Трансформер-Имамның 10 Опциясы
Трансформер-Имамның 10 Опциясы

Ескерту: Автор бұл постты оқыған адамның имам-молдалар туралы пікірі түзеліп сала беретініне ешқандай кепілдік бермейді. Бәрі де әр оқырманның таным-түйсігінің шамасына, ақыл-парасатының деңгейіне байланысты.  

 Трасформері несі? 10 опция? Имам? Сәл шыдасаңыз біраздан соң бәрін де түсіндіріп беремін. Әңгімемізді былай тарқатып көрелік.

         Қазақстандағы ең төмен айлық алатын адамдар осы имамдар мен орманшылар шығар. Бірақ соған қарамастан менің кез-келген дін қызметшісіне деген құрметім аса жоғары екенін жасырмаймын. Оның басты себептерін төменде тізіп қойдым.

         Имам, молда деген аты болмаса, мұндай жауапты қызметте жүрген адамдарға біз біле бермейтін бірқатар міндеттемелер жүктеледі. Имам атанғың келе ме? Онда өзіңді бірнеше қырынан көрсете білуің керек. Менің жеке пікірім, мұндай қызметті алып жүруге көпшілігіміз шыдас бермес едік. Олар сол үшін де трансформер. Ал енді опцияларына толығырақ тоқтап өтейік.

1. Имам — ең ауыр емтиханнан өтетін №1 персона

         Имам — асыл дініміздің негізгі қорушысы. Бұл қызметтің ең қиын тұсы да осы шығар. Қылған ісі мен айтқан пәтуасы үшін кез-келген имамның о дүниеде тапсыратын емтиханы оңайға соқпасы анық.  

2. Имам — көпір

         Дәл солай. Имам бұқара мен биліктің арасын жалғайтын көпір іспетті. Шариғаттың шамын жағып, оның қанатын кеңге жаю үшін халықпен де, билікпен де мұқият жұмыс істей білетін қабілеті болуы шарт. Екі жақты әділетті түрде жарастыру ісі қай кезде де оңай болмаған.  

3. Имам — тыныштықтың сақшысы

         Мешіттегі жамағаттың рухани тәрбиесінен бөлек, имамдар көп жағдайда жалпы ауыл не қала тыныштығына тікелей жауапты келеді. Құран оқып, жаназа шығарудан бөлек бизнесін жоғалтып, қарызға ұшыраған адамға насихат айтатын да имам. Түрмедегі қылмыскерді тәубе етуге шақыратын да имам. Мектеп оқушылары мен оқу орнындағы студенттердің жан дағдарысын қадағалайтын да имам. Той-томалақтың адал өтуіне, кредиттің артында таудай бәле бар екенін де айтып ескертетін міндет имамның мойнында.

4. Имам — разнорабочий: охранник, құрылысшы, бағбан

         Астана мен Алматыдағы жағдай бір-біріне ұқсас келеді. Бірақ өзге өңірлердегі мешіттердің тыныс-тіршілігі салыстырмалы түрде бірдей деп айтсақ болады. Ондағы имам-молдалар халықтың жан тәрбиесінен бөлек мешіт күзетшісі, қажет болса құрылысшы, тіпті бағбан болып та қызмет етіп жүр. Құлшылық үйінің ішкі-сыртқы дүниесін қоритын да, дарбазасы құлап қалса қайта түзейтін де, тал-теректердің жайқалып өсуі үшін жағдай жасайтын да осы қызмет иесі. Тіпті жамағаттың дәрет алатын суының таза, жылы болуына дейін тікелей имам-молда жауапты.

5. Имам — тілші

         Қазіргі уақытта еліміздегі һәм әлемдегі неше түрлі жағдайларға байланысты әрбір имамға деген талаптар еке есе артты. Технологиялар дамыған кезеңде имамдар бұдан былай жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, бүкіл елдің игілігі үшін жаппай қызмет қылуға жұмылдырылу үстінде. Оның ішінде діни танымдық бағытта сұхбат беріп, мақалалар жазу, оны тұрақты түрде белгілі бір сайттарға жариялап отыру ХХІ ғасырдың имамына жүктелген ең жауапты міндеттердің бірі.

