Тұрсынжан Шапай: Мөлдір
Тұрсынжан Шапай: Мөлдір

Көрнекі карикатура. Авторы Олег Локтев

Барлық бояудың әдеті сол - өзіне ұқсағанды жақсы көреді. Әйтпесе, бұлар, жалпы, бір-бірін ұната бермейді. Оларда өзінен басқа, не көмескірек түстерді мойындай қоймайтын қажетсіз, ұсақ тәкаппарлық бар.

Дүние қандай кең... Өмір қандай қызық... Шымқайы бар, солғыны бар, қоспасыз таза, аралас-қойыртпағы бар - мен, әсіресе, бұл жалғанның сансыз түс, таусылмас бояуына құмармын!.. Сыртқа шыққан бойда, бояулармен жұғысам. Мен әлемдегі бар реңмен құбылам... Үйге оралғанда, айтса сенгісіз алабажақ кейпімді көріп, өзім таңғалған кездерім көп. Ондайда, түсініксіз түстермен құбылып, ваннаға кіріп кетемін де, асықпай, әбден шайынып, кіршіксіз мөлдіреп, қайта шығып келе жатам...
Менде түс жоқ, рең жоқ. Мен бояу емеспін. Мен - бояуларға ғашық Мөлдірмін...

Бояуы ғана емес, дүниенің бар кірі де маған жұққыш... Қайғырған біреуді көрсем, мен соның қайғысының түсіне боялып, жылап отырам... Қуанған бояуға кезіксем, қосыла кетіп, бірге жарқылдаймын... Айна сияқты түссізбін. Айна сияқты - алдамаймын. Бояу біткен өз түсін маған қарап, таниды. Әлемге барлық бояуды жария қылған - менің түссіз болмысым!..
Мен Сіздің түсіңізді өзгерте алмаймын. Мен Сізді былғамаймын да. Бірақ менің мөлдір кеңістігімде ғана Сіз - көрінесіз және басқа бояуларды танисыз!..

... Елеусіз мөлдіреп, жайыма қарап тұр едім, ылғи асығыс жүретін Қызыл мені кездейсоқ жанап өтті. Мен, әрине, табан астында қызарып кеттім... Ол сонда ғана мені байқап: "Оу, бауырым, қалайсың?" деп, бұрылып келіп, амандасты. Белсенді, атаққұмар Қызылдың өзі, мені туысым екен деп жаңылып, жақын тартты. Барлық боядың әдеті сол - өзіне ұқсағанды жақсы көреді. Әйтпесе, бұлар, жалпы, бір-бірін ұната бермейді. Оларда өзінен басқа, не көмескірек түстерді мойындай қоймайтын қажетсіз, ұсақ тәкаппарлық бар. Әрқайсысы өзінің аясы тар, шарғы талғамдарына ғана сүйенгендіктен, үйлесе кетулері де қиын. Бұлар қалай араласуды білсе, өзара жанасқан-жұғысқан сәттегі рең алмасудың дұрыс мөлшері мен шегін сақтаса, ең бастысы, жарық пен сәулені әрқайсысы, керегіне қарай, ұрыспай-таласпай, әділетпен, ризашылықпен бөліссе, өмір-дүниенің өңі - гүл болар еді, амал не... Кемпірқосақ сияқты құлпырған алуан бояуды бір доғада тоғыстырып, қас қаққанша, сиқыр келісім жасай салатын Табиғаттың ұлы талғамы ғана мінсіз. Қалғаны - күмәнды. Қалғаны - жеке бояулардың қораш танымы мен олқы талғамына тәуелді... Мен бар бояудың түсін қабылдай алам - мен бәрін түсінем. Мен, сондықтан шығар, барлық бояуды сүйем...

Кемпірқосақ сияқты құлпырған алуан бояуды бір доғада тоғыстырып, қас қаққанша, сиқыр келісім жасай салатын Табиғаттың ұлы талғамы ғана мінсіз. Қалғаны - күмәнды. Қалғаны - жеке бояулардың қораш танымы мен олқы талғамына тәуелді...

