ТАЛАСБЕК ӘСЕМҚҰЛОВ
ТАЛАСБЕК ӘСЕМҚҰЛОВ

vv

ПАРИЖДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

 

Жазушы, мәдениеттанушы, марқұм Таласбек Әсемқұловтың «Парижде не болып жатыр?» атты мақаласы 2005 жылы 2 желтоқсан күні «Алтын Орда» апталығында жарияланған еді. Естеріңізге сала кетейік, сол жылы қара күзде Францияның астанасы – әйгілі Париж қаласында «араб кварталдарынан» жұлынып шыққан жастар бұлғақ жасап, сойқан салған еді. Өкінішіке қарай, содан кейінде Парижді экстеремистер мен террористер дүр сілкіндірді. Осынау ала бүліктердің түп-тамырында наркобарондар мен әскерилердің, әсіресе орыстың әскери адамдарының мүддесі жатыр дегенді меңзеп еді Таласбек Әсемқұлов 2005 жылы жазған мақаласында. Тегінде, індетше тарайтын  сұмдық оқиғалардың іні бір болатыны әлмисақтан белгілі. Деп келгенде, Ақтөбедегі оқиға Париждегі лаңкестік әрекеттермен жалғасып жатуы әбден мүмкін ғой. Бұл оқиғаның сыртында да наркобарондар мен әскерилер тұруы ықтимал, ал «жат діни ағыммен» уланған жастар солардың сойылын соғып шыға келуі де кәдік. Әрине, біз бұны Ақтөбеде болған лаңкестік әрекеттің бұрқ ете қалуына себеп туғызуы мүмкін дейтін  баламалы жорамалдың бірі ретінде ғана қарастырамыз. Қазір Францияда футболдан кезекті Еуропа чемпионаты өтіп жатыр. Дүбірлі доп додасында экстемистердің жарылыстар жасауы мүмкін екендігін ел президенті Франсуа Олланд жоққа шығара алмай отыр.

Сонымен, оқып көрелік...2005 жылдың күзінде Парижде не болып еді?

 

Тоғызыншы қарашадан бастап Франция төтенше жағдайда өмір сүріп отыр. Европаның қай жағынан алғанда да көрікті елінде, міне, үш аптадан асып барады – бұлғақ орын алып отыр. Әлемдік ақпарат құралдарына сенетін болсақ, жас иммигранттар – арабтар мен негрлер автомобиль өртеп, дүкен тонап, полицейлерді өлтіріп жатқан көрінеді. Болып жатқан оқиға әлдебір аянның символындай. Әлемнің аузын аштырған адамдық құқықтар мен бостандықтардың отаны Франция болып келгені рас. Татулыққа үндеген ұрандар Ұрым мен Қырымға осы Франциядан жететін еді ғой. «Эталондық» француз демократиясы әншейін қиял болып шықты. Ол қиялдың орнын өртелген мектептер мен шіркеулердің түтіні басты. Француз өкіметінің шешімі бойынша төтенше жағдай мерзімі 21 қарашадан ары қарай тағы да үш айға ұзартылады. Осы мерзімде Франция үкіметі ел ішінде тәртіп орнатамыз деп сенеді. 

«Бұл ереуілдің сауалдары... мәңгі сауал болып қалады»

Ал, енді Франциядағы ахуалды аңыздан естіп емес, өз көзімен көріп, білген адамдардың пікіріне жүгінейік.

