Toбыр пcихoлoгиясы. Ақпapaттық қауіпсіздік тұрғысынан зерттеу
Toбыр пcихoлoгиясы. Ақпapaттық қауіпсіздік тұрғысынан зерттеу

1. Тобыр қалай пайда болады: психологиялық аспектiлерi

«Тобыр» терминi әлеуметтiк психологияға XIX ғасырдың соңы — XX ғасырдың басында жұмысшылардың эксплуататорларға қарсылығы кезiнде енген едi. Ғылыми анықтамада «тобыр» — "өздерiнiң ортақ мүддесiн толығымен түсiне бiлмейтiн, тiптi, арасында болатын қарама-қайшылықты эмоциялық жағдайымен және басқалардың көз тiгуiмен қанағаттандыратын адамдар жиынтығы" деп берiледi. Өз еңбегiнде Г. Лебон «Тобыр жел көтерiп, ұйытқытып, сосын жан-жаққа шашып тастаған жапырақтар сияқты» деп бейнелейдi. Олай айтылуының да бiрнеше себебi бар: Тобырдың құрылымын қарасақ, оның алдымен ядросы пайда болады. Ол әдетте аз адамдардың, шағын топтың бастамасымен белгiлi бiр мақсатта құрылады. Нақты мақсаттары айқындалып, оны жүзеге асырудың механизмдерi жоспарланады. Бұл өз мақсаттарына жету үшiн ештеңеден тайынбайтын «агрессиялық тобыр» деген атаққа жақынырақ келедi. Олар өз идеяларын, оны қолдаған жақтастарын агрессиялық формада қолдап, оның кеңiнен етек алуына жағдай жасап отырады. Басында тәртiппен, жүйемен жұмыс iстеген ядро уақыт өте келе саны көбейiп, ендi стихиялық түрде жұмыс iстеуге көшедi де келесi стадияға өтедi. Тобыр ядросы кеңiген кезде «иiрiм» процесi басталады. Бұл кезде ядро маңына тартылған тобыр мүшелерi өздерiнiң жаңа ақпараттарын ала келедi, ақпараттық майдан кеңейедi. Ядроға ендi бұрынғы агрессиялық әдiстерден бас тартуға тура келедi. Иiрiм процесi кезiнде пайда болған тобыр ендi "Қорқыныш тобырына" айналады. Жан-жақтан ақпараттың көптен түсуi, олардың нақты фактiге сүйенбесе де неғұрлым көп адамның таратуы тобыр арасында қорқыныш тудырады. Және әрбiр тобыр мүшесi қорқынышын жою немесе оны болдырмау мақсатында өзiмен пiкiрi келiспейтiн адамдарды қарсылас санай бастайды. Қорқу, қорқыныш тудыру өзiнiң апогейiне жеткен кезде адамдардың эмоциясын, сезiмдерiн, күш-қуатын жұмсайтын «жаңа обьект» процесi пайда болады. Демек, дәл осы кезеңге жеткенде тобыр өз пiкiрімен келiспейтiндерден жау жасайды. Бастапқы мақсаттар мен жоспарлар дәл осы кезде көпшiлiк тарапынан ұмытылады. Өзiн осы топта ең маңызды адаммын деп санайтын тобыр мүшесi жаңа бейнесiн жасауға тырысады. Нәтижесiнде тобырдың идеалы бола алатын «тұлға» пайда болады. Бұл тобыр мүшелерiнiң «шығармашылығымен шыққан» тұлға болғанымен пайда болу кезеңдерiн тобыр ядросы бақылап, бағыттап отырады. Және де соңғы кезеңде тобыр мүшелерiнiң ойынша "өздерiнiң арасынан өздерi жасап шыққан" «тұлғаның» нұсқауымен нақты қадамдар басталады. Яғни, тобыр ядросының құрған жоспарларына сәйкес негiзгi түпкi мақсаттар орындала бастайды. Ал тобыр психологиясы бұл әрекеттердi