Ілесбек Байжанов: Қазақстанның уран өндірісі және біріккен кәсіпорындар. Қазақстанда атом энергетикасының болашағы қандай?
Ілесбек Байжанов: Қазақстанның уран өндірісі және біріккен кәсіпорындар. Қазақстанда атом энергетикасының болашағы қандай?
Уран - Д.И.Менделеевтің химиялық элементтерінің топтық жүйесіндегі табиғатта кездесетін 92 – ші, радиоактивті элемент. (Қазір бұл жүйеде 109 химиялық элемент бар). Әрі орасан қуат көзі. Уран табиғатта сирек кездесетін және шашыранды элементтер қатарына жатады. Бірақ жер қыртысындағы шашыраңқы орнласқан уранның үлесі алтыннан 1000 есе, күмістен 30 есе көп. Табиғаттағы үлес салмағы мырыш пен қорғасынмен бірдей болса да негізгі массасы тау жыныстарында, топырақтарда, табиғи суларда шашырап таралғасын оны өндіру іс жүзінде тиімсіз, әрі мүмкін де емес. Табиғатта оның аз бөлігі ғана кен орындарында шоғырланған. Ал мұндай кен орындары көптеген елдерде мүлдем жоқ. Ұлы Жаратушымыз бұл аса бағалы стратегиялық байлықты, яғни келешектегі энергияның сарқылмас көзін Ұлы Даламызға, халқымызға молынан ырыс – несібе етіп беріпті. Қазақстан бүгінгі күні табиғи уран кенінің қоры жағынан ғаламда Австралиядан кейінгі екінші орынды алады, яғни ғаламдық қордың 21 пайызы. Оның барланған қоры 1 миллион 600 мың тонна. Оның 1,2 миллион тоннасы құмды-шөлейтті аймақтарда орналасқан.
 
Бүгінгі күні уран кеніштерінің жалпы саны 21 – ден асып жығылған. «Қазатомпром» АҚ геологиялық барлау, уран шикізатын өндірумен және Өскемендегі Ульба металлургия зауытында атом электр станцияларына ядролық отындық таблеткалар шығарумен, сирек кездесетін металлдар алумен және ҚР Ұлттық Ядролық Орталығында (НЯЦ РК) ғылыми зерттеумен де айналысуда. Бүгінгі күндері Ұлттық компанияда 25 мыңнан астам адам қызмет жасайды. «Қазатомпром» 2009 жылы 13 500 тонна табиғи уран өндіріп, дүниежүзі бойынша бірінші орынға шыққанын айқай сала жария етті. Содан бері уран өндіруді үдетіп, 2010 жылы 17 700 тоннаға жеткізсе, 2012 жылы 19 450 тонна өндіріп, үстіміздегі 2013 жылы 20 000 тонна өндіруді жоспарлап отыр. Енді осы өндірілген уранның барлығын да «Қазатомпромның» өзі өндіріп, қазынаға түсетін қаржыны тасқындатып отыр ма?
 
Соңғы жылдары «Қазатомпром» АҚ, Ресейдің ААҚ «Атомредметзолото» холдингімен, Канада, Франция, Жапония мен Қытаймен біріккен кәсіпорындар ашып, солармен бірге Қазақтың кең даласының төсін жаппай ашып тастап, уран өндіруге кірісті. 2009 жылы бұл біріккен кәсіпорындар: БК «Қаратау» - 900 тонна, БК «Ақбастау» - 150 тонна, БК «Заречное» (Табақбұлақ) – 232 тонна уран өндіріпті. Ресейдің бұл холдингі Ресей мен шет елдерден уран өндіру үшін арнайы құрылған. Холдингтің 2009 жылға арналған уран өндіру жоспары 4 693 тонна. Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қарамағындағы ААҚ «Атомредметзолото» компаниясы Effective Energy компаниясының егелігіндегі БК «Қаратаудың» (барланған қоры – 49,8 мың тонна) - 50 пайыздық, ал БК «Ақбастаудың» (барланған қоры – 84 мың тонна) - 25 пайыздық акциясын тағы да сатып алып, қазір бұл кеніштердің 100 пайыздық акциясына толығымен егелік етіп, нағыз қожасына айналып отыр. (Москва.23.11.2009год. Интерфакс - Госхолдинг «Атомредметзолото»).
 