Аркадий Воксберг, «Литературная газетаның» Париждегі меншікті тілшісі: «Менің москвалық достарым бүкіл әлем телеканалдары көрсетіп жатқан, заманақыр оқиғаларына ұқсас репортаждарды көріп алып, менен «Париж өртеніп жатқан жоқ па?» деп сұрайды. «Жоқ, - деймін, - әзірге өртеніп жатқан жоқ. Бірақ, ештеңеге кепілдік бере алмаймын». Және, шамасы, ешкім де ештеңеге кепілдік бере алмайтын сияқты. Әрине, бұлғақтың қарқыны басылып барады. Алайда, осы ереуілден болған сілкініс, шок ешқайда да кетпейді, ал, осы ереуілдің қойған сауалдары мәңгі сауал болып қалады. 50-60-шы жылдары қонақжай Франция Солтүстік Африка мен Оңтүстік шығыс азиялық иммигранттарды есігін кең ашып қабылдап жатқанда, бұның арты неге апарып соғарын ешкім де ойланған емес. Арзан жұмыс күші жетімсіз, оның үстіне, бұрынғы колониялардың алдында империялық кінә комплексі бар, сондай-ақ, иммигранттарды француз қоғамына ендіріп, француздарға айналдыру, сол арқылы халық санын арттыру сияқты асыл арман бар. Бірақ, сол келімсектер француз болуға дайын ба, бұл жайын ешкім де ойлаған жоқ. Әлде ол иммигрант бұрынғы метрополияға, жұқалап айтатын болсақ, экономикалық себептермен ұмтылып бара жатыр ма? Арман, тамаша идея бар, бірақ, бөтен (жат) өркениетті  француз мәдениетімен жарастырудың жан-жақты тиянақталған жоспары жоқ еді.

Бүгінде мысықтың өзін мысық деп айтуға тыйым салатын саяси корректілік (политкорректность) саяси мода болып тұр. Шындығына келетін болсақ, француз болуға тиіс адамдардың дені француз бола алмайды. Болғысы да келмейді. Бұл – аса қатерлі нәрсе. Себебі, иммигранттардың Францияда туған балалары сөзсіз француз азаматы болып саналады. Яғни, департацияға, мемлекет шегінен жер аударуға жатпайды. Қандай қылмысқа барса да. Оның үстіне, бұл балаларды жазалау да мүмкін емес, себебі, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі сот қисапсыз гуманистік заңдармен қол-аяғынан шырмалып қалған. Балаға кесілетін жаза емес, жазаның емеуріні ғана. Тәрбиелеп түзету пансионатында бір ай отырған арабтың немесе зәңгінің баласы «жаңа ерлік істерге» даяр болып шығады. Себебі, бойындағы француздарға деген өштігі еселеп өскен.

Бұл өштік қайдан келген? Иммигрант жастар теңдік үшін емес (себебі, теңдік қамтамасыз етілген), привилегия, яғни, артықшылық үшін күресіп жатыр. Тонын теріс айналдырған нәсілшілдік емей, немене?»

Бұлғақ

Францияның Ішкі істер министрі Николя Саркози «подоноктар» деп атаған адамдар басқа емес, осы артықшылықтарды талап етіп отыр: жалпыға ортақ заңға бағынбау, өз заңымен өмір сүру. Яғни, қымбатты қонақтардың егеменді өміріне ел иелері араласпауы керек. Ақысыз-пұлсыз тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақы, тамақ ішетін талон, ақысыз-пұлсыз ем алу және басқа да толып жатқан жеңілдіктер. Яғни, барынша көп құқық иелену және мойнына ешқандай міндет алмау. Оның үстіне, өкімет иммигранттардан кешірім сұрасын, дейді. Міне, осындай теңдік. 

Осы үш аптаның барысында саяси оппоненттер ғана емес, партиялас әріптестердің өздері Николя Саркозиді болып жатқан бұлғақтың себепкері ретінде көрсеткісі келді. Оспадарсыз, дөкір конфликтіні бейбіт жолмен шешкеннің орнына, қара күшке ғана сенеді, бәрін де күшпен шешкісі келеді дейді. Алайда, әлеуметтік шара Ішкі істер министрінің өкілетіндегі іс пе екен? Лаңкестер салтанат құрып, жапа шеккен полицейлер саны көбейіп, мыңдаған дүкендер мен автомобильдер өртеніп жатқанда, Ішкі істер министрі қолды бос тастап, қарап отыруға қақысы бар ма? Әрине, Францияның ең үлкен кеселі – жұмыссыздық. Алайда, мектепті тастап, лаңның ортасында жүрген жасөспірімдер өкіметтен жұмыс сұрап отыр деу аңғалдық болар еді. Олардың арманы – жұмыс істемеу. Полициядан жасқанбай контрабанда, ең әуелі, есірткі сату.

