Дәурен Қуат
(әңгіме)
Алдымен айнала, алқа қотан отыруға ыңғайлы дөңгелек үстелдің бетіндегі дастарханның шетін қайырып, алақанын жайды: «Асқа адалдық, басқа амандық бере гөр, Алла!». Бауырын көтеріп апыл-тапыл басқан баланың бойындай ғана терезенің ендігінен екінтінің күні еңкейіп, сығалап тұр. Кешкі іңір мен түннің суық түсін ұзағырақ ұстап қалатын жұқа әйнектердің ар жағынан алып теректердің діңі қарауытады. Бір кезде бұл теректер балғын шыбықтар еді. «Қазір тіпті үйдің төбесіне шығып алып шулайтын болды», - дейтін кемпір осы ауылдағы бәрінен биік шынарлардың өз бағында бой салып өскеніне мақтанғандай. Шалының шымнан түйген үйі аласарып бара ма, әлде теректер аспандап кетті ме, қазір кемпір сыртқа көз салса, көретіні: бұтақ бітпей шемен қатқан түйнектер мен адырайған тамырлар ғана. Осыдан бес, алты жыл... жоқ, одан әріде-ау, шамасы, Тойшаным еккен талдардың жапырағын көрші көлеңнің ешкі-лағы жалмап қоймасын деп қорып жүретін. Енді, міне, қатты жел тұрып, шайқалғанда ұшар басы үрей шақырып, ту биіктен төнеді.
Кемпір шоқаңдай сырғып, ошақтың аузына барып отырды. Ас үйдің бір қабырғасына қапталдаса мінген пештің ішіне от тұтатты. Астына құрғақ тамыздық басып қаланған қи сия көк жалынға оранды да, жана бастады. Кемпір мүлгіп кеткен. Аузы-мұрнынан әдепкідегідей ыс теуіп алған мосқал пеш іңір қараңғысы ұйыған бөлмеге жылылық шашып, жылт қызыл сәуле ойнатып қояды.
Кенет, тамсана түсіп, тәтті мүлгіп отырған кемпір төңірегіне бағжия қараған күйі оянып кетті. Сол бағжиған қалпында есіней беріп еді, пештің көмейі гүрілдеп, төргі бөлмедегі қашанғы кәрі сағаттың тілі сарт-сұрт соғып сарнай жөнелді. «Ойбүй-ууу, қара басым-ай, қатып ұйықтап қалыппын ғой. Тойшаным келетін уақыт болды емес пе? Жұмыстан өзегі талып жететін баланың ас суын қамдамай қара басқаны-ай мені әбден!».
Кемпір тағы да шоқаңдай сырғып, есіктің аузына іркілді де, бес бүктелген белін зордың күшімен жазып, электр сымының түймесін ағытқан. Бөлмедегі бұлың-пұшпақтың қалтарысына жабысқан қараңғылық қаша жөнелді. Тіпті, жабындысы солбырайған ағаш кереуеттің іргесінде күндіздің өзінде кеппей жататын түннің дымқыл бояуы да іріп сала беріпті.
Кемпір шоқаңдаған қалпы тошалаға сүңгіп кетті де, қазан сүйреп қайтты. Қазанының түбінде қарайған бірер сүйек пен бір кеспелік ет бар сияқты. «Қарғам да қазір кеп қалар» деп, шеті қайрылған дастарханның бүктеуін жаза бергенде, сыртқы есік сықыр етіп ашылғандай болды.
- Сүрдің иісі-ай! - деді ұлы.
- Кәрі шешеңнің етті күн мен желге қақтамай асқан кезін көрдің бе? Жас ет - жасық ет. Осы күнгі қатындар етті сүрлеу дегенді білмейді, білсе де ерінеді. Терісінен жаңа арылған малдың етін сорғалатқан күйі апарады да, тоңазытқышқа тоғыта салады. Тоңазытқышта тоңып, үсіген етте дәм бола ма, тәйірі. Бүгінгінің кербаққан кесір қатындары, несін айтасың, кеселді салып-ақ жүр ғой. Соның бірі біздің күлбет келін еді.
- Апа, атын атамаңызшы кәпірдің.
