Ирандағы жағдайға байланысты біраз адам Иран үкіметін қолдап пікір білдіріпті. Бұл стихиялы наразылыққа АҚШ-ты кінәлап жатқандар да бар. АҚШ-тың әсері жоқ емес, әрине. Бірақ Иран полициясына Махса Аминиді өлтірткен АҚШ па?! Ардебилдегі мектепке басып кіріп оқушы қызды өлтірткен АҚШ па? Әйелдердің құқын шектеп, тұмшалап, ажырасқандардың балаларын анасынан айырып, әкесіне тапсыруды АҚШ ойлап тапты ма? Шетелде хиджапсыз суретке түскен әйелдерді еліне оралған соң қамап, дүре соқтырып жатқан АҚШ па?
Осының бәрін АҚШ істеп жатыр десек те, қазаққа пайдасы бар ма, жоқ па?! Сол жағынан қарау керек қой! Айдаладағы Иранда нең бар депті бір кісі. Иран - айдалада емес, қасымызда жатқан көрші ел. Ислам режимінің құлауынан қазақ қандай пайда көреді?
Иранда билік ауысса:
1) Еуропа Ресейдің мұнайы мен газынан толық бас тартады. Нәтижесінде, Путин режимі әлсірейді.
2) Әсіредіншілдерді қаржыландырып отырған бір режим жоғалады.
3) Теңізге шығатын жолы жоқ Қазақстан үшін ең жақын жол ашылады.
4) Бидай импорттайтын әлемдегі ең ірі елге арпа-бидайымызды еркін сата аламыз.
5) Ресейге байланып қалған мұнай экспортының балама жолы ашылады.
6) 80 млн халық тұратын жаңа нарық ашылып, тауарларымызды еркін сата алатын боламыз.
7) Батыс облыстарымызды арзан көкөніс пен жеміс-жидекпен қамтамасыз етеміз.
Бұл аяқасты есіме түскендері ғана, пайдасы шаш етектен! Ең негізгісі, Иран халқы диктатурадан құтылып, еркін өмір сүретін болады!
P.S. Бұл - менің ирантанушы ретіндегі жеке пікірім. Бұдан былай да Иранда болып жатқан оқиғалар туралы баяндап тұратын боламын.