Күн астындағы Жапон Елінің бизнес өкілдерінің қатысуымен Қазақ-Жапон БК «Аппақ» кенішінің (барланған қоры - 18 мың тонна) акциялық үлесінің 65 пайызы «Қазатомпромға» тиесілі болса, қалған акцияларының 25 пайызын «Sumitomo Corporation» компаниясы (Жапония), 10 пайызын «Kansai Electric Rower» (Жапония) компаниясы өз үлестеріне сатып алған (Сузак.ЮКО.03.06.2008г.Интерфакс –Казахстан).
2007 жылдың сәуір айында Жапонияның Marubeni, Tokio Electric Rower Company және Chubu Electric Rower Company cияқты компаниялары «Қазатомпромнан» Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Бүкіл түркі әлемі мен Қазақ халқының Ұлы Тектілері жерленген киелі жеріміздің бірі Хорасан әулиенің айналасында орналасқан уран кеніштеріне егелік еткен «Байкен – U» және «Қызылқұм» ЖШС үлестерін алып, БК құрғандығын хабарланған болса, Жапонияның БАҚ – ның хабарлауынша ядролық реакторлар жасайтын Toshiba Corp. корпорациясы бұл үлестен – 22,5 пайыздық акциясын сатып алуды жоспарлаған еді. Бұл жерлердегі уран кеніштері қазір «Хорасан – 1» және Хорасан – 2» деп аталады. Барланған, дәлелденген қоры – 160 мың тоннаны құрайды. БК – ғы Marubeni компаниясының үлес акциясы – 55 пайыз болса, Tokio Electric Rower Companyсының үлесі – 30 пайыз, Chubu Electric Rower Companyсының үлесі – 10 пайыз, ал Tohoku Electric Rower Companyсының үлесі – 5 пайыз. (Токио.10.08.2008г.Интерфакс-АФИ)
 
«Қазатомпром» АҚ мен Канаданың Cameco компаниясымен бірігіп құрған, уран гексафторидін шығаратын БК «Ульба Конверсия» жобасындағы «Қазатомпромның» үлесі – 51 пайыз, ал Camecoның үлесі – 49 пайызды құрайды.
Қазақстан мен Канада бірігіп құрған, Созақ ауданының Тайқоңыр елді мекеніне жақын орналасқан, табиғат қорғау шараларын бұзып келе жатқан БК «Инкай» уран кенішінің акциясының 40 пайызы «Қазатомпром» АҚ-на тиесілі болса, 60 пайызы Camecoның үлесінде.
 
Француздармен бірігіп құрған БК «Каткодағы» акцияның үлесі 49 пайызы «Қазатомпромда», ал 51 пайызына Францияның ядролық отындық таблеткалар жасайтын AREVA компаниясы егелік етуде. Бұл кәсіпорын 2039 жылға дейін бұл жерден 4 мың тонна уран өндіру жоспарын алға қойып отыр. Бар шығынын мойнына алып отырған кәсіпорын табиғат пен қоршаған ортаға залал келтіргені үшін 2008 жылы 40 млн. тенге айыппұл төлеген. Және AREVA компаниясы Өскемендегі Ульба металлургия компаниясында қуаты жылына -1 200 тонналық атом электрстанцияларына арнап ядролық отындық жинақ таблеткаларын өндіруді жоспарлауда. (КАЗИНФОРМ.11.06.2008г.)
Қытайдың Атом Электрстанцияларына (АЭС) ядролық отындар дайындау мақсатында Қазақстаннан табиғи уран өндіру үшін Қытайдың «China Guandong Nuclear Power Company» (CGNPC) және «China National Nuclear Corp» (CNNC) компанияларымен «Қазатомпром» АҚ – ы бірігіп құрылған кәсіпорындар Иіркөл уран кенішінен жылына -750 тонна, Семізбай кенішінен - 500 тонна, Жалпақ кенішінен - 700 тонна табиғи уран алуға кірісіп те кетіпті. (Reuters.06.11.2008г; «КАЗИНФОРМ». Астана. 15.01.2010г.)
 
