1. Ауызашарда
Ауызашар уақыт таяды. Аптап ыстыққа қармай ауыз бекіткендері бар, тамақ аңдығандары бар, ақшам кезінде мешітке жиналды. Тарауық намазын мешітте жамағатпен оқуға ниеттеніп, мешіттің асханасынан ауыз ашармын деген оймен үйге соқпай, жұмыстан бірден мешітке тарттым. Мешіт асханасы 500 адамға шақталғандықтан талон алып, ақшам намазынан кейін танысымды алдыға салып, ішкі есіктен кезексіз кіріп кеттім. Ішкі есіктен кіл қадірменді қажылары бар (арасында қасиетті сапарға барып келген, әдемі қартайған әжелер де бар – комзол киген, ақтан жаулық салынған), жиегі ою-өрнекпен безендірілген ақ шапан киген имамдар, мешіт қызметкерлері, өзге де меймандар жеміс-жидек пен түрлі тәттілерден, салаттардан, графинге құйылған сусын түрлерінен қайысып тұрған дастарханға жайғасып жатты. Күні бойы нәр сызбасаң да алдыңдағы асқа қол созуға қысыласың, қасындағылардың мысы басып тұрғандай қолайсыз сезімнен арыла алмайсың. Бұл – мешіттегі ауызашарға қатысқан алғашқы күнім. Келесі күні мешіттегі танысым белгілі бір себептермен келе алмайтын болды. Әйтсе де, мешіттегі жігіттерге маған талон тастап кететінін жеткізді. Бұл жолы танысым болмағандықтан, көпшілік жамағатпен бірге сыртқы есіктен кіруге тура келді. Ақшам намазынан кейін ауыз ашуға асыққан жұртпен мен де кезекке тұрдым. Дала бүк. Маса буып тұр. Мешіт қызметкерлері жамағатты қойша иіріп, кезекке тұрғызған болып, ұзақ күттірді. (Іштегілер бұл уақытта тамаққа бас қойған). Жанымдағы жамағатқа назар салып едім, жүрек тұсым шым ете қалды. Жамағат дегенім, құрылысшысы бар, басқасы бар, кір-қожалақ, тер сасыған жас жігіттер, арасында дорбасын асынып алған, балағын кесіп тастаған, сақал жіберген «типичный» сәлафшы да бар, көзім еріксіз күңсіп, іруге айналған футболкасына түсіп кеткен... Жан-жағына жаутаңдап қарайды. Тым жасып қалған. Олар да мен секілді жұмыстан шыққан бетте мешітке ауыз ашуға келгендер. Бірақ... Олар мен секілді кабинетте, көлеңкеде отырған жоқ, олар күн ұзақ, аптап ыстқыққа қарамай ораза ұстағандар еді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен нәпақа іздеп келгендер еді. Біреудің жертөлесін жалдап тұрып жатқандар еді. Олар да біреудің ағасы, інісі, бір үйдің отағасы, олар да сендердің қандас бауырларың, Құдай-ау, сонда дін қайда, санам сарсаңға түсіп, көзіме ыстық жас үйірілді. Көз жасы да күйдіретінін білмеппін.
2. Тоғышар
Рамазан айы – қасиетті ай, Рамазан айы – мейірім тұнған ай, Рамазан – шапағат айы. Оразаның екінші жұмасы. Күн тас төбеге таяғанда мешітке келдік. Жұма намазын оқу үшін. Ішке сыймайтын болған соң көлеңке тұсқа жайғастым. Кенет ту сыртымнан есіней сөйлеген жас жігіттің сөзін құлағым шалып қалды. Қасындағысына айтып жатса керек: – Мә, ораза басталғалы бері үйден ауыз ашпайтын болдым. Қонақтан қонақ, тек сәресін ғана үйден ішеміз,- деді. Тағы есінеді. Үнінен мақтаныш есіп тұр сабаздың, «көрдің бе менің қадірімнің қандай екенін» дегендей, «біздің авторитетіз бар» дегендей тоғышарлық еріксіз жүрегімді айнытты.
Алла олардың сауаптарын арттырсын.
ВИП-тердің жәннаты да ВИП болатын шығар.
А?
Әлеуміеттік теңсіздік "революцияға" әкелген еді 1917 жылы. Ол кезде қараңғылық басым еді дейміз. Бірақ ғылым мен техниканың дамыған заманында да сол теңсіздік белең алып барады емес пе, Астағфираллаһ!
Ендігі "революция" соғыссыз, ұрыссыз сананы Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелерімен өзгертетін болсын деп тілеймін.! Әмин! Орта түзелмей жеке адам түзелмейді.
Өте орынды көтерілген мәселе!
Алла разы болсын!
Бір рет кезекте тұрғаным бар сіз айтып отырған ауыз ашарда, бірақ, содан кейін барғаным есімде жоқ.