Қас түзеймін деп...
Қас түзеймін деп...

Жанының дертіне шипа тапсын, жүгенсіз кеткен жүгермектерді жөнге салсын деп жіберліген, және басқа да біз біле бермейтін хикметтерге тұнып тұрған Құран атты ұлы пәрменді үйреніп, әрі басқаға үйретушілерді адам атаулының жұлдыздары деуге болады. Демегенде ше, Әлемдердің Раббысы жіберген Ұлы пәрменді ұғынып, қараңғылық басқан көңілдерге нұр таратуға өзін өзі атап, сол жолда құрбан болуға дайын жандарды одан басқа марапатқа лайық теңеу таға білсеңіз де артық етпес. Әрине, бұл жұлдыздардың ұстазы, адам тәрбиелеу ісінде жол көрсетіп, жөн сілтеушісі адамзаттың абзалы, көзіміздің нұры, көңіліміздің қуанышы болған ардақты адам – Абдуллаһтың перзенті Мұхаммед (саллалаһу алейһи уә сәлләм). «Жер жаһанға жақсылықты жаям, адалдықтың туын асқақтатып, жамандық біткенді жұрттың арасынан аластатам» деген кісі, ардақты пайғамбарымыздың мүбарак өмір баянын үнемі оқып, әрбір сәтінен үлгі алғаны құп көрілген нәрсе... «Ол айтпаса да түсінікті» дерсіз, дауым жоқ, алайда, қазақ даласында Құран мен сүннеттің аясында адам тәрбиелеу тіршілігіне жән-тәнімен кіріскен кейбір жандар, бәз бір мәселенің байыбына бармай жүр ма деген ой келеді...

Осыдан бірнеше жылдар бұрын шариғат тыңдап, ашыққан рухтың азығын тауып беру қиынның қиыны еді. Бүгінгі таңда Аллаға шүкір, кез-келген тақырыпта, қалаған уағызыңды тыңдап « пай, пай, пай, бұл мәселенің мәні мынада екен ғой» деп отыратын жағдайға жеттік. Бірақ, кейбір уағыздар бар ішінен жақсылықты емес, жамандықты үйренесің. «Пәленше деген күнә бар, ой сұмдық-ай, о заманда, бұ заман, ол күнәні былай жасайды екен», «Ой не дейсің, адамдар қазір мынандай күнәні жасайтын болыпты» деген сынды сөздермен ғана емес, пайғамбардан сүннет болып қалған қасиетті мекен миһрабта тұрып алып қоғамда болып жатқан күнәларды сипаттап тұрып соққан кезде бала-шағаңнан ұяласың. Бұл уағыздардың көкіргенде қылдай жамандығы, арамдығы жоқ жас буын жақсылықты үйренемін деп отырып, жамандықты да қатар сіңіріп отыратынына күмәнім жоқ. Айналайын, бауырларым-ау, жамандық жайлаған ғасырда өмір сүріп жатқанымыз жасырын емес, алайда, біз жақсылықты жаюға бұйырылған үммет емеспіз бе? Сенің айтқан уағызыңнан ешқашан ойына-кіріп шықпаған күнәнің бар екенін біліп, оның қоғамда қалай жүзеге асырылып жатқанын да ұғынып отырған сәби көңіл, саф ұрпақтың бар екенін де есіңнен шығармасаң нұр үстіне нұр болар еді. Мінберде тұрып небір әдепсіз сөздерді қарша бұрқыратқан кезде жағаңды ұстайсың. Пайғамбар уағызды осылай айтқан ба? Өз қоғамының құлаққа түрпідей тиетін сөздерін қолданды ма? Жоқ, әсте олай емес, өйткені, пайғамбарымыздың әкелген діні ондай әдепсіздік діні емес. Жаратушы Хақ Тағала керісінше «Алла Тағаланың саған берген мейірімі сол – сен оларға жайлы, жұмсақ қарым-қатынас жасайтын едің» деген. Бәдәуилердің бәдік қылықтарына байсалдылық танытып, түзеуге тырысқан еді. Міне, осы кісі адамзат тәрбиесіне көңіл қойған жандардың құбыласы. Болмаса өзімшілдерді өзімсініп тұрған өмір жолында басқаша бағыт, «өзгеше стильдеріміз» Құран мен сүннеттен тыс, өскен ортамыздың әсерінен айыға алмаған әдеттер ғана. Өзгеден бұрын өзін тәрбиелеуге көңіл бөлген ғалымдар пайғамбар өмірбаянына қалам тартып, надандық дәуірі, жәһилия кезеңі жайлы жазар тұста, «Бұл дәуірдің жаман әдеттерін суреттеп, өтпелі бір сәт болса да рухыңызға қараңғылық түсіргім келмейді. Себебі, жамандықты қалай болса солай суреттей беру сау ақылды сал қылады» деген жолдарына куә болғанда «Мінекей, нағыз жанашыр тәрбиеші» дейсіз. Өкінішке, орай қазақ қоғамының мінберлерінде рухқа көлеңке түсіретін кейбір уағыздар кезіп жүр. Мұны Мұқағали былай дейді: 
«Жарқыным-ау, жақсымын деп айтпасаң да мақтандың,
Жамандықты зерттедің де, қоқыстарын ақтардың.
Жан-тәніңмен жамандықты жерлегенің соншама
Ау, жақсым-ау, өзің жаман боп кетуге шақ қалдың». Бұл Қазақ әдебиетінің жыртығын жамайтын жаман өлең емес, жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылған жандарға жазылған жалынды жыр. «Өзгелер өзіңді ұмыттарады» деген сүбелі сөздің сырын ұғынып, астарын ақтару қазақ даласында қазақ баласына тәлім үйретуші ағайынның ескеру керек болған маңызды мәселесі деп білем. Болмаса жақсылық жолында жасалған іс-әрекеттер Шәкәрім қажы айтқандай «Қас түзеймін деп, көз шығарғаннан» басқа ешнәрсе емес.

Автор: Алтай БЕРІКБАЙҰЛЫ

CаттарCаттар
8 жыл бұрын 3453
1 пікір
  • қазақта "бастық бол дегенде бақырып бола ма" деген сөз бар, дін насихат екенін білеміз, адамның иманға келуіне әуелі бір Алла, содан соң белгілі бір жағдай себеп болады емес пе, себепкер адамға көп нәрсе байланысты адамның хақ жолға түсуіне, ендеше, дінді көркем жеткізе білейік
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137