«Қазатомпром» АҚ- ының уран кеніштерінің басым көпшілігі оңтүстіктегі Қаратау, Созақ, Бетпақдала өңірлері мен Мойынқұм-Шу аймағында, Каспий өңірі мен Маңғыстауда, Қызылорда облысындағы Шиелі, Жаңақорған аудандары жерлерінде орналасқан. Қазіргі уран алу технологиясы бұрынғы шахты арқылы, немесе ашық әдіспен алудан мүлдем ерекшеленеді. Қазіргі күні ұзын саны 21 ден асатын кеніштерден алынатын уран шикізаты негізінен жер астындағы кені бар жерді бұрғылау арқылы ұңғылар жасалынып, одан кейін кенді қабатқа күкірт қышқылын айдау арқылы кен ерітіледі. Одан соң күшті қышқылды ортада еріген уран мен басқа ілеспе металлдар ерітіндісін жоғарыға арнаулы сораптармен сорып шығарылып, бұл ерітінділер арнаулы ыдыстарға құйылып, одан кейін оны байыту, бөлу және тазалау зауыттарына жібереді. Қазір көптеген кен орындарында байыту мен тазалауды ұйымдастыру үшін арнаулы технологиялық қондырғылар орнатылып, жұмысты бастап та жіберген. Бұл әдісті алғаш рет Кеңес үкіметі кезінде, яғни 20 ғасырдың жетпісінші жылдары Басқармасы Ташкентте орналасқан «Краснохолмскі» экспеди-циясы Өзбекстандағы «Үшқұдық» уран кенішінде қолданған. Бұл әдіс уран кендерін шахтылардан қазып алуға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз, құмды – шөлейтті аймақтарда суды да үнемдейді, әрі кенші - оператор жоғарғы радиоактивті кендермен және оны өндіру кезінде пайда болатын асқан зиянды радиоактивті шаңдармен тікелей байланысқа түспей, жердің бетіндегі технологиялық қондырғыларда арнаулы басқару тетіктері арқылы процесстерді басқарып отырады.
 
