Қызылша алқабындағы жылымшы су немесе термос
Қызылша алқабындағы жылымшы су немесе термос

...Молчу с открытом ртом.

(Дудинцев. «Белые одежды»)

Жердің қу тақырын шығарып, тандырдай шарпи қарыған-шыжыған күн. Бел жазбай ертелі-кеш қыбыр-қыбыр етіп, болары болғанда анау күндері қас қылғандай кенет соғып өткен қара үсіктен қорғау үшін жабыла жүріп түтін салып, әйтеуір, әупірімдеп аман қалған, енді-енді қара көрсетіп, қылтиып келе жатқан балғын қызылшадан жетібасты арам шөпті айырып, түбін қопсытып, тұқшыңдап жүрген қызылшалылардың көкейінде бір-ақ арманы бар: қаласа тоңазытқышта тұрған графиндегі сусынды қанғанынша сіміріп, пысынаса желдеткішін қосып қойып, салқын кабинеттерде манаурап отырған ел ағалары, әкімдер біздің орнымызда бір күн істеп көрсе, шіркін... Қызық болғанда, шөлден қаталаған олар салқын суды емес, ең алдымен салқын суды сіміретіндерді ойлап, қаны қараяды. 

Тілдері аузына сыймай шөлден қаталаған олар әлден уақытта бастарын көтеріп, одан бетер ындын құртып, ынтықтырып «қоғалы көлдер, қом сулар» елестеткен көз ұшындағы көлкіген сағымға телміреді. Еріксіз жұтынғаннан кеберсіген таңдайы шаншып, тобарсыған тамағы ауырғанда бір-ақ байқайды – шөлден қаталағандарын. Шақырым қашық жатқан алқаптың ана басына баруға қарадай ерініп, кежегесі кейін тартады: бәрібір шөл қандырып жарытпайды. Одан да барғаннан бармай-ақ қойған артық – күн құрғатпай ауыстырса да мына апшыны қуырған аптаптан борсып, тат татитын жылымшы судан қайыр жоқ, жүрегіңді айнытады. Әрі орныңа қайтып келгенше түс болады, ішкен суың термен шығып, тағы қаталап үлгересің. Тек жетпегір балалар ғана жалықпайды-ау, суға бару олар үшін демалыс. Барып алады да ойнап жүріп, ұзақты күнді кеш қылады. Қытай беру де обал, жазғандар алажаздай алқаптың басынан шықпай, каникул дегеннің не екенін білмей өтеді. Тілім-тілімі шығып, үш ай демалыстың қалай өте шыққанын да сезбейді. Өздері белуарына дейін жалаңаштанып алған; күнге күйген денелері қап-қара, негрден аумайды. Лазер сәулесіндей күйдірген күннен жоталарынан таспа тілгендей қайқайып кетеді: сыдырылған жылан терісіндей бір қабат терілерін күн жеп, ақ жем боп қурап, үгітіліп түседі.

Оларды аяйсың әрі тебіреніп қарайсың. Олар да саған өз кезегінде тістері ақсия күлімсірейді (Апырмай, мына жердің тас шегесін-ай, цементтен бетер, тіпті, кетпен батпайды. Шалағай суғарылған болды-ау шамасы).

Әйелдердікі рахат. Қайта-қайта сонау жаққа сандалып жүргенше деп, термостарын арқаларына баладай құндақтап, шытпен таңып алған (Оларға қызылша алқабында термостан артық, термостан қадірлі нәрсе жоқ).

Пана болар қалқасыз күн астында отырып алып, таңдайларын жібітіп, буы бұрқыраған күрең шайды сораптайды. Білмейтін адам күн онсыз да өртеніп тұрғанда өле алмай жүргендей ыстық ішетіндей жандарына не зор келді екен деп таңырқайтыны кәдік. Олар «қардың басын қар алар», удың бетін тек у қайтара алмайтынын білмейді. Білсе де, мына аптапқа қарап, сенбейді. Қазіргісін қазір ішсең, ағып кететін су сықылды емес, ыстық шай әлдеқайда жұмырларына жұғымды. Шөлдері қанды-ау дегенде дастархан ретінде жайған, әйелдердің қолында ауыс-күйісте жүрген, өңі тозып, күңсіген кір-кір шыттың үстіндегі нанға қолдарын созып, бірқауым талғажау етеді. Кейбірі шыт-шыт жарылып кеткен, қанталаған еріндеріне сілепкі (қаймақ) жағып, жылтыратып қойыпты. Бойжеткендер «ойбай, қарайып кетеміз» деп, бет-ауыздарын шытпен түгел тұмшалап алған. Өңдері сынық. Тәлімсу емес, шын шалдыққан. Зілдей тәпкілерін амалсыз, құлықсыз сілтейді.

