Алмат ЖАЛБАҒАЕВ
І
Торлаған тұманнан түк ажырағысыз төңіректі іш қатпары мол іңір үйездеп, тал түсте кеш батқан тәрізді, ымырт тас қараңғы. Қараша үй іргесіндегі қотанға иірілген қойдың жым-жырт жусаған тыныштықта күйіс қайырғаны естіледі. Одан ары – мәңгі жасыл, сыңсыған қалың қарағай. Жауын-шашынсыз ашық күндер мен түндерде, әсіресе, күн қызғанда қалың қарағайдан аңқыған шайыр иісі кеңсірігіңді қытықтап, еріксіз түшкіртеді, тәнге шипа, жанға дауа қасиетіне сүйсінесің. Сүйсінесің де осы көрген күніңе әлдебір соқыр түйсікпен мың мәрте шүкіршілік етесің. Шүкіршілік келтіретін жалғыз бұл ғана емес еді... төрт қанат қараша үйдің іші ұядай жылы. Мұнда да кереге бойы кептірген арша мен шыршаның ақшылтым иісі танау жарады... Әлдеқашан ас ішіліп, аяқ босатылған. Түн жарымына таяп қалса да преферанс сызып отырған жігіттердің ешбірі тура осы тәрізді қараша үйлеріне қайтқысы жоқ, ойынның қызығына елтіп, таң ағарып атқанша бел жазбай отыруға бейіл.
Омарташының жар дегенде жалғыз ұлы, кәмелетке биыл толса да әлдеқашан ересек тартқан, әкесі орыс, шешесі қазақ Косых Денис те осында. (Әкесі сонау елуінші жылдары, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақыттары ішкері Ресейден Қазақстанға қоныс аударып, етектегі ел ішінде де байыздамай, тек жадыраған жаз айларында жоқ іздегендер ғана қара көрсетпесе, былайғы уақытта жан баласы аяқ баспайтын иен таудың бір қуысында омарташылық кәсіппен айналысып, дәм тартып, осы арада тұрақтап қалады. Аз жылдың ішінде қазақшаға судай, ұрын барып жүріп, өзінен екі мүшел кіші Аманбөктердің он екіде бір гүлі ашылмаған ару қызына үйленіп, үйлі-баранды болады. Ешкіммен қақ-соғы жоқ, әкесі олай-былай дейтін емес, шешесі қойдан қоңыр көрінген Косых Денистің жөргегінен қағынып, кімге тартып туғанын кім білсін?!). Өзі осы үйдің отағасы Ерен Қайратпен тізе түйістіріп, қақ төрде қатар отыр. Осы отырған жігіттердің ішінде қылығын кісі ұғып болмайтын шәлкем-шалыс болса да іш қоймасын тірі жанға тіс жарып аша қоймайтын аса ұрт мінезді, суық қаруға үйір Ерен Қайраттың бабын табатын да жалғыз сол. Қолы жүріп, ұтыс шықса, жетілік шамның күңгірт жарығында көзіне ұйқы тығылып, шалықтай күлімсірейді. Суық қару демекші, Ерен Қайраттың застава адамдарынан жасырып, киізге орап тығып тастаған обрез, малапулька, тіпті, қайдан қазып тауып алғаны белгісіз, ХІХ ғ. маркісіндегі зілмеауыр ағылшын винтовкасы бар деп те естігем ұзынқұлақтан. Соның бәрі сырт көзден таса. Сұрауға оның аса ұрт мінезінен жасқанып, жанқияр досы Косых Денистің өзі де батпайды. Жалпы, Ерен Қайраттың бітім-болмысында күдік жасырынған күңгірт бірдеңе бар – күлгін шашының өзі күдік шақырады, алда-жалда күңк етіп тіл қатса, даусы да күдік қашырып, күңгірт шығады. Және тұла бойы толған күпірлік пе дерсің... Қолы бос уақытта бар тірлігі – жігіттердің басын қосып, преферанс сызады, апта аралатып, Косых Денистің қарағайдан қиып салған моншасына барып шабынады. Ол туралы – болған-біткені осы.
