Іленің жағасы Нілдің жағасы сияқты. Бұйрат құмдардың арасында тораңғы өседі. Ағашта да мінез болады. Мінез болмаса, оқшау тұра ма?
Сапар оңынан туып, Тұрсынжанға жолсерік болдық. Түйемойын ағаштардың тұсына келдік. Кейде басы өрттей қызарады. Сыйдиған түрі Тұрсекеңе ұқсады.
– Анау ағаш не ағаш? – дедім бір езу тартып алдым да.
– Тораңғы, – деді Тұрсынжан бауырын көргендей жұмсарып.
– Таудың баласы білмейді екен десем.
Тұрсынжанның разы болғанда жылы жымиып күлетіні бар. Қырлауыт қабағының астына шуақ жүгірді. Тораңғыны танығанына рахаттанды. Басқа ауылдың баласы біздің ауылдың баласын танығандай мен де мәзбін.
– Бұл өзі қасиетті ағаш. Қабығын тілсең қан шығады. Сондықтан ешкім тиіспейді. Қурап қалғандарын ғана алады. Әйтпесе шеберлерге таптырмайтын материал, – деймін мен.
Тұрсынжан енді осының бәрін менің білгеніме разы кейіп танытты. Мені қостап бірдеңе айтқысы келіп тамағы бүлкілдеді. Бірақ ішіндегісін түгел айтып алсын дегендей, сөзіңнің артын тосатын әдеті бар. «Ә, иә», – деп ернін жыбырлатты. Енді тоқтасам, ұзын сонар әңгімеге кетпек. Жер бетінде тораңғының қандай түрлері кездеседі? Қазақстанда қанша түрі өседі? Айтпақшы, Лепсінің жағасында болып па едің?
– Тораңғы түн ішінде сыңсып жылайды. Құлақ қойып тыңдасаң, сыңсып ән салған секілденеді. Сазы адамды шақырып арбап тұрады. Бірақ, түбінде ұйықтауға болмайды. Бұл да жаңғақ ағашы сияқты, – деп кезек тигізбей бастырмалатып кеттім.
Байқаймын, «тораңғы түнде ән салады» дегенім елең еткізді. «Өмір бойы Тұрсынжанды тыңдап келе жатырмын, мені де бір тыңдасын» деп асырып айттым. Басқа басқа, Тұрсынжанды таңғалдыру қиын. Бірақ ол ағаштың ән салатынына біраз емексіді.
Тораңғы негізі таза ағаш. Дені төзімді болғанмен, жаны қылдай нәзік. Басқалардың арасына тығылмайды, жайлы орынға таласпайды. Жайдақ судан су ішпейді, ішем десе де іше алмайды. Тұрған жері шөл, сортаң. Тамырын он метрдей тереңге жібереді. Діңі мықты ағаш.
Былай шыға бере: «Сидиған түрі Тұрсекеңе ұқсайды», – деген ойыма тағы келдім. Тораңғының сирек өсетін ағаш екенін, қазір бұрынғыдан да азайып бара жатқанын ойладым.
«Қызыл кітапқа» енгізілген ағаштың қалай құрып бара жатқаны еріксіз таңдандырады. Онсыз да тораңғыны киелі ағаш деп ешкім сындырмайды. Қурап, семіп қалғандарынан ғана домбыра, қобыз жасайды. Бірақ қазір ел ішінде ондай шеберлер де қалған жоқ. Ендеше тораңғыға не жау тиді?
Ана бір жылы Тұрсынжан Алматыдағы «Самал» шағын ауданынан «Қазақфильм» жаққа көшті. «Ауасы таза жаққа барған екенсің», – дедім. «Салыстырмалы түрде таза», – деп кебіртіктенген дауысы қолқамды жұлып ала жаздады. Күннің қабағы кіртисе, Тұрсынжанның да қабағы кіртиетін кез.
Тұрсынжанды саяқ адамға айналдырып бара жатқан да сол күтімнің жайы болу керек. Қазір Алматыдан тағы бір-екі қадам алыстады. Шулы ортаға келе бермейді, сұхбат бере бермейді. Сырын, мұңын әнімен айтып жатқандай елестейді. «Аққудың көз жасындай көлге тамған, Жанымды тербетесің шерге толған»…
Бір күні Тұрсынжан «Ақ желкен» журналының жас оқырмандарымен сұхбаттасуға келді. Тілшілердің: «Балалар кездесуге шақырады», – деген сөзін жерге тастай алмады. Балалардың қойған сұрақтарына екі сағат ынты-шынтысымен жауап берді.
Менің есіме осыдан жиырма-жиырма бес жыл бұрын қазақтың үлкен ақыны Әбдіраштың Жарасқанымен жасаған сұхбаты түсті. Қазақ поэзиясын іш қыртысын қотара талдаған ондай сұхбат Айқын Нұрқатовтың, содан соң Сағат Әшімбаевтың жолын жаңаша жалғағандай жалт қаратты. Жас тілшілермен әңгімесі сондағы қызуқанды пікірлерін еріксіз еске салды.