Әрине, әлеуметтік адаптация және соған қолайлы жағдай туғызатын, пәлекеттің алдын алатын шаралар керек. Бұл мәселеге келгенде барлық газеттер мен журналдардың пікірі бір жерден шығып отыр. Көп ретте үшінші ұрпақ – иммигранттардың балаларының өзі әдепкі мектепте оқи алмайды. Олар үшін арнайы оқыту жүйесін қалыптастыру керек. Соңғы күндердің оқиғасы осындай жобаларды тиянақтауды талап етіп отыр. Бірақ, бұның бәрін іске асыру үшін уақыт және қаржы керек. Сондай-ақ, бұл жолда иммигранттардың теңсіздік жайлы айтқанының барлығына төзетін қажыр керек.

Францияның басына келген бұл пәлекеттің тасасында саяси интрига да жоқ емес. 2007 жылғы президент сайлауында билік басына Николя Саркози келуі мүмкін. Бәсекелестері мен оппоненттері оның билікке жете алмай, орта жолда дистанциядан шығып қалғанын армандайды. Алайда, карьерама нұқсан келеді-ау деп қорықпай, конъюктураға қарсы шыққан табанды министр қазірдің өзінде елдің ықыласына бөленіп отыр. Оның рейтингі қазір бәрінен биік.

«Заңсыздық әрекеттер енді идеологиялық арнаға түсуі мүмкін... »

Орыс режиссері Кирилл Мозгалевский аталған оқиғаға өзінің көзқарасын былай деп білдіреді. «Осыдан үш жыл бұрын Францияда менің «Дирк Богарттың арманы» атты фильмім талқыланып жатқан кезде «Ұлттық майданның» лидері Ле Пенмен және әйгілі итальян режиссері Лилиана Каванимен дастархандас болғаным бар. Лилиана Каваниді «Түнгі портье» фильмі үшін, соңғы президенттік сайлауда жеңіске жете жаздаған Ле Пен екеуін экстремист деп айыптаған. Әлбетте, екеуі өздерінің уәжін айтып қорғанып жатты, ал, аталған француз саяси қайраткері көп ұзамай Францияда бұлғақ болатынын айтып ескерткен. Соның айтқаны келді, қазір Ле Пеннің партиясына француздар көптеп келіп жатыр. Яғни, француз азаматтары естерін жиып, жағдайды түсіне бастады.

Әрине, олардың бойындағы саяси корректілік (политкорректность) бүгінгі ахуалдың шын сырын көруге мүмкіндік бермейді. Франция қалаларында бірнеше христиан шіркеуінде жарылыс ұйымдастырылғаннан кейін ғана жұртшылық ұлтаралық қақтығыстың дінаралық қақтығысқа айналып бара жатқанын түсінді. Әрине, бұл жайын француздар сөз еткісі келмейді. Арабтар және басқа иммигранттарға Париждің маңайынан ақысыз-пұлсыз баспана берілетінін, мемлекеттен жәрдемақы алатынын, оларға және балаларына оқытып білім беретіндігі жайында ешкім жұмған аузын ашпайды.

Алайда, иммигранттардың көбі жұмыс істегісі келмейді, есірткі сатумен және басқа да қылмысты істермен айналысады. Ол аз болса, полицияның иммигранттар тұратын кварталдарға келмеуін, бұлардың істеріне араласпауын талап етеді. Қысқасы, Францияда тұрып, француз заңдарына бағынбай өмір сүргісі келеді. Бүгінде Францияда бес миллионнан астам жұмыссыз адам бар. Бес миллион француз жұмыссыз отырғанда, бұл елге арабтарды алып келіп не керек?

