Күлшат бойы-басы жөндем, ай сайын жалақы алып тұратын қызметкерлермен жақын-жуық жүргенді ұнатады. Оқыған-тоқығандармен, қызметкерлермен біте қайнасып, бірге жүрсе ғана мына өмірдің мағынасы айқындалып, мазмұнды болмақ. Адамдық абыройын да, рухани қажеттілігін де осымен өлшеп-пішіп тірлік етеді. Ең бастысы, өзіне ықпалды, талғамды орта қалыптастырғысы келетін. Ал, ол оңай-оспақ шаруа емес...
Алақандай ауылда қанша қызметкер бар дейсің, тек мектеп мұғалімдері мен фельдшерлік пунктің бас дәрігерін есептемегенде бір-екі медбике. Тек солардың иіні ғана бүтін. Ақшадан қысылған ел қарыз сұрап естерін шығарған соң көбісі былайғы жұрттан жарықтап, тұйықталып кеткен. Кейбіреулері, тіпті, тәкаппар, көшеде қарсы кездессең, сәлеміңді алмай, менсінбей өтеді. Менсінбеудің де түр-түрі, неше атасы болатынына көз жеткізесің. Кейбіреуі байқамағансып, қасыңнан басын төмен тұқыртып өте шығады (бұлары қайта иманжүздірегі), енді біреулері ашықтан-ашық жақтырмай, мұрнын шүйіріп, қарсы ұшырассаң – тура тапап өтетін танк сияқты. Ауылдағы оқыған-тоқығандардың жалпы нобайы осындай, басқа алып-қосарымыз жоқ.
Бұлар ауыл арасында бүкіл үйелменімен «Машайттың отбасы» аталып кеткен. Әкелерінің ныспысы – Жәрдембек. Қалжыңбас құрдастары оның шәлкем-шалыс мінезімен орай өңін айналдырып, орыстың «мешает» сөзін қазақы қалыпқа салып, «машайт» деп атап кеткен. Талай жыл бойдақ қой баққан. Бертін ауылға көшіп келді. Шиттей бала-шағасы бар, Күлшат – тұла бойы тұңғышы. Күлшаттан басқасы түгел именшек-жасқаншақ. Алыс түкпірден қатынап оқуға қиын тиетін болған соң облыс орталығындағы малшылардың балаларына арнайы ашылған интернатта жатып, он жылдықты бітіреді. Қала көрген атағы бар, аса пысық болмаса да еті тірі. Бар айыбы – оқуға түсе алмағаны. Әлі тұрмысқа шықпағаны. Ауыз жарымайтын тақыл-тұқыл ақшаға бола мектеп еденін жуады.
Осы жолы өзінен үш жас үлкендігі бар, бастауыш сыныпта сабақ беретін Шараны үйіне қонаққа шақырды. Күлшаттың өз есебі бар: «отырған қыз орнын табады» деген мақалды малданып, соқыр үмітке иек артқысы келмейді. Шара да әлі тұрмыс құрмаған... оның інісі мектептің кітапханашысы, үміті де жоқ емес. Оқушылар оны «сақалды кәрі қыз» деп, сыртынан тәлкек етеді. Кейінгі кезде ол мұрт жіберген, онысы біртүрлі қымсындырады. О, тәңірім, оған тіпті де жараспайды ғой. Бірақ, нәзік әрі балғын жүзіне еркекке тән бір сұстылық пен аяулы реңк береді. Қызметіне тік барып, тік қайтатын сыпайы, сырбаз жігіттің тамырын басып, байқастап көрген, кетәрі емес тәрізді. Тек Кәмшаттан ғана қауіп күтеді. Кітапхананың еденін жууға келген сайын іші бірдеңе сезеді ме, мұны жігітпен оңаша қалдырғысы келмейді білем, қосамжарланып, кітап қараған боп, кітапханадан шықпайды. Тезірек алдын орамаса болмайды. Шараны қонаққа шақыратын күні Күлшаттың қаупі тіпті ұлғая түсті. Қашанғысындай Кәмшат «Қайта оралған арыстарға» альбом-букет жасап отырған жігітке көмектескен боп, арасында: «Қағаздың бәрін жыртып болдың ғой»,- деп сынықси тіл қатып, қалжыңдап қояды. Жігіт үндеген жоқ. Оның үнсіздігінде, түр-тұлғасында со сәтте Күлшәтқа адамның жанын тебірендіретін әлдебір үмітсіздік, тұңғиық бірдеңе бардай көрінген. Жанары түйіскенде бұған жатырқай қарап, суық жымиған...
