Нұри Білге Жейлан
Нұри Білге Жейлан

Нұри Білге Жейлан тек Түркияда емес, әлемге әйгілі кинематографист. Кино индустриясында өзіндік қолтаңбасымен өшпес із қалдырған, алыс-жақын үшін аңызға айналған тұлға. Нұри Білге Жейлан кино индустриясына өз қолтаңбасымен келгендіктен өз әлемін қалыптастыра алды. Осылайша оның туындыларын тамашалау арқылы сіз Нұри Білге Жейлан әлеміне аяқ басасыз. Нұри Білге Жейланның негізгі мамандығы - элетротехник. Ол Стамбұлдағы Босфор университетін тәмамдаған. Алайда, өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Нұри Білге Жейлан фотографиямен айналысып, атақты Мимар Синан мектебінде кино өнерін оқып шығады. Оның тырнақалды алғашқы туындысы - "Кокон" деп аталатын қысқа метражды картина, 1995 жылы бірден бұл саладағы аса беделді Канн кинофестиваліне ұсынылаған екен. Нұри Білге Жейлан бірнеше жүлдеге ие болған режиссер. Олардың барлығын тізбелеп жатпаймыз, алайда, 2011 жылы түсірілген "Бірде Анадолыда" (Bir zamanlar Anadolu'da) картинасы өнерсүйер қауымды елең еткізіп, жалт қаратқанын айта кету керек. Осы картинасы үшін 2011 жылы екінші Гран-При жүлдесін қанжығасына байлаған екен. Екі жарым сағатқа созылатын картина бір қараған адамға құлан жортпас құла түзде қалғандай құлазытатын әсер қалдырады, ол ол ма, адамды зеріктіріп жіберуі мүмкін. Ал соңында кейіпкерлерінің қайсысының ішінде "ит өліп жатқанын" аңғарасыз. Аталған картина менің алғашқы түрік кино индустриясы туралы осы уақытқа дейін қалыптасқан атүсті көзқарасыма төңкеріс жасады. Бір мезетте визуалды ләззат сыйлай отырып, мәресіне жетелейтін түрік режиссерінің шеберлігі қайран қалдырмай қоймайды. Тұрмыстық көріністер арқылы драмалық мазмұнын аша білетіндігімен де қайран қалдырады. Бұл фильм көрерменді қызықтыру үшін қолданылатын зорлық-зомбылықтан ада, сонысына қарамай адамның қандай айуан екенін де тұспалдай отырып, қорқынышты ойға қалдырады. Қысқаша шолғанда айтарым әзірге осы, бұл фильм туралы алдағы уақытта кеңінен көсіліп сөйлеуге болады. 

Құрметпен: Алмат Бөрібек

CаттарCаттар
3 года назад 1810
0 комментариев
О блоге
0
24971 187 228 91 137