Бірақ кейінгі кезде бояулар саясатқа араласа бастады... Бояулар - бұзылды! Ең дегдар, мінезі жаймашуақ, дәстүршіл, көнтерілі көнбіс Қоңырдың өзі қазір ешкім ұқпайтын, керек те қылмайтын ұлттық реңін бұлдап, ұрандатып, ұпай жинаймын деп, бірте-бірте...сұйылып барады. Табиғаттың түсін жеке-дара меншіктеп алған жайдары Жасыл да осы күні ешкімге қажетсіз ағаш-шұғаш, ауа-су, шөп-шөңгені қорғайық деп, айғайлай-айғайлай, тозып бітті. Әйтеуір, жайымен тыныш жүрген біреуі жоқ. Солардың ішінде, әсіресе, қашандағыдай, Қызыл - белсенді!.. Саясат алаңында, баяғыша, қиғаштай шауып, ешкімге дес бермейтін және ешқашан оңбайтын, тозбайтын шымқай Қызыл жүр. Оның нені уағыздап, нені қорғайтынын мен түсіне бермеймін, білетінім - әйтеуір, Қызыл қайда болса, жеңіс - сонда... Жеңімпаз Қызылға қазір ана...түнек Қара үйірсек. Өмір деген қызық қой... Өмірде ымырасыз Ақ пен Қара бір-бірімен тістесіп-шайнасып, жағаласа жүріп, қатар тұрғанда, қалай жараса қалса, сыбайлас Қызыл мен Қара дәл солай үйлесіп, бір-біріне бауырларша тартылады... Қызық...бұл өмір...

Бірде бояулардың әлдебір жиналысының үстінен түстім. Мені алғашында, әрине, ешкім байқаған жоқ. Бос орын іздеп, жолымдағы бар бояумен қақтығысып-соқтығысып жүріп, былғанып, неше қилы түспен алабажақтанып, бір шеттен орын тауып отырғанда ғана, маған бәрінің көзі түсті. Қызу талқыласып жатқан мәселелерін қоя салып, бояулар: "Бұл кім, қайдан шықты?!" деп, таңғалысты. Сосын: "Бұл неғылған алабажақ?!" деп, ежірейісті. Одан кейін күреңқұла, сарышабдар, көкжағал біреулер бастап, қалғаны жарыса қостап, табиғатта дәл мұндай әлеміш мағынасыздық, нақ мынадай алабажақ құбыжық болмайтынын айтып, мені жабыла сынап берді!.. Алғашында сынап жатқан әркімнің аузына жалтақ-жалтақ қарап, есім шыққан... Сосын, біртіндеп, дәтімді бекітіп, ойладым - менікі не?.. Әрі-беріден соң, маған бәрібір емес пе? Қаласам, қазір-ақ ваннаға бір кіріп шығам, мен - жоқ! Тауып көрсін сосын... Сондай-ақ, мыналардыкі не? Іштерінде отырған алабажақты - мен деп ойлай ма?.. Олар мені емес, менің жағал-жағал әлеміш бейнемді - маған жұққан өз түстерін жұлмалап жатыр емес пе!.. Сөздеріне бақсам, айқын бір бояу, рең-түсің болса ғана тұлға деп танылады екенсің.

Сондай-ақ, мыналардыкі не? Іштерінде отырған алабажақты - мен деп ойлай ма?.. Олар мені емес, менің жағал-жағал әлеміш бейнемді - маған жұққан өз түстерін жұлмалап жатыр емес пе!.. Сөздеріне бақсам, айқын бір бояу, рең-түсің болса ғана тұлға деп танылады екенсің.

Айталық, сары болсаң - нақты сары пікірі бар тұлғасың... Көгілдір болсаң да, солай... Сұрғылт, бозғылт, сарғылтым...көзге әрең шалынар көмескі болсаң да, ақжемденіп оңып, тозып тұрсаң да, белгілі бір түсің болу керек екен, айтуларынша. Соны дәлелдесіп, бір-бірін қостасып- мақұлдасып болған соң, "анық бір тегің, түсің жоқ - сен кімсің?" деп, маған қайта шүйлігісті. Өздері танымаған, көздері түстеп ажырата алмаған рең, олар үшін - жоқ дүние екен... Анық-қанық бояулардың арасында оған орын болмайды екен... Қысқасы, жатқан саясат!..

Дегенмен, бұл талқы маған ауыр соқты. Мен бояулар үшін - жоқ екенімді, өзімсініп, бауыр тартсам - бөтен, араласа қалсам - өзекке тебілер жат екенімді енді анық сезініп, қатты қайғырып, түңілдім. Сөз сұрап, бояулар қауымының алдына шықтым.

- Мен - Мөлдірмін, - дедім. - Мен - бармын!.. Сендер - білмейсіңдер... Мөлдіреп, көздің жасы боп тұнам - көрмейсіңдер... Жаңбырдың тамшысында, таңғы шықтың жанарында тұрмын үзіліп - сезбейсіңдер... Мен ауаның, судың, түпсіз болғасын, сендерге көкпеңбек болып көрінетін кіршіксіз аспанның түсімін!.. Мен...мен - шексізбін... Ал сендер... Сендер - әрқайсың өз реңін күйттеп, өз бояуымен шектелген...мөлдір екендеріңді ұқпайсыңдар!.. Алабажақ дейсіңдер, құбыжық дейсіңдер... Құбыжық болсам, ол - осында отырған бәріңнің...өз бейнелерің!.. Қалай танымайсыңдар өздеріңді?!. Қараңдаршы...

