ҚАР БАСҚАН ЖАТ ӨҢІР
ҚАР БАСҚАН ЖАТ ӨҢІР

Алмат ЖАЛБАҒАЕВ

– Др-р... Тыр-р, жануарым! - Шал тізгін тартты. Қыстың аяз буған айлы түнінде ауыр да азапты жолдан үсті сауыс-сауыс, омырауына мұз сүңгілері қатқан, жалы қыраудан ақшулан тартқан торы айғыр терезелері шағылып үңірейген, аңғал-саңғал бес қабатты үйдің алдында титықтағандай көлденеңдеп кілт тоқтады.  – Жарадың, жануарым!- тобылғы сапты қамшысымен түлкі тымағын көтерген қария қан сорпасы шыға терлеген, үстінен буы бұрқыраған атына аса риза кейіппен көз тастады.  Содан соң: – Қиямет қиын жолға төтеп бергеніңді-ай,- деді көңілі алабұртып.

– Ата, мен көріп келейін... Басқа жаққа көшіп кетпесе, олар осы үйде болуы тиіс,- деді ішікке желбегей оранған орта жастағы әйел сабаны қалың төселген атшанадан түсіп жатып.

– Көрсең, көріп кел. Күте тұрам ғой. Менің құдамдікіне қона салғаның жөн еді.  Мына үйіңнің сұрқынан шошып тұрмын. Құдай біледі, кісі тұратын үй емес қой мынауың?!- деді қария терезесінің көбі шағылған, тіршілік белгісі байқалмаған төрт қабатты үйге тіксіне көз тастап.

– Ой, ата-ау, неше жыл көріспеген құрбым...- ақтала сөйлеген әйел амалсыз күлген болды.

– Мақұл онда. Еркің білсін,- беті тығыршықтай қызыл шырайлы қария шақшасын шығарды. Бұл аралықта әйел жүгіре басып, есігі ашық тұрған ортаңғы подьезге еніп кетті.   Көп күттірмей қайтып оралды. Қарт насыбайын әлі атып болмапты.

– Ата, сіз жүре бересіз бе, әлде... осында қона кетесіз бе? – деді келіншек көңілдене тіл қатып.

– Үйінде ме екен?

– Иә, үйлерінде екен.

– Онда «қашпақ болсаң , зымыра» деген... Мен қозғалайын. Мұнда қайтып қонамын? Аттың жем-суы бар дегендей...

– А, иә, сонысы бар екен ғой, құрғыр. Ауылға қашан қайтасыз?

– Ертеңгісін ерте шығамын ғой. Кідіретін жөнім жоқ. Қазір құдамдікіне барып, таң атқанша мына атты тынықтырып, тыңайтып алуым керек.

– Онда көріскенше күн жақсы, ата. Қиынсынбай әкеп тастағаныңызға рахмет. Тәтемдерге сәлем айтыңыз. Қалаға қыдырып немесе шаруамен келсеңіздер, менікіне соқпай кетпеңіздер. Әйтпесе, өкпелеймін,- деді келіншек.

– Өстіп ауылға анда-санда ат ізін салып, марқұм күйеуіңнің басына кеп тұрсаң, аруағы бір аунап түседі ғой. «Рахмет» дейтін түгі жоқ. Пайғамбар жасынан да асып барамын,- деді қарт жұмбақтай сөйлеп. Сосын делбені қақты. – Шү-у, жануарым!

Обалы не керек, етжеңді құрбысы оны құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алды. Ебедейсіз қимылдап, арақ иісі мүңкіген аузымен мұның бетін түгел сілекейлеп тастады. Тіл қатуға дәрмені жоқтай, көз жасын бұлап, құрбысының аяз иісі – қар иісі аңқыған сұп-суық жағасына тұмсығын тығып, ал кеп ботадай боздады дейсің. 

– Қой енді, қоя ғой. Әбден ішқұса болып, сағынсың-ау мені... Күйеуіңмен таныстырмайсың ба? Ол қайда? Көрінбейді ғой өзі? –деді қапелімде сасқалақтап қалған келіншек. – Сені қайыра тұрмыс құрды деп естіп едім... Тойыңа шақыруды да білмейсің. Көзден кетсе, көңілден кетті дегенің бе бұл,- деді сырт киімін әлі шешпеген қонақ келіншек өзімсіне өктем-өктем сөйледі.

