Семейде "Арай" деген керемет шұжық шығады. Сол шұжық шығаратын цехтың иесі өте қарапайым, шаруақор, қажыға барып келген тақуа кісі. Сол кісі шұжық дайындауға жылына 7-8 мың жылқыны Моңғолиядан кіргізеді екен. Арзан болғаны үшін емес. Әйтпесе, бір жылқының құны кеденді, сэсті есептегенде біздің жылқылармен бірдей шығады. Сол кісі "мен жылына осылай өз елімізден сатып алатын болсам 3-4 жылдан кейін Қазақстанда жылқы қала ма?" дейді.
Моңғолия Қытайға күніне 15 мың қой сояды екен. Айына 450 мың. Жылына 5 миллионға жуық қой. Бірақ 40 миллион қойы бар Моңғолия бұған мыңқ етпейді. Себебі, бір Баянөлгейдегі мал саны Қазақстандағы мал санынан көп.
Ауыл десе көз алдыларыңызға соғым мен қымыз елестейтіні шындық. Сол жылқыны өсіріп, қымыз сауу да оңай шаруа емес. Қазір ауылшаруашылығына мемлекеттен қолдау болмаса, субсидиялар нақты иесіне жетпесе малды өсіріп, көбейту қиын. Шөп те қымбат, жайылым жер де қымбат.
Ауылшаруашылығын тұралатқан ең басты кесел ол субсидиядағы жемқорлық. Қазақстандағы мал басының өспеуі, еттің қымбат болуы дәл осыған байланысты. Субсидияны кім шөміш басындағылармен жақсы сол алатыны ол енді белгілі нәрсе ғой. Мемлекеттің жіберіп отырған қателігі атам қазақ мал есебінде санамаған сиыр мен шошқаға субсидия беріп, жылқы мен қойды көзге ілмеуі. Сонда кім кімді мал санап отыр?
Субсидиядағы жемқорлық дегенімізді түсіндіріп өтейін. Мысалы, менің әкем Жомарт өз малы бар, ағайын-туыстың малын қосып мың жылқыға субсидия алды дейік. Келесі жылы сол жылқыны әкесі Тоқанға сатады. Субсидияға. Одан арғы жылы Тоқан атам немересі Оңғарға осы мың жылқыны сатады. Бірақ бәрі қағаз жүзінде. Әлгі мың жылқы қағаз жүзінде үш мың жылқыға айналды ма? Айналды. Енді жоғарыға бәленбай деген шаруа қожалығында үш мың жылқы бар деген мәлімет беріледі. Айналып келгенде Қазақстандағы ресми статистика мен нақты мал басының санының арасына такси жалдап баруға болады. Мал басы ресми статистикадан аз болған соң, етті Аргентинадан, Бразилиядан ұшақпен тасыған соң ет қымбаттамай қайтеді?
Сосын, субсидия ірі шаруа қожалықтарына ғана беріледі. Шағын және кіші шаруа қожалықтары сонда тоқалдан туған ба?