өздерiнiң таңдауы, тұлға тек "өздерiнiң iшкi ойларын дауыстап айтушы адам" деп қабылдайды. Осылайша тобырдың нақты құрамы мен идеологиясы қалыптасады. Бұл жерде «тобыр ядросы» немесе бастаушылар — белiгiлi бiр нәтижеге жету үшiн тобыр жасақтап, оны өз мақсатында қолданғысы келетiн адам немесе топ. Ал «тобыр мүшелерi» — өздерiнiң мүддесiн ортақ деп санайтын белгiлi бiр тұлғаның төңiрегiне жиналғандардан; тобыр иiрiмiне iлесiп, көптiң ықпалында кеткен адамдар; және ең қауiптiсi болып жатқан жағдайды пайдаланып өздерiнiң жеке эгосын, комплекстерiн, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа деген құштарлығын қанағаттандыру мақсатында келген агрессивтiк мүшелерден құралады. Осылайша тек керектi ақпаратпен сусындатып, когнитивтiк ортаға түскен тобыр психологиясында бiрнеше өзгерiстер пайда болады: Олар жағдайға обьективтi көзқарас бiлдiре алмайды. Тобыр әдетте тек инстинкт арқылы ғана сезедi, ақпаратты қорытуға, тексеруге құлықсыз. Себебi, тобыр инстинктi бойынша бұл iспен көшбасшы тұлға ғана айналысады және оның айтқаны аксиома болып табылады. Мұның нақты мысалын қазiргi әлеуметтiк желiдегi әрбiр белсендiнiң немесе блогердiң өзiнiң артына ерушi тобыры бар екенiнен көре аламыз. Және сол белсендi немесе блогер қате жiберген, жаңылыс пiкiр бiлдiрген жағдайда оның сойылын соғатын көзсiз тобыр ешқашан оны айыптамайды және айыптаушылар табылса олармен соңына дейiн күрес жүргiзуге әзiр. Әдетте тобыр таңдаған кұресу әдiсi ақпараттық ешбiр дәлелсiз, дәйексiз және агресиияға толы болады; Тобырдың қиялға бейiмдiлiгi артады. Олар кез-келген ақпаратты бiрнеше есе артық әсермен қабылдайды. Тобыр сезiмге тым берiлгiш және оны бақылай алмайды. Сондықтан, орынсыз агрессия тобырға тән. Тобыр мүшелерi оқиғаны, адамды, белiгiлi бiр себептердi өз қиялында өзiне қажеттi түрге бұзып қабылдайды. Тобырдың ең басты ерекшлеiктерiнiң бiрi — ұжымдық галлюцинация. Олар ешқашан ақпаратты дұрыс әрi нақты қабылдай алмайды. Осыдан келiп тобырдың ерекше ойлану қасиетi пайда болады. Субьективтi пiкiрдi обьективтi оқиғадан ажыра алмайды. Тобыр ядросы әдетте осы ерекшелiктi өз мақсатына жақсы пайдаланады. Әлеуметтiк желi беттерiн зерттеу нәтижесiнде белiгiлi бiр мақсатпен құрылған топ немесе соған ерген тобыр өздерiнiң ақпарат көзi дұрыс еместiгiн ешқашан мойындамаған. Дәлелсiз ақпараттың жылдам таралуы, түпкi қайнар көздiң таралу процесi кезiнде ұмытылып кетуi қасақана таратылған субьективтi пiкiрдiң тобыр пiкiрiне айналып шыға келуiне алып келедi. Тобыр ешқашан ойланбайды және ақыл таразысына салып көрмейдi. Ол идеяны (пiкiрдi) не көзсiз қабылдайды, немесе толығымен қарсы шығады. Тобыр пiкiрталасты жақтырмайды. Ол тек қарапайым тiлмен айтылған, өзi түсiнiне алатын пiкiрлердi ғана