– Қайдағы той? Сен де айтаады екенсің,- деді шала мас құрбысы ықылық атып. – Екі чемоданын ғана арқалап келген бейбақ... Өзі маған ренжіп жатыр. Жаңа ғана, сен келер алдында керісіп қалғанбыз... Пішту, өкпесі неге түсіп қалмайды екен. Жатыпішер жалқау, арамтамақ. Араққа салынып, әп-әйбат жап-жақсы қызметінен қуылды. Өзі көксау. Көкірек дерті жабысқан. Кет десем, кетпейді. Бірақ, баратын жері де жоқ ол байғұстың...

–         Құдай-ау, сен не айтып тұрсың? Күйеуің туралы олай деуге қалай дәтің барады, - құрбысын жазғыра сөйлегенімен даусынан көңілді наз ескен қонақ әйел сырт киімін шешіп, ішке озды. Ол түкпір бөлмеден кереуетті бір уыс боп бүк түсіп, теріс қарап жатқан еркек пен оның аяқ жағында бір-біріне ұйлығысып, үн-түнсіз отырған екі кішкентай бүлдіршін қызды байқады.

– Томпиған түрлеріңнен айналдым. Қараңғыда неғып бұйығып отырсыңдар? - әйел өз үйінде жүргендей әй-шәй жоқ екі қыздың бетінен сүю үшін еңкейгені сол еді: – Сіз кімсіз? Менің қыздарымды не істемексіз? – даусы қырылдай шыққан еркек басын көтерді.

– Қыздарыңды жемеймін. Мен әйеліңнің техникумда бірге оқыған құрбысы боламын. Мына жатысыңа жол болсын. Қонақты осылай қарсы ала ма екен, - деді кимелеген келіншек. Осы сәтте еркек күркілдеп жөтелді-ай дейсің. Ұйлығысып отырған бүлдіршін қыздар әкелеріне жармасып, жылап қоя берді.

– Қыздарыңа жаның ашыса, ауруханаға жатып, неге емделмейсің? Жұқтырасың ғой әлі пісіп-қатпаған көкіректеріне.

– Мейлі. Өлсе, өле берсін. Бүйтіп итшілеген тірліктен мүлдем кеткендері жақсы. Сіздің қимаңыз неғып қыши қалды? Аулақ жүріңіз ары, - деді жөтел қысқан еркек қыстыға тіл қатып.

Әйел үн-түнсіз кері шегінді. Жаңағы сауалын ас үйде күйбеңдеп жүрген құрбысына қойды: – Мына күйеуің өмірден әбден түңілген жан ғой. Кесірі ана екі қызына тиеді емес пе? Ау, тірі жансыңдар ма, өзі?! - деді қонақ әйел ышқына тіл қатып.

– Тамақты қайдан табамыз деп жүргенде, оған ақша қайда? Өзіне өзі жаны ашымаған адамға кімнің жаны ашысын. Өз бетімен тырбанып, тірлік қылу деген жоқ. Өлік не, бұл не, айырмасы жоқ,- құрбысының ашудан түтігіп кеткен түрінен сипақтай жанарын алып қашқан қонақ әйел осында келгеніне өкінді. Сонсоң, қып-қызыл боп шоқтанған плитаға торыға қарады. Ұзаққа созылған ауыр тыныштықты алдымен үй иесі бұзды. Құрбысын татулыққа, мәмілеге шақырғандай үні бәсең шықты.

– Таң қалып отырған шығарсың, мына саршұнақ аязда қалай жаурамай жан бағып отыр деп. Плитканың арқасында... күндіз-түні қосып қоямыз. Тура ақшаның жұты. Көршілеріміздің бәрі жер үйге көшіп кетті. Көштің соңында қалып қойған біз ғана. Керек десең, мынау қараң қалып, қаңыраған үйдің шатырына әуелі көгершіндер де қонақтамайтын болды, - осыны айтқан үй иесі, кенет, егіліп жылап қоя берді. – Күйеуімнен ажырасайын десем, балаларын қимаймын. Оларды тағдырдың талқысына тастағандай боламын ғой. Мұндай тағдырды олар әдейі қалап алған жоқ қой... Мені тасбауыр екен деп ойлап қалма. Рас, қатты ашуланған кезде тілім тиіп кетеді. Құдай аман-есен жеткізсе, өздері де түсінер... – сұқ саусағымен көз жасын жасқаған үй иесі: – Жә, өз жағдайың қалай, соны айтшы.