ІІ
Аңызға сенсек, Қарасырық жүз жылда бір тасиды. Сайдың табанын қақырата тіліп, арқырап аққан, өткел бермей от-дария боп жатқан асау да тентек неме тасымасын деңіз. Бір тасыса – дүлейленіп, ғасырда бой түзеп, көкке шырқап үлгерген қарағайларды жаңқа құрлы көрмей тура омырып әкетеді. Жағалауының кей тұсы мізбақпай мелшиген жақпар тас, жел-құз да, кейбір тұсы жайдақ, түйетайланып біткен, бір-бірінен бой асырып, қалың қарағай іркес-тіркес қаптай өскен. Ернеуін жырып қашқан кіші-гірім өзеншелерді есептемегенде, қалған тұсы – жұмыртқадай жұп-жұмыр тастардан аяқ алып жүргісіз ақ қайран болып келеді. Өзінше ұлан жазықты алып жатқан ақ қайранның шетін тұйықтап, Имаштың ұшпасы атанған, таздың басындай кіл тас шағыл болып келетін қиямет бар; қияметке емініп, Имаш ұшпасының ұшар басына дейін иін тіресіп, тағы қалың қарағай қаптай өскен. Одан ары – мәңгі мұзартқа барып ұласатын үстірт. Бұл үстіртте ақтылы қой шашырап жатады, үйірлеп жылқы жайылады, екі күннің бірінде көкпар тартылады. Әйтсе де, көсіліп көкпар тартатындай емес, ен жазық деген аты ғана, әйтпесе сәбидің еңбегіндей былқылдап жатқан әредік жердің өзінен атты адам тұрмақ жай жүрдім деген жаяудың өзі иманын үйіріп өтеді.
Әне жерден бір, мына жерден бір мүк пен қына жапқан үйдей тастардың жарым-жартылай шым батып, шөке түсіп жатқанын көресің. Ол ол ма, бұл арадан маңында арқардың атамзаманғы шаңырақтай мүйізі мен ақ сөңке болып, бей-берекет ыбырсып жатқан, әдейі қолдан тұрғызылған тас қорымды да ұшыратасың. Бір замандарда қазақ даласында ат ойнақтатқан құба қалмақтан қалған белгі.
Көкпар – Косых Денистің жұлдызды сәті. Көкпар тартылатын күні оны мүлдем танымай қаласың, әдеттегі шәлкем-шалыс мінезін қолмен сылғандай... қайта, керісінше одан өткен сән-салтанаты қатар жарасқан салиқалы да салқынқанды пенде жоқ; айналасы көгіс тартып, көлеңкеленіп тұратын қой көзі ұшқындап, оқтаудай жұтынып тұратын сұңғақ бойына ғайыптан тайып сұңғылалық біткендей көрінетін. Әлдебір сиқырдың құдыретімен көз алдыңда сәт санап өскен қарағайдың мол саясынан барып бір-ақ шыққандай біртүрлі қызық әсерде тәнті боп, таң қалып та үлгермейсің. Додаға түскенде білек сыбанып алған кіл сайдың тасындай, тепсе темір үзетін тегеуренді жігіттердің өзіне дес бермейді, тіпті, көкпарды бір кісідей-ақ тартатын Ерен Қайраттың өзінен ықпайды. Көкпар тартқанда онымен үзеңгі қағыстырып, тайталасатын бір-ақ адам бар. Ол – жылқышы Болат, дәлірегі, жылқышының ұлы – Болат Тұрарұлы. Додада екеуі итжығыс, бірде Косыхтың, енді берде Тұрарұлының бағы жанады. Көбіне жылқышының мерейі үстем түседі. Басы кесілген шібіштің жансыз денесін Косых Денистің тақымынан суырып алғанда көкдолыға айналған омарташаның ұлы көкпардың шартына сыймайтын күйінішті жат дауыспен: – Қаныңды қасықтап ұрттаймын!- деп ақыра ұмтылады... Оған жылқышы қыңбайды. Қайта келсең, кел дегендей қасқайып қарсы салады. Бетін тарам-тарам жас жуып, есіріктеніп алған бәтшағарды қақ бастан дойыр қамшымен тартып жібере ме деп, зәре-құтың қашады. Абырой болғанда, көкпаршылар қаумалап, Болат Тұрарұлының оған мұршасын келтірмейді. Косых Денис те лаң ғой, қас қағым осы сәтті қапы жібермей, тұтқиылдан соғып, жан-жағын шырқ иіріп, ақыры қоймай жүріп, шібіштің жансыз денесін салақтатып, тақымына басып шығады. Оның соңынан аламанға ат қойғандай бүкіл көкпаршылар шабады.
