ДАЛА МИФОЛОГИЯСЫ - 1
ДАЛА МИФОЛОГИЯСЫ - 1

А) Француздар мен тірі робот

Қызылша шаруашылығымен аты шыққан бұл ауданға инвестиция саламыз деп, айшылық алыс жолдан ат арытып, француз мамандары келді. Құр қол келмей, техникаларын, химикаттарын өздерімен бірге жер түібнен сүйрей кепті. Бірақ, бұл өңірдің қатал климатынан олардың техникалары да, тыңайтқыштары да жарамсыз болып қалды. Қатарынан екі жыл тырбыңдаса да ақыры алып кете алмады бұл шаруашылықтың түрін, «есің барда еліңді тап» дегендей келген іздерімен кері қайтты.  Түу, ит өлген жерден сүйрей келген техникаларының сүйектері мен саймандары қолы қол, бұты бұт боп әр жерде шашылып, тот басып қалды. «Қарғыс атқыр» бұл өңірге ендігәрі аяқ баспастай болып қайтқан француздардың көзіне оңай олжа боп көрінген осынау шаруашылықтың түрі әзірге өркениеттен қашық, яғни, жабайылығы басым. Олай дейтініміз, француздар осы өңірдің құрттай қаулап өсетін арамшөбіне еш айла таба алмай, еш қайла қыла алмай мыстары құрыған. Ешбір химикатыңа бой бермейді. Тауы шағылып, отанына қайтқан француздар өздерімен бірге тәбарік ретінде арамшөптердің бір-бір экземплярын ала кетіпті. Ақырында, оларды түп-тамырымен жойып жіберетін қарсы дәрі таппай, естуімізше, жағаларын ұстапты. Оның сырын көнекөз жұмысшылар өте қарпайым түсіндіреді: «Арамшөп қара жердің  өз төлі, ал қызылша – өгей». Осыдан басқа ақылға сыйымды, көңілге қонымды, жарытымды жауап таппассың, сірә.

 Айдаладағы аты-жөні бөтен француздар осы өңірдегі осы шаруашылықтың түріне неге көз тікті дейсіз? ­Өйткені, әлемде Жетісудың қантындай жоғары сапалы қантты ұшырастыруың екіталай. Айтпақшы, сол француздарың үсті-басын түгел комбинезонмен тұмшалап, тракторға отырып ап, зиянестерден қорғау үшін қызылша алқабына дәрі шашпай ма. Сөйтсе қызылшаны сиретіп шөптеп жүрген, арнайы қорғаныш киімсіз «ашық-шашық» қатындар дәрісі бұрқыраған трактордың соңында жүгіріп жүріп істегендей болыпты ғой. (Кім білсін оларды, француздардың көзіне түскісі келді әлде білместік?!). Сонда байғұс француздардың таңқалғаннан тілдері байланып қапты.  Артынан жергілікті халықты сүйсінгені әлде кекегені белгісіз, «Тірі робот» атап кетті.

Ә) Жиын-терін

                Тәтті түбірді қазу-аршу науқанына байданысты ауданнан, облыстан келгендер семинарды мынадай мәселелермен ашты:

-          Шірік жібермеу. Бір шірік шықса, бізге зиян, зауытқа пайда. Өткізген өніміңнің пәленбай пайызын шалаға шығарып тастайды;

-          Қызылшаны босатып алмау. Әйтпесе, салмағы түсіп, сапасы кемиді. (Қызылша күн көзінде ұзағырақ жатып қалса, босап кетеді. Көлікке тиеп, жөнелтетін жағына жөнелткенше аршылған өнімді дымқыл топырақпен бүркей тұрасың);

-          Өнімді үсітіп алмай дер кезінде жинап алу. (Әгәраки, күн оқыс суыта қалса, онда да топырақпен бүркей тұрасың);

-          Аудан бекіткен үдде мен мүддеден шығу. Қант зауыты тәулігіне 3000 тонна өнімді өңдейді. Егер бұл үддеден шықпасаң, зауыт оталмайды: оталдырған күннің өзінде өзіне тиімсіз, шашетектен шығынға батады.

