Қасым Аманжолұлы: Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел болғанымыз шын ба?
Қасым Аманжолұлы: Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел болғанымыз шын ба?

Тарих туралы бірер сөз

«Тарихымыз ғажап, рухани кемел ұлт едік» деген, жиі естіліп қалатын сөзге бірер ауыз пікір.

Есте жоқ ерте заманға, «бастыны идірген, тізеліні бүктірген» көктүркінің кезіне кетпей-ақ қояйын. Тіпті, кейінгі Алтын Орда дәуірінің сұрапыл шапқыншы ғұмырына да баға бермейін. (Заман солай болды, о кезде барлық жұрт бір-бірінен алшақ емес еді дегендей. Алайда, со кездің өзінде ғылым мен білімге ұмтылған, жаңалық ашып жатқан жұрттардың да болғаны рас. Яғни о заман да даулы).
 
1. Алаш алаш болдым деген кезең. 500 жылдай бұрын. Алты алаштың бір бұтағы – қатаған руын қырған кім? Қалған бес Алаш емес пе? («Ей, Қатағанның хан Тұрсын, …есігіңе келіп тұр, шашқалы тұр қаныңды, алғалы тұр жаныңды» – Марғасқа жырау.). Мағауинге сенсек, арбаның күпшегінен бойы асқан қатағандық еркеккіндікті түгел қырылған. Қырған. Қазақтың ханы Есім хан және оның қазақтың өзге бұтағынан жиналған қалың аламаны геноцид жасаған. Еркегін қырып, әйелін күң, баласын құл еткен. Өз бауырының. Қалмақтың, ойраттың баласын емес. Иә, ол заманды да ақтап алатындар табылар. «500 жыл бұрын, ондай-мұндай, Шыңғыс тұқымы, о кезде солай еді, қатаған Тұрсын хан сепаратист болды, бәлду-бәлду» дегендей. Бірақ, оған ерген мыңдаған жұрттың не жазығы бар еді? Сондықтан, мойындап қоялық, біз мемлекет болып хандық құрған заманда-ақ өз бауырын, туыс тайпаны тұтас қырып тастай алған, геноцидке барған жұртпыз. Ақ түйеге мінген Асан Қайғының соңынан ерген «Ақ қаз» сипатты періште кейіпті лирикалық халықты елестетпей-ақ қоялық.
 
2. Мақұл, бері кеттік. Шамамен, 300 жыл бұрын. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» дәуірі. «Жоңғар деген жалмауыз келіпті, бейқам жатқан, бейбітшілік сүйгіш, ересен момын, кінәсіз жұртты шауыпты» деген миф. Әдемі, өтірік һәм жылымшы миф. Құдды сол жоңғар деген «бабай-жұрт» аспаннан түскендей. Олар біздің өте жақын туыс, тұрмысы бірдей, діні мен тілі ғана аздап бөлектеу халық еді. Сыймадық. Малымыз сыймады, кеудеміз, кегіміз маза бермеді. Бүгін ол жұрттың жұрнағы кино түсіре алмайды, әйтпесе қазақ деген «қанішер жұрттың» жоңғар ауылын қалай өртеп, малын айдап алып, қызын бөктеріп әкетіп, ұлын құлдыққа салғаны жайында қанша картина түсірген болар еді. Жарайды, соғыстың аты соғыс, екі жақ та қарап қалмады дейік. Алайда, Қаратауға дейін босып, жол бойы мәйіті шашылған қалың қазақ түгелдей жоңғар қылышынан өлді ме екен? Босқан жұрттың аштыққа ұшырамағанына, індет пен дерттен, қатігездік пен ішкі шапқыннан да қырылмағанына кепілдік бере аласыз ба? Рухани кемел, бірлігіміз ғажайып, керемет жұрт болсақ, неге жеңілдік, неге Сарыарқаны қиып, тастап, босып кеттік? Арқа мен шығыстағы көп рулар елу жылдан соң ғана өз атамекеніне оралды. Қытай арғы жақтан жоңғарды тоздырған сәтте біз де жеттік батыстан. Қырғынның көкесі сонда болды. Рас, ата кек дерміз. Алайда, ол жұртты да геноцидке ұшыратқанның бірі біздің бабалар еді. Қайда әлгі, «біз деген мал баққан елміз, өз-өзімен тыныш жатқан елміз… » деп келетін қанатты сөздер?
 
