ДАЛА МИФОЛОГИЯСЫ-2
ДАЛА МИФОЛОГИЯСЫ-2

 А) Стихия

        Бригадир ашулы. Жұмысшылар кекті. Себеп? Бригадир биылдыққа деп бәленбай жер көлемінде қызылша септірген. Жұмысшылар соның шөптеуін үлгермей жатыр. Кейбір бригада мүшелері шыжыған күнге қарамай, бір үйлі жан боп жұмыла кірісіп, жабыла істеп жатыр. Еркектер жағы күн өтпес үшін бастарын шатпен таңып алған, әйелдер жұрағаты күнқағар киген. Олардың жоталары терден қарауытып кеткен. Малмаңдай. Бәрін қойшы. Қас қылғанда, шөптің уақыты өтіп барады. Алдымен қызылшаны шөптеп бітіру керек, оған дейін асылып өлсең де шабындықтың маңайына ешкімді жолатпайды. Ал мезгілі асып, сүйектеніп кеткен шөптен қайыр аз, құнарынан айырылып, малға жұғымы болм айды. Шөп керек болса, амал жоқ,уақыты өтсе де шабасың. Бірақ, сүйектеніп, қатайып кеткен шабындыққа шалғының жүзі өтпей ит әуреге түсіреді. Оның да жарасы жеңіл, ең қиыны – алты ай қыста құнарсызданып, қуатынан айырылған шөпті  талғажау еткен мал ұзынсарыда көтерем боп баудай түседі.

        Кенет жұмысшылар төмен еңкейген бастарын жұлып-жұлып ап, түу, көз ұшындағы 105-ке (шабындық жер) жанар талдырды. Аптаптан күңгірт тартқан көк күмбезін күлгін түтін айқара бүркепті. Елдің көкейінде күдіктің күңгірт дәлізінен шала бықсыған дүдәмал сауал тұрды: өзі тұтанды ма, әлде бригадирге ерегескен қаскүнем біреу әдейі от қойды ма? Егер қасақаны өртесе, басқалардың шөпсіз қалатындай не жазығы бар? Кім болса да, бригадирді көздеймін деп, жұмысшыларды қарауылға ілді. Шолақ ойлы қаскүнемнің кесірі жазықсыз жұмысшыларға тиіп, ауылдың қақ жартысын нәпақасынан айырды. Жұмысшылардың алқымдарына тас тығылып, көздеріне жас тұнды. Қаны қарайған жұмысшылар қаскүнемге қосып бригадирді де сыбады.

Ә) Қапырық

        Ол (менің кейіпкерім) кіреукіленіп шалынған тауға оты сөніп, жалыны қайтқан жанарымен меңірейіп тағы қарады. Есіне, неге екені, белгісіз, үскірік соққан тау аңғары түсіп, ыстық күнде еріген майдай ет-бауыры елжіреп сала берді. Көзіне түбіт иектеніп шалынар жатаған тау қапырық, тымырсық сәттерде кіреукіленіп кететіні бар-ды. Жаныңды қоярға саялы жер таппай, аптаптан титықтаған сәттерде, неге екені белгісіз, кіреуке жамылып алатын жатаған тау «шыбынсыз жаздың» тынысын қасақана бітеп, ерік-жігеріңді тұтқындап тұратынын жұлын-жүйкеңмен сезінесің. Ыстықта қасақана бірдеме бар, сол шошытады бәрінен де. Азабы әлі алды: тымырсық буған қапырықтан мұрныңнан сау етіп дірдектеп қан кеткенде жұмырың түйіліп, онсыз да айсыз тас қараңғы айтақыр көңіліңе беріш қатып қалатын.

        Шегірткенің ми тербеп, зәрезеп ететін шырылы құлақ тұндырып, үдей түсті. Қас пен көздің арасынша күн көзі тұтылып, ыстықтан төңірек қарауытып кетті. О, тоба, үстімізден үлкендігі бұзаубастай бар шегірткелер ұшып барады. Мұндайды кім көрген?! Бауырлары аппақ, сұмдығы сол – ыстық күнде қар жауып тұрғандай ішіміз мұздап сала берді. Біз білетін шегіртке секіріп-қонып ұшушы еді, мыналар аялдамай пырылдап, зыр-зыр қағып барады. Жол-жөнекей егістік кездессе, түк қалдырмай отап кетеді-ау деп көргендер уайым жеп тұрды.

Б) Әйелдер

        - Орамал тон болмайды, жол болады... Өмірден бар көрген-түйгендерін осы мақалға сидырып, жоқшылық ғұмырларында «Құда күтуді» құмырсқа тірліктерінің мәніне айналдырып алғандарынан соншалықты тоғышарлық аңғарылады.

        Арасында ұзын шаштары жұмыс істегенде бөгет болмасы үшін бастарын шытпен таңып алған бір топ әйел түстеніп отыр. Әлдебіреудің туған күні ме, әлде әлдекім құдалыққа барып қайтты ма, сол әлдекім, әлдебіреудің қатындарға деп жеке сақтаған сарқытын әйелдер ортаға төгіп, жәукемдеп жатыр. Апшыны қуырған аптапты елеген олар жоқ, қоржын түбінен табылған үш жартылықтың екеуін орталап үлгерген әйелдердің күн қақтап, шаң айғыздаған жүздері тіптен әлемтапырақтанып кетіпті. Көңіл көтерген сиықтары тым аянышты. Кенет, жер астынан шыққандай тұстарынан атын борбайлатып, керең шал шауып өтті. «Шайхиннің малы жоқ» деп жын соққандай айқайлап барады. Әйелдерге қыр көрсеткісі келді ме, жоқ, аудан прокурорының малын бағып отырғанын әлдеқандай қыла ма, әйтеуір қашан көрсең де «Шайхиннің малы жоқ» деп атын қара терге түсіріп, далақтап шауып жүргені.

        Әсіресе, мосқал тартқан бір әйел жасамыс құрбыларындай тың, сергек емес, онсыз да шаршаулының көзі кіртиіп, тез масайып қалды. Бір-біріне жеңсік бермеген әйелдердің жеңінен тартқылап, есі шықты.

-         Әкелерім-ау, мен де бір қызық айтайын...- Ол әңгімесін әріден, әсерілеп бастағысы келгендей үнін құпиялап, бетін шымшып, енді ауыз ашқанша, оның сөзін басқа бір әйел бөліп жібереді. Мысы құрыған мосқал әйел құрбақадай шулаған құрбыларынан түңілген кейіпте отырған жерінде жантая кетеді.

(Жалғасы болуы мүмкін)

CаттарCаттар
8 жыл бұрын 3142
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137