Қонақ шақыратынын, қонаққа кімді шақыратынын үй ішіне хабарлағанда шешесі қашанғысындай қызын құптап, басын изеді. Басқаларына келдің не, кеттің не, бәрібір сықылды. Тек бос уақытын әтеш төбелестірумен өткізетін кіші інісі ғана бұлқан-талқан болып, «атой» сап, қарсы шықты:
– Осы сендердің-ақ қонақтарың таусылмайды екен. Лағманға тағы тауық соясыңдар ма? Құртып біттіңдер ғой әбден. Бір жағынан әкем ұрлайды араққа деп, екінші жағынан сендер.. Лағман созудан жалықпайды екенсіңдер.
Шешесі де, әкпесі де оны ұрсып-ұрсып, тыйып тастады.
Күлшаттың мейманы ел орынға отыра келді. Мұғалімдерінің көзіне түсуге ұялды білем, балалардың бәрі тайлы-таяғы қалмай бір жаққа безіп кетті. Әкелері ләйліп, ол бір жақта қаңғып жүр. Күлшат пен шешесінің бар есіл-дерті қонақ күтудің қамына ауған. Қаурыт, қарбалас істен мұрындарына су жетпейді. Бауырсақ пісіріп жатқан Күлшаттың шешесі қызуы бет шарпыған пештің жанында тұрып... көзіне құйыла берген тер моншақтарын жеңімен жасқап қояды. Үйдің ішін майдың қоңырсыған жалыны алып кеткен, көк түтін. Әрі моншадай ысып... Шара кіргенде, жаппай-ақ қой, деп есікті шалқасынан аштырып тастады. Күздің салқын саумал ауасы лап берді. Күлшат лағман созуға кіріскен. Қарап отырғаным ұят болар деп, Шара да білегін түрініп, Күлшатқа көмектесіп, лағман созысып жатыр.
– Бұлар не деген адамдар, деп ойлап отырған шығарсың іштей,- деп Күлшат күлді. – Не наны дайын емес, не қамыры иленбеген деп...
– Несіне қысыласың. Өзім жейтін ас қой, аздап болса да еңбегім сіңсін,- деп Шара да өзімсіне қалжыңдай жауап қатты.
– Қазір «Проста Мария» басталады. Тамақ піскенше соны тамашалай тұр, - деді қонақты теледидармен алдарқата тұрғысы келген Күлшаттың шешесі. Осы үйде Күлшат пен шешесінің ымы-жымы бір. Тура бір құрбылар сияқты. Күйеуінің барынан жоғы, үлкен қызына арқа сүйейді. Қалғандары әлі мектеп жасында. Ғұмырының ең қызықты шағы етегі құрғамай бала табумен, мал соңында салпақтап жүрумен өтті. Көрмеген қызығын балаларының келешегінен күтеді. Әсіресе, Күлшатына үлкен үміт артады. Ол ұрысқақ, тырысқақ әйел болатын. Ұрысқан кезінде иегі кемсеңдеп кетеді, жылап отырған адамның түрі. Оның өзінде де мінезінің «қаттылығы» содан ғана көрінеді, әйтпесе жасықтау жан-тын. Кейде қатты ашуланған кезінде кісіні шошытып, шашын жайып жіберетіні бар. Ондай кезде оның маңына ешкім жоламауға тырысады.
Асты енді алдарына ала бергенде есікті теуіп ашып, отағасы кірді. Үшеуі бір сәт сілейіп қалған. Есін тез жиған Күлшат болды. Орнынан ұшып тұрып, құлап қалмас үшін босағаға сүйеніп, сүзеген бұқаша көзі алайып тұрып қалған әкесінің жік-жапар болып, аяқ киімін шешті. Әкесі қызын теуіп жібере жаздады.