Сондай-ақ, жұмыс күшін оңтайлы ұйымдастыру үшін бригадир өзі тиімді деп тапқан басқа тәсілге көшті: отау ішінен отау тіккендей болып, қоластындағы 60 қаралы жанды шағын-шағын 4 бригадаға бөліп тастады. (Айта кетейік, бұл тәсілді көрші ауылдан қайталадық) Әр бригаданың өз жетекшісі тағайындалды. Айтқаны - заң, бұлжытпай орындайтын бұйрыққа жататын бригадир тарапынан. Бригаданың жетекшілері қатардағы жұмысшыларға қарағанда он пайыз жоғары төленеді. Олардың үстінен учетчик қарайды. Табелді толтыратын да, еңбекақыны жазатын да сол. Оған жиырма пайыз жоғары төленеді дегендей... Мұның бір тиімді жері – жұмысшылар бір-біріне бөгет жасап, бір орында топырласпайды. Әр бригада «социалды жарысқа» түсіп, қазу-аршу науқанына, құдай салмасын, «құлашын сермеп» құлшына кірісті. Үлкен бастық жүлделі үш орын тағайындады, төртіншісі – ынталандыру. Бәйгеден алдымен келгенге үйірімен үш тоғыз атамаса да әр кісіге шаққанда 1000 теңгеден айналатын сыйлық тікті. Ал дегенде екі бригада  160 тонна өнімді артық аршып, өзге бригадалардың адамдарын шаң қаптырып, орта жолда қалдырды. Сол сол-ақ екен, аналардан қара үзіп, оқ бойы озып кеткен екі бригада бір-бірін артқа тастай алмай, біраз жерге дейін қатар тепеңдесті. Істестері – енді жойқын, тіліктен тілік қоймай, тіпті, ұрланып, ай жарығын пайдаланып, кеш қалып та істеп жүрді. Бұл екпінді екі бригада бүкіл ауыл болып атақ тақты: біреуін – «Зымыран – 103» десе, екіншісі – «Жоңғар шапқыншылығы»... Әзірге үзеңгі қағыстырып, қатар келе жатқан екі жақ та сырттай сыр бермегенсиді. Әйтпесе, тау селіндей алапат қарқындары қайтып, күннен-күнге қызылша алқабының басынан табылатын жұмысшылардың қатары селдіреп, сирей берді, сирей берді. Көбісі барлығып, мұрттай ұшты. Екі-үшеуі аудандық ауруханаға жөнелтілді, диагнозы – күш түсіп зорыққан, көк еті жыртылып кеткен, жарық пайда болған, т.б. «Құрысын, бүйтіп тапқан мың теңгесі, онан да ел қатарлы алға да озбай, артта да қалмай жүрген артық. Екі жанымыз жоқ. Таңың айырылып, табаның тозып тапқан мың теңгең ертең алды-жалда ауырып-сырқай қалсаң, жыртығыңа жамау болып жарытпайды. Қос өкпеден қысқан мына заманда дәрі-дәрмектің бағасы удай қымбат, жаныңды жалдап тапқан артық 1000 теңгеңнің қалпағын теріс кигізіп жібереді. Оның үстіне, жығылғанға жұдырық  боп, ауа райы күніне мың құбылатын мінез танытып жүр: түске дейін - киіз, түстен кейін - мүйіз...

        Жеңіл қазылуы үшін тілікті алдымен ылғалдандырып алатыны бар, бұдан былай оның да қажеті болмай қалды; онсыз да аяғыңа желімдей жабысқан батпақтан тонна сүйретіп жүресің. Қызылшаны қолмен жинайсың. Түнде түскен шықтан жапырағын қырау тұтқан қызылшаны ұстауға жиренесің – қып-қызыл боп барбиып ісіп кеткен саусақтарыңнан жан кетіп, сіресіп икемге келмейді. Әлсіздері ыстығы көтеріліп, қос басында бір жығылып тұрады. Тек үйден әкелген буы бұрқыраған термостағы шайларымен ғана жан шақырады. Термостағы шай жазда - шөл қандырады, қыста - бойыңды жылытады. «Кісі таситын тіркеме» деген бортында жазуы бар трактордың артқы доңғалағы жан-жағына батпақ шашырата шыр көбелек айналып, мықшияды да қалады. Қашан жыланбауыр кеп шығарып алғанша ұйықтай сорған батпақтан тып ете алмайды.