- «Құтырғаннан - құтылған», кетіп тынғанын кейін құп көрді өз басым.
- Қойыңызшы, «қатын жіберген не сұмдық?» деп, бетімді талай қайырған өзіңіз емес пе едіңіз?
- Е-е, біз қайдан білейік. «Келінге келін болсаң жағасыңның» керімен соның жағында болып, сойылын соққандағым сол: жүре түзелер, ойланар деген дәме еді. Олай шықпады. Ол ойым әдірам қалды.
Кемпірдің келін-кепшікке, қатын-қалашқа кейісі ас ішіліп, дастархан жиылғанша біткен жоқ. Кейіген күйі ол асадал мен тайпақ үстелдің арасында шоқаңдап жүріп алды. Бір қолында добалдап жасалған кішкентай орындыққа ұқсас сүйеніші, бір қолында шәйнек - асадалдың аузына әрең жеткен. Енді қайта оралып, құмшекер салынған ыдысты іліп әкетті. Сосын шоқаңдай жылжып барып тоқ шәугімді бауынан босатқан. Орындық сүйенішке батқан саусақтарын тарқатып, қары талған білегін уқалап, уһіледі. Орындыққа қайыра жабысты да, төрттағандап дәлізге беттеді. Дәлізге бара жатып қара шелекті қаңғырлатып ерте шықты. Қи әкеліп, пешке қалап қою керек, әйтпесе азанға дейін жыртық жамаулы үй азынап кетеді.
Қара шелектегі қиды пештің көмейіне жытырып болған соң жаулығын шешті де, тұқылдана бітіп, тұтамға айналған бұрымын тарқатып, жан қалтасынан мүйіз тарағын суырды. Самай шашы тұтас ағарып, төбесі шала бурыл тартқан құйқаға мүйіз тарақтың тісі сіңгенде кемпірдің жүдеу басы дуылдай жөнелді. Мүйіз тарақты сағынып қалыпты. Мүйіз тарақ... кемпірдің көне көз серігі. Бұлықсып бойжеткен шағында ағасы Тұрсынахметтің сыйға тартқан күміс тарағын ұстап жүретін. Е-е, ол да бір заман екен ғой. Тұрсынахмет ағасы жігіттің марқасқасы еді. Жұрт жаппай «ашылып-сайрап» саясатқа ұрынған. Аш-арық. Алдыңдағы малды адалдап сойып жей алмайсың. Арғы бетке (Советтік Қазақстан жаққа. - авт) өткен ағайыны туралы аузын ашқан адам «қос жүрек» атанып, түрмеде шіритін. Сонда да ағасы бұны шекара асырудың амалын тапты. Сондағысы - бәлиғатқа жаңа толған қарындасын қырыққа таяған қырма сақалды жігітке ұзату екен. Қырмасақал - біртоға, өкіметке берешегі жоқ, қылмыс өткермеген жан. Сонысына орай сәбетке өтуіне Мао жолдас қарсылық танытпапты. Ол өзімен бірге жар етіп жас қызды да ала кетуге қақылы екен.
- Ақботам-ау, - деген сонда ағасы бұны бауырына басып тұрып, - ата-анаңа қарайлап, мұнда қалғанда күнің не болады? Қайдағы бір мәжусидің қолаңса сасыған қолтығында қорлыққа көнгенше, өз нәсілің, осы ердің етігінен ұста да айрылма.
Осыны айтқан аға зор тұлғасын түгел сілкінте, солқылдап жылап жіберген. Кейін... көп жылдар өткен соң жанашыр бір ағайынның аузынан естіді: ағасы «қос жүрек» атанып, қытайдың түнек басқан түрмесінде «Ақботамның арда басын қорлыққа бергенім жоқ. Ах, дариға, дүние-ай, әйтсе де ақша жүзін бір көрсем-ау» деп жатып, дүниеден озыпты. Ал ағасы аманаттаған ер қытай ішінде бойын жасырып қана жүрген жігіттің сұлтаны болып шықты. Атажұрт, баба қонысқа оралған соң түлеп сала берді. Өзі әнші, өзі сері. Аз жылда айналасына жора-жолдас үйіріп, жігіттің бозтайлағы атанды.