– Шүкір, жағдайымыз жаман емес. Ұлдарым ержеткен. Алды үйленіп, отау құрған. Өз тірліктері өздерінде. Маған салмақтарын салмайды. Кейінгі кезде марқұм күйеуім түсіме ене берген соң басына бір барып қайтайын дeп, қыстың көзі қырауға да қарамай жолға жиналсам болмай ма... Балаларым қос-қостан машина теуіп жүрсе де «бизнес, бизнес» деп, мені жеткізіп салуға мұршалары жоқ.  Қарақтарым-ау, бөтенің емес, өз әкелерің ғой десем, «ой, мам, нам некогда», - деп қолдарын сермейді. Әйтеуір мұрындарына су жетпей жүреді. Қайдан шықса, онан шықсын деп, өзім тартып кетуге тура келді... Ауылдан қайтар кезде қас қылғандай қардың төпеп жаумасы бар ма. Оның үстіне, түнеукүнгі бұрқасыннан жол жабылып, омалдым да қалдым. Қайта Жұман ақсақалға рахмет, атшанасымен осында жеткізіп тастағанына. Құдай басқа салмасын, омбылап, итшілеп әзер жеттік...

Түтікшеден сұрғылт-лай түсті бозадан қайнап-бөлініп түзілген мөп-мөлдір спирт тамшылайды.

– Міне, түнде ұрланып, самогон айдап, өстіп жан бағамыз. Спирттен арақ жасап сатамыз... Үндеме, спирттің сапасын тексеру үшін қазір эксперимент жасаймыз, саспа...- сұрғылт-лай қоймалжыңнан мөп-мөлдір боп бөлінген спирт тамшыларына айран-асыр қарап қалған құрбысына үй иесі қулана көз қысты. Сөйтті де: – Қыздар, келіңдер, қызық көреміз,- деді түкпір бөлмеге дауыстап.

Бірінің артына бірі тығылып, қонақ әйелді жатырқаған екі бүлдіршін қыз бұлар отырған тұсқа жасқаншақтай жақындады. Қонақ әйелдің жүрегі сыздап сала берді. Мана, қаракөлеңкеде байқамаған екен, үлкені болу керек, кісіге сығырая күлімсіреп қарайды екен... Оң жақ самай шекесінде жамау сияқты тыртық ыстық будан күйгендей күлдіреп көрінеді.

– Жаратқан ием-ау, көрсетпегенің көп екен-ау!-қыстыға күбірлеп жібергенін өзі де аңғармай қалды.

Соның арасынша үй иесі жарықты лып еткізіп сөндіріп, спиртке от тұтатты. Қараңғыда күмілжі сәуле шашып, лап-лап жанған спирттің көгілдір жалыны қараңғылық қымтаған бөлменің түкпір-түкпіріне жұмсақ сәуле шашыратты. Сырттан қараған адамға олар бал ашып, спиритизммен шұғылданып отырған тәрізді. Бүлдіршін қыздар қылдырықтай мойындарын созып, көгілдір жалыннан көз алмайды. Жанары дымданып үздіге қараған үлкендеуі шалықтай күлімсіреп еді, қамыққан мейман бетін қос алақанымен басып, шомылатын қуықтай шошалаға жүгірді. Қитығып кетіп қалғандай әсер қалдырса да оның бұл қылығына ешкім мән бермеді.

Сіз менің қыздарымды өйтіп мүсіркеп, есіркемей-ақ қойыңыз. Түкірдім оныңызға, - кенет еркектің түкпір бөлмеден шыққан қырылдаған үні ілкідегі сәттің шырқын бұзып, қайта жарықты жағуға тура келді.

– Құдай-ау, әлі ашуың басылмаған ба? - жақтырмай тіл қатқан үй иесі: - Құдай біледі, сенің құлқының арақ тілеп тұр ғой, елірген қайыршы...