Әдебиетте біреулер сыншыл, біреулер міншіл, енді біреулер меншіл болады. Тұрсынжанның сыншылдығы басым, бірақ міншілдігі мен меншілдігі жоқ. Сынын анық және қанық айтады. Сөйлемдері фотографиялық дәлдікке құрылады. Не асырып, не кеміткен жері болмайды. Асырып та жібермейді, ақыңды да жемейді. Бұл жағынан кіді, кірпияз, таза.
Бір қырғыз бір қырғызды: «Аурасы таза, өңүнөн нур чыгып турган, кирип келсе жанында 5-6 адам коштап жүргөндөй көп адамдын сүрүн ала жүргөн киши эле», – деп мақтапты. Менде де бетке мақтау деген жоқ, сондықтан қырғызшалап кеттім. Ауылымыз қырғыз жерінен алыс болса да, біздің жақта «ш»-ны «ч» деп сөйлейді. Қырғыз жаққа қайта Тұрсынжанның ауылы жақын.
Міне, сол Тұрсынжан келіп кеткеннен кейін бір қыз бала: «Аурасы жақсы адам екен», – деді. Тағы бір қыз бала: «Мен Тұрсынжан ағаны арық адам ба деп жүрсем, бойы ұзын екен», – деді. Тағы біреуі: «Мен бұл кісіні Асқар Жұмаділдаевпен неге шатастырам десем, бұл кісі де математик екен ғой», – деді. Кездесуден алған әсерлерін жасыра алмай, балалар біраз уақыт дабырласты.
Жоғарыда біз әңгіме еткен тораңғының да діңі мықты. Алыстан сидиып көрінгенмен, қасына барсаң сом жаралғанын байқайсың. Оның бәрі қатып қалған қаңқа емес, бойына сөлді көп жинайтын ағаш. Шөлді жерде өсіп тұрса да, бойында ылғал мол. Тораңғының түсі, бояуы қанық көрінетіні содан. Шөлдің ағашы болса да, «тораңғыдай толықсып» деген де сөз бар екен.
Көп болды, Тұрсынжанның алысқаны қоғамның дерті. Тілген жерден қаны шығатын дерт. Тораңғының діңінен шыққандай тамшылап тұрады. Біз қазір отаршылдық пен бодандықтан кейін өзіне-өзі енді-енді келіп жатқан ұлтпыз.
Бойымызда сылып алып тастайтын кеселдер аз емес. Мысалы, намыс үшін шидің басын сындырмайтындар бар, бірақ «намысың жоқ» десе қырылып қала жаздайды.
Бірде Тұрсынжанға: «Намысшылдық туралы осындай бір шығармаң бар еді, есіме бір түсіп, бір түспей тұрғаны», – дедім. Сонда Тұрсынжан: «Қайсысын айтасың, менің жазғандарымның бәрі сол жыртыс бір жыртыс қой», – деді. «Бірақ, «Баяғы жартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас» боп тұр емес пе?» – дегенді әлде ол айтты, әлде мен айттым, әйтеуір айттық.
Тұрсынжанды Абай тақырыбына жақындатқан осы мінез.
Әдеби сынды эссе тұрғысынан жазу Тұрсынжанды біраз биікке көтерді. Айқын Нұрқатов та Абайға осы бағытта келген. Бірақ желдіртіп кететін тұстары көп. Дәм-тұзының ерте таусылатынын сезіп, асығыңқыраған тәрізді. Сағат Әшімбаев болса, философияға қарай ауыңқырап кетеді. Бірі таза ғылымның адамы, екіншісі қайраткерлігі басым қоғамшыл кісі. Ал, Тұрсынжан нені іздесе де әдебиеттің өзінің ішінен іздейді. Сондықтан эссе жанрына жаны жақын.
«Тарих бізге жас Абайдың келбетін сақтаған жоқ», – деп сезімге тиетін эссе тілінде жазады. Расында да біз көріп жүрген Абайдың сүгіреті бізді Абайдан алыстатып тұрған секілденеді. Тұрсынжанның мақсаты Абайды ұлтқа жақындату. Өз жұртымен өзін қауыштыру. Абай портретіне ұзағырақ тоқталуының өзі тартымды. Абай портреті арқылы Абай жұмбағының ішіне кіре түседі.
Әбілхан Қастеев «Жас Абайды» салды. Үңіліп қарасаңыз, Абайдың түрі сопайыңқырап тұр. Қастеев Қастеев болғаннан кейін сәл еркінсіген тәрізді. Ал енді Тұрсынжанның қаламындағы еркіндік өзгеше еркіндік. «Жас Абайды бейнелеген бірді-екілі картина ешкімнің санасына сіңбей-ақ қойды», – деп жазады Тұрсынжан.