Мен осыны айтқанда, бәрі қарқылдап күлді... Сосын, жетелеріне бірдеңе жетті ме - ашулана бастады. Қызыл - екі иінінен демалып, шиқандай болып тырсиып кетті. Қара - қабағын қарс жауып, түнерді. Көк - қанын ішіне тартып, сұрланды. Сұр - кір түстеніп, қарауытты. Күлгін - көгереңдеп, орнынан бір тұрып, бір отырды... Менің сөзім рең-болмысы өзіме жақын деп жүрген Аққа да оңай тимесе керек - өңі әп-сәтте оңып, бөздей бозарғанын көрдім... Дүйім бояу сөзімді жала деп тауып, жиыннан дереу кетуімді талап етті. Мөлдірді де, өздерін де танымайтын басыр қауымға не шара?!.. Үйге жеткенше, үсті-басымның баттасқан бояулары көзімнің ыстық жасымен жуылып келді...

Күндердің күні, әбден тазарып, кіршіксіз мөлдіреп, бәз қалпымды тапқанда, талайдан бергі ерікті жалғыздықтан өзімнің бір құлазыған бос қуысқа айнала бастағанымды сездім... Анық болды - менің де бояуларсыз күнім жоқ екен!..

Кейде ойлаймын - бояулары сапырылысқан, рең-түстері сеңдей соғысып, бір-біріне уағыз айтқан, саясат соққан мына беймаза тіршілікте мен, осы, кіммін?.. Барлық бояу өмірде өз орным бар деп біледі. Менің орным қайда?.. Осыны ойлағанда, көкейімде "мен, сірә, сол өмірдің өз түсі шығармын" деген бір әлсіз үміт қылаңдап, сәуле береді... Әлсіз де болса, дәтке қуат сол үмітімді жұбаныш көремін... Иә, өмірдің түсі о баста - мөлдір болған!.. Өмір былғанса, өмір сиықсыз алабажақ тартса, өмір кейде...кемпірқосақша құбылып, көздің жауын алса - бәрі сол бояулардың әрекеті... Бояулардың бітіп болмайтын бір әбігерінен, рең-түстердің шаршамайтын талас-шарпысынан құйындай үйірілген өмірдің жынды ағысы қақпақыл ойнатып, мен де, міне, күніге қырық түспен құбылған жүзімді шайып үлгермей, ақырындап кірлеп, көмескі тартып барамын... Көмескіге жұққан бояулар да ашыла алмай, сәулесіз күңгірт түспен ескіріп, оңып, біртіндеп...өшіп жатыр. Онсыз да кердең, бір-бірін түсінбейтін, мойындамайтын бояулардың енді мүлде басы бірікпес болды... Өмірдің мың түрлі шыраймен тамылжып, өзіне ғана жарасқан таңғажайып әлеміш ажары енді қошқыл-сұрғылт, аласапыран-лайсаң түске енгендей... Бояулардың әзелгі әсемдігі мен үйлесіміне, ең бастысы, менің мөлдір-тазалығыма қайта оралтар бір Күш жетпей тұр - анық. Баяғыша, алтын сәулеге шағылып, көздің жасындай, таңғы шықтай қайта бір мөлдіресем, бар бояу өз дидарын тауып, рең-түс атаулы шайдай ашылар еді-ау деп армандаумен...күндер өтіп жатыр...

... Ақыры, бәрінен оңашаланып, саяқ шықтым. Болмысыма, бойыма сіңген, жүк болып жүрегімде қатталған батпан-батпан дүние кірін жуып-шайып, айлар бойы қамалып, үйде жаттым. Күндердің күні, әбден тазарып, кіршіксіз мөлдіреп, бәз қалпымды тапқанда, талайдан бергі ерікті жалғыздықтан өзімнің бір құлазыған бос қуысқа айнала бастағанымды сездім... Анық болды - менің де бояуларсыз күнім жоқ екен!.. Жүрегім қанша шайлығып қалса да, өмір-дүниенің бар реңін, күллі кірін сағынып, алып-ұшып, мөлдіреп, бүгін, міне...көшеге шығып барамын...

CаттарCаттар
8 лет назад 3231
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137