Сарапшы: «Мәселе – мазхабта емес, діни түсінікте»
Сарапшы: «Мәселе – мазхабта емес, діни түсінікте»

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Қарашаның 26-сы күні Алматыда өткен «Қазақстанда исламның радикалдануы: аңыз бен ақиқат» атты дөңгелек үстелде елдегі діни ахуал сөз болды. «Соғыс және бейбітшілік» институтының Қазақстандағы өкілдігі өткізген бұл шараға билік өкілдері, зерттеушілер мен үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары қатысты. Жиында сөйлеген адамдардың бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) өкілі Ершат Оңғаров «түрлі үгіт-насихаттардан кейін 560 адам радикалды райынан қайтып, ханафи мазхабына оралды» деген дерек айтты.

Бірақ бұл жиындағы баяндамашылардың бірінің – Орталық Азия даму корпусы вице-президенті Нұрлан Әлниязовтың сөзінше, тек ханафи мазхабын ұстау терроршылық пиғылдан біржола ада болу дегенді білдірмейді.

Шығыстанушы Нұрлан Әлниязов Азаттыққа берген комментариінде діни ультра-радикал ұйымдардың үгіт-насихатына қандай азаматтардың сенуге бейім екені жайлы да айтты.

Азаттық: – Сіздің дерегіңізше, діни радикалдық сипаттағы үгітке басқаларға қарағанда тез сенетіндер кімдер?

Орталық Азия даму корпусы вице-президенті Нұрлан Әлниязов. Алматы, 26 қараша 2015 жыл.
Орталық Азия даму корпусы вице-президенті Нұрлан Әлниязов. Алматы, 26 қараша 2015 жыл.

Нұрлан Әлниязов: – Діни радикалдық уағыздарға тез ілінетіндер – маргиналдар, яғни Қазақстанның қазіргі қоғамына сіңісе алмаған, сіңісуі қиын, қоғамнан шеттеген әлеуметтік топтар. Мұндай әлеуметтік топ тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия республикаларының көбінде бар.

Мұндай үгітке еріп кетуге бейім тағы бір топ – қылмыстық әлем өкілдері. Түрме – үгіт-насихатқа өте ыңғайлы орын. Қазір Орталық Азия республикаларындағы экстремистер арасында өз өкілдерін «ұстаз» ретінде түрмеге отырғызу тәжірибесі бар. Үш-төрт жылдан кейін пара беріп басқа түрмеге ауыстырады. ТМД елдеріндегі жемқорлықты ескеретін болсақ, онда діни «ұстаздардың» бір түрмеден екінші түрмеге ақша төлеп ауысуы қиын емес. Сол түрме бір-екі жыл ішінде әлгі «ұстаздардың» идеясын жалғастырып кетеді.

Азаттық: – Мұндай ұйымдар жұртты уағыздарына қандай уәжбен иландыра алады?

Нұрлан Әлниязов: – Экстремистік сипаттағы уағызшылар қазіргі билік пен жүйе ұсынып отырған қоғамға балама ретінде «әлеуметтік әділдік орнаған қоғам» жайлы айтады. Олар әділетке жететіндей жағдай жасарына, әділет орнайтынына уәде береді, өздерінің билікке балама бола алатынын көрсетеді. Сондықтан «діни радикализмнің күшеюіне тек сыртқы фактор әсер етеді» десек қателесеміз, оны ең әуелі ішкі фактордан – өзімізден іздеуіміз керек.

Азаттық: – Қазақстан билігі «елдегі дәстүрлі дін – исламның Әбу Ханифа мазхабы» деп мәлімдеп, соны насихаттап келеді. Зайырлы мемлекетте биліктің әлдебір діни ағымға ерекше қолдау көрсетуі қаншалықты дұрыс?

Нұрлан Әлниязов: – Діни басқарма (ҚМДБ – ред.) да, ресми билік те «Қазақстан мұсылмандары Әбу Ханифа мазхабын ұстағаны жөн» деп есептейді. Бірақ біз ол ұстанымымызбен басқа мазхабтарды радикалдардың қатарына қосып, оларды заңсыз етіп отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, Ауғанстандағы «Талибанның» 100 пайызы, терроршыл «Әл-Қаиданың» 80 пайызы Әбу Ханифа мазхабын ұстады. Олар қазіргі «Ислам мемлекеті» ультра-радикал ұйымы қатарында да жеткілікті. Сондықтан, діни терминмен айтқанда, мәселе – мазхабта емес, мәселе – адамның ақидасында, яғни діни түсінігінде.

Азаттық: – Әңгімеңізге рақмет.


Асылхан МАМАШҰЛЫ

kaganat.bakir@gmail.com

1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.


CаттарCаттар
9 лет назад 3327
1 комментарий
  • Алтау ала болса ауздагы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді!!! Бір басшыға бағынайық!
    9 лет назад
О блоге
0
24971 187 228 91 137