Неге екені белгісіз, екі аттап, бұлардың қасына жеткен еркек түтігіп кетіпті. Өзі алқына береді. Еркек күйіп-пісіп, мұның өтірік сөз екенін, мұндай жаптым жала, жақтым күйеден бойын аулақ салатынын айтып, бір сұрланып, бір бозарды. Қойнында жатқан әйелінің осындай сұрқия ойларға қалай ары баратынына қатты «таңырқады». Қонақ әйел болмағанда бұл ұрыс-керістің арты неге апарып соқтыратынын бір құдайым білсін. Мейман мен үй иесі әке-көкелеп, өз кінәларын «мойындап», әрең тыныштандырды. Ақыры олар арақ ішетін болып келісті. Еркектің шамына тиіп, қайта ашуландырып алмасы үшін қонақ әйелдің жолаяқ ырымын сылтауратты.

– Аяз сорып, ауыр да азапты жолдан қажыдың ғой, тағы жол жүресің, тынығып алсаң қайтеді,- деп еркек пен үй иесі әйел екі жақтап үгіттесе де қонақ әйел әлі тыңмын деп бой бермей қойды. Бүлдіршін қыздар түкпір бөлмеге қайта тығылды. Түннің бір уағы болса да олардың әлі ұйықтамай, ұйлығысып отырғанына үшеуі жаңалық ашқандай таңырқасып, бір күлісіп алды. Сонсоң, көңілі бос қонақ әйел бүлдіршін қыздардың тағдырына қабырғасы қайысып әрі түсіне ене берген марқұм күйеуін ойлап, «Ой, не могу!» деп көз жасын бір сығып алды. Басына тартқан шыты көзіне түскен үй иесі әйел тез масайып қалды. Басы бұлғаң-бұлғаң етіп, мұрын астынан міңгірлей береді. Оның не айтып жатқанын өзімен-өзі болып, тұңғиық ойға кеткен мейман әйел түсінбейді. Тіпті, назар да салмайды. Тек еркек қана әлдебір әуенді ыңылдап қояды. Есіне түспегендей ара-арасында басын шайқап қояды. Мейман әйелден қысылғандай: – Назар аудармай-ақ қойыңыз, тез қызып қалатын әдеті өзінің,- деп, еркек міңгірледі.

Қонақ әйелді, амал жоқ, еркектің өзі шығарып салуына тура келді. Қалаға қатынайтын көлік таң қараңғысында, ерте жүретіндіктен қонақ әйел әлі ұйықтамаған бүлдіршін қыздардың беттерінен сүйіп, ішімдіктің уытынан ісініп кеткен бет-аузын бөртпе шәлімен тұмшалап, жолға жиналды.

– Мен келгенше ұйықтаңдар. Мен қазір мына тәтелеріңді шығарып саламын, - деді  еркек төсекте үрпиісіп отырған қыздарына. – Айналайындар, ақылдарың бар ғой. Папалары келгенше менің қыздарым ұйықтап қалады,- деді үлкен қызына елжірей қараған әкесі қыздарын еркелете сөйлеп. Сосын жанарындағы жылт еткен жасты көрсетпес үшін жалт бұрылып, асығыс-үсігіс есіктен аттап-бұттап шыға жөнелді.