6. Имам — экономист-бухгалтер

         Электр энергиясы, су мен жылуға кеткен шығын садақа жәшіктеріне келіп түскен халықтың ақшасынан төленеді. Бұ ретте имам жиналған қаржыны аса ұқыптылықпен тиісті орындарына жұмсап, алдағы күндерге деген шығындарды тағы бір есептеп отырады. Жетпей жатса жан-жақтан көмек сұрап қарыздан құтылудың амалын табады. Асып бара жатса жоқ-жітікке үлестіріп береді. Өз кезегінде көптің аманаттап берген дүниесі аса ұқыптылықты қажет етеді. Садақа жәшігінен алынған әр тиын үшін тек имам жауап береді. 

7. Имам — емші

         Көпшілік сырқаттанып қалған ата-әжесіне немесе тіл-көз тиген ұл-қызына Құран аяттары арқылы дем салдыру үшін имамдардың көмегіне жүгініп жататынын көріп жүрміз. Көмек сұрап келгеннің бетін қайтара алмайды. Одан қалды екі жастың некесін қиып, бата беру, тіпті дүниеге жаңа келген нәрестеге азан шақырып есім беру міндеті де имамға жүктеліп қойған.

8. Имам — ұстаз

         Азан айтып, әр намазға жиналған жамағатпен бірге парызды орындаудан бөлек имам ақида, фикһ негіздері мен тәжуид қағидаларынан сабақ өтеді. Бұдан бөлек жан-жақтан келіп түсіп жатқан шариғи мәселелерге қатысты әр түрлі сұрақтардың жауабын беру де имамның мойнындағы шаруа. «Білмеймін» деп айтуға тыйым салынған. Білуің керек. Әрине, бұл өз кезегінде уақыт бөліп көбірек ізденуді, кітап оқуды қажет етеді.

9. Имам — күрескер

         Иә! Бүгінгі таңда жат ағымдар және олардың түрлі үндеулеріне қатысты күрестің негізгі бөлігін осы имам-молдаларымыз атқарып жүр. Айналып келгенде бұл мемлекет тыныштығы жолындағы үлкен күрестің бір бөлігі. Бұл тақырыпқа арнап арнайы кітап жазу, жастарды бұрыс жолдан тосу, уға қарсы ем табу секілді істің барлығы да тағы да сол имамға жүктелген.

10. Имам — ұлттық құндылықтар жанашыры

         Бір орысша қоспай қазақтың тілінде сөйлеп, ұлттық киімдерімізді насихаттап (шапаны мен тақиясы бар), салт-дәстүріміздің мерейін үстем етіп жүрген де мешіт қызметкерлері десек артық айтқандығымыз емес. Мына уақытта шапан киіп жүруің үшін де кәдімгідей қайрат керек…

Молда ақысы турасында

(Қорытынды орнына)

         Қазақ ешқашан молдасын аш қоймаған халық еді. Жағдайын жасап, қажетін ескеріп отырған. Бұл Алла дінін таратушыға деген құрметтен құралған бір ерекшелігіміз шығар. Бүгін 200 теңге беріп тұрып міндетсінетін жағдайға жеттік. Алса алды дейміз. Алмаса мұрнын шүйірді дейміз. Олай істейтініміз өзіміздегі иман-ахуалдың төмендігінен екен.  

         Қазақ даласында құлшылық үйлерін тұрғызып, оған қажетті жағдайларды жасаған ұлтымыздан шыққан небір бай-бағландар болса, бала оқытып шамнан шырақ жаққан жандар молдаларымыз еді. Қызыл тудың дәурені туып, мешіт-медреселер қиратылып, имам мен бай біткен жаппай айдауға түсіп еді-ау… Содан бері қарай молданың әр қадамын санап, байдың несібесін қызғанатын ағайындар арамызда жоқ емес.

         Бұл құлдық сананың қамытынан құтылу үшін әлі қайдааааа! Бірақ ата-баба дәстүрімен қауышып, шариғатын қайта танып жатқан халқымыздың кем-кетігі әуелгі орнына толмаса да бір ретке келеді деп бек сенеміз.  

         Трансформер-имамдар жасасын

Bitan Azamat

CаттарCаттар
8 лет назад 3357
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137