Тұрсынжан ШАПАЙ: Қаңбақ
Тұрсынжан ШАПАЙ: Қаңбақ

- Қаңбақтар біріксе және бір бағытта жөңкісе - үлкен күш! - деді Қаңбақ. - Бұл жақта жел дұрыс соқпай ма, әлде қаңбақ дұрыс ұшпай ма - әйтеуір, иен далада бәрі бет-бетімен лағып, бағдарсыз жосып жүрген өңшең бір берекесіз саяқтарды ғана көресің...

- Әй, бала!.. - деген дауысқа жалт қарағам. Қаңбақ екен... Анадай жерде бір түп аласа шеңгелге жабысып алып, жел жұлып кете жаздап, аунақшып, әупіріммен тұр. - Бері таман келші, көп жасағыр...

Өтініштен гөрі, кісімсіп, міндетсінген өктем дауыс иесіне жақындап келіп, амандастым.

- Мені танимысың? - деді Қаңбақ.

Мен оны жақсы білетінімді, қазақ жерінде гүлдеп-өніп, уақыты жеткенде тамырын үзіп, дала кезіп кететін бір... қадірлі өсімдік екенін айттым. Қалада жүріп, көптен қаңбақ көрмеп едім, бүгін, ел аралай шыққан сапарымда ұшырасқанына қуаныш білдірдім.

- Жә... мұның бәрі - белгілі нәрселер ғой... - деді Қаңбақ, сол екі арада саябырси қалған жұмсақ желге қопаңдап, қозғалып-қозғалып қойып. - Сен одан да маған мынаны айтшы... Осы жұрт мен туралы не дейді?..

- Оны жел біледі... - деп, күңк етті шеңгел. Сірә, мына домаланған шартық қарын кезбенің сұраусыз-рұқсатсыз үстіне мініп алып, айдаладағы біреумен әңгіме соғып отырғаны ұнамаса керек.

Қаңбақ оның күңкілін естімеген түр көрсетті. Шеңгелге жарбия жабысқан күйі, енді жібекше ескен майда самалға тербетіліп қойып, менен жауап күтті.

Жұрт не дейді... Менің білуімше, Қаңбақ туралы ел, жалпы, ештеңе демейді. Желдің ермегі, іші пысқанда тепкілеп ойнайтын добы дер, көп болса... Айтпақшы, төменгі сыныпта оқитын балалар, баяғыша, әлгі: "Ұшарыңды жел біліп, Қонарыңды сай біліп - Қаңғырған қаңбақсың, Кімге тұлға болмақсың!" дейтін өлеңді жаттай ма екен осы күні?.. Бірақ мұны қаңбаққа, жаңылмасам, бидай айтатын... Ал жұрт... Жұрт қаңбақты, кейде, бір сөз ыңғайы келгенде, біреулерді мінездеу үшін, теңеу ретінде ғана қолдануы мүмкін. Әрине, жағымды теңеу емес... Өзі туралы жақсы сөз күтіп, үлкен үмітпен аузыңды баққан бейбаққа мұны қалай айтарсың?..

- Жарайды... Қиналмай-ақ қой. Білем олардың не дейтінін!.. Сен... Мына сен не ойлайсың мен туралы? Соны айтшы, одан да...

Жалпы, жұмбақ маған Қаңбақ... Не ойлайды, неге дамылсыз жер кезеді? Өсіп-өнген, гүлдеген мекенін тастап, тамыр-түбірін үзіп, қайда қаңғырады, қайда барып тұрақ табады?..

 

Мен не ойлаймын... Мен Қаңбақты өсімдіктердің ішіндегі бірден-бір жиһангез деп танимын. Қартайып тұрмаса да, біразға келгені анық. Көргені көп. Түйгені де... аз болмаса керек. Жалпы, жұмбақ маған Қаңбақ... Не ойлайды, неге дамылсыз жер кезеді? Өсіп-өнген, гүлдеген мекенін тастап, тамыр-түбірін үзіп, қайда қаңғырады, қайда барып тұрақ табады?..

Мен соны айттым.

- Ым...м, - деді Қаңбақ, біраз үнсіздіктен соң, ойлы пішінмен. - Солай де...

Бұл кезде жаңағы лекіп тұрған майда самал, адасып-айналақтап соққан әлсіз желге айналған. Қаңбақтың қауқиған денесі жиірек қозғалақтап, қопаң-қопаң етіп, мазасы кетіңкіреп тұр.

- Оның рас, - деді сосын. - Кезіп жүріп біраз ел көрдік, жер таныдық. Одан кім зиян шекті?.. Қайда барсам да, қай жақтың қаңбағысың деп сұрайды... Мен - айтамын. Соның арқасында бізді сегіз қиыр шартарап, жер-әлем танып жатыр...(десек, артық айтқандық болмас... - деп, қосып қойды Қаңбақ, біздің газетшілердің тілімен).

- Хе-xе-һ... - деп, сол кезде шеңгел кекете, мырс-мырс күлді.

Қаңбақ тағы да естімеген түр көрсетті. Желдің ыңғайымен қопаңдап қойып, сөзін жалғастырды.