Өмір сүруге деген талпынысың мен ұмтылысыңды, ессіз құштарлығыңды және бойыңдағы қандай да бір жұқана қабілетіңнен жұрдай ететін азап-қасіреттің жұрнағы да сезілсеші мынау асқақ түннен. Сөйтсе де мынау асқақ түннің құшағында өзіңнің жұмыр басты пенде екеніңді жұлыныңмен сезіп, пұшайман күй кешесің. Бозғылт көкте жұлдыздар семе бастаса да он бесіне толған ай әлі жап-жарық. Қараңғы түн тұмшалаған мөлдіреген әлемді нұрландырып, қар басқан алапта сен сияқты ғажайып жан иесін де, мен сияқты аяздан тіс-тісіне тимей жаураған мүсәпірді де дауасыз зарықтырып қояды. Махаббатқа адал да аяулы жанды аңсайсың да іздейсің. Бірақ, олардың армандауға мұршалары жоқ, тістелеген аяз бүрсең қақтырады. Құлақшынын киюді ұмытып кетті ме, еркек жалаңбас шығыпты. Өсіп кеткен шашы шекесіне сырғи құлап, өзі қан-сөлсіз қаймыжық ернін жымқыра береді. Көптен бергі сырқаттан жүдеп-жадаған дидары тым жабырқаулы. Тырна сирақ тарамыс қолымен жаураған құлағын уқалай береді. Соның өзінен оның аса бір аяулы жан екенін, тырнақ жонар кірпияздылығын аңғарып қаласың. Әйтсе де сол тарамыстығынан тартып жүрген секілді мазасыздықты. Өзін ауру айналдырған жан екенін, өзінің бәрібір жетім-жесір екенін енді түйсінгендей – қонақ әйелмен осынау аяз буған айлы түнде оңаша қалғанына қорынды, қолайсыздық тудырған мазасыз сезімнен дегбірі қаша берді. Аялдама үйдің маңында болғандықтан, олар діттеген жерлеріне тез келді. Көлікті үнсіз күтісті. Жуығырақта көліктің келе қоятын түрі көрінбейді. Көлік келетін жаққа телмірген әйелдің төзімі таусылды.

– Құдай-ау, өзі де атқан таңдай ажарлы еді ғой...- кенет, қонақ әйел қыстыға күбірлеп. Тұмшаланған аузын биялай киген қолымен көлегейлеп алыпты. Еркек аң-таң, кенеттен аһ ұрған әйелге аңырай қарады.

– Күздің сарғайған сол таңында... - ықылық атқан әйелдің үзік-үзік сөзінен алғашында түк ұғып жарытпады.

– Кейде жынданып кете жаздаймын... Күздің сарғайған сол таңында ол атылып өлді... Заман а деп бүліне бастаған кез. Қайта балалар ес біліп, ержетіп қалған кез... Қара жер хабар бермесін... сөйтсе де... қарыс жерге қадамы қатып  тұратын көкжалқаудың өзі еді ғой. Басқа міні жоқ, тек сонысы... зығырданымды қайнататын. Бетінe баса беруші едім... Оның түбіне жеткен менің сүйектен өтер ауыр сөздерім болды. Иә, солай... Менің адуын ашуымнан ығып... Ол қорғансыз сәби сияқты....

Еркек өзімен-өзі, қыстыға күбірлеген әйелдің марқұм күйеуі туралы айтып тұрғанын, мастығы әлі тарқамаған әйелдің шер тарқатып тұрғанын түсінді. Аузына жөпелдемеде жұбататын сөз түспей, ебедейсіз қипақтап, онан сайын дегбірі қашты.

– Болған іске болаттай берік бол деген. Сіз... сіз қайта мужественный әйелсіз. Құдай үшін сабыр қылыңыз. Ия, сөйтіңіз, - еркек тез сөйлеймін деп кекештеніп, тұтығып, алқынып қалды.

– Өзі де бір атқан таңдай ажарлы еді ғой, - деді әйел өксігін баса алмай. Осы кезде бұлардың қасына қараңдай қыбырлап, жылы киінген бүлдіршін қыздар келіп жетті. Олардың бұл жүрісіне алғашында таңқалысқан еркек пен қонақ әйел мелшиіп тұрып қалды. Есін тез жиған еркек болды, қыздарының мына жүрісіне ашуланып, ұрсып-ұрсып тастады. – Үсіп өлейін деп пе едіңдер. Кәне, келген іздеріңмен кері қайтыңдар. Немене, мені бір жаққа қашып кетеді дедіңдер ме. Мамаларың қайда? - Еркек енді әйеліне ашуланды.

Әкелерінің ашулы сөзінен жасқанып, жанына жақын келуге батпай бүлдіршін қыздар аулағырақ барып тұрды.

– Мамам ұйықтап қалды,- деді үлкендеуі.

– Сондай адам қайтып шеше болып жарытады дейсің?- Еркек ашуын әлі баса алмай тұр.

– Папа, ұйқым келді,- деді кішірек қызы қыңқылдап.

Тыныш тұр, әйтпесе бізді үйге қуып жібереді,- деп үлкендеуі сыбырлай сөйлеп, сіңлісінің жеңінен тартқылады.