Барша тышқан шым топырақты үңгіп, қопсытып қазып тастаған көдедей көп іннің біріне абайсызда аттың аяғын тығып алуы мына тұрған жер – ол сақтықты тарс естен шығарған әлдекімнің есік пен төрдей сақа айғырмен құтырына, құлын-перен құйғыта шауып, тұсыңнан өте шыққанда бәрібір соғынды неменің соңынан жосылып түскен үрейдің ізін аңдап қаласың... бір сәтке.
Жігіттердің бойындағы таңға ұзақ кірпік ілдірмейтін, ең алдымен мәрттігі аңғарылатын бұла еркелік пен серілік от-қуат беріп желіктіретін қарағайдың қасиетінен. Жігіттердің жиі-жиі бас қосып, жұбы жазылмай ойын-сауық отауын құрып, қызық қуатыны да содан шығар.
ІІІ
Ауа – саумал, тәнге сылаудай жағатын түн; аздап тоңазисың – іздегенге сұраған, шаршағаныңды басып, сергіте түседі. Мана, іңірде қылт еткен қылдырықтай айдан кейін түн жарық тартты, – айсыз әлдеқайда жарық, күндіз күн құбылатындай тұңғиық көк кенет уылып, ол қатерлі сәт соқпай өткен... енді түк болмағандай жұлдыз біткен әне-міне тамып кететіндей «тұмсық түртіп» мөлт-мөлт етеді. Әйтсе де төңірек бұйығы...
Тең жарымынан астам орыс болса да көкпарды ағайыншылап заставаға түсіргенбіз. Біразы таныс, көбі Косых Денисті ет жақын туысындай көретін дос-жар жігіттер қазақ дәстүріне қанық, қонақжай пейілмен құрақ ұшып қарсы алды. Сыйға – сый, сыбағаға – бал, кәденің аты – кәде, мұндай кезде қаптың аузын ашып, уставты қатаң сақтай бермейді; бірақ, қырағылықтарын және жоғалтпайды... Дереу жеңін түрініп, іске кіріскен застава жігіттері электр жарығында көкпаршылардың тегеурініне шыдас бермей қарны жарылып, қан-жыны ақтарылған шібіштің етін жуып, тазалап, енді біреулері картоп аршып жатыр. Сірнелетпек. Күнұзақ ат үстінде аш жүрген мұнша жігітке шібіштің етін азырқанып, Косых Денис өз қорасынан тағы бір тоқты алып сойдырды. Бүгінгі кеште осы өңірде одан өткен жомарт, одан өткен дархан, одан өткен мырза жоқ. Өзі маржандай тісін ақсита масайрай күледі. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, ара-тұра жан-жағында күйбеңдеп жүрген жігіттердің көңілін көтеріп, сөзіне әзіл қатып, ду күлдіріп қояды. Айт-айтпа, қалай айтса да, не істесе де жарасатын Косых Денистің асығы алшысынан түсіп, бүгін толық патша болған күні. Сырдың суы сирағынан келмейді..
– Осы сенің бір ақсайтаның бар адамды еліктіріп әкететін,- деп, тоқмейіл застава бастығы қарқ-қарқ күліп, бір сәт өзімен-өзі мәңгіріп тұрып қалған Косых Денисті жотасынан қағып, қалжыңымен қағытып қояды. Оған басқа жігіттер де айыздары қанғандай оның сөзін құптай күледі.
ІҮ
Ат соғып тастаған жігіттердің тотыққан жүздерінен шаршап-шалдыққандары атойлап енді білінді. Көбі киіз төселген нардың үстінде өлген адамдай сұлқ түсіп, сұлап жатыр.