3. Жақсы. 200 жылдай бұрын. Шамамен, Ресейге бодан болған, одан соңғы батыста Исатай-Махамбет, арқа мен жетісуда Кенесары хан дәуірі. Алдымен, жүз-жүз боп әрқайсысы өз бетінше вассалдықты қабыл алған кезеңге тоқталайық. Неге сол кезеңде рухани тұтас, бекем жұрт екеніміз рас болса, Ресей империясымен лайықты, тасқа басылған өркениетті келіссөздер болмады? Елді сақтаудың ішкі-сыртқы, элитаралық келісімдері неге жасалмады? Территориялар, құқықтар мен шарттар неге белгіленбеді? (Барақ сұлтан мен Әбілқайырлардың бір-бірінің басын алатындары соның алдында ғана ма еді…) Жәңгір, Уәли сияқты ел жауапкершілігін арқалаған билеушілердің тұтасымен орыс империясына бет бұрып, үйелменімен бірге діндеріне дейін өзгере бастайтын тұстары тағы да сол кезең болса керек-ті.
Жарайды, сәл бері жылжиық. Исатай-Махамбеттің зеңбірекке қылышпен шапқан, сөйтіп өзіне ерген елді қырып алған қамсыздығына көз жұмайық. Ол бір батырлық дастаны боп қала тұрсын. Негізі, соғысқа дайындалған жұрт әуелі күшін шамаласа керек, қаруын сайлап, жарағын жөндесе жөн. Өскен жұрт, кемел халық сөйтуге тиіс. Құр аборигендік шапқынның жеңіске жеткені тарихта сирек. Ол бір әумесерлікке көп ұқсайды.
 
Кенесары хан. Рас, ер, батыр, жаужүрек. Мемлекетті ұстап қалуға ұмтылған қаһарман тұлға. Оның да орыс мылтығы мен зеңбірегіне жарақсыз шапқанын өткізіп жіберейік те, жеңілісіне келейік. Қырғызға шапты. Бауыр жұрт, туыс елге. Неге, не үшін? Қырғыз оған бағына қалса, орыс жеңіле салар ма еді? Өз жерінде жатқан қырғыз ағайынды қанды қасапқа түсірді. Шапқыншылар ішінде ханға ерген барша қазақ руларының әскері болды. Сіз бен біздің ата-бабамыз. Осыдан айналасы, екі ғасырға жетпейтін уақыт бұрын туыс елді қыруға, табанға таптауға ұмтылдық. Соңы не болды? Хан Кененің өз әскері өзін тастап, сардарлары сатып кетті. Иә, бауыр елге қырғын ғана емес, ханына сатқындық да жасаған жұртпыз.
 
Сәл бері келейік. 150 жыл шамасы. Жарайды, «хандар, ел билеушілер – олар бөлек, олар билік, олар Шыңғыс тұқымы, олардың жүректері без» делік. Қалқаман мен Мамырды оққа, Еңлік пен Кебекті ат құйрығына байлаған кім? Қодар мен Қамқаны түйеге асып, сосын таспен шөкелеген кім? Билер емес пе еді? Ел сайлап, аузынан шыққан әр сөзін әулиеге балап ардақтаған сұрапыл шешендер мен көсемдер еді ғой. Халық ішінен шыққан! Соларды төбеге көтерген жұрттың, әліге дейін дейін «пәленше бидің бүй дегені, түгленше шешеннің сүйдегені» деп әспеттеп жүрген қауымның аты қазақ па еді осы? «Қалқаман-Мамыр, Еңлік-Кебек, Қодар-Қамқа – дінсіздер, сертті бұзғандар, ел бірлігін сақтау керек болды», – дейтіндер де шығады, білем. Алайда, соларды және солар сияқты жүздеген, бәлкім мыңдаған – аты аталмаған, дуалы ауызға аңызы ілінбеген бейбақтар болмады деп кім айта алады. Олардың қаны, обалы кімнің мойнында? Арабты «өз қыздарын тірідей көміп тастаған жұрт еді» дегішпіз ғой, содан оздық па? Қалқаман-еңлік-қодарлардың қылмысы садақпен атып, ат құйрығына байлап, таспен шөкелейтіндей қылмыс па еді? Немесе Мағжанның «Шолпанның күнәсі» мен Әуезовтің «Қорғансыздың күні» тек коммунистік дүрмекпен, әйел теңдігі науқанымен жазылды дей аламыз ба? Әлде, «Абай жолында» әйелдерін айырбастап жіберетін екі қазақ туралы жазушы кездейсоқ жазды ма? (Рас, ол тарауды Әуезов кейіннен өзі қысқартып тастаған деседі, алайда сондай оқиға болмаса, ол оқиға жанын түршіктірмесе Әуезов-суреткер оны жазар ма еді?) Мағжанның Шолпаны соншама садистік өлімге лайық па еді, Әуезовтің «Қорғансыздың күніндегі» Ғазизаны зорлаған, өлтірген кейіпкер Құнанбай қажының бір баласы екенін неге айтқымыз келмейді?
 
«Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел едік» деген сөзді сүйеміз. Рас, жесірімізді қаңғытпағанымыз, малы үшін немесе екінші-үшінші-төртінші әйел етіп, сексуалдық құлдыққа салу үшін болатын. Жетімді жылатпағанымыз – шылғи өтірік. Қозы бағып, табаны тілініп, бозторғойға мұң шаққан кенендік әндер сол жетімдіктің бір қиқымдай жұрнағы ғана. Жетімді – бала еңбегін эксплуатациялау үшін «жылатпаған» боп көріндік. Малшы халық тегін еңбек күшінен ешқашан бас тартқан емес.
 
Абайға келейік. «Осы мен қазақты жақсы көрем бе, жоқ жек көрем бе» деп өз-өзінен шын сұрайтын ұлы бабамыз қалай өмір сүрді? Білеміз бе? Быт – тұрмысы қандай болды, шығармашылық лабороториясы нендей еді? Толық бір детальды түрде талдаған еңбек бар ма? Жоқ. Сондықтан, естелікке жүгіне салайын, Тұрағұл жазады, Абай атамыз табақ қағазға өлеңдерін жазып тастай салады екен, құнттап жинамаған екен. Ойлаңызшы, өзге жұрттар ұшақ жасап, химиялық лабороторияларда зерттеулер өткізіп, академияларының жүздеген жылдық тарихын түзіп жатқан шақта Абайдай данышпанның жазған өлеңдерін жинайтын бір дені дұрыс хатшы болмаған, қасында. Көзі тірісінде өзіне редакциялатып кітап басқызуды айтпай-ақ та қоялық. Табақ қағазға жазған өлеңдерін әнші-күйші шәкірттері сұрап әкетіп, кейбірі жоғалтып та жіберетін болған! Аға сұлтанның баласы, төбе би, дәулеті шалқыған Абай сөйткен. Ешкіні көктен іздейік. Кейіннен Әлихан араласып, Кәкітай, Тұрағұлдар жинап Мүрсейітке көшіртпесе, Абайдың қазіргі жұрнағы да жетпес еді бізге. Яғни, біз бір 120-ақ жыл бұрын да қамсыз, қарекетсіз, асылын қадірлей алмайтын, шығармашылық пен ғылымды бағаламаған қараңғы жұрт болдық. Рухани кемел болғанымыз, сандырақ.
 
4. Ал тура 100 жыл бұрын ресейлік бірнеше полк әскерден ондаған мың ереуілші болып жинала тұрып, тас-талқан жеңілдік. Жүзмыңдап шетелге бошалап, босып кеттік тағы. Кез келген соғыста жеңілудің астарында – бірліктің жоқтығы, тәртіптің болмауы, бір басшыға ұйымау, соғыс ғылымын игермеу, техникадан мақұрымдық, одақтас іздемеу, ақшасыздық, кербаққан даукестік пен даңғой батырлық, соңында тышқаншылаған қорқақтық жатады.
 
Бергі, Шәкәрімді атып, құдыққа лақтырғанымыз, оны алып, адамша жерлеуге 30 жыл (!) дәтіміз жетпегені, коллективтендіруде малымыз – капиталымыз үшін жұмылып күреспегеніміз, миллиондап аштыққа ұшырағанда әлемдік баспасөзге геноцид туралы фото-дәлел-айғағымен хат жеткізетін сауатты бір тілшінің болмауы, репрессияда бір-бірімізді «с потрохами» сатқанымыз, соғыс басталғанда далбаңдап чапаевша шапқылап қырылып қалғанымыз, мұндағы бала-шағамыздың елден ерек аштыққа ұшырауы… Айта берсең, бітпес. Бергі, жаңа тарихтың «сыбағасын» тағы бірде берерміз, әзірге осы.
Яғни, бауырлар, біз керемет кемел, рухани дамыған, асылтекті ұлт емеспіз. Тарихымыз тұнған ерлік, рухани ғажайып, нұр шұғылалы хан-тұлғалардан тұрмайды.
 
«Қазақ болып туғаныма мақтанам, қазақ болмасам қайтер ем» деген сентиментальды риторика өте күлкілі. Қазақ болмасаңыз, ағылшын, не жапон, неміс, болмаса, араб, қытай, эскимос, суахили боп туар едіңіз. Сол кезде де осылай кенеусіз мақтана беруге болады, әйтеу бір жылт еткен сылтау тауып.
 
Біз өзге елден ерек те емеспіз, өзге елден кем де емеспіз. Барлық жұртта «шкафтағы скелет» бар, бізде де солай. Мына «скелеттер» кейбір бауырлардың олимиада кезіндегі шалқыған шабыттарына тиіп кетсе, ғапу өтінем.
 
Қасым Аманжолұлының facebook парақшасынан алынды
CаттарCаттар
8 жыл бұрын 5005
1 пікір
  • переосмысление казахского ханство (авторын ұмыттым) оқып шығу керек шығар, бұл бір, екіншіден, заһардин дейтін ағам бар: хандық құрылым болған, көп құпия қырғыздарға кенесарының шабуы осынан табуға болады
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137