Тоталитаризм кезінде адамдар өздерінің тіршілігі мен бостандығы үшін қалтыраумен күн кешеді. Бірақ, демократияның да өзіне тән үрейлі сәттері болады. «Дамыған демократияларда» өмір сүріп жатқан адамдар өзінің карьерасы, өзінің комфорты, балаларының болашағы үшін қорқады. Батысқа тән «саяси ұстамдылық» осы «демократиялық үрейдің» көрінісі болып табылады. Сол себепті, адамдар көпшіліктің ортасында өзінің ойындағысына мүлдем кереғар нәрселерді айтады. Алайда, бүгінгі күрделі ахуал жағдайында француз саясаткерлері шындықты күлбілтелемей айтып, шешімтал қимылға көшуге мәжбүр. Мысалға, Ішкі істер министрі Николя Саркози лаңкестердің арасында әлі француз азаматтығын алмағандары болса, олар Франциядан қуылатынын айтты. Дұрысы, осы Саркозидің қумақ болған адамдары, өз кезегінде, бұл министрдің қызметтен кетуін талап етеді. Франция Ішкі істер министрінің позициясы расталып, бұзақылар мен лаңкестерді елден қуатын болса, басқаларға бұл өнеге болады деп ойлаймыз.

Францияның «саяси ұстамды» әлеуметі аталмыш министрдің қажырлы әрекеттеріне қарсы әлі де дауыс көтеріп, байғұс арабтарды бұрынғыдан да үлкен қамқорлыққа алып, әлпештеуін талап етіп отыр... Менің ойымша, бұл – тұйыққа апаратын жол. Бұның сыртында Франциядағы дінаралық конфликтіге ваххабиттер немесе басқа да радикалдық топтар килігіп, болып жатқан ауқымды заңсыздық әрекеттерді енді идеологиялық арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Немесе қарабайырлап айтатын болсақ, жалаңаяқ шпаналар өздерін саяси күш атандырып, «әділет үшін соғысын» басқарып кетуі мүмкін. Россияда осындай оқиға болуы мүмкін бе? Жан-Мари Ле Пен Россияда да, әсіресе, Москвада бүгінгі француз оқиғаларының қайталануына әкеліп соғатын үрдістері байқалады дегенді айтады».

Орыстардың ойлары орталық баспасөздегі «қазақ ұлтшылдығын» еске түсіреді

Жоғарыда келтірілген, Францияда болып жатқан оқиғаларға қатысты екі комментарийден дүниенің ана шетіндегі бұлғақ жайында емес, орыс менталитеті жайында молырақ мағлұмат аламыз. Аталмыш екі пікір 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғалары кезінде орталық баспасөзде «қазақ ұлтшылдығы» жөнінде жарияланған нөпір материалды елестетеді. Шиеленіскен мәселенің байыбына бармай, қылышпен шапқандай үзілді-кесілді пікір айту, қара нәсілді ешқашан адам қатарына қоспайтын орыстың кеудемсоқтығы бар ажарымен көрініп отыр. Халықаралық журналист екені я КГБ-нің агенті екені белгісіз, «ЛГ»-ның Париждегі меншікті тілшісі Аркадий Ваксберг және белгілі режиссер Кирилл Мозгалевский... Басқа елдің ішкі істеріне араласып, пікір айтуын былай қойғанда, өздерінің Россияларындағы ахуалды білмейтіндігі және жалпы ештеңе білмейтіндігі, бірақ, кісімсіп білгенситіндігі айна-қатесіз көрініп тұр. Айтар едік, бұндай оқиға Россияда баяғыда, 90-шы жылдары басталған деп. Шешенстан мәселесін шешіп алмайынша, ойымызша, Россияның әлемдегі «оқиғаларға» үн қатуға, «пікір айтуға» ешқандай қақысы жоқ. Бұл – бір. Егер де комментатордың айтқанындай, Париж шынында да бұлғақтың отына оранып жатса. Алайда, мәселенің сыры мүлдем басқа тарапта жатыр. Осы Франциядағы шиеленістің сырын ашып көрсету үшін, біз, ықылымға кеткен заман – 1960 жылдарға, Франциядан мыңдаған километр шалғайда жатқан Оңтүстік Шығыс Азияға аттанамыз. Әлемде, басқа уақ-түйегін санамағанда, есірткі өндіретін екі алып орталық бар. Соның бірі – Латын Америкасы, екіншісі – Оңтүстік Шығыс Азияда орналасқан Лаос, Таиланд, Бирма, Камбоджа мемлекеттерінің арасындағы ит тұмсығы өтпейтін джунглидегі «алтын шаршы». Міне, бүкіл әлемде өндірілетін есірткінің 90 пайызы осы екі орталықтың үлесінде. Вьетнам соғысы кезінде американдық авиацияның ормандарға гербицид, пестицид сияқты улы дәрілерді шашқаны оқырманның есінде болар. Бұл совет баспасөзі бүкіл әлемге «американдықтар Вьетнам халқының болашағына балта шауып жатыр, бұл дәрілерден кейін Вьетнам жерінде астық, жеміс, көкөніс өспейтін болады, Вьетнам халқы аштан қырылып, өледі» деп сырнайлатып, кернейлетіп жар салғанындай оқиға емес болатын. Құдайға шүкір, Вьетнам бүгінде өз халқын асырап қана отырған жоқ, экспортқа астықтың, күріштің, жеміс-жидектің пәленбай түрін шығарады. Ал, шындығында американдық авиация есірткінің егістіктерін жойған, джунглидің ішінде орналасқан апиын, көкнар, наша танаптарына улы дәрілер шашқан.