қабылдайды. Сондықтан, ғылыми негiз бен обьективтi дәлелдер келтiру тобырдың тек ашу-ызасын арттырып, оның агрессиясына жол ашады. Тобыр ешқашан ақиқатты iздемейдi. Ол сенiмiне сәйкес келмейтiн шындықтан бас тартып, өзiнiң комфорт зонасына сәйкес қиял әлемiнде өмiр сүргендi қалайды. Фрейд өз еңбегiнде тобыр феноменiн сипаттау үшiн өте қызық идея ұсынады. Оның ұсынысы бойынша тобырды гипноз әсерiнде бар деп есептеу керек. Тобырдың ең ерекше және қауiптi қасиетi — ол тым әсершiл сенгiш. Және жоғары айтылғандай ол сенген ақпараттан қайта бас тартуы, шындықтың басқа жақта екенiн түсiнуi қиын, тiптi мүмкiн емес. Оның айқын дәлелi ретiнде әлеуметтiк желiде үлкен әңгiме көтерген «91» тобының даулы мәселесi. Олардың сырт келбетiне қарап «жыныстық ерекшелiктерi» жайлы айтылған пiкiр тобыр психологиясына өте қатты әсер қалдырған қадам болды. Тобыр мүшелерi бұл тексерiлмеген, мүмкiн тiптi шындыққа да жанаспайтын ақпаратты бiрден қағып алды және оны ары қарай өз қиялымен қоса отырып таратып алып кеттi. Қазiр ақпарат қайдан шыққанын анықтау мүмкiн емес. Ал тым сенгiш аудиторияға бұл ақпараттың қате екенiн дәлелдеу ешбiр пайда алып келмейдi. Тiптi ,ақпараттың растығына айғақ сұраған жекелеген пайдаланушыларға тобыр тарапынан агрессиялық қарсылық көрсетiлдi. Тобыр iшiнде ең басты сезiм қорқыныш. Жоғарыда айтылған «91» тобына қарсылықты тобырдың iшiнде «бұл қазаққа тән емес, жастарымызды бұзады» деген ешбiр айғаққа негiзделмеген қорқыныш барлығының басын қосты. Қорқыныш тудыратын бiрiншi себеп сенiм-наным. Тобыр өзiнiң белгiлi бiр сенiмiне, дiни нанымына және тобыр iшiнде қалыптасқан субьмәдениет-меналитетiне қауiптi деген еш нәрсенi қабылдай алмайды. Қорқады. Қорқыныш тобырдың берiктiгiн артыра түседi. Әдетте тобырдың мiнезi iшiнде көшбасшының болуы немесе болмауына байланысты болады. Стихиялық пайда болған тобырда өз iшiнен көшбасшы шығару мүмкiн. Бiрақ, бұл сирек жағдай. Стихиялық тобыр тез қанағаттанады және жылдам тарайды. Ал арнайы мақсатпен арнайы топтың әрекетiмен пайда болған тобыр өздерi «байқамай» алдын-ала дайындалған адамды өзiнiң көшбасшысы қылып тағайындайды, мойындайды. Тобыр көшбасшының айтқанына толықтай сенедi, мойындайды және қарсы пiкiр бiлдiрмейдi. Бұл тобырдың құлдық қасиетiн анық көрсетедi. Сондықтан, тобырмен екiжақты диалог жасау мүмкiн емес. Тобыр тек бағыну мен бұйрықты орындауды бiледi. Әлеуметтiк желiдегi әрбiр тобыр мүшесi жалпы ағымға үнiн қосу арқылы өзiн жеке тұлға сезiнедi. Бiрақ, тобыр үшiн жұмыс iстеп жатқанын көп жағдайда түсiнбейдi. Адам психологиясы бойынша әрбiр индивидум басқаладардан стимул алып отыруға мүдделi. Ал әлеуметтiк желiдегi әрбiр басылған лайк адам эгосын қанағаттандырады. Өзiн мәселе шешуде белгiлi бiр үлес қосып жатырмын деген адам тобыр мүшесiне