Айдау қара жолдың қою шаңын бұрқыратып, анау қияқ қамыс ұйыса өскен тұстан әйнегі күнге шағылыса кеткен, ескі болғанымен сыртын жасылға бояп «жаңартып» алған бригадирдің шоқасын көріп қалуы мұң екен, шүйіркелесіп, махорка орап жатқан төрт-бес бозбала жанұшыра ұшып тұрып түрекелді де дереу сұлата салған тәпкілеріне жармасты. Қағазға орап үлгермеген махоркалары сол жерде рәсуа болып шашылып қалды. Кенет... келесі жақтан «бригадирдің көлеңкесі» атанып кеткен Құдашкен атпен ойқастай шауып келді де жұмысшыларға қыр көрсеткендей ер үстінде теңселіп тұрып алды. Оның удай мас екенін құрдастары «жазбай» таныды. Түріне қарасаң, қоқан-лоққы көрсетіп, басыңа әңгіртаяқ ойнататын тәрізді. Әйтсе де нәті ондай адам емес, тірі жанға қылдай қиянаты жоқ момын. Өзі сұмдық еңбекқор. Ол турасында ел арасында ауыздан ауызға көшкен аңызға бергісіз әңгіме де көп. Оның көбі шындыққа саяды. Біреуі былай: ол кісі партияның тасы өрге домалап, дәуірлеп тұрған кезінде ауылдағы маңдайалды белсенді коммунистердің бірі бопты. Бір күні ауданнан шаруашылықты, қыстауларды өз көзімен көрмекке аралап хатшы келе қалыпты. Сонда өмірінде алғаш рет ине-жіптен енді шыққан су жаңа кастюм-сым киген Құдашкен (сақман кезі болса керек) әлі аяқтанбаған, шайыры кеппеген төлді үстім былғанады-ау деп елең қылмастан құшағына қысып, хатшының алдынан шығыпты... Бұл қылығына артынан үлкен бастық риза болып аттаныпты дейді. Сол оқиғаны еске алып, қазіргі тұрған тұрысына қарасаңыз – өз-өзін тәлкектеп тұрғанға ұқсайды. Ол – кешегі кещелігі мен кесірлігі көп кеңестің оңбай алданып қалған, ескі жүйенің есірік құрбаны болған буыны. Ол жұмысшыларға «түстікке шығыңдар» дегендей ишара жасады да бері беттеген бригадирге рапорт беретіндей қарсы алды. Термостағы шайларын тауысып алғандар қазанның түп күйесіндей қап-қара боп ысталған, бір бүйірі қабысқан шәугімсымаққа су толтырып, астына от тұтатып жатыр.

Етжеңді мосқал әйелдер үлкендіктерін бұлдап, лапастың астын бір өздері жайлап, қаз-қатар сығылысып, көсіліп-көсіліп жатып алған. Еркектер жағы әйелдерден қайыр жоғын біліп, құмыра толы суық шай мен нан салынған кір-қожалақ, салтақ-салтақ сөмкелерін арқалап, тоған жағасындағы жалғыз дарақтың туырлықтай көлеңкесіне барып тығылды. Ыстықтан жан сауғалағанымен ол жерде маса дегенің маза таптырмайды – инедей  тұмсықтарын етіңе сұғып алғанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Тек Кәрімбек қана өзін талаған масаға (терісі қалың ба?!) бық демей, қара санына дейін балағын түріп алып, тізесіне шейін аяғын тоған суына малып отыр. Айтуына қарағанда «грибоктан» көресіні көрсе керек. Жақпаған дәрісі, қолданбаған емі қалмаған. Дәріленген, петицидтелген тоған суымен ғана жазылып, көзі ашылыпты.

Шаршауды білмейтін шуылдықтар ғана қойтастай дөңкиген темір бөшкенің төңірегін шалшыққа айналдырып, бір-біріне су шашып жуындырғанды қызық көріп, асыр салып  жүр. Алаңсыз кейіпте кәперлерінде түк жоқ.

Еркектер үзім нанмен жүректерін жалғап алған соң, тұқылы бәкімен әйдік шекіп жонылған қарындаш пен тізеге салынып, қырық бүктелген шақпақ дәптерлерін шығарып, преферанс сызуға кіріскен. Оларға да бәрібір сықылды. Түбі бір маңдай тер, табан ақыларын өндіріп ала алмаса да күзде жиын-терін біткен соң әйда сабан тойда бір тояды. Ол да болса медет. «Кедейдің  бір тойғаны – шала байығаны». Ал әйелдер қауымына кешкі сауымның мезгілін өткізіп алмау ғана уайым.

 Алмат Жалбағаев

CаттарCаттар
10 лет назад 3694
4 комментария
  • Бейнетке толы егіс алқабындағы шынайы өмір. Шебер суреттелген. Алла разы болсын Саттар бауырым!
    10 лет назад
  • Керемет суреттелген. Ауылға барсаң шабықшы болып шыға келесің. Сол бір кездерді бір еске түсірді.
    10 лет назад
  • Саттар аға ! Қаймана қазақ ауылын шебер суреттепсіз! Шынында да зейнетінен бейнет көп халықпыз ғой.
    10 лет назад
  • Шынымен де демалысымыз тяпка көтеріп қызылша алқабында өтуші еді. Қиын да қызықты жылдарды еске түсірді.
    10 лет назад
О блоге
0
24971 187 228 91 137