Бұл кезде еркектің дегбірінің қашуына себеп болған, қонақ әйелдің төзімін сарыққан, зарықтырып, көп күттірген, алыстан фары жарқыраған қорап автобус та көрінді.

Әйел үлгеріп қалайын дегендей жылдамдата, бір айтқанын он мәрте қайталап, қайта-қайта пысықтай сөйледі: – Қалаға жолдарың түссе, міндетті түрде менікіне соғыңдар. Қолымнан келгенше көмектесіп бағамын. Иә, сөйтіңдер. Құдай қашанғы жылата берсін... Апақ-сапақта қоштасудың өзі ебедейсіз шықты, әсіресе, икемсіз еркек оралымсыздығына күйінемін деп, кекештеніп қала береді. – Ал, енді... хош-сау болыңыз. Құдай жолыңызды оңғарсын...

Ешнәрсені ұғып жарытпаған кішірек қыз ғана өзін жайбарақат ұстады.

CаттарCаттар
9 лет назад 6045
12 комментариев
  • Өзі де бір ауыр жазылған әңгімем еді
    9 лет назад
  • Ия. Ауыр екен. Аянышты. Қасірет...
    9 лет назад
  • Иә... "Герои нашего времени". Өте ауыр, өте қорқынышты. Г. Г. Маркестің "Жүз жыл жалғыздығын" оқығанда осындай күй кешкен ем. Жалпы ауыр дүниелерді оқымауға уәде берген ем өзіме өзім. Дегенмен, Саттардың мына әңгімесі архитрагедия, целый бір ұрпақтың трагедиясына ұқсас. "Каждая несчастная семья - несчастна по своему" деп Л, Толстой бекер айтпаса керек.
    9 лет назад
  • Драматизмге толы шыгарма
    9 лет назад
  • Бір емес бірнеше мәрте оқыдым. Оқыған сайын ауыр күйге ендім. Жыладым да. Екі бүлдіршін қызға қатты жаным ашыды. Авторға үлкен рақмет жеткізе білгені үшін.
    9 лет назад
  • Тағдыр. Тауқымет. Харам. Бір деммен емес күрсініспен оқып шықтым. Өмірдің көлеңкелі тұстарын жасты да жасамысты да ойната отырып көрсеткен екен. Өмір шындығын, ащы судың әлегін, шынайы жеткізе білген екен.
    Жат өңір тұрғындарын жақсы өмірден кездестіре алатындай дүние күтеміз.
    9 лет назад
  • Мейман әйелдің жанашырлығын әдемі суреттепті.
    9 лет назад
  • Күрең тартқан қыстың суық лебі мен басқан ізінен аяздың ащы даусы жақсы бейнеленген. Әрі әйел адамзатының күш жігерімен өмірден түңілген қайғысы көрінеді. Шамшырақтай жанған өз перзенттеріне деген сүйіспеншілігі аса қымбат екені. Тек бұл отбасы сонау бір қараңғылыққа тартқан түн сияқты. Ал бүлдіршіндердің әрбір атқан таңға асыл армандары өте көп. Қиыншылықты өткерген әрбір қазақтың өмірі сияқты. Рахмет Саттар, келесі мақалаңызды комедия жанрында күтеміз.
    9 лет назад
  • н н
    "Қар басқан жат өңір" тақырыптың өзінде терең оқиға жатыр. Әңгімені оқып шыққанда жүрегім сыздап, әлем өзгергендей болды. Алмат білімділігімен, білгірлігімен жақсы жеткізген. Сізге қаламыңыздың сиясы кетпей, қағаз беттеріне еңбектеріңіз шыға беуіне тілектеспін.
    9 лет назад
  • н н
    kereme
    9 лет назад
  • Шыгарма ащы бир аязды кыстын корниси.Сол кыстын туман торлаган бораны мен азабы.Осы киыншылыкпен куресип келе жаткан Отбасы.Алдамшы созбен,тунилген козбен откизген омирлери.
    9 лет назад
  • Аянышты...керемет жазылган. Али жылап отырмын. Аллага мын да бир шукир...Ата анамыз аман болсыншы...
    9 лет назад
О блоге
0
24971 187 228 91 137