Кезінде Коба (болашақ Сталин) мен Камо (Тер-Петросян) банк тонап, большевиктер партиясын ақшамен қамтамасыз етсе, олардың кіші әріптесі Хо Ши Мин одан да ары кетті. Вьетнам коммунистік партиясына керекті ақшаны есірткі сатып тапты.

Дүние дүмпуіндегі «Джунгли императорының» дауысы

Әрине, апиын, көкнар өз бетінше тұрғанда ешқандай зияны жоқ өсімдік. Мысалға, Шу алқабында «конопля» деп аталатын шөп өсетіндігін бұрын-соңды ешкім естіп білмеген. Ғасырлар бойы қазақтың малы жайылған алқапқа ерте замандарда Ферғана, Куляб, Рераттан келе жатқан өзбек, тәжік, ауған керуендері ғана тоқтап, шөпті қалағанынша шауып, артып алып кететін болған. Кейіннен шөп кептіріліп, ұнтақталып, әйгілі кәнизактардың үйлеріндегі ақындар, әнші-күйшілер, ауқатты адамдар қатысатын айтулы отырыстарда кальянға пайдаланылатын болған. Сағди, Омар Хайям, Фирузи сияқты ақындардың баға жетпес ұлы поэзиясы - осы апиын шеккен ғажайып медитация кезінде туған өлең үлгілері. Алайда, совет үкіметінің соңғы жылдарында наркомания жаппай етек алды. Жергілікті милиция, Москвадан келген мамандар күш біріктіріп, Шу алқабындағы көкнар егістігін қанша рет жоюға әрекет етті. Шу алқабын соқамен жыртты, үстіне егін екті, өртеді, дәрі шашты. Ештеңе де шықпады. Ақырында қолды бір сілтеп тастап шықты. Қазіргі кезде өкіметтің бар тапқан амалы Шу алқабына кірер-шығар жолдың бәріне тосқауыл қойып, есірткі жинаушыларды ұстап қамайды. Ал, Вьетнамдағы жағдай бұдан да қиын болған. Миллиондаған гектар ну орман джунгли. Ағаштардың арасы бір-біріне жалғасқан есірткі танаптары. Латын Америкасында да тура осылай. Әсіресе, есірткінің ұйықты ордасы Колумбияда, Латын Америкасында «кока» деген өсімдік өседі. Оның жапырақтарынан әйгілі кокаин өндіріледі.

