ТАТАРСТАН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛА АЛА МА?
ТАТАРСТАН ТӘУЕЛСІЗДІК АЛА АЛА МА?

Татарстан президенттік басқаруды сақтап, егемен ел болғысы келеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы novayagazeta.ru-ке сілтеме жасап хабарлайды. Аталған сайттың жазуынша Қазан қаласында Жалпы татар  қоғамдық  орталығының ұйымдастыруымен «Татарстан мемлекетінің қалыптасуындағы проблемалар» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өткен.

Әу баста конференцияның күн тәртібінде «Татарстанда президенттік басқаруды қалай сақтап қаламыз?» деп жазылған болатын. Алайда, конференцияға қатысқан азаматтық белсенділер мен ғалымдар, бұрынғы және қазіргі депутаттар Татарстанның егемендіктін сақтау туралы қызу пікір-талас жасады. Өйткені, бұған дейін Кремль жаңа заң шығарып, қол астындағы мемлекеттердің басшыларын президент деп атауды шектеген болатын. Әйтсе де президенттік басқарудан Татарстан басшысы Рустам Минниханов қана бас тартпай келген еді. Алайда, жаңа заң бойынша 2015 жылдың соңына дейін Рустам Минниханов та президенттік биліктен бас тартуы керек.

Дегенмен Кремльдің бұл ұстанымына Татарстанның саясаткерлері мен зиялы қауым өкілдері қарсылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша Татарстан мемлекетінің экономикалық потенциалы, мәдениеті мен білім беру жүйесі жоғары деңгейде. Сондықтан да олар Татарстан мемлекет ретінде өзінің істерін өзі жүргізуге қауқарлы деген пікірде. Ал, Ресей билігі татарлардың жан айқайына құлақ асып, олардың талап-тілегімен келісе ме? Әрине келіспейді. Себебі, Ресей үшін автономиялы мемлекеттер майшелпек іспетті. Оның үстіне Татарстанның жер асты байлығы ашкөз Ресейдің көз құрты болып отыр.

Иә, соңғы кездері татар халқы егемендік туралы жиі бастама көтеріп жатыр. Мұның өзіндік себебі бар. Егер басқару жүйсі президенттік басқарудан салмағы аз жетекшілікке ауысатын болса Татарстанның тәуелсіздік алуы екіталай болады. Сондықтан да қазір олар жан алысып, жан берісіп жатыр. Әйтсе де белгілі журналист Амангелді Құрметұлының айтуынша Татарстанның Тәуелсіздік алуға мүмкіндігі аз көрінеді. Өйткені, ол ресми Мәскеу Татарстанның Тәуелсіздік алуына жол бермейді деген пікірде.

– Бірақ, қазіргі таңда татар халқы өте белсенді болып отыр. Өйткені олар Ресей Федерациясында басшыларының "президент" лауазымын сақтап отырған бірден бір ел. Екіншіден, Татарстан Мәскеудің қаржы-экономикалық тұрғыда қысым жасауына жол бермей отырған ел. Яғни, татарлар кей мәселеде орталықпен келіспей қалатын болса, Кремльге жалынып, қаржы сұрап жалбақтап отырмайды. Бұл Татарстанның бірден бір артықшылығы. Алайда, Кремль түрлі тәсілдермен Татарстанның "Татнефть" бастаған ірі компанияларын өз жақтастарының қолына түсіретін болса Татарстан "жуасып" қалады.Сол себепті, Миннеханов әзірге ірі компаниялар акцияларын Кремльге жақын бизнесмендерге бермей отыр, – дейді Амангелді Құрметұлы.

Сондай-ақ, ол Минтемир Шаймиевтің 2020 жылға дейін Татарстан Ресейден тәуелсіздік алады деген пікірін еске салды. Өйткені, Ресейдің орталық билігі мен Татарстан арасында 2017 жылға дейін жасалған келісім-шарт бар.

– Аталған келісім-шарт 2017 жылы аяқталады. Сондықтан да, Кремль 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Татарстандағы президент лауазымын алып тастауды көздеп отыр. Татарлар осыған келіспей, Егемендік туралы жиі мәселе көтеруде. Негізі көп адамдар егемендік сұрау мен тәуелсіздік мәселесін шатырстырып жүр. Егер Татарстан автономиясына тиіспей, ана тілі мен мәдениетін, руханияты мен экономкиасын дамып отыруға мүмкіндік алса, тіпті олар тәуелсіздік те сұрамауы мүмкін. Мәселен Ұлыбритания құрамындағы Шотландия сияқты отыра берер еді. Бірақ, Ресейде Ұлыбританиядағыдай демократиялық құндылықтар жоқ қой – дейді ол.

Иә, Ресей өркениетті елдер сияқты өз отарларына зорлық көсетпей, тең дәрежеде құрдас бола алмайды. Сондықтан да автономиялық мемлекеттер мүмкіндік болса өз отауына өз ие болғысы келеді. Алайда дәл қазіргі жағдайда аталған мемлекеттердің тәуелсіздік алуына мүмкіндік бар ма? Біздің ойымызша Ресей құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін 1991 жылы алуы керек еді. Өкінішке қарай Татарстан, Башқұртстан сынды түрік халықтары Ресейден бөлініп кете алмады. Ал біз үшін бауырлас халықтардың өз билігі өзінде болғаны абзал. Сол себепті де татар бауырларымыздың президенттік басқаруды сақтап қалуына тілектеспіз.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

CаттарCаттар
9 лет назад 3553
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137