Кейде өзімнен-өзім біреу түртіп жібергендей түн ортасында шырт ұйқымнан селт етіп оянып кетемін. Қайта кірпік іліндіру мұң. Төсекте ары аунақшып, бері аунақшып, жамбасым әрі тастай қараңғылықтан жанарым талғандай болған соң жалғыздықтан елегізіп атып тұрамын да болар-болмас бозарған терезенің алдына тақап барамын. Сол кезде айтып жеткізгісіз қуаныштан жүрегің лүпілдей соғады. Өйткені, мен алыстан қар жаумай тұрып үлгеру үшін тұқым сеуіп жүрген трактордың әлсіз жарығын көремін. Бір жағы жалғыздығыңды ұмыттырған күздік сеуіп жүрген трактордың жарығына қуансам, екінші жағынан, өзіңді жағалауға шығарып тастағандай жат көрінетін – ешқандай мистика-фантастика, ешқандай көз арбап, көңілге құрт түсіретін әлеміш-жәлеміш, ешқандай шоу бизнес, ешқандай поп-рок, ешқандай иномарка, ешқандай казино, ешқандай атыс-шабыс, ешқандай сыбайлас жемқорлық, ешқандай эротика, порнография, ешқандай рейдерлік, ешқандай тоғышарлық, т.б. құбыжықтар атымен жоқ. Тек танапқа тұқымдық сеуіп жүрген анау тракторист бар.
Алмат Жалбағаев