Одан кейінгі ең жауапты кезең, кені ерітіліп сорылынып алынған жер асты қабаттарындағы қышқылды ортаны залалсыздандыру қажет. Себебі жер астындағы жыныстардың арасында өте күшті қышқылдар мен радиоактивті ерітінділер қалып қояды. Жер жыныстарында табиғи сілтілі орта өте сирек кездеседі. Оның бәрін түк қалдырмай сораптармен сорып алу әрине мүмкін емес. Сондықтанда бұл жынысты қабаттарға сілті (щелочь) немесе негіз ерітінділері, ең арзаны сөндірілген кәдімгі әк суы (известковое молоко) айдалынуы тиіс. (Таулы жерлердегі жыныстар сілтілі болса, яғни онда табиғи известь шөгінділері басым болса, құмды-шөлейтті аймақтарда мұндай табиғи жыныстардың кездесе бермейтіндігі белгілі). Сонда ғана қышқылды орта бейтараптандырылып, бұл өз кезегінде айналадағы жер асты суларының бүлінбеуіне оң әсерін тигізеді. Және бұл іс-шаралар қышқылды ортамен табиғат пен қоршаған ортаның күресуін оңайлатады. Бұл көп сатылы жұмыс біткесін арнаулы лабораториялар жер астындағы сұйықтықтардың рН – 6,5-8,5 көрсеткішіне жеткеніне сенімді болғасын ғана ураны алынып залалсыздандырылған бұл ұңғыларды жабуға рұқсат береді. Енді бұл ұңғыларға міндетті түрде қатты тұқымды (үйеңкі, қызыл ағаш) ағаш бөренелер тасталынып, әр бөрене арнаулы (тампонажды) цемент тығындармен бекітілуі тиіс. Себебі, қышқылды, радио-активті ортада металл құбырлар шыдас бермейді. Ал ағаш бөренелер уақыт өте келе жер астындағы ауасыз қабаттарда өмір сүретін анаэробты бактериялардың әсерімен қатты жер жынысына айналып кетіп, радиоактивті сулар мен газдардың қоршаған ортаға таралмауына негіз болады. Бұл қосымша шығындарды талап ететін процесс. Бұл табиғат қорғау технологиясын «Қазатомпром» сақтап отыр ма? Міне бар мәселе осында болып тұр. «Қазатомпром» АҚ қышқылды ортаны бейтараптандырмай, ураны алынған жерлерді: «табиғат өзі залалсыздандырады!» -деп, ұңғыларды жауып кетіп жатыр. Бірақ бұл ұңғыларды жапқанда, жоғарыдағы талаптар сақталынады ма? Мұны табиғат қорғау органдары тексеріп жатыр ма? Тексерсе, қалай тексеріп жатыр? Шетелдіктер жоғарыдағы табиғат қорғау шараларын жүзеге асырып жатыр ма? Әрине ол жағы белгісіз. Бәрі де жабық тақырып?! Құпия!!!
 
Түптің – түбінде бүлінетін де, зорланатын да біздің жеріміз, қоршаған ортамыз, ал зардап шегетін тіршілік көздері, біздің жерлеріміздегі жан – жануарлар мен жәндіктер, құстар мен аңдар, одан қала берді сол жерлерге жақын орналасқан біздің қандастарымыз, халқымыз! Жоғарыда аталған, яғни 2012 жылы 19450 тонна табиғи уран алуға жер астына 2 миллион тонна күйдіргіштігі мен еріткіштігі өте қуатты күкірт қышқылы айдалған. Алдағы уақыттарда «Қазатомпром» уран кеніштеріндегі қордың 1 миллион 200 мың тоннасын осындай технологиямен алмақ болса, Жер Анамызға қандай салмақ түсетінін өзіңіз ақ пайымдай беріңіз. Уран кендері таусылғасын жайлы жерлерден мекендерін дайындап қойған шенеуніктер де, уақытша келген шетелдіктер де Қазақстаннан тайып отырады. Оның ауыр зардабын тартатын тағы да біздің халқымыз болмақ?!
Кеңес өкіметі кезінде барланып, дәлелденген қоры 20 мың тонна («Экспресс – К». №233. 09.12.2006 г.) ғана болатын және оның негізгі қорының 85 пайызы алынып қойылған, қоршаған орта мен жергілікті тұрғындардың денсаулығына орны толмас ойран әкелген «Табақбұлақ» (қазір «Заречное» - деп аталады) Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында орналасқан уран кеніші кеңес өкіметінің соңғы жылдары қоғамдық ұйымдар мен жергілікті халықтың талап етуімен 1990 жылы жабылған болатын. Кеңес үкіметі кезінде, өткен 20 ғасырдың 40-шы жылдары Қазақстанда уранды іздеп табу және оны өндіру үшін құрылған «Волковгеология» экспедициясы осы жерде, осындай 889 ұңғыларды топырақпен ғана шала – шарпы жауып кетіп, кейінгі уақыттарда бұл ұңғылардан сапасының қандай екені де белгісіз жер асты сулары көтеріліп кеткен?! Және айналадағы елді мекендердегі құдықтардың суы қышқылданып бүліне бастаған. Бұл уран кенішін қайта ашуға 2005 - 2006 жылдары жергілікті халық пен Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық ұйымдар қарсы болды. Оның басты себебін жоғарыда айттық.
 