- Сен екеуміз жерлес, елдес боламыз, білсең... Осы қасиетті қазақ жерінің өз өскіні, төл тумасымыз!.. Бауырмыз, бастаспыз... Қаңғу деген не?.. Сен, мәселен, ауылда тудың, далада өстің. Рас па... Қаңғып қалаға кеттің. Қаңғып қызмет қудың. Қайда жақсы жұмыс, қайда көп ақша, қайда жайлы, қайда қызық - соны қудың... Солай ғой?.. Сен ғана емес, бәрі қаңғырады. Ал қаңғыбас атанады - кім? Қаңбақ!..

Қаңбақ осы арада ауыр бір күрсініп алды. Қауқиған көлеміне, сөзіндегі шұғыл бетбұрысқа, көкірегі қарс айырыла аһлап-уһлегеніне қарап, "философ қаңбақ" деп ұйғардым.

- Қаңғыбас Қаңбақ атанып жүріп, ішіме жиналып қалған біраз сыр бар. Жел келгенше, саған айтып кетейін... - деді Қаңбақ, тамағын қырнап, бір жөткірініп алып. - Жаңағы, менің көңіліме қарап айтқан сөздеріңе раxмет, әрине. Бірақ... белгілі ғой, мен туралы не ойлайтының...

Қаңбақ шешім, қаңбақ бастама, қаңбақ тапсырмалардан түңілесің... Қаңбақ ойлы саясатшыларың, қаңбақ салмақты тұлғаларыңнан жерисің...

 

Соны айтып, Қаңбақ бойын жинақтап, шеңгелден мықтап ұстап, көсіле сөйлеп кетті:

- Біле білсең, біз - жерлес қана емес, тағдырласпыз да!.. Айтпағым - сен де бір... иә... жел қуған қаңбақсың... Ренжіме, мен шындықты бетке айтатын өсімдікпін... Қысқа күнде қырық құбылған заманыңның сырына жете алмай, дәл осы күнде ойың - онға, санаң - санға бөлініп, лағып жүрсің... Мойындайсың ғой?.. Бүгін нені тірек қыларыңды, ертең неге сенеріңді білмейсің... Байыз тапқан көңіл, ұстанған тиянағың жоқ... Болмасқа қырық пышақ болып айтысып, қырыққа жарылған пәтуасыз жұртқа өкпелісің... Қаңбақ шешім, қаңбақ бастама, қаңбақ тапсырмалардан түңілесің... Қаңбақ ойлы саясатшыларың, қаңбақ салмақты тұлғаларыңнан жерисің... Қысқасы, өз ішіңде тұрақ таппай, айналаңнан адаспас бағдар іздеп, тынбай қаңғырасың... қаңғырасың... қаңғырасың... Өтірік пе?!.

Жел ақырындап қатая бастаған сияқты. Қаңбақ, желдің күшімен майысып, ырғатыла бастаған шеңгелге тырмысып, жабыса түседі. Менің тамырсыз туыс, қаңғыбас жерлесім-ай... Сенің мына ұзақ сөзіңде... мен мойындайтын біраз шындық бар-ау... Өз ішімде отырған доп-домалақ, ұшып-қонған, жеп-жеңіл бір кезбе ... осы Қаңбаққа қызығады!.. Дүниенің бар қызығын көрем, бар қызығын татам деп, жұлқынып жүріп, мүлде үзіп ала жаздаған, дәл қазір бірер талшығына ілініп әрең тұрған тамырым ұдайы қашқындыққа бейім сол сыңарымды, әлі де болса, әупіріммен ұстап тұр...

Менің жаным ашыды... Білмеймін... Қаңбаққа ма, өзіме ме...

- Қаңбақтар біріксе және бір бағытта жөңкісе - үлкен күш! - деді Қаңбақ. - Бұл жақта жел дұрыс соқпай ма, әлде қаңбақ дұрыс ұшпай ма - әйтеуір, иен далада бәрі бет-бетімен лағып, бағдарсыз жосып жүрген өңшең бір берекесіз саяқтарды ғана көресің... Бұл жақсы емес. Мен жолымда кезіккен барлық қаңбақтарға айттым: "Бауырлар, бірігіп ұшсаңдаршы"деп. Желді де неше мәрте ұстап алып... айттым...: "Айналайын, алған бағытыңнан адаспай, үзілмей, үдеп соқсаңшы ұдайы!" деп.

Тамырдан ажырамай, бір жерде тұрып гүлдеп, сол жерде қураған сендейлер не көріпті бұл өмірде!..

 

Шеңгел күлкіден екі бүктеліп қалды.

- Же-е-л-ді... аx-xа-xа... ұстап алыпты... айтыпты!.. Ха-xа-xа...

- Қойшы-ей, сен!.. - деді, ақыры, жүйкесі сыр берген Қаңбақ. - Желмен қалай сөйлескенімді өзім білем!.. Тамырдан ажырамай, бір жерде тұрып гүлдеп, сол жерде қураған сендейлер не көріпті бұл өмірде!..

Шеңгелдің күлкісі басылды. Қаңбақтың сөзі ауыр тисе керек:

- Жазаңды жел берсін!.. - деп, күңкілдегенін құлағым шалып қалды.

