ішіп, аса үлкен қанағатпен ғұмыр кешіп жататұғын. Ал менің бала санам өзінен өзі аяған осы үнемшілдікті түсіне алмай кектенетін едім.
Қуанған әже өзінің ет жерігін басу үшін жаңа туған сиырдың шуын қуырып жеген жылдарын апама сыбырлап айтып отыратын-ды. Бұл кісі байдың бәйбішесі болғандықтан қытай жерінде жүргізілген 1966-1976 жылдар аралығындағы мәдениет төңкерісі кезінде көрмеген қорлығы жоқ жаны сірі кейуана еді. Кірсіз аппақ кимешек шылауышы мен әжімсіз ақ мрамордай жүзінен күн сәулесі төгіліп тұратын. Жылдар жүзіне өрнек сала алмаған мен көрген жалғыз адам осы еді. Топты ортада оның кешіккен қарттығы туралы сөз болғанда «Менің айғыз әжімім жүзімде емес, жүрегімде» дейтін көрінеді.
Ет жегім келетін. Күн батар тұстағы жартасты қара таудың ар жағында қандай ғалам бар екенін көргім келетін.
Ет менің түсіме кіре бастады. Алдымдағы көже-көлмек су татитынды шығарды.
Ешкі - ол ет қой! Ендеше неге соймайды екен! Ақыры бір күні шай үстінде ішімде сонша уақыт сыздап келген шиқан жарылды дейсің!
Алдымдағы шайды төңкеріп, аяқ асты топырақ еденге шалқамнан түсіп, сазырайып жатып алдым.
Шешем шыж-быж оттағы көсеуге жүгірді. Әкем жарықтық балажан адам еді.
-Ал, жігітім, не қалайсың ?
- Ешкі сойып бересің!
-Нешеу?
-Біреуін ғана!
-Ет жегің келді ме?
-Иә!
-Жақсы ,-деді әкем.
-Жүр!
Әкеме ілесіп сыртқа шықтым. Ауыл отасындағы көшеге қарайладық.
Әкем мал бауыздамайтын жан еді. Өзінің айтуынша «қолым жұмсақ, малдың жаны шығып бермейді, ұзақ қиналады» дейтұғын.
Бұл тұрысымыз мал бауыздап беретін адам іздеп тұрған сәтіміз екенін сезіп тұрмын. Әлден уақытта бізден бір үй кейін ауыл молласының ұлы Таңнұр құманын көтеріп, үйінен шыға келді. Көзім жайнап кетті.
Әкем айғай салды:
-Әй, Таңнұр, бір ешкі бауыздап бере қойшы.
- Ойбай, Елаға, тыныштық болғай! Апақ -сапақта қонақ келіп қалды ма?
- Иә!
Таңнұры бар болғыр құманын жер тамның терезе алдына қойды да, біздің үйге бұрыла бергені сол еді, қора жақтан моллекең айғай салды:
- Әй, Елубай! Мұсылмансың ба?
Әкем сасып қалды.
- Әлхамд...енді солаймыз деп жүрміз ғой,-деп міңгір қақты әкем.
Қас қаққанша етжеңді адуын молла оқты көзін бізден алмастан екі аттап жанымызға жетіп келсін.
-Жүр кәне, қайсы ешкі пышаққа тіленіп тұрған!
Аласа жер тамды айналып өтіп қораға кірдік.
-Анау лақтамаған қысыр ақ ешкі моллеке.
-Алып шық бері!
Әкем ақ ешкіні бақ еткізіп артқы сирағынан ұстады да, далаға сүйреп шығарды.
-Үйіңе келген қандай қонақ?
- Мына ұлдың ет жегісі келіпті...
- Әй азамат! Азамат болғаны сол бұның! Енді былай істе, сен ешкі пақырды жық! Мынау азамат ұл аяғын байласын, сосын сен өзің бауыздайсың. Себебі сен мұсылмансың, одан бұрын әкесің. Ал әке ұлға өнеге болуы керек! Өзінің адал асын алалдап бауыздап жей алмайтын әкеден ұлға не өнеге?
- Әй, келін!- деді, анадайдан бізді сырттай бақылап тұрған анама қарап:
-Келін, сен маған бір орындық, мыналарға леген мен құман және пышақ әкеліп бергін.
Анам аңтарылған әкелі-балалы бізге қарап жымың етті.
Мен лезде өз қылығыма өзім өкіне бастадым. Батып бара жатқан күннің көзін көлегейлеген қызыл шарбы бұлттар менің кесірімнен қызыл қанға боялғандай. Жанарында жасыл сәуле ойнаған ақ ешкі сақалы желмен желбіреп мені қарғап тұрғандай бойым тітіреп кетті.
Әкем сыбыр етті:
- Байла!
Алдымдағы сиырдың жапасына былғанған құлаш жарым қара ала жіпті алып ақ ешкінің аяғын байлаған болдым. Әкем молдаға қырын тұрып пышағын сүт пісірм қайрады.
Осы аралықта қас қарайып үлгерді. Анам қол шырық алып жанымызға келді. Молласы бар болғыр отырған орнында қаққан қазықтай міз бағар емес, алып жартастың сынығындай мелшиіп қалыпты. Өмірінің жиырма жылын қытайдың тас түрмесінде Мағаз Раздан, Омарғазы Айтан сынды ұлдарымен бірге өткерген сабазың ділі қатты, сөзі ашты, ашуы долы кісі еді. Жыртқыш түз тағысындай тас орындықтың талайын тоздырған көкжал. Бүкіл ауыл бетіне самал боп тимейтін.
- Сиыр соярдай сипақтатпай бол енді!
Бетін сипап бата қылды.
- Сенде жазық, бізде азық жоқ -дегендей болды әкем.
Әкем жарықтық еңкейе берді.
Мен көзімді жұмдым.
Бақ еткен дауыспен бірге:
– Кетті! Кетті! Ойбай ұста!-деген дауыстар жарысып шығып жатты.
Моллекең орындығынан аударылып түсті.
Шала бауыздалған ақ ешкі қою қараңғылыққа сіңіп жоқ болды дегейсің.
Күзі уақ. Егісі орылған дала борбас топырақ. Қан ізі жоқ! Ақ ешкім, аңсаған етім зым-зия жоқ дегейсің!
Одан кейінгі іздеу, айыптау өз алдына бір әңгіменің жүгі болар еді.
Ақ ешкіні ертесі ауыл сыртында қансырап жатқан жерінен сиырын өріске айдаған Шәмши шал тауып келді. Құлағындағы енінен таныпты біздің үйдің малы екенін.
Содан бері бақандай отыз екі жыл өтіпті. Өзіме бейтаныс болған күнбатыс өлкеде өмірім өтіп жатыр. Ұлына ешкі сойып берем деп күлкіге қалған әке моласы сол алыс Алтайдың құшағында мәңгілікке тыныс тапты. Бір уыс топырақ салуға да жарамадым.
Бұл күндері мен де әке болдым. Бұл күндері ешкіні суретінен ғана білетін ұлдарым алдыма ет сұрап келген емес. Мақұлық атаулыны қан-жоса союды жауыздық деп білетіні тағы бар. Ешкі жануар қорасыз үйде тұратын әкенің түсіне ғана кіреді.
Тарымның күн қақтаған түрмесіне жиырма жылын берсе де қыры сынбаған қыршаңқы молла да жоқ!
Және есімде қалғаны, ол ешкімді тозақпен қорқытпайтын-ды.
«Магнумдағы» тауықтың етіне қарап тұрып ұзақ ойланып, өткен шақты шарлап кеткенсің ғой.
CаттарCаттар
2 года назад 3903
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137