Бұлардың үйінен қонақ арылмайтын. «Келіннің асы дәмді, қолы ашық» дегенді сылтау етіп, ауылдың басшы-қосшылары жоғарыдан ұлық атаулы келе қалса, ұлардай шулатып тобымен осында әкелетін.
Бір күні ақ жағалы дөкейлер қауымын кезекті рет күтуге тура келді. Бұл дөкейлер бұрынғы дөкейлерден әлдеқайда әлеуетті көрінеді. «Дастарханның басынан ауылдың шолақ басшылары былай тұрсын, аудандағы әкім-қаралардың қарасы көрінбеуі керек, олармен тек облыстағы сот, прокурор ғана табақтаса алады» деген сөз Салқынбелдің жазығында жылқы бағып, бие байлап отырған бұларға дақпырт-даңғазасын алдына салып, ақыраңдап жеткен. Бұның бәрі ештеңе емес, ерлі-зайыптының зәресін қашырған сөз: «дөкейлердің бірі құлын етіне жерік» деген сөз болды.
Ері екеуі құлындарды аса жақсы көруші еді. Отасқандарына бес-алты жылдың жүзі ауса да бір шақалақтың жұпар иісіне зар болып жүргендіктен екі мұңлық бие құлындаса, құрақ ұшып жанынан шықпайтын. Биыл бір ақ жал сары бие қадаға оңбай жығылып, іштегі құлынын жылқышылар жарып алған. Жетім құлын содан бері қолдан сүт ішіп, қолдан жем жеп әбден жетілген еді. Жұныттай. Құйрығын тігіп, құлдыраңдай шапқанда Құдайдың бір қызығы, бір кереметі осы ма дерсің. Кейде сол кереметін кереметке ұластырып, алтын түкті аймаңдай құлын бұның алкеудесіне тұмсығын сұғып, ұмсынатыны бар. Анасындай көреді. Сонда, жас әйелдің алпыс екі тамыры иіп, әлдебір таңсық күйге елтитін. Енді, міне, құлын жейтін қонақ келе жатыр. Ақ жағалы үлкен ұлық.
Ұлықтар күн шапағы Жоңғардың алқаракөк шыңдарына түйреліп, Алтыншаңырақ тауының иығына қона бергенде жінігіп жетіп келді. Шетінен қызу. Шала мас. Арасанның шипажайында таң атқанша араққа бөгіп, әбден-ақ сілеленіпті. Сілекейлерін жұтып әрең сөйлейді.
-Тамақ дайын ба?
-Дайын, нәшәндік жолдас.
- Не бар?
- Үйітілген қойдың еті. Қазы-қарта, жал-жая.
- Құлын еті ше?
- Оның мәнісін білмедік, нәшәндік жолдас.
Нәшәндік жолдас барқырап, таңғы тыныштықта тамылжыған тау арасын азан-қазан етті. Әлдекімдерді боқтап жүр, боралап жүр. Орысша боқтайды. Орысша боқтықты түсінбеген де жақсы екен, бірақ кәпірдің түрі жаман, екпіні қатты. Орысша боқтықты қайтсін, осы кезде үйірден суырыла шығып, ақ жал сары құлынның құлдыраңдай шауып, анасына жақындай бергені...
- Ұста мынаны! Жық, бауызда!
Жас әйел аузы түкті жалмауыз бауырындағы баласын тартып жейтіндей шар ете түскен. Одан арғысына дәрмені жетпеді. Жанарын ала қашқанда құлынның ай маңдайы Жоңғардың жондарында шашылған күннің қан қызыл шапағына шаншылып қалды.
Ұлықтар үйітілген қойдың етінен қомағайлана асап, былқып піскен құлын етін тауыса төңкеріп, Салқынбелдің тас бұлағы төгілген аңғарында мырғамға батты. Екі-үш күн тойлады. Ең бастысы, нәшәндік жолдас риза. Тізесін қапқан қарынын іркілдетіп, қарқ-қарқ күледі. Нәшәндіктің құлын етіне таңсықтығы - әйелқұмарлығынан екен. Жанында бір майысқақ, жылмаңтөс қазақ бар. Ұлығын құлын етінің құдіретіне дәніктірген сол екенін білетіндер кейін айтып та жүрді.
