Talgat Zhakiyanov: Тәуелсіздіктің 30 жылында "қазақстандық тұлғаның" моделін жасай алмадық
Talgat Zhakiyanov: Тәуелсіздіктің 30 жылында "қазақстандық тұлғаның" моделін жасай алмадық

Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Оның тұлғалық бейнесі, мінез-құлқы, құндылықтары қандай болуы керек? Ер адам қандай, әйел адам қандай болғаны жөн? Осы сияқты сұрақтарға жауап таппай, оңтайлы даму мүмкін емес.

Кеңестік одақты қанша жаман десек те, тұлға қалыптастыру саласында нақты бағдар болды: октябрят - пионер - комсомол - коммунист деген сияқты.

Капиталистік елдерде де ондай үлгі жок емес. "Ұлы американдық арман" сияқты рухани және материалдық құндылықтарды тоғыстыратын модельдер бірқатар дамыған елдердің дамуында көрініс береді.

Ал бізде ше? Бізде айқындық жоқ әлі. Қоғамға бағдар беретін үлгі болмағандықтан, бірегейліктің (идентичность) сан алуан "қисық" түрлері бой көтерді: әсіреұлтшылдық, әсіредіншілдік, гендерлік ауытқулар, батысшылдық, т.б. Біреулер байып алған жемқорларды, енді біреулер қанды балақ қылмыскерді, енді бірі бюрократ чиновникті кумир санайды.

Бұлардың басым бөлігінде еліктеу жатыр. Себебі сан алуандылықтың ортақ нүктесін тауып, реттейтін, бағдарлайтын ортақ үлгі жоқ.

Кеше ғана Назарбаев зияткерлік мектептерін сынадық "ұлттық мазмұн жоқ оқу-тәрбие жүйесінде" деп. Ондай мазмұн еліміздегі ешбір мектепте, колледжде, университетте жоқ. Себебі ұлттық білім жүйесі тұлға қалыптастырудың ұлттық моделін жасаған жоқ әлі. Оқытып жатқан жастардың қандай болып шығуы керек екенін өзіміз білмейміз, әлі айқындаған жоқпыз. Сол себепті түлектердің бір тобы батысшыл, бірі түрікшіл, бірі ресейшіл, бірі гендерлік ауытқыған, бірі әсіреұлтшыл, енді бірі маргиналдар...

Дін саласында да сондай көрініс. Діндарлық пен зайырлылық құндылықтарын үйлестіре алмай жүрген топтар көбейді. Себебі, бұл салада да тұлғаға бағдар беретін үлгі жоқ.

Қазір либерал демократтар шығуы мүмкін "демократиялық қоғамға бағдар керек емес, ол шектеу болып табылады" деген. Ол бос сандырақ. Әлеуметтік бағдары жоқ қоғам - "әлеуметтік" сипатынан айырылып, тобырға айналады.

Біз ұлттық мемлекетпіз. Біздің құндылықтық бағдарымыз "космополиттік" немесе "әсіре либералдық" емес, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР негізінде қалыптасуы керек.

Құндылықтық бағдар ғана уақыт пен кеңістік мұхитында желкен болып, қалаған межемізге жеткізеді.

Сондықтан бізге қоғам болып, бірігіп, алдағы 5 жылда мынадай құжаттар қабылдап, бағдарымызды айқындап алуымыз қажет:

1) "Қазақстандық тұлға" концепциясы (идеология саласында, білім беру жүйесінде тәрбиелейтін тұлғаның бейнесі мен болмысын анықтайды)

2) "Қазақстандық отбасы" тұжырымдамасы (отбасының үлгісі, құрылымы мен құрамы, құндылықтары, отбасы мүшелерінің бейнесі айқындалуы керек)

3) "Қазақстандық мұсылман отбасы" тұжырымдамасы (отбасы моделі, зайырлылық пен діндарлық құндылықтарының үйлесімді қатынас үлгісі айқындалуы керек).

"Ел боламын десең, бесігіңді түзе!" Ол үшін, ең алдымен, "елімізге қандай тұлға керек?" деген басты сұраққа жауап беріп алайық... 

Talgat Zhakiyanov

May be an image of бір немесе бірнеше адам, people sitting және ғимарат ішінде

CаттарCаттар
2 жыл бұрын 1627
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137