Адамның көңіл-күйін көтеретін әйгілі американдық сусын «Кока-колаға» да осы кокаин қосылады. Вьетнам соғысы басталғанда морфий көптеп керек болды. Мыңдаған жаралыларға операция кезінде морфий пайдаланылады. Өлім аузында жатқан адамның жан азабын жеңілдету үшін де морфий егіледі. Вьетнам джунглилеріндегі партизандар жасырынатын қисапсыз үңгірлерде бәленбай жүз, мың орындық госпитальдар болған. Онда Вьетнам партизандары мен жалданып барған совет солдаттары емделетін болған. Әрине, мұнша көп морфий өндіру үшін тиісінше көп шикізат керек. Хо Ши Миннің жарлығы бойынша Совет Одағына жүздеген, мыңдаған тонна апиын, көкнар аттандырылды. Әлбетте, ол шикізаттың бір бөлігі ғана межелеген жерге жететін. Бұл кезде совет әскерилерінің арасында есірткі пайдалану етек ала бастаған. Офицерлер, ақырында генералдардың өздері есірткі саудасына араласты. Олар, өз кезегінде, Шығыс Европа жолдарын ашты. Польша, Румыния, Венгрия, Чехия, тағысын тағы. Ақырында есірткі Батыс Германия, Скандинавия, Англия, Францияға, «темір перденің» ар жағындағы капиталистік мемлекеттерге де жетті. Оңтүстік Шығыс Азиядан басталып, бүкіл Евразияны көктей өтіп, Америка Құрама Штаттарынан бір-ақ шығатын әйгілі наркотрафик осылай қалыптасқан болатын (тағдырдың тәлкегімен бұл жол баяғы сауда, керуен, мәдениет, өнер алмасудың негізгі тамыры болған әйгілі «Жібек жолын» қайталап отыр). Вьетнам соғысы аяқталды, бірақ, джунглидегі «алтын шаршымен» екі арадағы байланыс үзілген жоқ. Міне, осы кезде наркотрафик тарихында әйгілі Кхун Са пайда болды. Үзік-үзік деректерден бұл адамның кім екенін, қайдан келгенін ажыратып болмайды. Бір дерек оның о баста жай ғана ауыл мұғалімі болғандығын айтса, енді бір дерек оның Кампучия армиясынан қашқан дезертир офицер екенін куәландырады, дұрысы осы соңғы дерек шығар. Себебі, джунглидің ішіндегі, жер бетіндегі кез-келген армияға үлгі боларлық әскери империяны құру тек кәсіпқой әскеридің қолынан ғана келеді. Хо Ши Мин тірі кезінде Кхун Са жай ғана көп егістіктің бірінің бастығы болса керек. Кейіннен «Хо ағатай» өлгеннен кейін, көп ұзатпай-ақ, «алтын шаршының» билігін өз қолына алады. Шамасы, Кхун Са Вьетнам компартиясының көсемі тірі кезде-ақ биліктің жүйесін өзі құра бастаған, алқаушысы өлгеннен кейін дайын жүйені иемдене салған. Міне, осылайша Кхун Са қалың орманның ортасындағы империяның, өз армиясы, өз полициясы, өз ақша жүйесі бар маңайдағы Лаос, Камбоджа, Таиландтың барлығынан бай империяның бірден-бір әміршісі болып шыға келді. Сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында бір американдық журналист әйел үлкен рұқсатпен Кхун Саның «мемлекетінде» болып қайтқан. Таулардың астындағы үңгірлердің тұтас қалашықтарға айналдырылғанын, темірдей тәртіпке бағынған әскер мен полицияны, ең соңғы компьютерлік жүйемен жабдықталған басқару жүйелерін, Европаға, Америкаға аттандырылуға даярланып қойылған мыңдаған тонна есірткіні көріп, аузын ашып, көзін жұмған журналист елге қайтып келгеннен кейін мақаласында «Кхун Саны жеңу мүмкін емес» («Кхун Са непобедим») деп жазды.