        Жұмысшылардың да өз обалдары өздерінде. Басында «қызылшаны техникасыз қолмен қазамыз, сол үшін де оның ақшасы өзімізге жазылсын», деп ауыздарынан қағынған, енді міне, өнімді қайта-қайта қардың астында қалдырып, үлгере алмай өкініштен өзектері өртенеді. Түні бойы табаннан өткен сыз бен суықтан бүйрегің суырып, көзің бұлдырап шығады. Тұла бойың салдырап тұрса да таң атар-атпастан көзіңді тырнап ашып, қызылша алқабына жөнейсің. Әні-міне, қалың қар басып қалады-ау деп уайым жеген бригадир техниканы іске қосқан, батпақ адымын аштырмады, сынатыны сынды. Ақыры жауатын қары тезірек жауса екен дейтін мысық тілеулілердің наразы күңкілдері әр жерден естіліп қалатын болды. Істеген еңбегіңнің тең жартысы далаға кетіп жатыр, зауытқа май шелпек боп, өткізген өніміңнің тұп-тура 50 пайызын батпаққа шығарып тастайды. Бәрін айт та бірін айт, алқаш Аманбайдың жырын айт. Басында тәп-тәуір, тіпті, ұрандап басталған істің басы-қасында белсеніп, Аманбай жүрді. Жылдағыдай емес, жұмыс күшінің жаңаша ұйымдастырылуы, өнімнің бітік шығып, жылдағыдан мол болатыны көңіліне үміт отын жағып, білегін сыбанып, құлшына кіріскендердің бірі сол болатын. Елдің кеу-кеуінде шек жоқ, біреулер шын қуанса, енді біреулері оны мазаққа айналдырды. Алдыңғы қатардан көрінетін озат, үлгілі жұмысшы атанды. Әйелі шөп басын сындырып, күйеуінің арақты қойғанына дастархан жайып, көрші-көлеңге кішігірім той жасады. Істің арты сиырқұйымшақтанған сайын бәрі адыра қалып, Аманбай сабындай бұзылатынды шығарды. Ақыры ол бөтелкелес достарын тауып, қайтадан ішіп кетті. Бара-бара бригадирдің де енесін ұрмай, бүкіл ел көзінен ықпай, қос басында әркімнің бір шалғайына оратылып, ләйліп жүретін болды. Ел де қызық: «Әкем-ау, енді татып алмауға уәде беріп едің ғой, мынауыңа жол болсын», деп біреуі жанашыр кеңесін айтпайды. Қайта: «Е-е, болары болып тынған екен. Біз білетін Аманбай, бәсе, қайдан алысқа ұзап барушы еді. Қайта ер екен, 28 күн ішпей шыдаған»...

Б) Сабан той

        Қалай жиын-терін бітті, солай қар басып салды төңіректі. Құдайдың мұнысына да шүкір десті ел. Басқа той-томалақтан бір артықшылығы – сабан тойда ешкім ешкімді алаламайды, кісілер бір-бірін сыртқа теппейді. Солай десек те бәрібір араларында ызғар кеулеп, түпсіз шыңырау боп түсіп жатқан ала-құлалықтан ши шықпай тұрмады. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бір шатақ арақтан шықты. (Бұл арада жаппай мас болып, бір-бірімен жаға жыртысып, төбелесіп кетті деуден аулақпыз). Мәселе – бірі ішеді, енді бірі татып алмайды. Ішетіндер ішпейтіндердің сыбағасына қол салатын. Сөйтіп бір жырғап қалатын. Жылда солай боп келген. Ал биыл бұл жалпақшешей үрдіске «сең жүрді!». Ішпейтіндер өздеріне тиесілі үлесті (кемінде екі жарты) үйлеріне қонақ келгенде құямыз деп ала кетуге бел байласа, оған ішетіндер: «Осылар да жоқ сұмдықты шығарып... бөлініп-жырылып... той болған соң бәрі ортақ, арақ осы дастархан басында құйылуы керек. Немене... бізді менсінбейсіңдер ме?... Өздерінше мәдениетті бола қалуларын» , деп наразылық білдірді. Ақыры ішпейтіндер араға бригадирдің есепшісін салып, өз үлестерін үйлеріне алып кетті.  Сыбаға деп – бір, сарқыт деп – екі жегендер де болды.

(Жалғасы бар) 

 

 

CаттарCаттар
8 жыл бұрын 3313
1 пікір
  • ҚР Премьер-министрі Ақсу қант зауытын қалпына келтіруді тапсырды

    Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Алматы облысы үшін суармалы алқапты кеңейту негізгі міндет екенін атап айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
    «Қажет болса, жеке бағдарлама жасап, қаржы бөлеміз. Өйткені, Алматы облысы жерінің әлеуеті мол», - деді ҚР Премьер-министрі.
    Сондай-ақ, К.Мәсімов жүгері мен қант қызылшасы егілетін алқапты ұлғайтуға мән беру қажеттігін атап өтті, облыс әкімдігі алдында тұрған маңызды тапсырмалардың бірі – Ақсу қант зауытын қалпына келтіруді тапсырды.
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137