Мына бір сөзді Тұрсынжан емес, басқа біреу жазса, біраз адам ер-тұрманын бауырына алып тулайтын еді. «Қай-қайсымыздың да абайтанудағы алғашқы қадамымыз Қазақстандағы барлық мектептің қабырғаларында ілулі тұратын сезімсіз, тоқмейіл, жайдақ қарттың бейнесінен басталған жоқ па?», – дейді Тұрсынжан. Жұрт «Осы Тұрсынжан бірдеңе білетін шығар» деп ойлайды. Әйтпесе біз үшін Абайдың суреті кешегі қытымыр қоғамда партия бекіткен нұсқа сияқты берік орнығып қалған.
Міне, Тұрсынжан Шапай ғылыми тілді қинамай, эссе тілімен-ақ осы қасаң түсінікке сәуле жүгіртті. Оның үстіне Тұрсынжан Абайдың сыртқы бейнесін ғана емес, ішкі болмысын қалай тануымыз керек екеніне де эмоционалды түрде ешкімнің жанын ауыртпай ғана әдемі жол нұсқады. Бұл оның шығармашылық интуициясының қаншалықты мықты екенін көрсетеді.
Қара сөзден өлеңге келгендер жоқ, өлеңнен қара сөзге келгендер көп. Соның басы – Абай. Қара сөз жанр ма, жанр емес пе? Қара сөздің антонимі – өлең сөз. Өлең сөздің жанры – поэзия. Демек, қара сөздің жанры – проза. Абай өсиет деп алған жоқ. Қара сөздің ішіне кіріп жазды. Қара сөзді қасиет тұтып, өсиет сөз дәрежесінде қолданды. Бәлкім, одан да биік тұрған болар.
Қазақ әдебиетінде жанрдың дауы жесір дауынан бір кем емес. «Тұрсынжанның жазып жүргендері не?», – деп бас қатырушылар бар. Оның кітаптарында «әдеби сын, эсселер, публицистикалық толғаулар, әңгімелер» деген анықтамалар бірінен бірі туындап жатады. Кітаптарының аттарына қарасаң, соның бәрі шын мәнінде көркем дүниелер екенін аңдатады.
Мысалы, екінші кітабының аты «Шын жүрек – бір жүрек», өлең кітапқа да таптырмайтын ат. Үшінші кітабы «Қазақтың жаны» деп аталады, публицистикалық толғаулар үшін күтпеген атау. Тораңғының басы сияқты дөңгеленіп тұр. Төртінші кітабының аты «Күлкі және көз жасы», бұл енді нағыз драма, тіпті трагикомедия. Ал енді негізгі жанрын осы анықтамалардың қосындысынан шығарып алыңыз.
Өз басымыз прозашы болған соң, Тұрсынжанды өз қатарымызға тартқымыз келеді. Дулат Исабеков ауызша бір сөзінде: «Прозада баяндап жазу, суреттеп жазу деген әдістер бар», – деп қалып еді. Екеуінде де сюжет алға шығып тұр. Ал Тұрсынжанда сюжет екінші планда қалған. Мінездеу, кейіптеу, образ жасау алда тұр. Оның шығармаларының жанрын танымай шатасуымыздың бір сыры осында жатқан секілді. Әйтпесе айызың қанып оқитын көркем-ақ шығарма.
Тұрсынжан бүгінгі адамдардың болмысын ашуда терең психологизмге барады. Олардың басындағы жағдайды ішкі драматизмге құрады. Ақырында оны ащы сарказммен береді. Тұрсынжанды данышпан деп отырғамыз жоқ, бірақ өзіне өзі күлген адам данышпан. Яғни, оның кейіпкерлері ретінде түбінде сіз бен біз данышпан болып шыға келуіміз ғажап емес. Күлсек басқаға емес, өзімізге күлейік.
Әлгі сапардан Есенғали, Ұлықбек, Тұрсынжан бәріміз бірге қайттық. Бұл менің талантты адамдардың қасында бір күн де болса бірге жүріп, бір жасап қалған кезім болды. Іледен ары-бері өткен жолаушының құм төбелердің арасынан сорайып шыға келетін түйемойын тораңғыға көз салмауы мүмкін емес. Жай қарамайды, оның тәкаппарлығына таңданады, қайсарлығына тамсанады, жұмбағын шешкісі келіп ойланады. Біз жақта бұл ағашты «Құм падишасы» деп те әспеттеп қояды. Құм падишасымен көзбен қоштасып, басқа жолаушылар сияқты біз де Іле жарықтықтың сортаңды жағалауынан алыстап ұзай бердік. Көлік жүргізіп келе жатқан жиенім Адай аз-кем орнай қалған үнсіздікті бұзып, музыка қосты. Біраздан бері көп тыңдалып жүрген бір ән құлақтан кіріп, бойды алып шарықтай жөнелді. «Аққу-қаз әуелейді қалықтаған, қайтейін қанатым жоқ қалып барам»…
Біздің жаққа жиде гүлдегенде барсаң ғой, шіркін. Жиденің сол кездегі иісі әтірдің иісіндей бұрқырайды. Жиде гүлдегенде бір барып қайтармыз, бәлкім. Тұрсынжанды сонда бір таңдандырармын деген ойым бар.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК
Алматы
"Егемен Қазақстан"