Алайда, сол кездегі Д.Ахметов үкіметі мен бұрынғы облыс әкімі Б.Жылқышиевтің кезінде «Казатомпром» АҚ – ының бұрынғы басшысы М.Жәкішов пен оны қолдаған атақты, суға салса батпайтын, отқа жанбайтын министр В.Школьниктер бұл кенішті 07.12.2006 жылдан бастап қайта аштырып, уран өндіруге кірісті. Қазір мұнда Ресей – Қырғыз – Қазақ бизнесмендері бірігіп уранды өндіріп, оны транспорт және басқа да коммуникациялардан өте қашықтықта орналасқан, оның үстіне стратегиялық маңызы бар ашық су көздері: Сырдария, Ызакөл, Арыс өзендерінің және басқа да үлкен магистралды каналдар үстімен өтіп жатқан стандарттарға сай келмейтін автожолдар арқылы уран шикізатын «Темір» темір жол бекетіне тасымалдаса, аса улы, қоршаған ортаға өте қауіпті күкірт қышқылын автоцистерналарға тиеп алып «Темірден» уран кенішіне қарай тасып, және бұл жолдардың екі жағында орналасқан жері от мал жайылымдары мен топырағы шұрайлы мақта, жүгері басқа да егіс алқаптарын да айналымнан шығаратын нағыз апаттың көзіне де айналдырып, қоршаған ортаға әкелер экологиялық қатерді де ондаған есе еселей түсуде... Оның үстіне, исі мұсылман елдерінің пір тұтар әулиесі Арыстан Бабаның және халқымыздың біртуар Абыздары мен Ұлы Билері, Ұлы Хандары мен батырларының кесенелері орналасқан аудан орталығы Шәуілдір қалашығы уран кенішінен бар болғаны 51 шақырым жерде болса, қасиетті Түркістан қаласы 78 шақырым жерде орналасқандығына да, және бұл аса қауіпті радиактивті жүктердің тарихи орындар мен аудан орталығы арқылы автожүккөліктерімен тасылып жатуына билік басындағы шенеуніктердің асқан жауапсыздықпен қарауы да «Елім, Жерім, Отаным!» - деген азаматтарды қатты алаңдатуда. Оның үстіне бұл уран кенішінің әлемдегі әрбір алтыншы қандасымыздың, Қазақстандағы әрбір төртінші қандасымыздың тұратын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы, миллионға таяу тұрғыны бар Шымкентке де (150 шақырым) жақын орналасқандығы, және 365 күнге тең бір жылдың 185 күнінде батыстан тұратын желдің жолай жаңадан салынып жатқан, аса маңызды стратегиялық нысан, сиымдылығы 3 кубокилометр «Көксарай» су реттегішіне, Арыс қаласына, Шымкентке, қасиетті де, киелі «Атажұрт Қазығұртқа», қасиетті Ұлы Кер Сақ Аб «Сансыз Бабамыз» жатқан киелі шаһар Сайрамға, әлемде теңдесі жоқ «Ақсу - Жабағылы» қорығына дейін радиациялық шаң-тозаңды және осы ұңғылардан бөлініп жатқан радиоактивті газ радонды әкелетінін тиісті министрліктер мен билік орындарының ескермегендері де өте өкінішті!
 
«Заречное» (Табақбұлақ) уран кенішінен 2008 жылы 166 тонна уран өндірілсе, 02.10.2009 жылғы жоспары бойынша 232 тоннаға жеткізу көзделген болатын. Ал осы кеніш ашылған 07.12.2006 жылы біріккен кәсіпорындар басшыларының осы жерден 2009 жылы - 1000 тонна табиғи уран алмақ болған үміттері ақталмады. Бүгінгі күндері де бұл кеніштің жағдайы мәз емес. Оның басты себебі бұл мырзалардың Кеңес үкіметі кезінде уранның негізгі қорының алынып қойылғанын, және ол жерде уранның аз қалғандығын ескермегендігінен болып отыр. Оның есесіне қазір бұл жерлерде табиғат пен қоршаған ортаға қиянат келтіріліп, мұндағы жер асты сулары бүліне бастап, айналасы 25-30 шақырым жерлерде құстар мен шегірткенің қас жауы, адамзаттың досы құмырсқаға шейін жоғалып кеткен... Ал Оңтүстік Қазақстан бойынша неше түрлі белгісіз ауру түрлері мен жастар арасында әлеуметтік жағдайына қарамастан өз-өзіне қол салып, асылып қалу жағдайлары көбейіп барады?!!!...
 