Енді диктатордың қолына мұнша әскер қайдан келді деген сұрақ туады. Кхун Са бұл жерде ешқандай жаңалық ашқан жоқ. Вьетнам соғысы кезінде ата-анасы өліп жетім қалған балалар, маңайдағы мемлекеттердегі агенттері арқылы алдырылған жетімдер үйінде көздері жәудіреп отырған тастанды болған немесе басқа жолмен келген балалар. Міне, мыңдаған тапталған тағдырлар. Құтқарушысы – жалғыз Кхун Са. Американдық журналист әйел: «Бұл балаларды аямайсыз ба, олардың не жазығы бар?» дегенде, Кхун Са оған: «Мен оларды құтқардым», - деп жауап берген. – Ол балалар былапытханаға түсіп, проституциямен айналысса, сөйтіп, жасына жетпей өлсе немесе Батыстан келген бір ауру миллионердің дене мүшелерін жаңарту үшін өлтіріліп, мүшелері бөлшектеніп кетсе немесе арнайы лагерьде тәрбиеленіп, кісі өлтірудің маманы болып, әлемдегі қисабы жоқ, таусылмайтын соғыстардың біріне жалданып барып ажалын тапса, жақсы болар ма еді? Әрине, мен де бұларды жауынгер қылып тәрбиеледім. Себебі, адам өзін-өзі қорғай білуі керек. Мен бұларды байлыққа, жақсы тұрмысқа жеткіздім. Нақты санын айтпай-ақ қояйын, он мыңдаған баланы жетімдіктен құтқардым. Адамзатқа мендей жақсылық қылған адам жоқ», - дейді.

«Джунгли императорының бұл сөзіне қарсы уәж айта алмадым, себебі, айтып отырғандарының барлығы рас», - дейді американдық журналист. Кхун Саның әскері мен полициясында нақты қанша адам бар? Айта алмаймыз. Бірде Солтүстік Кореяның диктаторы Ким Чен Ирдің әскерінің құрамында тоқсан мың диверсант бар екен дегенді естіген Кхун Са «Менде де кем емес» деп күліпті. Кхун Саның әскерлері есірткі егістіктерін, ондағы жұмысшы, егіншілерді күзеткеннен бос уақытын тек қана каратэ, таэквондо, кун-фу сияқты жекпе-жек өнерін үйренуге, мылтық, автомат, тапаншадан мергендіктерін жетілдіруге, басқа да соғыс өнерін игеруге жұмсайды. Американ үкіметінен бірнеше рет «Есірткі таратқанын қойсын, әйтпесе...» деген ескерту келген екен, Кхун Са оған: «Мені ала алмайсың, жеңе алмайсың, қалағанымша ішем, қалағанымша жүрем, ал, жазатайым маған қарсы бір әрекетке барсаңдар, өкінесіңдер. Тіпті, екінші Вьетнам соғысын ашсаң да маған қолыңды жеткізе алмайсың» деп жауап береді. Кхун Саның капиталы қанша? Оны да ешкім білмейді. Осы күні кейбір сарапшылардың айтысына қарағанда, оның ақшасы әлемдегі ең бай дегендердің тізіміндегі адамдардың ақшасынан әлденеше есе (тіпті, ондаған есе болуы мүмкін) көп көрінеді. Кхун Саның ақшасы қалай банктерден өтеді, оны да айыру мүмкін емес.  Әлемдік фискальдік жүйе Кхун Саның бір тиынын қанша іздесе де таба алмайды. Батыстың бір банкирінің «Біз Кхун Саның ақшасын қалай іздесек те таба алмаймыз, біз сол Кхун Саның ақшасын күнделікті пайдаланып жүруіміз және оны өзіміз білмеуіміз мүмкін» дегені бар.

Әлемдік наркотрафиктердің жарымындайын колумбиялық наркобарондар қадағалайды, қалғаны, яғни, жартысынан астамы Кхун Са мен соның адамдарының қолында. Ол наркотрафик Оңтүстік-Шығыс Азиядан басталады, бүкіл Ресейді қамтиды, Европа елдеріне барады, одан ары асып Америка мен Англияға, қысқасы, бүкіл әлемге жайылады.