Әлгі неме аулақта, қазан-ошақтың маңынан ұзамаған жас әйелдің қасына, қонақтар бір тыныс тапқан кезде ыржалақтап жетіп келді. Ыржиғанда бет терісі құлақ шекесіне қарай түріліп, ылжыраған ауызға айналып кетеді екен.
- Жүр, - деді ол келе сала, - жүр. Сәбет әйелі ошақтан озған заман бұл. Біз сізді бұлай күтуші етіп қойып, қарап отыра алмаймыз.
Әйелі еріне қараған. Ері «бар» дегендей басын изеген соң, амалсыз шай құйып беруге көнді. Ыңғай еркек, оның үстіне жартылай жалаңаштанып тастап, қызара бөрткен «бөріктілердің» маңына әдепті қазақ әйелі аяқ баспайды. Келіншек «ошақтан озған заманның» салтына амалсыз бағып, ұлықтардың алдына тізе бүкті. Басында қызыл шәлі. Үстіне кең, молдау етіп пішкенімен тоқ мықынын, аршын төсін солқылдай кеп соғатын батсайы көйлек киген. Бояусыз, опа-далапсыз әйелдің жүзі әлде ұялып қысылғаннан, әлде намысқа булыққан ызадан алаулай албырап, «айғыр жалды» топ еркектің көзін арбай түскен. Шай құйысы қандай сәнді. Бір қырындап қонақтарға кесе ұсынған кезінің өзінде мөлт қара көздерін кірпігімен жасыра қояды. Ай астында аунап аққан түнгі өзеннің сыбдырындай бойынан елеусіз діріл байқалады. Нәшәндік орысшалап былдырға басты. Майысқақ қазақ ынсапсыз ыржиды. Сосын:
- Жолдас, - деді, - сіздің қызметіңізге, дәміңізге мына үлкен кісі рахметін жаудырып жатыр. Сіз де қысылмай еркін отырыңыз. Сәбет әйелдері еркін, ашық болуы керек. Сол үшін алдымен мына басыңыздағы жаулықты сыпыра салыңызшы. Қытайдағы іріп-шіріген әйелдер болмаса, біздің қазақ-сәбет әйелдері бұндайды қазір бұйым көрмейді. Қане, жұлып тастаңыз, құрысын!
Әйел кірерге жерден тесік таппай қысылды. Бірақ жаулығы басынан сусып түсе берген. Жылмаң қазақ жаулыққа жармасып үлгеріпті. Бұрымы да арқасына суси құлады.
- Охо! - деді осы сәтте төрдегі салқар орынды жалғыз өзі иемденген құлын жегіш құрдым, - анау не?
Құлын етіне құмар құлқыны терең ұлыққа бұлғаңдап отырғанның бәрі ентелей қалысты. Бұл - келіншектің ағасы сыйға тартқан күміс тарақ еді. Таңертең бұрымын бос өріп, алас-қапаста асыға жүріп шашының ұшын тарағына орай салған. Мыналардың мастықтан кілкіген жанарларын жарқ еткізген сол күміс тарақ алдымен нәшәндік жолдастың қолына тиді. Ол тараққа сүзіле қарап, еш қымсынбастан тістеп те көрді. «Күміс». Сосын осындайдағы әдетіне көшіп ұзақ былдырлады. Артынан майысқақ қазақ сөйледі. Ол да қайдағы пәлені жаудырып, біраз бұрқылдады. Ұққаны: мынандай тарақты ұстау қате екен. Түбірімен саяси қате. Бұның түбін тергеп-тексеру қажет. Қайдан шыққанын анықтау ләзім. Әйтпесе қиын, өте қиын. Жә, нәшәндік жолдас бір жолға кешірім етеді. Нәшәндік жолдас мейірімді, өте кең адам ғой. Сондықтан ескінің сарқыншағы саналатын тарақтың көзін құртқан абзал.