Қаңбақ қайта сөйледі.

- Білесің бе, мына кейбір шетелдерде, әсіресе, Америкада, желдің ыңғайымен бүтін бір аймақтың қаңбақтары жиылып, ұмар-жұмар жөңкитін қаңбақ көшкіні болып тұрады. Құдай салмасын... Ішінде өзім де талай болдым ғой - жол біткенді бұлттай басып, селдей қаптап, буып тастағанда, машина, пойыздарың тырп ете алмай қалады. YouTube-те бар, қарауыңа болады... Қайғыларың мен проблемаларың соншалық көп - сендердің қазіргі қалыптарың сол алапат қаңбақ көшкінінің астында тыпырлап, түк көрмей, әр қаңбаққа бір соғылған бейшара басырларға ұқсайды...

Мынау не деп кетті... Бейшарасы несі?.. Бойым шіміркеніп, көңіліме дық түскендей болды. Кеудемді Қаңбаққа деген бір қарсылық, реніш... әлде бір қорлану... жо-жоқ, кәдімгі намыс... иә, иә, намыс қысып барады!.. Қайдан келген намыс?!.

Мен қатты толқыныстан тұтығып, бірдеңе дегенше, Қаңбақ:

- Қаңбақ-боран көз ашырмай, қаңғалақтап жүріп, енді бір-біріңмен сүзіскен былық тобырға айналып барасыңдар! - деді. - Мен саған қарағанда жаһан кезген, өзге көп елдің үлгісін көрген, жақсы мен жаманды таныған, тұлғалық қасиеті күмансыз Қаңбақпын!.. Маған сенуіңе болады...

- Жетті!.. Тоқтат!..- дедім, сол кезде, қалш-қалш етіп. Белгісіз бір ашу мен намыстан... иә, намыстан... қыстығып, өзіме өзім ие бола алар емеспін. - Сен, немене, салафпысың, сопымысың... Мәңгүрт екенің былай да белгілі, сен, сірә, шетелдің жансызысың!.. Қайдан келсең, кет сол келген жағыңа!..

- Оны жел біледі... - деп, күңк етті тағы шеңгел.

Қаңбақ қарқылдап күлді. Шеңгелдің репликасына ма, маған ба?..

Анық бағдарларың болмағасын, біріңді бірің қуып әлексіңдер. Біреудің ойы ұнамайды, біреудің киімі жақпайды - ерінбей бәрін қуасыңдар!.. Білем ғой... 

- Жаныңа батып кетті ме?.. Ха-xа!.. Жарайды.. Қумасаң да кетем... Желге тапсырма бергем, қазір келіп қалар... Бірақ айтқаным - айтқан! Анық бағдарларың болмағасын, біріңді бірің қуып әлексіңдер. Біреудің ойы ұнамайды, біреудің киімі жақпайды - ерінбей бәрін қуасыңдар!.. Білем ғой... Айтпақшы, әлгі сары ауыз балапан-әншілерді әлі үркітіп, қуып, ойнап жүрсіңдер ме?.. Жақсы ермек, ә?.. Ninety One-ды айтам... Дүмі мықты, шырмауы мығым жемқорлар емес, тамыры тереңге кеткен әлгі... радикалдар емес - бұларды қуған қауіпсіз һәм раxат!.. Қуа беріңдер... тағы бір ермек табылғанша... Солар қашқан бағыт сендерді кең өріс, даңғыл жолға шығарады!.. Ха-xа-xа...

Қаңбақ шектен шықты!.. Бұдан әрі мен төзе алмаймын! Шындық болса, қайтейін... Менде намыс бар!.. Мен төзбеймін...

Жел күшейе түсті. Шеңгелді тырмыса құшақтап, қауқиған бар тұрқымен аунақшып, селкілдей күлген кесірлі Қаңбақты бір-ақ теуіп, жоғалтпақ болғам. Бірақ аяғымды құр ауаға сілтеппін... Кенеттен үйіре соққан жынды жел Қаңбақты, көзді ашып-жұмғанша, шеңгелден жұлып алып, қалбалақ қақтырып, ұшырып алды да кетті... Жұмарлана аунап, аударылып-төңкеріліп, жедел сырғып бара жатқан қазақстандық бейдауа Қаңбақ, бірте-бірте, әлемдік кеңістікті, ұшы-қиыры жоқ бағдарсыз ғайыпты бетке алып, жерге анда бір, мұнда бір тиіп, дедектей жөнелді... Енді көрер-көрмесім белгісіз тамырсыз туыс, қаңғыбас жерлесім сонау қауіпсіз алыстан маған қаңбақы мінез, қаңбақы иттігін әлі көрсетіп барады. Қарқылдаған күлкісі еміс-еміс естіліп тұр. Қуып жетіп, отқа жағып-ақ жіберетін қаңбақ екен... Енді - кеш... Оның үстіне, Қаңбақ айтпақшы, қуатын дүние, былай да, жеткілікті ғой бізде...

CаттарCаттар
8 жыл бұрын 4432
0 пікір
Блог туралы
0
24971 187 228 91 137