P.S. Осы Арыстан Баба мен Әзірет Сұлтан орналасқан Отырар-Түркістан өңірінде ғана туризмді дамытудың арқасында 10 мыңға дейін жұмыс орындарын ашуға болады. О бастан жер бетіндегі шипалы шөптері көп өсетін өңірде ең дәмді ет өнімдерін де мыңдаған тонналап өндіруге болар еді. 350 адам жұмыс жасайтын, оның бар болғаны 200 – і ғана отырарлық бұл «Заречная» уран кеніші Қазақ Елі ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін аса киелі өңірді өлі аймаққа айналдырмаса екен деген тілек басым. Осыны ескермеген қайран билікке не айтасың?!
 
Қазақстанға атом электрстанциялары керек пе?
*****************************************************
Қазақстанда Кеңес үкіметі кезінде жердің үстінде, атмосферада, жердің астында 750 ден астам ядролық жарылыстар жасалды. Оның үстіне табиғатқа орны толмас ойран әкелген кеңестік жүйенің кезінде республика аумағында 230 миллион тоннадан астам радиоактивті қалдықтар мен миллиард тоннадан астам химиялық зиянды қоқыстар жиналып қалған. Қазақстандағы 6 ірі уран кендері бар геологиялық аймақтар мен көптеген уран өндіріп жатқан кеніштерден бөлінетін табиғи радиация және табиғат қорғау ережелері мен іс-шараларын бұзушылықтың әсерінен еселене түсетін радиоактивті қатер бұл саланы басқарып отырғандарға, тиісті табиғат қорғау мекемелері мен олардың жұмыстарын бақылайтын үкімет органдарына да асқан жауапкершілік жүктеп отыр (Казинформ. 26.06.2009г.).
 
«Қазатомпром» АҚ бұрынғы басшысының 2001 жылы дүние жүзі елдерінен ядролық қоқыстарды Қазақстанға әкеліп көміп, жыл сайын 1 миллиард доллар қаржы таппақ болған жоспарлары және оның бұл идеясын қолдаған Мәжілістің кейбір депутаттары мен осы салада қызмет істеген кейбір ғалымдардың әрекеттері де әлі ұмытылған жоқ. Мемлекеттік мүддеден гөрі жеке мүддені көздеп қалған жүйенің қызметкерлерінің бұл авантюралары, қоғамдық ұйымдардың белсенді қимылдары мен жариялылықтың арқасында ғана іске аспай қалды!...
 