Осындағы жігіттердің арасынан Ерен Қайрат көрінбейді. Ол Косых Денистің есірігі ұстағанда-ақ көкпардың қызығы мен шыжығынан күдер үзіп, шала бүлініп, мана қайтып кеткен. Оны жазғырып, жалғызсырап іздеген Косых Денис жоқ, тіпті, мына дүниеде оның бар-жоғын тарс естен шығарған тәрізді. Есесіне, Болат Тұрарұлы осында. Әдетінде жоқ қылықпен жігіттермен қоян-қолтық араласып, олар күлсе – күліп, олар қажасса – қажасып отыр. Ер шекіспей бекіспейді. Косых Дениспен төбелесе жаздап барып, қайта татуласқан. Косых Денис оның алдында өзін тым бұғыңқы ұстайды, ашу үстінде аузынан абайсызда шығып кеткен сөзі үшін өзінше кінәсін жуып-шайған түрі. Тілінің қотыры бар, іші тар кей жігіттер ол екеуінің кеңқолтығын пайдаланып, жатыпатар мысқылмен іліп-шалып отырып, бірдеңе десе, Косых Денис көңірсіген иісті сезіп қап, қырау тұтқан қабақ астынан көз алартса, қосақ арасына өздерін де қыстырып жібереді. Косых Денистен Болат Тұрарұлымен арадағы өзінің таяздығынан қаяу шалып, сынып барып аман қалған қауырсындай жеңіл, қыздай нәзік сезімге одан ары қиянат жасап, сызат түсіргісі келмейтіні аңғарылып еді .
Болат Тұрарұлы – сұңғақ бойлы. Ол құлдығыма Тәңірімнің өзі қарағайдай сұңғақ бойды әлдебір жүкті көтеріп жүру үшін маңдайына жазған сықылды. Саяқ жүреді. Оның саяқ жүрісінде сыбай-салтаң келетін Косых Денистікіндей сұйықтық жоқ, керісінше тұнығы лайланбаған тұмса тазалық сезіледі. Кісікиіктік пен айкезбелік тәрізді бірдеме бар. Сұлуша ақсары жүзі күреңітіп, кісіге қиыла қарайды, қиыла күлімсірейді. Кейде аялы жанарынан жылт еткен құштарлық отын байқап қаласың. Еріксіз езу тартқызатын, алғашқы таныс-білістегі қожанасырлау бір қылығы әлі есімде. Ол сені үйір тартып, үйге соққан сайын үсік алатындай үстіндегі сырт киімін шешпейтін. Үйдің іші ыстық, бірақ, үй иесі суық болса, кез келген сәтте шығып кетуге дайын, ат айылын босатпайтын; оның қасында қайта ішің жылып, жаның жадырайды; онысын өзі де сезе бермейтін. Жігіттердің дүлдүлі, мінезі шалдуарлау Косых Денистің арамызда бар-жоғы онша сезіле бермейді. Ал Болат Тұрарұлының тағы жөні бөлек: оның өзі арамызда отырса да, қатарымыз түгел, тегіс болсын мейлі, уақыт озған сайын, бәрібір, қасымыздан сытылып біреу кетіп қалған тәрізді; ойыңды бұлдыратып, қыламықтан әрең қылаңытқан тау сүдіні құсап, ол сенен алыстай береді, алыстай береді. Сөйтсе, ол бардағы алғашқы арыннан аңғарылған толық жарасым, толайым шаттық селдіреген қарағайдың қатарындай сетінеп, дархан да дариға күлкінің жанары бозарып барып сөнеді екен ғой өзі.
Ү
Бұ күнде бұл марғасқа жігіттердің бірі жоқ: пешенелеріне жазылған, өздері қалап алған қайғылы қызықтары ақыры өз түптеріне жетті. Сол жаздың келесі жылында Косых Денис көкпар тартып жүріп, аттан жығылып, жұлыны үзіліп мерт болды. Көп ұзамай Ерен Қайрат атылып өлді. Болат Тұрарұлын аю талап, аман қапты деп естігем, содан хабарсызбын. Ол да жоқтың есебінде.