Сорлы келіншек «ағамның сыйы еді» дей алмады, көз жасын бұлап, үнсіз егіліп қала берді. Құлын етіне мелдектей тойып, күміс тарақты олжалаған ұлық белінде тасыған қанның қызуымен құтырып, құмасы жыртылып-айрылатын қаласына қайтты.
Содан кейін... күміс тарағын ойлап күрсінетін әйелге сәбет дүкенінен екіжүзді: бір жағының тісі сирек, келесі жүзінің тісі тығыз, мүйіз тарақ жолыққан. Тісі тығыз жүзімен битті, сірке мен қайызғақты сүзуге болады екен. Бұған да рахмет. Көп жылғы серігі. Көптен бері жан қалтасында.
***
Мүйіз тарақ кемпірдің жұдырықтай семіп, жұқарып солған жүдеу басының айызын қандыра тырналады. Тісін төбе құйқасына батырып, самайына сырғығанда бір уыс шаш болып бұрқырап шығады. Әйелдің шашы шашылмау керек. Әйелдің шашы жерде шашылып жатса, бұ фәни жалғанды ерте тастап кеткен ұрпағы әр талын жинап, қиналып жүретін көрінеді. «Астапыралла, алжыған басым не сандырақтап отырмын? Балам аман, бауырым бүтін. Тойшаным. Томпиып алып ұйқыны соғуын-ай өзінің? Алаңсыз. Алаңсыз ұйықта, аймаңдай құлыным менің. Сен оянғанша анаң ошақтың отын үзбейді». Кемпір мүйіз тарағының тісіне байланып, құйқасынан сыпырылған бір уыс шашын шөкемдеп алды да, шоғы күлгін тартқан пештің аузын аша берді.
***
Мектеп қабырғасындағы кезіміз. Ауылымызда Рымкеш есімді кейуана тұратын. Жалғызілікті жан болғандықтан үйіне жиі бас сұғып, мектеп оқушылары ұсақ-түйек шаруасына қолғабысымызды тигізетінбіз. Ұлдар отынын жарып, суын тасысақ, қыздар кемпірдің кір қоңын жуып, ас-ауқатын әзірлейтін.
Шалының жылқы баққанын білемін. Түнде жылқыларын айдың жарығымен айдап, біздің үйдің жанынан дүбірлете өтіп бара жататын. Тойшан есімді ұлы бар еді. Әскерден босаған бетінде қала жақтың тырна сирақ қызын қолтықтай қайтқан. Кейін сонысы бұзылды. Жеңіл жүрісі қойының құмалағы санаулы біздің ауылда тез білініп, ақырында қарасын батырып тынған. Қатыны жаман атын шығарып кеткен соң, Тойшан ағамды ауылдағы шарап сататын дүкеннің маңайынан жиі көріп жүрдім. Өзі бір ақ жүрек жан еді. Амал не, ат құлағы көрінбейтін соқыр тұманда бағытынан жаңылып, тракторымен Ақсудың құлама тік жарынан ұшып өлді. Шал жалғыз ұлдың күйігіне шыдамады. Екеуінен соң кемпір байқұс шалықтап қалды. Ертеректе бізді «Тойшаным еккен теректердің жапырағын жұласыңдар» деп бажылдай қуатын. Кейін сол теректердің түбінде отырып Тойшанымен өзінше күбірлесіп сөйлесетінді шығарды. Тойшанына баяғы тырна сирақ қатынын айтып ұрсады. Іле онысын жуып-шайғансиды. Тойшанын тыңдаған болады. Содан соң ақ жал сары құлын туралы айтып егіледі. Жылай-жылай тарамыстана қатып, бүктеліп қалған. Кішкентай орындыққа жабысып төрттағандап қана жылжитын. Бірақ ол Тойшанының өлгеніне сенген жоқ. Біз отын суын тасып жүргенде: «Тойшанымның жұмыстан келетін уақыты таяп қалды», «Ой, Тойшанымның тойы алда», - деп мәз болып отыратын.
...Бір күні естідік, кемпір мүйіздеп бітірген тағдырына мәңгілік мойын ұсынып, мүйіз тарақтан суырған шашын шөкемдей ұстаған күйі ошағының аузында көз жұмыпты.