Қазір ғылым мен білім көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Ғалам елдерінде атом өнеркәсібі мен ядролық энергетика айналасындағы ғылыми зерттеулер де өз жалғасын табуда. Бұл салада да Қазақстан ғылымы мен өнеркәсібінің алдыңғы қатарда болуын бүгінгі өмірдің талабы туындатып отыр. Елімізде кеңестік жүйеден қалған ғылыми институттар да ғылыми – зерттеу орталықтары да, ондағы ғалымдар да, мамандар да жеткілікті. Адамзат өркениеті кешегі Жапон еліндегі жарылысқа (Фукусимо АЭС) дейін келешекте «Бейбіт атом энергетикасына» да үміт артып келді. Өркениетті елдер ескі технологияға негізделген атомдық станцияларды жабуға кірісті. Германия атом энергетикасынан мүлдем бас тартып отыр. Бұл салада, әсіресе ғылымды дамытуда артта қалып қою Қазақ Елі үшін кешірілмес өкініш болар еді. Бірақ Қазақстан құрылысы 10-15 жылға созылатын, 15 жыл жұмыс істеп, тағы да 15 жыл бойы тоқтатылатын, радиоактивті қалдықтары көп, әрі бұл қалдықтардың өздігінен сөніп, ыдырауы мыңдаған жылдарға созылып, оны сақтауға да қосымша шығындарды қажет ететін, артта қалып қойған Ресейдің атомдық реакторларларынан гөрі қазіргі заманғы, алдағы онжылдықтарда пайдалануға берілетін төртінші буынды саналатын радиоактивті қалдықтарды мейілінше аз қалдыратын, озық үлгідегі атом реакторларын жасайтын Жапон Елі мен бұл салада табысқа жеткен Франция, АҚШ компанияларымен келісімге келіп, осындай реакторлары бар АЭС - терді ғана келешекте Қазақстанда салу анағұрлым тиімді болмақ. Тек осы бағытта ғана атом энергетикасын дамытамыз десе, онда үкіметіміздің бұл саладағы қадамдары қолдауға тұрады...
 
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бастап дамыған батыс елдерінде коммерциялық пайдалануға жетілдірілген, жеңіл сулы LWR реакторлары іске қосылды. Олардың ішінде Жапония мен АҚШ -тың «Hitachi Ltd»; «Toshiba Corporation»; «General Electric» компаниялары бірігіп жасаған, өндірістік қуаты – 1 356 МВт дамытылған AWBR қайнайтын реакторын және «ABB Combustion Engineering» компаниясының жасаған, өндірістік қуаты – 1 350 МВт System 80+ эволюциялық реакторын атап өтуге болады. Қазір ғалам елдерінде жұмыс істеп тұрған екінші буындағы реакторлар мен осы биылғы 2010 жылы іске қосылатын экономикалық көрсеткіштері бұрынғы реакторлардан көш ілгері, жетілдірілген үшінші буындағы реакторлардың жұмыстарын зерттеу мен үйрену еліміздің атомшыларына да өте пайдалы болар еді. Бұлардың қатарында халықаралық консорциум бірігіп жасаған («Japan Atomic Power Company», «Mitsubishi Heavy Industries» (Жапония), «Westinghouse Electric Company» (АҚШ) анықталған қуаты - 1 530 МВт жоғары қысымдағы сумен жұмыс істейтін AWBR дамытылған жапон реакторын және Westinghouse (АҚШ) мен Genesi (Италия) бірігіп жасаған қуаты – 1 000 МВт еуропалық ЕР-1000 пассивті станциясын да атауға болады.
 
2010 жылы (Астана.19.05.2010 жыл. «КАЗИНФОРМ») ҚР Индустрия және жаңа технология Министрлігіне қарайтын «Атом энергетикасы» жөніндегі комитет төрағасы Тимур Жантикин Ақтау қаласының жанына Ресеймен бірігіп қуаты - 600 мегаваттық атом электростанциясын салып, оны 2020 жылы пайдалануға беретінін жария етсе, биыл 2013 жылдың наурызында «Қазатомпромның» иновация жөніндегі атқарушы директоры Валерий Шевелов Ақтау қаласында АЭС саламыз десе, Ядролық орталықтың Бас директоры Қайрат Қадыржанов пен Курчатов қаласының әкімі өткен қазан айында Ертіс өзені жағасынан АЭС салу туралы ұсыныс білдірді.
Халықаралық МАГАЭ ұйымдарының төртінші буындағы реакторларға қойылатын басты талаптары:
*****************************************************************
1) Жоғарғы қауіпсіздік, яғни пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігі. Қоршаған орта мен экологияға зиян келтірмеу, яғни халықаралық Киото хаттамасының шешімдерін орындауды толығымен жүзеге асыру;
2) экономикалық тиімділік, яғни жоғары бәсекелестік көрсеткішке еге болу және энергетиканың басқа салаларымен де бәсекелестік қабілетті және 2020 жылға қарай қуаты - 10 ГВт болатын жаңа реакторларды пайдалануға беру;
3) АЭС – тің жұмыс істеу мерзімін ұлғайту, құрылысты салу мерзімі (3 жылға шейін) мен құрылыс шығындарын азайту, радиактивті қалдықтардың мейлінше аздығы және оны жою мәселесін түпкілікті шешу;
4) Алдағы 50 жылда іске қосылатын инновациялық реакторлар мен ядролық отын айналымдарына баға беру және ядролық нысандарды қорғау қауіпсіздігін қамтамасыз ету. МАГАТЭ талаптары бойынша рұқсат етілмеген ядролық материалдарды таратпау кепілдігін сақтау шаралары.
 