айналып шыға келуi үлкен күштi қажет етпейдi. Және осындай өзiнiң iшкi тұрақсыз психологиясымен тобырға iлескен адам көтерiлiп отырған мәселенi жылдам ұмытады. Ол тобыр мүшесiнiң өзiндiк жеке бағасын көтерiп отыру үшiн туындаған iзденiспен келедi. Сондықтан, әлеуметтiк желiдегi тобыр үнемi пiкiрiн ауыстырып отырады. Әлеуметтiк желiде отырған адам шиеленiскен оқиға ортасында жүргендi қалайды. Тобыр пайда болуы үшiн мiндеттi түрде оқиға болуы керек. Және тобыр мүшесi көптiң ойына iлесе отырып, тобырдың мүддесiн қорғай отырып ешқашан өзiн тобырмын деп мойындамайды. Ол өзiн үлкен мәселенi шешушi тұлғамын деп санайды. Мысалы, әлеуметтiк желiде өткерiлген мәселе оң шешiмiн тауып жатса «Бiз шештiк!» деген тобырдың масаттануын байқауға болады. Бұл мәселе мен оның шешiмi жеке адам үшiн ешбiр пайдасы болмауы мүмкiн, тiптi көп жағдайда ақпараттық себеп тудырып, шешiмдi өз пайдасына жаратқысы келетiн тұлға мен топтарға ғана пайдалы болуы ықтимал. Бiрақ, әрбiр тобыр мүшесi бұл шешiмдi өзiнiң жеке жеңiсi санайды. Мысалы «Жамалиев iсi» осындай бiр жазбамен басталған болатын. Соңынан екi айдың iшiнде «тобыр эффектiсiнiң» нәтижесiнде сот органдарының да "қоғам пiкiрiмен" санасатыны мәлiм болып қалды. Тобыр пайда болуының тағы бiр себебi - адамдардың танымалдыққа деген ұмтылуында жатыр. Адам өз табиғатында қоғамдағы күн астындағы орнын табуға ұмтылады. Тобыр iшiнен өз танысын кездестiрген жеке әлеуметтiк желi пайдаланушысы да өзiнiң пiкiрi бар адам екенiн бiлдiру мақсатында тобыр санын көбейте түседi. Ал таныс емес ортаға түскен пайдаланушы өзiнiң статусын көрсету мақсатында тобырдың белсендi мүшесi айналып шыға келедi. Тобыр тек екi жағдайда ғана өзiнiң өзектiлiгiн жоғалтады: Бiрiншiден, тобыр немесе тобыр ядросы өзiнiң қойған мақсатына жеткен кезде; Бұған мысал ретiнде «Жамалиев iсi» кезiндегi #живиАлиби хештегiнiң айыпты адам қамауға алынғанға дейiн, «Жер дауы» кезiнде сатуға мораторий жарияланғанға дейiн тағы сол секiлдi өз шешiмiн тапқан кезде тобыр қанағаттанған түрде тарайды. Екiншiден, тобыр мүшелерiн басқа бiр «тобыр иiрiмi» тартып кеткен кезде; Бұл кезде арнайы политтехнологтар көмегiмен, әйтпесе аяқ асты жоспарланбаған басқа да өзектi мәселелер пайда болған кезде тобырдың назары басқа жаққа оңай ауып кетедi. Астанада салынғалы жатқан Пантеон құрылысы дер кезiнде жер дауынан назарды аударуға көмектессе, «Аубакиров өлiмi» кезiнде қаза тапқан баланың жыныстық қызмет көрсеттi-мыс деген қауесет арқылы негiзгi күдiктiлерден назарды басқа жаққа аударту арқылы тобырды манипулияциялау өте қатты қарқынмен жүрдi. Және де көп жағдайда тобыр осындай құрылған тұзаққа жылдам түседi және арасында негiзгi мәселенi еске алған жандарды тобыр өз құрамынан шығарып, «жау» санай салуы да оңай.