– Ой, папа, кішкене тыныш тұрыңызшы. Аяғыңмен үйдің бәрін былғайсың. Ана қонақтан ұялсаңызшы,- деді күлген болып.
– Біз де адам баласымыз,- деді тілі күрмеле сөйлеген әкесі. – Ұқтың ба?
– Иә, иә, жүр, тамағыңды іш,- сабырсыздана тіл қатқан қызының даусы ұяттан дірілдеп шықты.
– Тағы да лағман ба? - деді мысқылдай сөйлеген әкесі қызына қарадай тиісіп.
Арақ ішетін жер таппағандай мана, күндіз әкесі өзімен бірге осы ауылдың бір топ алқашын ертіп әкепті. Әйелі мен қызы екі жақтап, оларды табалдырықтан аттатпай кері қайтарған. Қанша ішсе де соны әлі ұмытпаған сыңайлы. Дастарханға жеткенше бір жығылып тұрды. Алдына қойған асты да ақтарып алды. Онымен қоймай, бір-екі рет жұдырығымен үстелді тоқпақтап, бәрінің берекесін кетіріп, ішкендерін ірің, жегендерін желім етті. Қанын ішіне тартып алған шешесінің сыры өзіне мәлім, тағы шашын жайып жібере ме, деп, Күлшатта зәре жоқ. Онан да дүрсе қоя бергені жақсы еді. Абыройдан айырылайын десе, әп-сәтте екен ғой.
– Кел демек барда, кет демек жоқ, рұқсат болса мен қайтайын. Ықыластарыңызға рахмет – өзін ыңғайсыз сезінген қонағы осыны айтуы мұң екен, іздегенге – сұраған, лып етіп шам сөнді де қалды. Бірақ, Шара орнынан тұрып үлгерген жоқ, отағасының жүрегі көтеріліп кетті білем, лоқсып-лоқсып, құсып жіберді. Бұл масқараға шыдамаған Күлшат шыңғыра құлады. Мұның бәрі әп-сәтте болды. Құр шілтер тұтылған терезеден ай сәулесі мол төгіліп, бұлар отырған тұсты ақтаңдатып, әжептеуір жарық қып тұр.
Үйдің ішін алып кеткен әлемтапырақ иісті елеген де жоқ, шешесі мен Шара дереу ес-түссіз құлап жатқан Күлшатты апарып, керуетке жатқызды. Соның арасынша әкесі де қор етіп ұйықтап қалды. Енді оны зеңбірек атсаң да оята алмайсың. Шешесі жаяу жетілік шамды әкеп жағып еді, онысы тұтанбай қайта-қайта сөне берді. – Қанжауғырларға құдайдың зарын қылам білтесін тазалап қойыңдар деп. Шетінен қырсық, шетінен кері бағып тұрады ғой... Жүрек талмасы бар еді...- Шешесінің күбір-күбір еткен үні күйінішті шықты.
Әйтсе де, екеуі аяқтарының ұшынан басып, қатты дабырласпауға тырысады. Аяқтарының ұшынан басқан сайын еден сықыр-сықыр етіп, зәрелерін ұшырады. Жаяу жетілік шамды тұтатып, Күлшаттың қол-аяғын уқалап, құп-қу өңіне су әкеп бүрікті. Осының бәрін екеуі үнсіз атқарды. Тек тыныштықты, осы үйдің шырқын бұзып, дастархан басында қылжиып ұйықтап жатқан отағасы қорылдайды...
Кенет тура құлағының түбінен жыланның ысылдағанына ұқсас дыбыстан Шара сескене жалт қараған. Күлшаттың шешесі қыстыға, егіліп жылап тұр екен. Шараға мүлдем назар салмайды. Сөйтсе де, одан осы қазір ақжүрегінен ақтарылуы тәрізді ерлікке пара-пар бір әрекетті көргісі келетіні түрі айтып тұр. Шара іштей бір қысылудан, мына қасіреті қалың әйелдің алдында өзін жазықты жандай сезінуден арыла алмай, бәрінен бұрын оны жұбату еш мүмкін еместей көрінді. Әйел ара-арасында тістеніп: – Атау кереңді ішкір,- деп, күйеуін қарғап-сілеп қояды.
