Аптапта
Аптапта

Күн жанып тұр. Көк базардан төмен құлдиладым. Ойым: «Совереннің» бір блогын қақ маңдайшасында «Оптовка» деген жазуы бар шағын дүкеннен ала кету.

Әдеттегі көрініс. Ыстықтан жансауғалап, көлеңке-көлеңкені сағалаған һәм ерсілі-қарсылы ағылған жұр. Не өлі, не тірі екені белгісіз, езуінен сілекейі шұбырып, тырайып жатқан бомждар. Мүңкіген күлімсі иіс төңіректі түгел жайлаған. Біреудің сөскесінен түсіп қалған, мыжылып қалған жемістерге қарақұрттай үймелеген құжынаған шыбын-шіркей. Мүсәпір қайыршы. Бұл жерде де жабайы капитализмге тән жайма базар. Көбісінің түрі таныс. Тіпті, көлік тұрағындағы қарауылдарға дейін. Ерқашты көріністен еңсең езіліп, еріксіз басыңды төмен саласың.

Көк базардан қол созым жердегі «Оптовкаға» келіп кірдім. Мұнда да қаптаған адам. Кісі айналуға келмейтін аядай тар қуыста кезек күтіп, иін тірескен жұрт. Қапырық. Құдай-ау, мұнда не сатылмайды дейсіз?! Арақ-шарап, темекінің түр-түрінен бастап, газдалғаны бар, газдалмағаны бар, жәшік-жәшік сусын түрлері, сағыз, кәмпит, ұн, сүт өнімдерінен көз сүрінеді. Сатушы орта жастағы келіншек. Сіңбіруге мұршасы жоқ. Әлсін-әлсін астыңғы ернін шүйіріп, көзіне түсе берген шашын үрлеп қояды. Әлденуақытта қағаз-қаламын жалаңдатып, артымыздан кимелеген киіктің лағындай сылыңғыр қара келіншек алға озды.  Кісі бар-ау, кезек күтіп тұр-ау дегеннің қаперіне кіріп-шықсашы шіркіннің. Бірден сатушыдан тапсырыс алуға көшті. Кенет: – Қайным-ау, әбден жүдеп, ыңыршағың айналып, бөксең қушиып кетіпті ғой. Қайтесің, таста бәрін, өзім бағам, өзім қағам,- деді аяғынан таусылып, кірген-шыққанмен сеңдей соғылысып, ішке жүк тасып ақ тер, көк тері шыққан, мұрты енді тебіндеп келе жатқан ақсары бозбалаға сыңғырлай тіл қатып. Бозбала тәмпіш танау, сылыңғыр қара келіншекке жалт қарады. Соны күткендей келіншек: – Не кием, не ішем демейсің, тек менің бабымды тапсаң, болғаны,- дегені.

Неге екені белгісіз, сол жерде тұрғандардың бәрі көздерімен ішіп-жеп, келіншекке сұмдық жек көре қарады. Енді ше, баса-көктеп, кимелеп алға озғанымен қоймай, қайраңда қалған балықтай қапырықтан қажыған жұрттың уақытын алып, әзіл қатып тұрысы мынау. Қалжыңдайтын уақытты тапқан екен. Және әзілі қандай, естіген құлаққа ерсі. Әйтсе де, екі дүние – бір қадам, жұрттан именетін келіншек көрінбейді. Іскер ысқаяқтағымен қатар алып түсер алмастай өжеттігінен жасқанды ма, ешкім сөге сөйлеп, тіл қатпады. Жасы бар, жасамысы бар жұрттың назары енді бозбалаға ауды. Дүние жаратылғалы бері ешкім мұндай тосын көрініске куә болмаған шығар?! (Әлде ұмытып қалды?)

Алғашқыда риясыз көңілмен ақсия күлген ақсары бозбала келіншектің әзілінің астарын аңдаған сәтте нарттай қызарып, жүзін төмен салды. Келіншек екінші мәрте тіл қатқанда арманшыл жанарымен жағалай көз жүгіртті. Кенет, апшыны қуырған аптап кері серпіліп, уақыт тоқтап қалған тәрізді... Осынау тынысыңды тарылтқан қапырықты да, балағына сүрінген күйкі тірліктің сүреңсіздігін де әр тамшысы інжуден шашу шашқан, саумал аңқып, самал боп өпкен мұхит шайып кеткендей еді.

Алмат Жалбағаев

CаттарCаттар
9 жыл бұрын 3378
2 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137