2. Тобырды басқару тетiктерi

Сонымен, тобыр неге пайда болады? Онымен қалай күресу керек? Бұл сұрақтар дәл қазiргi бiздiң қоғамда, оның iшiнде вируалды өмiрде өте өзектi мәселелердiң бiрiне айналып тұр. Тобырдың пайда болуы себептерi бiрнешеу: Журналисттiк немесе соған жақын сайттардың трафик жинау мақсатындағы тексерiлмеген ақпаратты желiге ұсынуы. Бұл ақпарат ресми органдар тарапынан жалған екенi расталғанға дейiн тобыр өз псиxологиясы бойынша қорқыныш уытын сеуiп, барлығын асқындырып үлгередi. Қоғам дәл қазiргi сәтте ақпаратты талғамсыз жұта беретiн жағдайда. Желi белсендiлерi мен ықпалды блогерлер есебiнен қоғамдық пiкiрлер тудыру. Бiр немесе бiрнеше адамнан құралған тобыр ядросы жекелеген мақсатта арнайы толқын тудырып, тобыр иiрiмiне тартады. Бұл белгiлi бiр шешiмге қоғамдық қысым көрсету мақсатында пайдаланады. Пиар мамандарының қажеттiлiгi. Бiр оқиғаны жарнамалау немесе керiсiнше қаралау мақсатында «тобыр эффектiсi» жиi қолданылады. Ол үшiн небәрi ақпараттық себеп болатын факт дайындап, алдын-ала стратегиясын құрса болғаны. Ары қарай тобыр шаруаны өз дегенiне жеткiзiп тастайды. Бұл мәселенi шешу мақсатында бiрнеше ұсыныс бiлдiремiз: Бiрiншiден: желiде жалған ақпарат тарату туралы жауапкершiлiктi арттыру. Ол қазiр әкiмшiлiк сотта ғана айыппұл салумен ғана шектеледi. Ал ақпараттық сайттар жалған жаңалықтар арқылы аудитория жинап, өз тобырын жасақтап алған соң веб адресiн ауыстыру арқылы ақпараттық соғысын жалғастыра бередi. Сондық БАҚ құралына айыппұл салумен қатар сайт әкiмiшiлiгне, жеке тұлғалараға деген тәртiп пен жазаны қатаңдату қажет. Екiншiден: әлеуметтiк желiдегi мемлекеттiк органдардың белсендiлiгiн артыру. Kез-келген оқиғаға жедел әрi толық ақпарат таратылуы тобырдың ақпараттық тәбетiн қанағаттандырады. Және тобыр пайда болуына себеп болатын қорқыныш факторын жояды. Үшiншiден: Желiдегi жарнама контентiн бақылауға алу. Қазiр тек телевидение мен баспасөз бетiндегi жарнаманы бақылауға ұстайтын мемлекеттiк органдар желi бетiндегi ақпарат таралуына еш ықпал ете алмайды. Бұл арнайы пиар мамандары арқылы кез-келген сәтте қоғамға зияны тиетiн тобырдың пайда болуына жағдай бар дегендi бiлдiредi. Бұл айтылған әдiстердiң пайдасы болғанымен ең үлкен эффект беретiн ол xалықтың интернет сауаттылығы. Егер де ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз еткiмiз келсе бұқараны сауаттандырудан бастау қажет. Себебi, сауатты адамның тобыр эффектiсiнен аман қалу мүмкiндiгi әрқашан да жоғары.

Материал kerekinfo.kzсайтындағы Алмас Көзілдіріктің  блогынан алынды.



qamshy.kz

CаттарCаттар
8 жыл бұрын 4696
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137