Көтерілістің көмескі ізі Кхун Саға жетіп үзіледі...

Енді әңгімеміздің басына – Франциядағы лаңкестік оқиғаларына қайтып келейік. Франция – Азиядан басталып, бүкіл Европаны қамтыған алып есірткі рыногының бір бөлігі. Кезінде Францияның колониясы, отары болған Солтүстік Африканың зәңгілері мен арабтары Алжир мен Марокко егемендік алғаннан кейін Францияға ағылды. Бұлар – кешегі француз отаршылдық өкіметімен ауыз жаласқан әріптестер, отаршылдық ісіне атсалысқан жергілікті атқамінер арабтар мен зәңгілердің тұқымдары.  Әрине, Франция бұлардың барлығын қабылдауға мәжбүр болды. Алайда, әркімнің тағдыры әр түрлі дегендей. Мол ақшамен келгендер француз қоғамына сіңіп, байырғыланып кетті. Ал, кедей-кепшік «араб кварталы» деп аталатын бомждар мен қайыршы-міскіндер тұратын кварталдарға орналасты. Міне, сол келгеннен бері жоқшылықтан шыға алмай, әрқайсысы әр түрлі кәсіптің соңына түсіп, бала-шағаны асырау қамында жүр.  Әрине, жұмыссыз адам бәріне барады. Ақырында Францияның ірі қалаларындағы есірткі саудасы осы арабтар мен зәңгілердің қолына көшті. Бүгінде «араб кварталдары» француз заңдарына емес, джунгли императорына бағынады десек, артық айтқандық емес. Француз өкіметі бәрін де біледі, бірақ, қатты қимылға барса, әлеуметтік жарылыс болатынын біліп, амалсыз «жабулы қазан жабуымен» деп отыратын. Алайда, билік жүйесіне күндердің күнінде Николя Саркози келді. Николя Саркози – Венгриядан шыққан қыпшақ ақсүйектерінің тұқымы. Арғы аталары өткен ғасырларда тағдырдың айдауымен Францияға келген, жаңа отанына қызмет етіп, француздардың құрметіне бөленген. Николя Саркози 2007 жылы болатын президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынып отыр. Сайлау алдындағы бағдарлама-мәлімдемесінде «Францияға сілкініс керек, Франция әлемдік саясатта үлкен белсенділікке жетуі керек. Мен Президент болсам, коррупцияға, наркоманияға қарсы күресемін» деп нық айтқан. Әрине, коррупциямен күресем деп биліктен дәмелі әрбір адам айта беруі мүмкін. Бұл – адамға ешқандай міндет артпайтын поппулистік ұран. Алайда, есірткі туралы әңгіме айтылғанда жұртшылық елең ете қалды. Әсіресе, елеңдеген арабтар мен зәңгілер еді. Бұл – елдегі ахуалды жақсы білетін Николя Саркози (себебі, Ішкі істер министрі ғой) үкімет басына келсе, ең алдымен «араб кварталдарына» кіріседі деген сөз. Бұл кезде Ресейдегі наркобарондар Николя Саркозидің мәлімдемесін джунгли императорына жеткізіп үлгерген. Франция сияқты қалыптасқан елдегі есірткі саудасына қауіп төнуі - шетін жағдай. Бұл − пәленбай миллиард доллар ақша айналымнан шығып қалады деген сөз. Мінеки, Вьетнамның ну орманынан жеткен жарлық осылайша Париждегі жарлы-жақыбай арабтар мен зәңгілердің көтерілісіне айналып отыр. Басты мақсат – қантөгіс ұйымдастырып, бар пәлені Николя Саркозиге жауып, оны президенттік марафоннан шығарып тастау, билікке жеткізбей желкесін қию. Кім жеңетінін 2007 жылғы президенттік сайлау нәтижесінен көреміз.

«Алтын Орда» апталығы, 2.12.2005 жыл

Abai.kz

CаттарCаттар
8 лет назад 3530
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137
Прямой эфир