Және халықаралық МАГАТЭ ұйымдарының қабылдаған төртінші буындағы реакторлардың жобаларын әрі қарай дайындаудың реакторлық тұжырымдамаларындағы ядролық реакторлар түрлері:
 
1. Жылдам нейтрондармен жұмыс істейтін газбен суытылатын реактор (GIFR = Gas-Cooled Fast Reactor System); Яғни реактор сумен емес, газбен суытылады.
2. Қорғасын тасымалдаушымен жұмыс істейтін жылдам нейтронды реакторлар (LFR – Lead-Cooled Fast Reactor System); Яғни реактор балқыған сұйық қорғасынмен суытылады.
3. Тұз балқымасымен жұмыс істейтін реактор (MSR – Molten Salt Reactor System);
4. Натрий жылу тасымалдаушымен жұмыс істейтін жылдам нейтронды реактор (SFR – Sodium-Cooled Fast Reactor System); Яғни реактор қабырғасын салқындату сұйық натриймен жүзеге асырылады.
5. Будың өте жоғары ауыспалы параметрлерімен жұмыс істейтін су-сулық реактор (SCWR – Supercritical Water-Cooled Reactor System);
6. Өте жоғары температуралық реактор (VHTR – Very-High Temperature Reactor System).
 
Халықаралық ұйым осы алты тұжырымды төртінші буындағы реакторларға қойылатын талаптарды орындауға толығымен жауап береді және оны қанағаттандыруға да қабілетті деп танылды.
Бірақ, осы МАГАТЭ – нің: «Радиоактивті қалдықтар қай жерде, қай елде ядролық отын (таблеткалар) ретінде өндіріліп шығарылса, сол елде орналастырылуы керек!» - деген тұжырымымен мүлдем келісуге болмайды! Ондай жағдайда жылына он мыңдап экспортқа табиғи уран шикізаты мен ядролық отынды таблеткалар шығаратын Қазақстанның бүкіл ғаламның радиактивті қоқыс полигонына айналып кету қатері тұр! Егерде бұл шешім жуық арада өзгермесе Қазақстанға уранды экспортқа шығаруға тиым салудан басқа жол қалмайды...
 
Мұндай жағдайда бізге табиғи қуат көздері: күн, жел, су энергиясын пайдалануды жүзеге асырумен бірге жаңа қуат көзі, қоршаған ортаға, экологияға зиян келтірмейтін сутегі электростанцияларын салуды тездетуден басқа амал қалмайды. Астанада өтетін ЭКСПО – 2017 көрмесінде осы мәселер ғалам деңгейінде көтеріледі деп үміттенеміз. Міне Қазақ Елі мен оның табиғаты үшін аса маңызды осы мәселелер бүгінгі күннің басты тақырыбы болып күн тәртібінде тұр, ағайын!
 
Ілесбек Байжанов. «Ақиқат – 1» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Инженер. Экономист. Шымкент шаһары.
 
Ескерту: Бұл мақала 26 қараша 2013 жылдан бастап, республикалық "ДАТ", "Жас Алаш", "Әділет"газеттерінде және бірнеше сайттарда жарияланса да, еш өзгеріс жоқ! 
CаттарCаттар
4 года назад 2112
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137