«Адамзат пешенесіне екінші қайтара дүниеге келуді жазбаған»
«Адамзат пешенесіне екінші қайтара дүниеге келуді жазбаған»

Амр ибн Ас (р.а.) – ұзақ та берекелі ғұмыр сүрген ардақты сахабалардың бірі. Данышпан қолбасшы, нағыз саяси кемеңгер ажал жастығына бас қоярда қатты қобалжыған еді. Сонда оған ұлы әрі ислам ғұламалырының бірі Абдуллаһ (р.а.): «Әке, сіз бұл өмірде өлімнен қорқатын адамдарды ұнатпаушы едіңіз. Ал қазір сіздің дәл сондай уайымға салынып жатқаныңызды байқадым» деп сауал қояды. Өмірінің соңғы сәттерін өткеріп жатқан Амр ибн Ас (р.а.) ұлына былай жауап берген екен: «Менің өмірімде үш маңызды кезең болды, солар мені уайымға салған. Алғашқы кезеңім күпірлік ішінде өтті. Алла елшісіне (с.а.с.) және мүминдерге жасамаған жамандығым қалмады. Хабашстанға (Эфиопияға) хижрет еткенде де қыр соңдарынан қалмадым. Сандаған соғыста мұсылмандарға қарсы шығып, қару кезендім. Сол кезеңде менімен бірге болғандардың көбісі кәпір күйінде өліп кетті. Хақ Тағала мені қорғады, тура жолына салды. Міне, сол кезде жанымды алмай, тура жолды табуыма мүмкіндік берген Раббыма күндіз-түні шүкіршілік айтам. Ал өмірімнің екінші кезеңінде әрдайым Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болдым. Оның (с.а.с.) жанына бір елі ажырамадым. Күнәдан пәк өмір сүрдім. Сахабалардың көбісі осы аралықта дүниеден озды. Алайда, маған бұл аралықта өлуді нәсіп етпепті. «Әттең, өлім сол кезде келгенде ғой» деп өзімді іштей мүжідім. Өмірімнің үшінші кезеңінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) Ұлылар ұлысының құзырындағы орнына көшіп кеткендіктен кейін ар-ожданымды мазалайтын талай мәселеге араласып, олардың шешімін табуға тырыстық. Қателікке жол беріп қоймадым ба деп уайымдап жатырмын. Маған өлім осындай кезде келді».

Сөзден сөз туады, ойды ой қозғайды. Қасиетті Құранда айтылғандай, әр тіршілік иесі түбінде өлім дәмін татады. Сахабаның уайымы түптеп келгенде ақыретке сенетін әр саналы адамның уайымы. Біздің айтпағымыз ол емес. Біздің айтпағымыз – сахабаның сөзіндегі кей тұстардың ара-жігін ажыратып алу – кейбіреулер («Сол кезеңде менімен бірге болғандардың көбісі кәпір күйінде өліп кетті») сөзін үстірт ұғып қалуы мүмкін. Нақтарық айтқанда, Алла тағала олардың кәпір күйінде өліп кеткенін қалаған екен деп үғып қалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Алланың «Білуші», «Рақымды» деген есіміне көлеңке түсіру мүмкін. Жаратқан – «олардың кәпір күйінде өліп кеткенін» - түбі иман келтірмейтінін білгендіктен жанын алған деп ұғу керек. Тағдыр мәселесіне тереңдеуге болмайды. Адамның иманынан көз жазып қалуы иек астында. Бұл турасында, тіпті, хадис те барын білесіздер. Әр тіршілік иесінің белгіленіп қойған рызығы, яғни, қазақша айтқанда, суішкілігі таусылғанда мына дүниеден озады. Десе де адамның тағдыры өз қолында екенін де естен шығармайық, Өйткені, адамға ерік берілген. Жақсылыққа ұмтылғандардың несібесін арттырып, ғұмырын ұзартып қоятыны – Алланың рақымы де білген жөн. Ол турасында да ғибратты мысалдар бар. Оның бәрін жіпке тізіп жатудың қажеті шамалы ғой деп ойлаймын. Иә, адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оның өзі сынақ үшін. Ертең шынайы өмірге аттанғанда өкінбейтіндей өмір сүруді нәсіп етсін. Баршамызға. Өйткені, Габриэль Гарсиа Маркес өзінің «Жүз жылдық жалғыздығында» жазғандай, адамзат пешенесіне екінші қайтара дүниеге келуді жазбаған. 

CаттарCаттар
8 жыл бұрын 3224
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137