Кенет есіктен бірін-бірі итеріп, аяқ киімдерге шалынысып, дабырласып балалары кірді. Айыздары қанып ойнаған болуы керек, өздері көңілді, бірінің сөзін бірі бөліп, дауыстары жарқын-жарқын шығады.
– Мама, қарын ашты, - деп біреуі есіктен кірмей жатып айғай салды.
– Лағманыңды салшы табаққа, бір тояйық,- деген кіші ұлының үні бүкіл бір ауылды көшіріп әкелгендей... Олардың үйдегі жайдан хабарсыздығы, кәперсіздігі арадағы ыңғайсыздықты, мына шешелерінің бақытсыздығын да әп-сәтте ұмыттырып жіберді. Дабыр-дұбыр үннен Күлшат есін жиды. Бір сәт мызғып кеткен адам тәрізді.
– Не боп қалды?- деді ентелеген біреуі. Кенет Шараны енді ғана байқап қалды білем, жауап күтпей, жылыстай жылжып, қаракөлеңкеге шегінді.
– Топырламай барыңдар. Тамақты өздерің құйып ішіңдер. Алдымен әкелеріңнің құсығын сүртіп алыңдар,- деді шешелері оларға қарамаған күйі қызының құп-қу өңіне үңіліп.
– Біздікінде валерянка бар. Мамамның жүрегі нашар... Мен содан әкеп берейін.
– Мен де сенімен бірге барамын,- деді Күлшат басын көтеріп.
– Сен қозғалмай жатшы, өзім-ақ әкеп берейін,- деді Шара қабағын шытып.
– Жатқаннан пайда жоқ. Серуендеп, кішкене таза ауа жұтпасам болмайды,- деп ақыры бой бермей, сыртынан жылы киім кие бастады.
– Мама, бізге шам керек, - деді шыдамсызданған балалар дауыстап. Олар бұларға тіпті де мән берген жоқ, өз қызықтары өздерінде, ойынның қызығын айтып, тауыса алмай жатыр. Арасында күлісіп қояды.
Дала сүттей жарық. Қора жақтан өрістен тыңқия тойып келген сиырдың пыс-пыс етіп, күйіс қайырғаны естіледі.
– Кісілер ендігісін байлаулы қабаған иттерін босатып жіберген шығар. Ауылдың шетіндегі айналмалы жолмен барайық, - деді Шара. Күлшат келісті.
– Қайдан ғана қонаққа келе қалдым екен деп, опық жеген шығарсың. Әбден зәреңді ұшырдық білем,- деді Күлшат приступтан алғаш рет зорлана күліп. Өңі әлі де болса құп-қу.
– Оқасы жоқ. Ондай-ондай ханның қызында да болады,- деді Шара жұбата сөйлеп. – Ештеңе ойлама, бәрі жақсы болады.
Тура жол үстіне шөлмек сынған болуы керек, шынылары ай сәулесіне шағылысып, суық жылтырайды. Неге екені белгісіз, Күлшаттың есіне түрінде адамның жанын баурайтын соншалықты үмітсіздік, тұңғиық бірдеңе бардай көрінетін, өзіне жатырқай қарап, суық жымиған Жасұлан оралған. Сонсоң, ай сәулесінен жусап жатқан төңірекке таңырқай қарады.
– Шара, егер құпия болмаса, айтшы, көзің түскен, көңілің ауған жігітің бар ма?- деді жұмсақ үнмен.
– Бар ғой біреуі, - деді Шара немқұрайды үнмен. Оның бұл әңгімеге түк зауқы жоқтығын аңғарса да Күлшат тықақтап: – Ол кім өзі? - деді.
– Кластасым Алтай... Тракторист. Оңаша қалған кезімізде ол маған жанының түкпірінде жасырынып жатқан сырын ақтарып, шерін тарқата ма деп күтемін, керісінше быдың-быдың етіп, науқан уақытында бағасы күрт көтеріліп кететін жанар-жағар май туралы бірдеңелерін айтып, құлағымды сарсытып бітеді. Өздері үй іштерімен жеке шыққалы бері шаруашылықтан басқа ештеңе айтпайды. Зеріктіріп жібереді.
Құрбылар ай астында ұзай берді...
Алмат Жалбағаев