САҒЫНЫШ ҚАНА ҚАЛАДЫ...
САҒЫНЫШ ҚАНА ҚАЛАДЫ...

Бәрі өтеді. Мұң да, нала да, өкпе, реніш те. Жаныңа түскен жара жазылады, көңіліңе дақ болып жабысқан ашу тарқайды.

Сағыныш қана қалады. 

Түн мен таңның таласқан сәтінде кеудеңді кернеп оятатын сағыныш қалады.

Алды-артыңа қаратпай дедектетіп, бірге жүрген жерлердегі іздерді іздетіп сандалтатын сағыныш қалады.

Санаңда сол бір дауыстың сен ғана естіген ырғағын, сен ғана сезе алған күйін жаңғыртатын сағыныш қалады. 

Көзіңді жұмсаң, сол жанардың сен ғана көрген ұшқынын көкірегіңде жандыратын сағыныш қалады.

Сен ғана байқай алған, сен ғана сала алатын сол бір қимылды қайталататын сағыныш қалады.

Сен ғана көре алған сол бір күлкіні аңсататын сағыныш қалады.

Сен ғана білетін, саған ғана айтылған сырларды есіңе салатын сағыныш қалады. 

Бір адамның өміріне жүк боларлық ортақ әңгімелерді қайта есіңе түсіріп, әр сөзін қайталатып, сағынбауға себеп боларлық бір сөз іздетіп тізбектететін сағыныш қалады.

Осы жерде жүр-ау деп іздеп барғызатын, сыртынан көрген сәтте жүрегіңді шым еткізетін, тек көріп қалмаса екен деп қылпылдатып бейшара күйге түсіретін сағыныш қана қалады.

Сөніп қалған шамның жарығын елестетіп, айнала ұшатын есалаң жынды көбелекке айналдыратын сағыныш қалады.

Сол сағыныштан арылған күні өзің болудан қалатыныңды мойындататын сағыныш қалады...

Назгүл Қожабекова

Facebook-тегі парақшасынан

CаттарCаттар
8 лет назад 4134
1 комментарий
  • Сол үшін, сағынбаймын деп жұрттың көзінше өзіңді алдау тағы бар.
    8 лет назад
О блоге
0
24971 187 228 91 137